Мені жұмыстан шығарғалы жатыр. Шынымды айтсам: оған өзім өкініп отырған жоқпын. Көп болса шахтаға барып қайтадан жұмысымды жалғастырармын. Онда тұрған не бар. Достарымның бәрі шахтер болып істейді. Солардың жанында ойнап-күліп жүрмеймін бе? Бірақ, ешқандай кінәсіз ақ жаныңа жұққалы тұрған қара күйені қалай ғана бойыңа дарытарсың. Қалай ғана ақталмақсың?
Ренжігенім, өзім қызмет жасайтын редакцияда, мәдениет бөлімінің меңгерушісінен басқа бірде-бір жігіт мені түсінгісі келмегендеріне. Түсінген қайда, «Таласқандарына қарағанда сұлу келіншек болды-ау, шамасы", - деп мырс-мырс күледі. Шыдайсың. Тістеніп үндемейсің.
Бөлімде жалғыз отырмын. Жоғарыда, редактордың кабинетінде менің үстімнен түскен арызды талқылап жатыр. Кім не деп жатыр екен? Не болса да тезірек бітсе екен?!
- Сені шақырады, - деді он тоғыз жасар секретарь қарындас, қабағын керіп. -Редакторға! (О, тоба, күні кеше ғана: «Ағай, командировкадан шаршап келдіңіз бе? Ағай, қазір театрда жақсы спекталь өтіп жатыр. Сізді туған күніме шақырамын», - деп талшыбықтай майысып тұрған да осы
секретарь қарындас емес пе?!)
Жоғарыға көтерілдім. Коллективтің төрт көзі түгел отыр екен. Біздің «шефтің» өзі хатты дауыстап оқып шықтыда, «Не айтасың, бала», - деп маған қарады. Үндемедім.
-Әлі жас қой, -деп бөлім меңгерушісі сөйлеп келе жатыр еді, көгі суфлер дауыстар авансценадан шықты:
-Жұмыстан қуылсын. Төбелескен дегені не сұмдық! Қызмет бабымен жүріп.
-Бұндай моральдық жағынан азған адам арамыздан аластатылсын.
-Иә, иә, дұрыс айтады, қырып жазып жүргені де шамалы, коллективті кірлемей арамыздан кеткені жөн болар...
Дауыстар өрши түсті.
-Отставить! - деді майдангер редактор үстелді жұдырығымен қойып қалып. – Мен бұл жігітті шахтада істеп жүрген жерінен өзім қолқалап кызметке шақырғанмын. Ондағы ойым: бойында бірдеңесі болса осы қара шаңырақтан түлеп ұшсын дегенмін. Басқа ниетімде, ойымда болмаған. Сендер...
Өмірде адам баласын тану қиын ғой, редактордың маған жанашырлықпен қараған ниетін көпшіліктен бұрын аңғарған секретариатта істейтін жылпос қара жігіт:
-Ақырғы сөзін айтсын, - деп екі жақтың таразысына тең бөліне қойды. Ақырғы сөз. Мен не айтам?! Арызда жазылғанның бәрі «жалған, жала, мен ақ адалмын», - деп байбалам салайын ба? Өйтіп өтірік айту менің қолымнан келмейді. Дәл бүгін ақталмасам да, уақыт өзі ақтап алар. Мына қалың жұртқа махаббатын қызғыш құстай қорғап жүрген Назым қыздың, Наздың тағдырын неге айтпасқа?! Тынысым тарылды. Костюмнің жан қалтасынан қол орамалымды алып, самайымнан сорғалаған терді сүрттім. Бәрі тым-тырыс. Редактор орнынан тұрды да асықпай басып терезені айқара ашты. Үн-түнсіз қалып жұмсақ креслосына қайта кеп отырды.
-Сөйле, айналайын! - деді сосын маған қарап.
Мен костюмімнің жоғарғы түймесін салдым да, әңгімемді бастап кеттім.
