(әңгіме)
– Әбу Һурайра сахабадан жеткен хадисте пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләмнің былай деп айтқаны мәлім: «Қиямет күні сұраққа ең бірінші алынатындар – Құран оқушы, Алла жолында күресуші және өз мүлкін құрбан етіп, садақа жасаушы.
Әуелі Құран оқушы адамды алып келіп, оған өзгелерден артықша берілген қабілетті көрсетіп, соған сай не жасағаны жайында сұрайды. Ол: «Мен Құран оқып, оны басқаға үйреттім», – дейді. Сонда оған: «Сен жалған сөйлейсің. Сен ол істі тек «қари» атану үшін атқарған едің. Және қалауыңа орай жұрт солай атады да», – делініп, отқа тасталады. Онан кейін Алла жолында күресуші алдырылып, оның да артықша берілген жаужүректігі есіне салынып, осынша нығметті қандай жолға жұмсағаны сұралғанда, ол: «Мен жауыммен Сенің жолыңда күрестім, Сен үшін, я, Жаратушым!» – дейді. Сонда оған да айтып тұрғаны өтірік екеніне дәлел келтіріліп, тек «батыр» атану үшін ғана күрескені және жұрттың дәл солай атап тамсанғаны әшкере етіліп, соңында отқа тасталады. Сосын мал-мүлкін құрбан етіп, садақа таратқан үшінші адамды алып келіп, оған берілген артықша дәулетті көрсетіп, оның амалы жайында сұрайды. Сонда ол: «Мен садақа бердім», – дейді. Сонда оған: «Сен жалған айттың. Сен мұны «мені жомарт десе екен» деп атқардың», – делінеді де, ол да отқа бұйырылады».
Мұнда мынадай ғибрат бар: кімде-кім амалын риямен жасаса, Алла Тағала да оны дәл солай қабылдайды. Қазір ше, шаһид боламыз деп талай жігіт айдаладағы Сирия асып кетіп жатыр. Мұның бәрі білімсіздіктен, діни сауатсыздықтан, қарақтарым. Намазды да мақтаныш яки дәреже үшін оқымайды.
Бар-жоғы екі балаға құтпа айтып отырған молда босағада состиып тұрған Мұратты енді байқады. Сол бойда қопарыла келіп, шаужайлай есендесті. Сөйткенше болған жоқ, даусын соза және амандасып, оның ту сыртына шыға берді. Сөйтсе әкім де кіріп келеді екен.
– Жұма мүбәрак болсын, жамағат! – деуін десе де, молдекең әкімнің бұл келісін күтпеген болуы керек, қапелімде етегіне сүрініп қалды.
– Әмин! Орта толсын. Шаруа бар, – деген әкім жік-жапар болып қауқылдай қуанған имамға асығыс екенін білдірді. – Бүгін, өзіңіз білесіз, үлкен шара өтеді. Соған кілем қажеттігін ескерте келдім, молдеке. Басқа қайдан аламыз? Жігіттер кеп ап кетер.
– Әрине. Өзіміз де апарып саламыз да. Наиб-имам бар, мына балалар бар.
– Рахмет түсінгеніңізге.
Осыны айтып кетуге ыңғайланған әкімді шығарып сап қайта оралған имамның жүзінен қимағандық рәуіш аңғарылады. Ауылдың қазынасына алған кілемді бермеске тағы лажы жоқ. Адам келмейді екен деп мешіт кілемсіз қала ма?
Аядай мешіт ішіне кілем шынымен де көп төселіпті. Мұрат енді байқап тұр. Табалдырықтан төрге дейін көсіле жайылып жатыр.
– Сіз... – дей беріп еді, бұл:
– Иә, Құран оқыта келіп едім, – деп сөзін бөлді.
...Тұқшыңдаған сүйем қарыс көлеңкесі үйіне аяңдап келе жатқан мұның алдында бұлтың-бұлтың ойнайды. Өзі болса, басын шайқап қояды. Қари тозаққа кетіп жатса, бізге не жорық? Желқақты өңі онан әрмен қабара түсті. Түсіне алар емес. Ана екі бозөкпе не ұғып отыр десейші? Жалпы, осы дін дегенді түсініп болмайды. Басқа – басқа, дәл бүгінге қабаттасқанын қарашы мұның да. Келмейін деп еді, әйелі бармасына қоймады. «Атам түсіме кірді» дей ме... «Құран дәметті» дей ме... Одан қалды, «Осы үйдің күйбеңімен атама да неше жыл дұға қыла алмадым» деді ме, әйтеуір, үйінен қашып шыққандай қылды.
– Аты – Ақмырза! – деді содан мұның соңынан өңешін соза.
Не де болса, қабыл болсын. Кім болса да. Құлағым тынышталса болды. Жұрт жиналғанша, тынығып алуым керек.
Тотыққан шарбақтың зарлауық есігі боздап қоя берді. Ішке аттаған бұл алға басқан күйі өкшесімен сарт еткізіп, үнін өшіре салды. Оған ілесе кейіннен азан естілді.
Жеті күлше пісіріп үлгерген әйеліне назар да салмастан түпкі бөлмеге өтті.
– Келесі азанда оятарсың.
Бұл ауылдың қарапайым халқы азан даусын күнделікті шаруа қамын күйттейтін меже қылып алғалы қанша өткенін өздері де білмейді. Таңғы азанда жылқы ұстауға шықса, түстенетін уақытты түскі азанға тұспа-тұс келтіреді. Сонан келесі азан естілгенше, бейқам тынығады да, онан кейінгісінде қой қораланып, сиыр сауылады. Ең соңғысында ұйқыға бас қойысады.
***
– Байқа, ат үстінде қалғып кетпе. Қара айғырдың үйірі тым шығандамаса, қақпайлай берудің қажеті жоқ.
– М-мм... – баласы жақ ашпады.
Жеңіл күрсінген Мұрат ширақ аяңдай жөнелген ұлының соңынан қарап тұр. Кенет әлдене есіне түсіп:
– Айтпақшы... – деді. – Айтпақшы, атыңды суарып ал!
– Иә, – қиғаштай бұрыла берген баласы селқос үн қатты да, көршінің жатаған қорасына тасалана берді. Жер сызған құрығының үні мен кер бестінің шапшаң аяңы ғана естіліп барады...
Көк ат тықыршып, ауыздығын шайнады. Мықшиған ақ жигулидің көлеңкесінен шыққан сары дүрегей иегін жерге төсей керіліп алды да, иесіне қарады. «Кеттік пе?» дейтіндей.
