Баланы ернінен сүймеңіз
Қазақы дәстүрімізде де, шариғат бойынша да ата-ананың балаларының алдындағы және балалардың ата-аналары алдындағы міндеттері бар. Баланың жастайынан дұрыс тәлім-тәрбие алуына дінімізде ерекше маңыз берілген.
Парасатты, ізгі тәрбиенің кемелдігі ең әуелі баланың өз ата-анасын сыйлауы, иманды болып өсуі, жанашыр, адал, еңбекқор, кішіпейілділік секілді ізгі қасиеттерді бойға сіңіруінен бастау алады. Есейгенде қоғамға пайдалы болатын азаматтың болашағы балалық шағына байланысты. Сондықтан бала тәрбиесін тал бесіктен емес, құрсақтан бастаған абзал дейді мамандар.
Психолог мамандардың айтуынша, балалардың үш тәрбиешісі бар: әкесі, анасы және ата-анасының арасындағы арым-қатынас. Осының ішінде үшінші тәрбиешінің маңызы зор. Жұбалайлардың арасындағы қарым-қатынас дұрыс болмаса, баланы жақсы тәрбиелеймін деу бекер екен. Яғни, тәрбиенің негізі – ислам болса, ұясы – отбасы.
Біз оқырман назарына ислам діні, педагогика, психология ғылымдары өкілдерінің бала тәрбиесіне қатысты таңдаулы кеңестерін ұсынуды жөн көрдік.
Елжас Ертайұлы, балалар психологы:
Баланы жан-тәніңмен тыңдап, күнделікті қал-жағдайын біліп тұрудың өзі ата-анаға берілген жауапкершілік. Өз перзентіңді жақсы көру, оған жақсылық тілеу балаға деген құрметтен басталады. Осы орайда өзімнің балаларға қатысты ата-анаға қажет 16 ережемді ұсынамын.
· Баланы ернінен сүймеңіз
· Қоғамдық көлікте балаға «мына апайдың алдына отыр», «мына ағайдың жанына отыр» деу арқылы бейтаныс адамдармен байланысын күшейтпеңіз.
· Баланы басқа адаммен, тіпті туысыңыз болса да, дәретханаға жібермеңіз
· Балаңыз өзін сүйгізгісі келмесе, оған ашуланбаңыз
· Балаңызға өзінің қалауынан тыс оның денесіне ешкім тисе алмайтынын үйретіңіз
· Бағдаршамда қызыл жанып тұрғанда жол бос болса да, онымен бірге жолдан өтпеңіз
· Балаңыздың көзінше коланы сіміріп ішіп, «балам, кола өте зиян» демеңіз.
· Өзіңіз кітап оқымайтын жан болсаңыз, балам кітап оқымайды деп ренжімеңіз
· Балаңызға «Сен істей алмайсың» деп сағын сындырмаңыз, қайта жігерлендіріңіз
· Балаға тыйым сала бермей, оған зиянын түсінікті тілмен түсіндіріңіз
· Балаңызбен сөйлескенде көзіне қараңыз
· Баланы жиі құшақтаңыз. Өзіне қажетті жылуды сізден ала алмаған бала сырттан іздейді.
· Балаңыздың намысынат тимеңіз, кінәлай бермеңіз және ешкіммен салыстырмаңыз.
· Балаңа бірдеңе үйретерде қорқыту арқылы емес, түсіндіру арқылы үйретіңіз.
· Баланың сұрағына қысқа әрі нұсқа жауап беріңіз.
Айнұр Нұрсабет