***
-А-а-а-а! - Дәл қасымнан ыңырсып шыққан дауыстан көзімді ашып алдым. Жанымдағы керуеттегі науқас қатты қиналып жатыр. Қасында отырған үріп ауызға салғандай жас қыздың жанарына жас тұнған. Қиналып жатқан адамға мұңая қарайды.
«Қарындасы болар, ә, қарындасы болмаса: қазіргі қыздар мына мен сияқты шала күйіи жатпақ түгіл, қара тырнағың алынып қалса да қарамай кетер...»
Менің де осы ауруханаға түскеніме екі жұмадай уақыт болды. Менікі жай, қолымның қарын ыстық суға күйдіріп алғам, әкетіп бара жатқан ештеңем жоқ. Сонда да дәрігерге көрініп ем: «Теріңіз қатты күйген. Емделмесеңіз болмайды», -деп жатқызып қойды. Содан осындағы дәрігер қыздармен қалжыңдасып, оларға өзімше қырындап, күндегі дәрі- дәрмегімді қабылдап, дос-жарандарымның әйелдері баптап жасап әкелген ыстық тамақтарына тыңқиып тойып алам да, сосын күн ұзақ газет-журнал оқуға кірісемін.
-А-а-аа!
-Хан, шыдашы... мен... келдім. Қыз солқылдап жылап отыр.
...Сөйтіп күніне екі-үш мезгіл келіп-кететін сұлу қызбен әлі сөйлесіп, таныса қойған жоқпын. Реті келмеді. Бір түрлі ыңғайсыз. Тек екі көзім талғанша ұрланып қараумен боламын. Шашы ұзын, (ақылы қысқа
болмағай) тілерсегін соғады. Бота тірсек, лағыл ерні алаулаған, нағыз періште.
Біз осылай бес күндей тіл қатысқан жоқпыз. Түскі тамақтың мезгілінде ұйқыдан оянатыным бар-тын. Бүгін де быржыңдап-тыржыңдап, есінеп, көзімді уқалап жатыр едім:
-Сіз ұйықтағанда Лоренцеттоның «Дельфин үстіндегі өлі бала» деген туындысына ұқсайды екенсіз, - деді сұлу қыз маған қарап.
-Не? (біреу өліге ұқсайсың десе көрер ем?) а... не... иә... енді ұйқыдан басқа не қалды?! - деп, өп-өтірік күлген болып жатырмын. Бір жағынан қыздың өзі сөйлегеніне қуанып та қалдым.
-Ағаңыз жазылады, қам жемеңіз, қазіргі медицина құдіреті дегеніңіз керемет қой, - дедім көңілін ауламақ ниетпен.
-Айтқаныңыз келсін, - өзі тірі қалса болды.
Онсыз да күйзеліп отырған адамнан: «Ағаңыз бұл жағдайға қалай тап болған?» - деп сұрауды жөн көрмедім. Неғұрлым арнайы басқосу, сұхбат құрдым: -Осында оқисың ба?
-Иә, пединституттың көркем-сурет факультетінде.
-О, мен суретшілерді өте құрметтеймін!
-Өзіңіз кім боласыз?
Мен қайда қызмет істейтінімді, баяғы жылдары қандай туындыларымның жүлде алып, қандай лауазымды адамдар: «Жарайсың, шырақ» деп арқамнан қаққанына (мұнша мақтаншақ болармын ба) шейін түп-түгел тізіп айтып бердім.
-Қызық екен, мен сіздің жазғандарыңыздың бәрін дерлік оқып шыкқанмын. Бір түрлі аянышты жазасыз. Сіздің кей туындыларыңыз туралы өз басым екі пікірдемін. Тіліңізде шырай жоқ па деп қалдым. Жалпы, сіздің мені таңдандыратыныңыз Мопассанның тұжырымдылығы мен Метерлинктің шеберлігін қатар меңгеруге ұмтылғаныңыз... Меніңше, толық меңгерген жазушыға бұдан үлкен жол жоқ!