– Біз сәл кештеу барамыз, – деді Мұрат оған. Мұның аяқ астына шалқалай кеткен иті кеудесін тосып, иесінен мезірет күтіп жатыр. Бірақ Мұрат әдеттегідей бұл жолы оның кеудесінен қағып, құлақ түбін уыстай жұлқылаған жоқ. Тыпыршыған көк атына да мойын бұрмастан шапшаң басып үйіне кіріп кетті. Орнынан марғау көтерілген иті көзінің астымен бір қарады да, дүр сілкінді. Үлкен қақпаның қадасына қаңтарылған ерттеулі көк ат ит түгінен жиіркеніп пысқырынып жіберді. Кеңсірігін аяғына үйкемек еді, шылбыры қысқа байланғандықтан, басы жетпеді. Бұрқ-бұрқ еткен өлі жүн екінтіден ауған күннің қызғылт сары шуағынан жылт-жылт етеді.
***
Үйінде де байыз таппаған Мұрат іле мәдениет үйіне келген. Дер кезінде жетіпті. Бұзау қарай кеткен әйелін күтсе, кешігеді екен. Шағын ауылдың мәдениет үйі де шағын. Алды ығы-жығы. Кимелескен жұрт. Әже біткен аппақ, жұмыртқаша домалаңдайды. Кимешектерін Наурыз мейрамында ғана киюші еді. Мұнысы дұрыс болған енді. Бір қағаберісте ауылдың қуанышында бата беріп, қайғысында басу айтатын бес-алты шал тұр. Білектерінде – бүктеле салбыраған бір-бір оюлы шапан. Тарту етер ме екен? Бірақ бір ғана қонақ мұнша шапанды қайтпек? Жүгірген бала. Аяққа оратылған ит. Бәрі осында. Бәрі де тағатсыз. Әсіресе әкім мырзаның даусы ерек шығады. Ерсілі-қарсылы шапқылаумен жүр. Қашанғы әдеті – осы. Ауылдың батагөйі де, ақылманы да, тәртібі мен білімін қадағалаушысы да, тіпті, диқаны да – осы әкім. Әйтеуір, осы бір шіркіннің жайбарақат отырғанын көрмепті. Бәрінің басы-қасында өзі жүреді. Міне, мұрны тершіп, мұнда да киліге жанталасуда.
– Айнам-ау, анау гүліңді қазір біреу мыжып кетеді. Барсаңшы ішке. Гүлді сахнада береміз. Баршы енді! Екі кеште гүл таппай қалмайық. Қаладан өзің алып келсең, көрер ем.
Қазақы көйлек пен жарасымды бөрік киген қос бойжеткен арнайы алдырылған гүлдерін қорғалақтап ішке жылыса берді. Сонысының өзі сүйкімді. Бергісінің бұлғын бөрік астынан жалт еткен қарасы кімді болмасын жасқап, кімнің де болмасын дегбірін тауысқандай.
Млиса жігіт әнтек көз тастап қойды. Жұтқыншағы бүлк етіп, иегін қасыды. Үйлі-баранды. Онымен көңіл жарастыра алмасын біледі. Десе де, ауылдың еркек кіндіктісінен тегіс қызғанады. Сол үшін де бұл маңайдың жігітсымағын жолатпасқа іштей ант еткен. Бұл танымайтын, мұның көзі көрмеген жаққа кетсе, бағын сонан тапса дейді. Әйтеуір, өзі білетін қаратаяқтың біреуіне қимайды және онысын өзінше құпия сақтайды. Ішкі есебімді ешкім сезіп қалмады ма дегендей, есікті сипап қалған жанарымен енді жан-жағын шолып шықты. Абыр-сабыр жұрттың мұнымен шаруасы жоқ екен. Әркім өзімен-өзі әуре.
– Апа, сіз бері тұрыңыз. Шашуыңыз қайда? Сіз сыртта шашасыз. Көліктен түсіп жатқанда, шашыңыз. Байқаңыз, құрттарыңыз көлігін немесе кәстүмін сызып кетпесін! Өзі, осының керегі бар ма? Біріншіден, топыраққа тапталады. Екіншіден, бірдеңесін сызып кетсе... – әкім сұраулы жүзбен жанындағыларға қараған. Олары ләм деместен табаққа жабыла кетіп, құрт біткенді тып-типыл етті.
– Бәлі, – дейді әжей бетін шымшып. – Құртсыз шашу бола ма екен?..
Бірақ онысын ешкім естіген жоқ. Шұғыл хабар жетіп, жұрт сеңдей соғылысты.
– Келе жатыр!
– Кеп қалды!
– Кеп қалыпты!
Шеткері үйдің қорасының үстінде қарауыл қарап жүрген балалар осында зымырап келеді. Дауыстары жер жарады. Мұндағы екі-үш қанден шәуілдеп қарсы жүгірді.
Бұл сонда байқады. Өрістен қайтқан табынның шаңы бұйраланып, батыс аспанның астын жауып алған. Онан беріректе, ертеде төселген тасынан жұрнақ та қалмаған жол үстінде үш бөлек шаң оқшау сызып келеді екен. Жүрегі атқақтап сала берді...
Бала біткен ауылға кірер үлкен жолға ентелеп барады. Әкімнен ес кетті. Жанындағылары алақ-жұлақ. Сол-ақ екен ауыл млисасының ысқырығы без етті. Балалар қалт-қалт тұра қалысты. Не ілгері жүрерін, не кейін қайтарын білмей сапырылысып қалған. Қалың нөпірден сүйек-саяқ дәметіп тысқары жатқан иесіз қаншық жасқанып, құйрығын бұтына қысқан күйі бой тасалай берді.
– Қайтыңдар кейін!
Әйелдер жағы күйбең-күйбең. Әкімнің саңқ еткен даусымен жарыса кейісіп әлек.
– Жүгермек, қайт қане!
– Әй, сені ме, сені! Бекер әкелген екем!
– Ойбуй! Құлады-ау анау! Бағана ғана киіндіргенімді қайтейін...
Ысқырық үні және зырқ етті. Жұрт жым-жырт.
– Балаларыңызға ие болыңыздар! Әркім өз баласына қараса, түк те жоқ! – ауыл млисасы әйелдерге қарап көзін алартты.
– Жә, жарар! Мәдениет сақтайық, мәдениет... – деген әкім жанындағыларымен бірге оқшауланып, күтіп алуға ыңғайлана берді. Жанындағылары тағы да шала бүлінді.
– Шашу қайда? – дейді бірі.
– Апа қайда? – дейді екіншісі.
Абырой болғанда, апа да, шашу да табыла қалды.
– Немеремді іздеп... – дейді көп арасынан шыққан әжей лажсыз жымиып.
Жұрт қақ жарылып, ортаға жапыр-жұпыр тақтай төселді де, үстіне кілем жайылды.
