Балаға шектен тыс ақша ұстатпаңыз
Сананы тұрмыс билеген дәл қазіргідей нарық заманында қаржы мәселесі бүйірден қысатыны рас. Қарыс қадамның өзі ақшамен есептеледі. Қоғам да сол принципке біртіндеп ойыса бастаған. Әркім өзінің жеке мүддесі үшін бірді бірге қосып, күнін күнге жалғайды. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отба¬сылар үшін өмір сүру қиынға соғып тұр. Бала-шаға асырау, олардың киімін тауып беріп, азық-түлікпен қамтамасыз ету тағы бар. Мұның барлығы айналып келгенде тағы да қаржыға келіп тіреледі. Орташа есеппен әрбір шаңырақта кемінде екі-үш баладан бар.
Оларға күнделікті жолпұлы мен тамағына кететін қаржысын бөліп отыруға тура келеді. Қарапайым ғана мысал¬. Бір балаға жолпұлынан бөлек, сабақ уақытында тамақтануға ең аз дегенде¬ 300 теңге кетеді. Сонда бір баланың өзіне бас-аяғы 500 теңге кетеді. Қымбатшылық белең алған тұста оның өзі түкке тұрғы¬сыз¬ тиын болып қалған.
Жалпы, баланың қолына күніне қанша көлемде қаржы ұстатқан дұрыс? «Әр елдің салты басқа» деген, мәселен қытайлар балағ¬а 6 жастан, вьетнамдықтар 15 жастан бастап ақша ұстатса, ал Чехия елінде бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, чех мектептерінде оқушыларға ақшаны қалай жұмсауды үйрететін арнайы пән де енгізілген екен. Ал біздің елімізде әлі мұндай бастама қолға алынған жоқ. Еуропаның бірқатар елдерінде (мәселен, Германияда) баланың күнделікті шығындары үшін қажетті ақша арнайы заңмен бекітілген. Ақшаның көлемі баланың жа¬сына қарай өзгеріп отырады. 6 жастағы бала 50 еуроцент алса, 15 жасқа дейін оның шығыны 30 еуроға дейін өседі. Ал бізде мұндай алдын ала шегеленіп жазылып қойған ереже жоқ. Балаңызға қанша ақша бе-ре¬мін десеңіз де ер¬кіңі¬зде. Оны мүмкін¬дігіңіз бен жомарттығыңыз біледі. Шөңге¬нің перзентінің табанына кіргенше өзінің маңдайына қадалғанын тілейтін әке-шеше баласынан барын аямайтыны рас. Тек кейде «жомарттың қолын жоқтық байлап», жағдайы төмен отбасы баласына күнделікті қажетті тиын-тебенді де тауып бере алмай қалып жатады.
Арнайы жүргізілген зерттеу жұмыстары баласына жомарттық танытатындар тұр¬мы¬сы орта деңгейдегі ата-аналар екенін анықтаған. Бір қызығы, өте бақуатты тұратын ата-аналар балаларына ақшаны өте аз береді. Кейбірі тіпті бермейді де. Олардың көпшілігі ақша беру баланы жалқау әрі масы¬л етеді деп есептейді. Ал өзінің алғаш¬қы компьютерлік бағдарламасын 13 жасында жасаған әйгілі миллиардер Билл Гейтс балаларына бүкіл дәулетінің 1 пайыздай ғана бөлігін қалдырыпты. «Миллиардер болып¬ есею мақсат емес» деп есептейтін Гейтс балаларының өздерін-өздері қамтамасыз етуді үйренгенін қалайды. Ол аңызға айналған байлығының басым бөлігін балаларына емес, қайырымдылыққа беріпті-міс. Мұндай пәрменді принцип біздің ұлтқа тән деп айту қиындау. Өйткені біздің қоғам жоқ болса да, «баламыз қатарынан қалмаса екен» деп, барын қалталарына салып жібереді.
- Анам күн сайын 300, кейде 400 теңге береді. Сабақ арасында тамақ аламын. Сосын¬ автобусқа ақша жұмсаймын. Арасында сабаққа екі автобуспен баратын күндер де болып тұрады. Ақшаны негізі күнде анам беріп тұрады. Ол кісі үнемдеп жұмса деп ескертіп отырады. Ал кей күндері әкемнен де ақша алып тұрамын. Сабақтан шыққан соң сыныптастарыммен компьютерлік ойын клубтарына барып ойнаймын, - деді 6-сынып оқушысы Арман¬ ағынан жарылып. Ата-анасының там-тұмдап жинаған ақшасын бала түкке тұрғысыз нәрселерге жұмсап жібереді. Сондықтан балаға кішкентайынан күнделікті қажетті ақшасынан артық берудің¬ қажеті жоқ секілді.
- Менің 2 балам бар. Әкесі де, мен де жұмыс жасаймыз. Балаларымның екеуі де мектепке барады. Оларға күн сайын жол¬пұлы мен тамағына қажетті ақшаларын беріп отырамыз. Артық қажет болса өздері сұрайды. Екеуіне күніне 1000 теңге береміз. Сол жеткілікті. Балаға ақша ұстатқан дұрыс. Өйткені қазір заман басқа. Олардың өзгелерге жалтақтап өскенін қаламаймын. Ақшасыз аяқ баса алмайтын заман екенін біле тұра балаға ақша бермеу деген өте ұят нәрсе деп ойлаймын,- деді Гүлмира есімді қала тұрғыны.
Әр үйдегі тәрбие әртүрлі өріледі. Біреу баласын таршылықта өсіргенін қала¬майды. Ал базбіреулер балаларына артық ақша ұстатқанды жөн санамайды.
- Кәмелет жасына толмаған жасөспі¬рімдер ата-анасының қамқорына, көмегіне зәру болады. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқ¬ан балалар тым намысқой болып өседі. Осыны сезінген ата-аналары да бала¬ларына таршылықты сезіндірмей өсіруге барын салады¬. Негізі балаға ақшаны¬ шектен¬ тыс көп берудің, не күнделікті қажеттілігінен аз беруге де болмайды. Орта деңгейде беріп тұрған дұрыс. Балаға әр ақша берген сайын жекіп, ұрысып, ақшаның қандай еңбекпен келетінін айта берудің де қажеті жоқ. Тек ара-тұра, жай айтып түсіндіру керек,- деді психолог Ж.Болатқызы.
Бала – болашағымыз. Оларға талбесік¬тен берілетін тәрбие тек ақшамен өлшенбеуі тиіс. Себебі санаға сіңген тәрбие бәрі¬нен жоғары. Баланы ешкімнен кем қылмай, бағып-қағып, ұядан қанатын қатайтып ұшыру – әрбір ата-ананың міндеті. Тек алақанда аялаған бала адамгершіліктен аттамаса болғаны.
Керімқыз ТАУАР
baq.kz