-Рахмет.
Аз үнсіз отырып қалдық. Мен сөзімді қайта жалғадым.
-Есімің кім?
-Назым, Наз...
-Қай жерденсіз?
-Баянауылдан.
-А-а-аа...
Наз орнынан ұшып тұрды да, ағасының жанына барды. Мен оң қырыма аунап түстім де, іштей қиялға берілдім. «Нағыз ақылды, салиқалы сөздің иесі, өмірде бұндай қыз жоқ деп жүруші ең... ал, соңына шырақ алып түссең де, айрылма! Болашақ жазушыға осындай терең білімді жар керек. Солай ма, солай. Неткен бақытты едім, қолымды күйдіріп ауруханға түскенім мұндай тамаша болар ма?! Енді тек ер Төлеген болғаның ғана қалды».
Палата іші ыстық болып кетті. Тарпылдақ кебісті аяғымның басына ілдім де, далаға шықтым. Аурухана алдындағы бақтың бұрыш-бұрышында екеу-үшеуден шүйіркелескен адамдар. Қалың ойға беріліп, жүрдім де қойдым. Алыстан шырқалған ән талып естіледі.
Жылжиды аққу айдында, жылжымайды,
Жақын барып, хал -жайын кім сұрайды?..
Ымырт үйіріліп, күн қызыл иегін тауға сүйеген шақта ғана палатама бір-ақ келдім. Наз жоқ екен, «ағасы» талықсып ұйықтап кеткен сияқты. «Қайда кетті екен, енді келмей ме?!»
Терезені айқара аштым, қоңыр салқын самал есті. Төменнен біреулердің даусы естіледі.
-Наз, саған не болған... тоқташы, түсіндірейін. Өзің ойланшы, ол енді жазылмайды ғой... Қайтесің оны, тірі қала ма, жоқ па?! Наз, ақылды едің ғой,
керегі жоқ осы жігіттің, тіпті жанында қалай отырасың?
-Мен Ханды сүйемін. (Жүрегім дір ете түсті, ағасы екен десем!)-Ха, Ха, Ха!!! Ана жігітің жазылса да, адам болуы екіталай шығар... Сен Виласты білесің ғой... Ол саған ғашық!... Оның дача... «Волгасы» бар, ол нағыз фокер!
-Жоғал!.. Сені дос деп жүрсем?!. Жоғал, енді менің маңымнан жүрме! Мен Ханкелдіні өмір бойы сүйемін!
-Ха-ха. Ха... ақымақ, ойлан! Мен кеттім!
Ол да, мен де түнімен көз ілгеніміз жоқ. Наз үнсіз булығып жылаумен болды. Жұбатпадым. Жұбатпайын демедім, жұбататын менде күш болмады. Өмірде осындай өз махаббатына адал қызды «көрдім» деп біреу айтса, сенбес ем, енді міне...
Ертеңіне мені ауруханадан шығаратын болды. Жиналып жатып, Назға тіл қаттым:
-Айналайын, сеніңше махаббат деген не? Наздың ақша қардай жүзіне қызыл шырай жүгірді. Үндемеді.
***
Осы оқиғаны жұмысқа оралған кезде бөлімдегі жігіттерге майын тамызып айтып беріп едім: «Қойшы, осы сен де қай-қайдағыны айтасың...» «Бұның әңгімесінің өзі сол, қара да тұр, бір шығармасына прототип етеді» деп, өзімді қолға алды. Қойдым. Қайтып қозғағам жоқ. Күнделікті тірлік Наз тағдырын ойлауға мұрша бермеді. Тіпті деймін, ұмытқандай болған шығармын. Қайдан таңертең тоғызға бес минут қалғанда ентігіп келем... Кешкі алтыдан үш минут өткенде қабағымнан қар жауып, жұмыстан шығам. Бәрі тығыз, бәрі қауырт шаруа.