– Сабыр, халайық, сабыр! Балаларыңыз таптап тастамасыншы, обал ғой, – молдекеңнің іші ашып тұрғаны байқалады. Іле жігіттерге тапсырып жатыр. – Сосын дереу жинап ала қойыңдар. Бірер сілкіп жіберерсіңдер мешітке төсемес бұрын.
Бұл кезде ауылға кіріп үлгерген көліктер бипілге басқан. Жұрттан тағы маза кетті. Әсіресе жастар жағы. Құйқылжыта ысқырған олар да үн қосып болар емес. Ауылды жаңғырықтыра күй ойнады. Ит атаулы азан-қазан. Мұның жүрегі аузынан шығып кетердей...
Шашу шашылды. Күй кілт үзілді. Шарт-шұрт алақан.
Көліктің екеуін бұл таниды: бірі ауыл әкімінікі, бірі аудан әкімінікі. Екеуі де – қызметтік көлік. Ал үшіншісі бейтаныс. Бірақ одан түскен бес адамның біреуі оттай басылды. Апырмау, жіптіктей еді... Жігіт ағасы болыпты... Қоңқиған мұрны ғана сол қалпы. Бұрынырақта күрең қызыл сияқты еді. Ашаң тартыпты. Бір кездері қантты сумен қатырып ұстайтын қою шашы да селдір. Болмашы ескектің өзінен желпең қағады. Бұрынғыдай қайратты емес, қалтырақ. Онсыз да кең маңдайының екі шеті керілген қастан үріккендей шегініп кетіпті. Көлбеу түскен күн сәулесінің өзінен тістелген күлшеге ұқсап жалтырайды. Мұрат көп арасынан көз алмай қарайды. Балалық шағы оралғандай...
Екеуі парталас болды. Ол бұған қарағанда тапалдау болғанымен, ширақ-тын. Мереке сайын өлең оқып, ән салатын. Бозбала шақта оған ғашық болмаған қыз қалмады. Оның да өлең арнамаған қызы жоқ-ау, сірә, осы ауылда. Оған қатарластарының бәрі еліктейтін. Бұл да сөйтуші еді. Бірде сондай бір өлеңін оқып бергені бар. Ол болса, мұны арқадан қағып, біраз мақтау айтқан.
Жүрегі шымыр ете қалды... Ұмытпаса, осыдан он шақты жыл бұрын... Таңертеңгілік жылқыдан келген бұл күндегісінше қымыз ішіп жайбарақат отырған. Нан тураған әйелі сары майдың бетін жапқан газетті ысыра беріп еді, таныс бейне жарқ етті. Зағираның білегінен шап берген. Суреті басылыпты. Ол кезде қағылездеу сияқты еді. Облыстық газетке сұхбат беріпті. Оқып көрген. Оқығаны бар болсын. Шайнап отырған нанын жұта алмай, соңынан алдындағы қымызды сарқа көтеріп булыға жылжытқан. Есінде қалғаны – шын ақын мен өтірік ақынды сынапты. Дарынсыз ақынға мысал ретінде мұның бозбала күнінде өзіне оқып берген өлеңінен үзінді келтіріпті. Әйтеуір, атын атамаған екен. Бірақ ескексіз қайыққа теңепті. Дарынсыз бейбаққа балапты. Ол өлеңді оған дейін аудандық газетке қанша рет бермек болғаны есіне түсті. Маңдайынан суық тер бұрқ етті. Құлағы таныс дауысты шалды. Алақан соғылып жатыр.
Ақын сол тұрған күйі арнау өлеңін оқыды. Ауылдың ықыласында шек жоқ. Әлгінде аудан әкімі сөйлегенде, жым-жырт қалған халайық енді көктің үнін естігендей әсерде. Даңғаза шу. Кемпір-сампыр көздеріне әлдеқашан ерік беріпті. Соңынан микрофонын қос қолдай ұстаған ол:
– Мұрат! А, Мұрат! – деп гүр етті. Жұрт ішін тарта қалған. Мұның буыны қалтырап қоя берді. Мына сабаз көп алдында масқара етпесе етті. Топ арасында онсыз да пұшайман халде тұрған бұл енді болмағанда қаша жөнелгендей еді. Бірақ кеш қалыпты...
– Осында менің парталас досым Мұрат Игіліков деген жігіт тұрады деп естідім. Егер ешқайда көшіп кетпесе, шықсыншы. Сағынышымды басайын, – ақын сарнап тұр.
Көзіне құйылған суық терді бір сығып тастап қараса, сұқ саусағы шошая қаумалаған ағайын мұны меңзеп жатыр екен. Ол аздай, жауырынынан итеріп, қолтығынан демеп, алаңқайға дедектетіп барады. Қара саннан қарысқан аяқтары алға басар емес. Орта бойлы ақынның құшағына ене берді. Жуандап қана қоймай, әжептәуір қарын байлағанын сонда байқаған. Айырдай қолдарымен бұл да қапсырып, тілін: «Аман ба, Жырғаш досым?» – дегенге әрең келтірді. Енді бір қараса, мұның алақаны аудан әкімінің уысында. Алпамса денелі әкім зор білегімен ұзақ сілкіді.
– Кім боп істейсіз? – дейді мұның бетіне төніп.
Аузына сөз түсер емес.
– Бұл жігіт – ауылымыздың құрметті жылқышысы.
Мұны айтқан ауыл әкімі екен. Қапталдаса келіп, қос иығынан ол да қапсыра құшақтады. Аудан әкімі балаша мәз болды.
– Құрметті халайық! – деді содан соң. Жұрт тыншыр емес. Бәрі де бірауыздан «Жа-ра-дың! Жа-ра-дың!» деп қол ұруда. Ауыл әкімі оң алақанын көтерді. Өңешін жырта қиқулаған топқа араласа кеткен жанындағылары алабөтен өзеуреп алғандарын арнайы барып тыныштандырды. Осы сәтті пайдаланған ақын мұны және бір құшақтады. Жұрт және сеңдей бұзылды.
– Құрметті халайық! – деді бұл жолы микрофон алған аудан әкімі. – Бұл ауылдан тегін адам шықпапты. Бір бауырымыз – республикаға танымал ақын, биіктен көрініп жүр. Енді бір бауырымыз жылқы бағып құрметке бөленуде. Екеуінің де кәсібі – ұлттық кәсіп. Ата жолын жалғастырар осындай ұл табатын аналарымыз аман болсын! – сөйтті де ақынға қарап:
– Қанша жыл болды көріспегендеріңізге? – деді ақырын ғана. Анау:
– Отыз жыл! – деді қомпаңдап. Сол-ақ екен, көзін жұмып, ернін дөңгелете таңданған аудан әкімі:
– Отыз жыл көріспеген ақын досына жылқышы досы лебізін білдірсін онда, – деп микрофонды мұның қолына ұстата берді.
Оқиғаның дәл бұлайша кілт өзгеруін күтпесе де, топ алдында тұрған Мұраттың бойы үйренейін депті. Қарысқан саусақтары икемге келіп:
– Жырғаш, досым, қадамыңыз құтты болсын! Үйден дәм татып кет, – деді тұтыға. Бірақ онысын ауыл адамының бірі естісе, бірі естімеді. Бәрінің көзі ақында. Атойлап, бастырмалатып барады. Сол кезде Жырғаш бетін мұның бетіне тигізіп, арқасынан қақты. Қолқасын қапқан зәһар иістен басын ала қашқан бұл түшкіріп берген. Жұрт қыран-топан.
...Ауылдың бір бүйірінен сиыр кірді. Бір бүйірінен қой жақындап келеді. Шыттай киінген кәрі-жас алдынан шығып қақпайласуда. Тымық ауада көтерілген шаң жер бауырлай жатып алыпты. Аспан асты уда-шу. Ақын бастаған әкімдер арнайы тігілген киіз үйге тамақтануға кірген. Халық әндері бірінен соң бірі дамылсыз әуелейді. Бағанағы жігіттердің бір-екеуін әнші деп таныстырып еді. Салады-ақ екен! Мына жақта ет түсіріліп, ит біткеннің ындыны солай ауыпты. Аяғының ұшынан басқан даяшы жігіттер қылпып жүр.
Мұрат мәдениет үйінің жанында оқшау қалған. Дәмге де бармаған. Мүйізі қарағайдай әкімдермен дастарқандас болуға жүрегі дауаламаған. Мен кіммін, тәйірі! Жай жүрген жылқышымын. Әкім айтқандай, құрметті деуге келмес... Жырғашпен бір партада отырғанымыз болмаса, дос дейтіндей дос та болмаппыз. Рас, бірге оқығандардан осы ауылда мен ғана қалыппын. Ата кәсіпті жалғайын деп қалыппын ба сонда, басқа кәсібім болмағаннан қалдым ғой!
– Аға, Айсұлуды көрмедіңіз бе? – оқыс үнге жалт бұрылған: Сейтжан екен. Кәстүм-шалбар киіп апты. Уысында – бір шоқ дала қызғалдағы. Етсіз басына шүңірейе біткен көздері тесіп барады.
– Ана үйде шығар, – киіз үй жақты нұсқай салды. – А, айтпақшы, олар клубта, – деді сосын есіне түсіп. – Ақынды күтіп отыр, бағана әкім тапсырған.
Сейтжан жыпылықтап кетті. Тарамыс бойын кілт бұрып, жылыстап бара жатты. Дәмесінің зорын... Айсұлу сені қайтеді, ей? Бұл іштей мырс етті. Жарымес жанды Айсұлудай қыз қайтсін? Байғұс бала-ай...
Мамыр айының тымырсық кешінде құмығып азан даусы естілді. Әлгіндегі абыржуынан киімі малмандай болып еді. Дегдиін депті. Бұл шеткері орналасқан тапал үйіне елеусіз аяңдай берді.
***
Зағира қора сыртында күрп-күрп сиыр сауып отыр. Арсалаңдай жеткен сары дүрегей қолын жалап алды. Отағасының келгенін сонан білген әйелі:
– Көрдің бе? – деді бұрылып қарамаған күйі.
– Көрдім.
– Е, таныды ма?
– Танымай...
– Не дейді енді? – Зағира қояр емес. Емшегін тартқан сайын, қызыл сиырдың бүйірі күп-күп етеді. Көзі аларып, ыңырана тыныстайды.
– Ештеңе.
– Ештеңесі несі? Отыз жыл көріспеген досың ештеңе демеді ме?
– Деді.
Бұл Жырғашты сыртынан әйеліне де досым деп таныстырған екен-ау. Сол газетті Зағира сақтап қойған. Төркінінен кім келсе де: «Мынау – Мұраттың досы», – деп буы бұрқырап отырғаны сонан бері.
Әйелі бұған мойын бұрып, аңырая қарады:
– Айтсаңшы енді, не дейді?
– Қойшы, ей!
– Немене, тыныштық па?
– Тыныштық. Мені таныды. Төс түйістіре амандастық. Қазір тамақтанып жатыр, – деп бір қайырды сырмінез әйеліне бұл.
– Бәсе...
– Аудан әкімі де келіпті, – дегенше болған жоқ, әйелі самбырға басты:
– Е, ол неменеге келіпті? Ақынның туысы ма екен? Жоқ, әлде Жырғашқа өлең жазуды үйретіп пе? Осы деймін-ау, сол әкімнің жүрмейтін жері жоқ. Ауылда өрт болса да, келеді. Жауын көп жауып кетсе де, келеді. Жаумай қойса да, келеді. Мал сырғаласа да... – әңгіме ауанымен қаттырақ тартып жіберсе керек, қызыл сиыр толуға шақ қалған шелекті бір теуіп ақтара салды да, сөзі үзіліп, сары дүрегей аулаға зып берді.
– Ойбай! – деді содан соң. – Қарасан келгір! Ақынды қарсы алуға сен үшін бармай қалдым емес пе?! Ит жалағыр-ай, ит жалағыр! Таптап өлтіресің бе?!
Қарауытқан далада қап-қара көңнің беті аппақ боп жайрап жатыр. Зағира орнынан оқыс көтерілгенге бұзау бұлқынып, буынып барады.
– Жә, болды, – дейді бұл. – Қарғама. Жыр кеші енді басталады. Үлгереміз, – бұзауды босатып жіберіп еді, онысы екпіндей барып сүтке тайып құлап, екеуі қосыла күлісті.
Сиыр болса, ұмар-жұмар құлаған бұзауына бір, іргедегі күресінге бір қарап алақ-жұлақ етеді. Сол екі арада күресін жақтан біреу тұра келді. Сиыр содан үріккен екен.
– Кімсің, әй?! – Мұраттың даусы бүгінгі кештен бері бірінші рет қатқыл шықты.
– Аға, Айсұлуды көрмедіңіз бе?
– Әй, Сейтжанбысың?.. Айттым ғой клубта деп. Неғып тығылып отырсың, а?!
– Бардым, жоқ деді. – Сейтжан тақап келеді. Бір уыс болған Зағира үні шықпастан мұның тасасына қойып кетті.
– Енді не дейсің? Жоқ болса, үйінен сұра. Жолама бұл жерге! Бар!
Жасқаншақтап қалған жас жігіт шегіншектей берді де, жалт бұрылып, келесі үйдің қорасына қарай ытқи жөнелді. Жай емес, әндете жөнелді:
– Көршінің қызы керемет еді,
Әкесі де оның – жақсы адам...
Даусы құлақ тұндырады. Сондай зарлы әрі зор. Әнді де бір адамдай айтады. Сол мезет көрші қора жақтан да салдырлаған шелек пен бажылдаған әйел даусы естілді. Білегінен тас қылып ұстап алған Зағира:
– Қалған сиырды емізе салайықшы, – деді. – Қолымды қарашы, енді сауа алмаспын.
Шынында да, байғұстың қолы, қолы емес, тұлай бойы тұтасымен қалш-қалш етеді. Қатты қорыққаны көрініп тұр.
***
Қолтықтасқан екеу жұлдыз жамырай мәдениет үйін бетке алды. Сол жақтан шыққан күй әуені бар атырапқа тарап, ауылға ерекше салтанат үстейді. Аннан да, мұннан да ағылған адам. Мәдениет үйінің алды күндізгідей жарық. Жапырлаған халық. Аядай ауылда осынша адам тұратыны әншейінде байқалмайды да.
– Айсұлу соның не теңі? Бейшара, сорлы бала! – Зағираның үрейі әлі сейілмепті.
– Жә, – деді бұл біреу-міреу естіп қалмасын дегендей.
Сейтжан ауруханадан шыққалы, ауылдан маза кетті. Ойбай, Сейтжан өйтіпті. Сейтжан бүйтіпті. Толассыз әңгіме. Кейде таңсәріде жылқыдан қайтқанда, алдынан шығып, емпеңдей амандасады. Қара айғырды сұрайды. Жақындап барып қарап тұрады. Қара айғыр солардікі. Сейтжанның былтырғы жылғы көктемгі тайғақта сол қара айғырды ұстаймын деп жүріп аттан құлап, жарымес боп қалғаны есіне түсті. Тфәй-тфәй, өзімен кетсін бәлекет...
Бұлар келгенде, қонақтар жиырма қаралы адамнан құралған топ ортасында темекі тартып тұр екен. Зағираға «күте тұр» деп ишарат жасаған бұл жақынырақ барып еді, ауылдың жігіт ағалары әдеттегіден оғаш ілтипатпен қақ жарылды. Бұл Жырғашты оңаша шақырып алып:
– Жырғаш, өтініш бар: баяғы өлеңді мен жазды деп ешкімге айта көрме, – деген.
Қапелімде ештеңе ұқпаған ол:
– Қандай өлең? – дейді шын таңданып.
– Әлгі газеттегі. Сен осылай да, осылай сынапсың... – Мұрат қысқа-нұсқа түсіндіріп әлек.
– Ааа, иә. – Жырғаштың есіне әлдене түскендей. – Иә, бір-екі рет солай деп айтқаным бар. Сол өлең сенікі ме еді? – деп ақсия күлді кенет. Аппақ тістері қараңғыда шамдай жарқырайды.
– Оқушы кезімде саған оқыған едім...
– Әй, сен де есіңе сақтайсың-ау... Әрине, таза ауада жылқы бағасың... Қазір ше, шығармашылық қалай?
– Өй, тыныш деймін! Қайдағы шығармашылық? Менің шығармам ана жақта, – бір қолымен ақынның аузын көлегейлеп, екіншісімен ауыл сыртын меңзеді. – Далада... Жайылып жүр...
– Болды, болды, түсіндім. Ақсу ше? Ақсу қалай? Ақынын бәлен жыл сағынып үнсіз ағып жатыр ма? Осы жолы бір шомылып мауқын баспасам... Айыртау ше? Жол жаққа телмірумен аласарып кетпеді ме?
Шыны ма, әзілі ме – Мұрат түсінген жоқ:
– Иә, – дей салған. Шайқала еңкейген ол жерден әлдеқандай тасты іліп алды.
– Бір кездері аппақ еді, бұл да сарғайып кетіпті, – деді сосын бағана жарығына тоса қарап.
Зағираны дауыстай шақырған Мұрат Жырғашпен таныстырды. Өмірінде тірі ақынды алғаш көрген әйелі Жырғаштың аузына қарап, сілейіп қалыпты. Бұлар топқа жақындай бергенде:
– Ертең түсте үйге түс. Дәм тат, – деді Мұрат жұрт естісін деген ниетпен даусын шығара.
– Әрине, амандық болса, жеңешемнің қолынан міндетті түрде бал қымыз ішетін боламыз. Солай ма, жігіттер? – бірге келген қонақтарға қараған, олардың бірі:
– Бұл – енді қолдан келетін шаруа... – деді қулана күліп. Ауыл адамдары мәз болысты. Қоңсылас мешіттен азан естілді.
...Мәдениет үйінің іші жасанып-ақ тұр екен. Қызылды-жасылды шар ілініпті. Гүл... Ұран сөз... Ара-арасынан әлдеқандай шумақтар менмұндалайды. Қайсыбірін Мұрат есіне түсірді. Газеттен оқығаны бар.
Бірінші болып сөз алған аудан әкімі ағайынды құттықтай бастап еді, тұс-тұстан шыққан ысқырық көміп кетті.
– Ақын! Ақынды тыңдайық!
– Өлең оқылсын!
Сахна жақта тұрған млиса алара қарап, оларға сес көрсетеді. Жастардың ысқырығы тыйылғанымен, әйелдер басыла қоймады. Әр-әр жерден екеу, үшеу болып сыбырласады.
– Осы әкімді кім шақырды?
– Қазір өзіміздікі шығады әлі...
– Өй, көкмылжыңдар! Осылардың көкжөтел әңгімесін тыңдауға келгендей...
Мына жақтан бала жылады. Млисаның жаны шығып кете жаздады. Баланың анасына ызғарлана қарайды.
– Кешірерсіздер. Мені осынау айтулы кешті ашып беру үшін әдейі алып қалған ақындарыңыз еді. Бүгінгі күн – шынымен де, сіздер үшін мереке. Осындай күндеріңіз көп болсын! Ал, олай болса, ақынды қарсы алайық!
Ақын шыққанда, халық теңселіп кетті. Айғай-аттан... Ұран... Кештің ашылу салтанатына деп даярланған сценарийдің бұзылғанын ауыл жұрты білген жоқ. Күмілжіген әкімдер қол шапалақтай қызарысты. Мейлі дейді іштей. Халық риза болсын.
Әнұран ойнап, жұрт сап тынды. Ақын көзіне жас алды. Мұраттың жүрегі тулады. Өзін өлтіре сынаған парталасына іші жылыды... Онан әрі жыр төгілді, ән шырқалды... Ұлттық би де биленді... Жасын сықпаған жан қалмады. Мұрат та жылады. Жұрт жыласа, ақынның сағынышына, туған жеріне деген махаббатына сүйінісіп жылады. Әлдекімнің есіне марқұм әкесі, енді біреуіне қосағы түсті. Енді бірі ерте шетінеген баласын айтып аһ ұрды. Ауыл жұрты есінен танды. Мұрат болса, Жырғаштың тап-таза, сәби жүрегіне тәнті болды. Өзін қанша сабырлы ұстайын десе де, ағыл-тегіл жасын тыя алар емес. Сөйтіп отырып ақынға деген өкпесін есіне алды. Мысы басылды. Тілі байланды. Орынсыз өкпесі үшін өзін жерден алып, жерге салды. Аяусыз жазғырды. Шын опынды. Сенің бір ғана сөзіңнен садаға кетейін деді.
Бір уақта сахнаға ауыл әкімі көтерілді. Әлдеқашан кетіп қалған аудан әкімінің жоқ екенін клуб іші енді аңдады. Отырғандар сілтідей тынған. Бағанағы желіктен із де жоқ. Басшыларына боталай қараған жанарлар ғана.
– Құрметті халайық! Бұл бір естен кетпес кеш болды. Жырғаш ақынды ауылдың келер жылға жоспарланып отырған сексен жылдық мерейтойына тағы да шақырмақ ойымыз бар.
Жұрт жапырлай қол ұрып, ақын иіле тағзым етті. Әкім сөзін жалғады:
– Ол үшін ақынымызға бүгін ауылдың құрметті азаматы дәрежесін берсек пе дейміз.
Әуен ойнап, сахнаға ойнақтай басып Айсұлу мен Құралай шықты. Нәп-нәзік, жинақы бойын жеңіл қозғаған екеуі дыбыссыз сырғиды. Сахна биігін айнала жүргенде, көбелектей қалқыды. Әсіресе Құралай. Сымдай тартылған құлын денесі бағаналы бері махаббат пен сағынышқа елтіген талайдың қанын басына лықсытып, талай жанарды лап еткізді. Бәрінің көз алдында алаулап барады. Ақын мойны да бұрылыпты. Қоңқақ мұрынның баданадай танауларынан ып-ыссы дем бүрікті. Иегін созғанда, салыңқы бұғағы жазылып, солардың аяқ алысымен қабат бүлкең қағады. Әлгінде ғана ұрып тұрған алақандары жабысып, саусақтары кеудесіне құлай айқаса қалған. Көздері мейірім төгеді. Онан әрі жас ыршыды. Осының бәрін бағып тұрған млисаның кеңсірігі қусырыла берді. Арқасы мұздап, сол жақ қасы мен беті жыбыр ете қалды. Арулар бейкүнә жымияды. Бірінің қолында – гүл, екіншісінде – әлдеқандай тақтайша. Жұрттың үдере көтерілгені сол, әлдеқайдан ащы дауыс шар етті:
– Айсұлу! Ақбоз аттан мені сұрадың ба? Көзіндегі жасты көрдің бе? – Сейтжан екен. Ытырына ұмтылып, сахнаға қарай боздап барады:
– Сүй, жан сәулем,
Тағы да сүй, тағы да,
Жылы, тәтті у тарасын қаныма...
Кенеттен тамаша кештің шырқын бұзған әумесерге реніш қардай борады. Кеу-кеулеген көрермен залды басына көтерді:
– Мынау қайдан шықты?!
– Қап!
– Ұстасаңдаршы ананы!
– Қарашы, ей! Әумесер неме не дейді?!
– Айтып жатқан сөзін қарашы мынаның!
– Не дейді дүйім елдің көзінше... Қаршадай қызға осыншалықты ұят сөз айтып...
Дегенмен Сейтжанды ұстауға ешбірінің батылы жетпеді. Оны көрген ит екеш иттің өзі мысықтабандай жансауғалайтын. Жолын бөгеген млиса ғана қолын қайырмаққа әрекеттеніп еді, онысынан түк шықпады. Сейтжан тік көтеріп, жанына тымақша лақтыра салды да, бір-ақ қарғып сахнаға шықты. Сөйтті де Айсұлудың алдына жетіп барып, бір қолын соза тізерлей қалды. Ішін тарта қалған жұртта үн жоқ. Ақын мен әкім Сейтжанға, одан қалды, басы астына кеп үйелеп жатқан млисаға қарайды. Сейтжан Айсұлуға қарайды. Уысында – қылғындыра ұстаған дала қызғалдағы. Бастары салбырап, әлдеқашан солып қалыпты. Бәрі де қас қағымда болды. Көзі шарасынан шыққан Айсұлудың қолындағы гүлі суси берді.
– Сүй, жан сәулем,
Тағы да сүй, тағы да...
Соңынан жүгіре жеткен әкесі Сейтжанды кеудесінен қапсыра құшақтаған күйі омақаса құлады. Осы кезде жалаңбас млиса да жетті.
– Байлап тастаңдар!
– Бұл неғып жүр мұнда?!
– Әкетіңдер! Байғұс қыздың жүрегін жарды.
– Жабыңдар аузын! – Айсұлудың екі өкпесін қолына ала жеткен әкесі ызадан жарылардай. Қызын құшақтап, сахнадан шыға берді.
– Кешірерсіздер! Кешірім өтінемін! – Сейтжанның намысқа булыққан әкесі жылап жіберді. Кісенін ала тап-тап берген млисаны да жолатар емес. – Сейтжан, балам, жүре ғой. – Сөйтті де көзі жарқ етіп, залға бұрылды. – Бұл – ұят сөз емес, Мағжанның сөзі!
– Кет! – деді алдыңғы қатарда отырған шапанды шалдың бірі. – Мағжаннан садаға кетіңдер! Батырыңдар қараларыңды!
Сейтжан моп-момақан. Әкесінің алдына түсіп, емпеңдей жөнелді. Тұншыға жылап барады. Ащы ыңыранғанда, зал ішін найзағай түскендей етті. Жұрт уһ десті.
– Мағжанды көргендей... – мұны айтқан да – әлгі шал. Соңғы жақтан қарқ-қарқ күлкі естіліп, тағы да бала жылады.
– Бұл – шынымен де, Мағжанның өлеңі, – деді теңселе қозғалған ақын. Әлгіндегі тебіренісі жым-жылас. Бырбық саусақтары жейдесінің жағасын тартқылайды.
Күлкі шорт тыйылып, шал безере қарайды.
Мұрат сыртқа ата жөнелді. Зағира да шыққан. Сол сәтте гүлін алып, сахнаға қайта беттеген Айсұлуды шалып қалды. Бұлар далаға шыққанда, әлдене шаңқ етіп, сусыннан босаған қауақ бөтелкені қаға-маға даңғырлата қашты. Әйелі баж еткен. Бұл да оқыс сілейіп қалды. Бағанағы иесіз қаншық екен...
***
Екеуі сол күйі ләм деспеді. Тек киініп шығып, жер тарпи оқыранған көк аттың айылын тартқанда ғана әйелі:
– Бүгін бармай-ақ қойсаң қайтеді? Қорқамын, – деген.
Бұл оған қараңғыда адырая қарады:
– Неден? Ана әумесерден бе? Оған Айсұлу керек. Сені қайтеді? Онан да қамыңды қыл. Ертең Жырғаштар келеді. Бар.
Бұл атқа қонғанда, көкжиектен қып-қызыл ай қылтиды. Ауылдас ағайынның біраз сиыры сауылмай қалғанға ұқсайды. Бұзауы бар, басқасы бар азынап әкетіп барады.
***
Ай құрық бойы көтеріліп, айналаға қызғылт сәуле тарады. Сол қапталдағы Ақсу өзені қып-қызыл болып жалтырайды. Бұл күнде арнасын тапқанымен, ағысы әлі де адуынды. Былтырдан қалған қау арасынан итала қаздың қаңқылы естілді. Тау-тасқа ұя салатын итала қаздың түнгілікте өзенде жүргеніне таңданған Мұрат тұнжырап келеді. Әйтсе де салқын желден сарайы кеңіді. Клубта отырғанда, ауа қойылып кеткендей еді. Алыстан Айыртау қарауытады. Қос соның етегінде. Мұрат еміне қарады. Аласарған дәнеңесі де жоқ. Қайта бір түрлі сорайып, қасқая қаздиыпты. Өзімен-өзі оңаша сырласатын, жалқы жүріп жабырқауын ұмытатын жылы мекені. Бір күн бармай қалса, керісінше, өзі шөгіп кеткендей сезінетін.
Алдағы қыраттан тау жуасының иісі келді. Жырғаштың жуа туралы өлеңі есіне түсті. Қалай айтады, ә?.. Тамсанып қойды. Бәрі де – біз күнде көріп жүрген нәрсе. Соны қалай-қалай құбылтады... Дарын екен... Мен де қаражаяу емес екем. Құрметті жылқышы... Несі бар? Осы Жырғаштарың біздің осы күнімізді жырлап жүр екен ғой. Ал бізде соның бәрі тегін жатыр. Иіскейсің бе – иіске. Жүгіресің бе – жүгір. Аунайсың ба – ауна... «Қолда бардың қадірі жоқ» деген. Біз күнде ішіп жүрген қымызды жылап тұрып жырлады емес пе?.. Қоңыр салқын төске алмай, ерлердің ісі бітер ме?
Бір кісінеген көк ат онан әрмен тайпала түсті. Құлағын қайшылай алдан үн күтеді. Мұрат күліп жіберді. Тағы да Жырғашқа еліктеп кеттім бе? Махамбетшелеп келем ғой.
Арс етіп адырға ұмтылған иті қалт тұра қалды. Алдыңғы бір аяғын көтеріп, селтие тың тыңдап қалыпты. Сөйтті де жалынышты қыңсылап бері салды. Бұл да құлақ түрген. Әлдеқайдан бір саз талып жетті. Ат үстінде бар денесімен кейін бұрылған. Қапелімде аңдамаған екен. Сары дүрегей қателеспейді. Анықтап тыңдаса, ән екен. Тізгін тартып, іркіле тыңдады. Қос жақтан естіледі. Мен келем тау ішінде түнделетіп... Ұлының даусын таныды.
Ақынның кешіне оның да барғысы келген. Бетіне қарап отырған жалғыз баласы. Отыз бірінде көрген қызығы. Онан өзге кімді жұмсасын? Ал маған бармай қалуға болмайды. Парталас досым. Тфу! Жарайды, досым дейінші. Жырғашқа іші біржола жылыпты. Дос болса, Жырғаштай-ақ болсын. Мерейімнің тасуы – ақынның жалғыз ауыз сөзі екен ғой. Аудан әкіміне дейін арқамнан қақты...
***
Аппақ ай батысқа жантайғанда, бұл жылқыны өзенге жапты. Шұрқыраған мың жарым жылқыны таң алдында суарып алатын әдеті. Үйірін манадан бері жырақ ұстаған қара айғыр енді тырқырата қуып алға шығарды. Үнемі осылай. Саяқ оттайды. Жүріс кезінде үйірін алға оздырады. Шаңсоқты болғанын бір көрмепті. Суды да жүзіп ішеді. Киелі жануар...
– Үйге барып, ақ қара бас ісекті сой. Жырғашқа дәм береміз, – дегенде, баласы ерекше қуанып еді. Кетердегідей емес, шалт қимылдады.
– Ақырын жүр! – деп дауыстады соңынан. Қойшы деген сосын. Он алтыдағы жігіт. Осыған неменеге өбектей берем? Азамат болды. Келер жылы мектебін бітірсе, қалаға жіберем. Оқысын... Бәлкім, Жырғашқа ұқсап ақын болып кетер... Әй, қиял деген... Мен де соғам-ау. Жырғаш ақын болса, бала шағынан бейім еді. Менің ұлым ше? Түнеугүні мектеп директорының: «Баланың тілі жатық, ұйқасы мығым», – дегені сап ете қалды. Әзілге балап жүре тыңдаған. Құрдас адам не демейді? Әй, сонда да... Тұра тұр... Шын болса ше? Беймағлұм тәтті ойдан еріп кете жаздады. Ауыл жаққа мойын бұрса, мелшиген түзде кер бестінің тасыры ғана естілді. Кенет меңіреу далаға жан бітті. Ауылдан қиыс, өзен жақта от па, көлік пе – әлдене жылт еткен де, ғайып болған.
Сол түнде шын ақынды көрген ауылдағы талай бозбаланың өлең дәптерін отқа тастағанын қуаныштан әндете жортып бара жатқан ұлы да, әкесі де білмеді.
Қара айғырдың өзенге жеткен үйірі пысқырынып жалт берді. Оның ізін ала жеткен бар жылқы сөйтті. Өй, мыналарға не көрінді? Әншейінде күмп-күмп беріп сыздықтата ішуші еді... Мұрат та жетті. Өзен – сол баяғы өзен. Әдеттегідей ауыл жақтан ағып жатыр. Мыналардың үркуінен кері ағып жатыр ма десем... Өзенді бойлаған жылқы ауылды бетке алды. Қалың тұяқтың дүбірінен секем алған шүрегейлер әредік пыр-пыр көтеріледі.
Ауылға таяғанда сағатына қарады. Азан шақыруға ертерек. Анадайдан қарауытқан баздар да төбе көрсетті. Ауылдан гөрі өзенге жақын. Әдетте жылқыны азан даусынан кейін сол ескі баздарға қаптатады. Алты баз. Кезінде жылқы бордақылайтын ферма болатын. Бүгінде бәрі де шатырсыз. Қаңырап жатыр. Ауыл жылқысының ұсталғаны ұсталып, қалғаны күні бойы соның тастан соғылған қабырғаларын төңіректей жусайды. Әне, алды жақындап та қалды. Бұл алдын қайтармаққа барын сала шапты. Бір шақырымдай ұзап кетіпті. Далаңдай жеткен мұның қайтарғанына да болмады, базға да бұрылмады. Қара айғырдың үйірі бастаған алты мың тұяқтың қарқыны бәсеңсір емес. Ауыл әкімі қоярда-қоймай жүріп салдырған темір көпір де, ауыл да кейінде қалды. Ауылды жанай өткен жылқының тоқтау берер түрі көрінбейді. Көк аттың түсі жирен тартты. Кенеттен қара айғыр өзенге бір-ақ қарғып, сіміре бастады. Мұрат алдын ораған болып анадайда тұр. Шұрқырай жеткен кейінгі лек те суға тізерлей-тізерлей бас қойысты. Қас қағым бұрын жарқ-жұрқ шоршып жүрген аққайраңдар ізім-ғайым. Ытырына жем қақшумен беймарал шүпірлесіп жатушы еді.
Мыналар қайтеді? Мұрат жиырма жыл жылқы бақса, қара айғырды соңғы алты жылдан біледі. Бұрын-соңды мұндай тосын мінезін байқамапты. Күндегі жайдақ жағалауға жуымай, мына жарлауытқа келгенін қарашы. Осылай жүргенде азан даусын да естімей қалды. Шығыс аспан қып-қызыл. Соны көшіріп ала қойған өзен беті де қызыл жалқын. Әлгінде ғана сиыр мен қой өрді. Дағды бойынша, олар құлын желіленгеннен кейін барып шығушы еді. Бүгінгі алаөкпе жүрісі мынау. Ауылдан шыққан бес-алты аттылы бері беттеді. Баз жаққа ойысқан қараң-құраң көрінді.
– Бәсе, – деді күбірлеп, жылқы кейін серпілгенде. – Өстімеймісіңдер...
Базға жақындаған қара айғыр үйірі дүрк етіп және жалт берді. Құлағын тікірейте алға шыққан қара айғыр жер тарпып осқырына қалды. Сол мезетте баяу ілбіген қалың жылқының алды кейін жапырылып, атойлап берсін. Мына жақтан қиқу салып манағы аттылар қосылған. Көздері алара құйындатқан жылқы ауылды орай маңып барады. Соңында шаңға көміле тапталып жиырма шақты құлын қалды.
– Атаңа нәлет! Бұл базға жын кіріп кетті ме?! Жын кірсе, ат құйрығына байлап өлтірейін! – деп ышқынды амалы құрып. Ендігіде жылқыны қойып, базға тура тартты.
Баз алдына жете бере аты үркіп, өзі аңдаусызда қапсағай денесін иегере алмай ауып түсті. Сонда байқады: сонадайда көлденең сұлап біреу жатыр. Жалма-жан итін іздеп еді, алыстан ауа иіскеген ол кейінде жүр. Зәһар иіс қолқасын қапты. Барқырап атының соңынан жүгіре берді...
***
– Жын! Ойбай, сайтан жатыр! Жын, жын! – деумен басы ауған жаққа алақтай жүгіре берген мұны сол күні баласы шалма тастап ұстапты. Молдекеңе оқытқан соң, тәуір болған екен. Жын дегені құсығына малшына ұйықтап жатқан Жырғаш болып шығыпты. Ауыл-үйдің айтуынша, дәреті де кетіп жатыпты. Түн ауа достарымен Ақсуға шомылуға шыққан екен.
Айсұлудың жоғалғанын Мұрат сол күні кеште естіген. Табылар деген. Ауылға аз күнге келген студентті қалаға кетті санаған. Ауыл да солай ұйғарды. Сол Айсұлу кеше табылды. Айсұлу емес, ақжем болған мәйіті табылды. Ауылдың аяғында Ақсуды жағалай біткен сұйық тал бар. Солардың төменгі бұтағына шашы оралып қалыпты. Сол күні жылқының төменгі ағыстан неліктен суаттамағанын сонда түсінді.
Әйтсе де әкесі Айсұлудың өзенге не іздеп баруы мүмкін екенін түсінбей дал. Ауылға бір мәшине млиса кеп, жағалай тергеді. Мұны да, баласын да сұраққа алды. Мәйітті тексермекке қалаға әкеткен. Зарлаған әке-шешесі облыстағы таныстарын сала жүріп, іле кері қайтартты. Сол күйі жер қойнына тапсырды.
Бағана ғана топырақ салып келген Мұрат жылқыға жиналды. Ұлы бүгін де бұрынырақ кеткен. Мешітте азан шақырылып жатыр. Ауыл халқы сол жақта. Жас өліктің қонақасынан тарап барады.
Ақынды қапты деді ме, шошындырды деді ме, әйтеуір, сары дүрегейді сол күні млисалардың бірі атып кетті. Тәртіпті қадағаламағандары үшін ауыл әкімі мен млиса қызметтен қуылды.
Өзен жақтан зарлы дауыс естіледі:
– Баянды болсын сенің құшар бағың,
Қолыңды қош айтысып қыса алмадым, шіркін...
Мұраттың төбе құйқасы шымырлады. Бұл ауылдан шыққанда, өзен жаққа төрт-бес мәшине бара жатты. Әлгінде ғана аудан әкімі қаладан бір қора млиса мен екі-үш дәрігер ерте кеп еді. Ауылда жан баласы беттемеген Сейтжанды ұстап, байлап-матап жындыханаға тапсырмақ. Қора үстінде айырға сүйенген әкесі бебеулей теңселеді... Оны да бүгін босатты. Баласының сол түні үйде болғанын қанша айтса да, ешкімді сендіре алмапты...
– Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай...
***
Бір аптадан соң аудандық газетке ақынның азанама өлеңі жарияланды...
***
Табиғатынан кірпияз жылқы сол жылы әлгі базға шілде туғанша жуымады...
Қарағанды, 2015