«Адамның кішісі болғанша, иттің күшігі бол» деп, секретариаттың жігіттері мені кейде баспахана мен редакция арасындағы курьерлік қызметке де жібереді. Жүгірем. Ешкіммен қабақ шытысуға болмайды. Сөйтіп, кешке сүріне-жығылып қала шетіндегі «Комсомольский» поселкісінде жалдап алған пәтеріме жетем. Таңертең түнде қойып ішкен қара шайымды ысытып, екі-үш қантпен өзек жалғаймын да, жазу столыма отырам.
Бір күні редакторым шақырды. Біздің редактор соғысқа қатысқан, қан майданда жараланған, пенсияға бір жылы ғана қалған адам. Кабинетіне кіргенімде тілінің астына дәрісін салғалы жатыр екен. Мені көріп, валидолды аппақ қағаздың үстіне қойды.
-Отыр, бала. Иә, қалай, үйленетін ой бар ма?
-Рахмет. Жақсы. Әзірге жоқ.
-Ойлан бала, үйленсең, бұдан да жақсы жазасың.
-Сен бала... ертеңнен бастап командировкаға шығасың, шалғайдағы «Өндіріс» совхозында институтты биыл бітірген жас мамандар шаруашылыққа көптеген жаңалықтар әкеп қосқан көрінеді, солардың өзіндік қолтаңбаларын мықтап зерттеп жаз. Жарай ма?
-Жарайды, аға...
-Ал, онда жолға қамдан.Редакторымның алдынан ептеп жіпсіп шықтым. Қызық адам, мені көрген сайын, «Қашан үйленесің?» деп сұрайды. Анада жұмыс аяғынан кейін үйіне шахмат ойнауға шақырды. Онысы сылтау екен, мені қысылып келмей қоя ма деп, «алдап», әйелі жасап қойған пельменнің үстінен түсірді.
Түнімен дөңбекшіп таңертең шала ұйқылы күйі алыстағы, қаладан екі жүз шақырым жердегі, «Өндіріс» совхозына баратын автобустың ең артқы орындығына жайғастым. Жайғастым да, ұйқыға бастым. Діттеген жеріме түс әлетінде жеттім. Жолаушылар үйді-үйлеріне тарап жатыр. Қайда барарымды білмей, аялдамада жан-жағыма жалтақтап қарап тұр едім:
-Тастан, -деп біреу атымды атады. Жалт қарасам, әдемі ақ сары келіншек
күлімдеп маған қарай келе жатыр. Тани кеттім, бір класта оқыған Зәуре деген қыз. Есепті ылғи осы қыздан көшіретінмін..
-Сәлеметсің бе, Зәуре!
-Иә, журналист, кеп қалдың ба? Халің қалай?
-Рахмет. Жақсы. Өздерің осындамысыңдар? (Тұрмысқа шыққалы көргенім осы, бұл өзі мені тойына шақырмаған).
-Иә, жолдасым екеумізді осы совхоз жұмысқа шақырған, өзің не, үйленген жоқсың ба?
-Жоқ, қыздар қарамай жүр.
-Ой, жүрген-ақ шығар...
Зәуре сол баяғы: аузын ашса жүрегі көрінетін аңқылдаған қалпы. Сәл толып кеткені болмаса, мінезі өзгермепті. Мені өзіне тартып үйіріп барады.
-Күйеуің қайда істейді? - дедім.
-Өзімнің бастығым, осы совхоздың бас бухгалтері.
Зәуренің үйіне келдік. Күйеуі жұмыстан келген беті екен, таныстықтан
соң өзімсініп сөйлеп жатыр.
-Иә, иә, сізді Зәукенжан айтып отыратын, жазғандарыңызды оқып маған Саржалдың жігіті деп мақтанып қоятын... қысылып-қымтырылмай, өз үйіңіздей еркін отырыңыз, - деп күйеуі ықылас білдірді. Орта бойлы, қара бұжыр (бар тапқаны осы шығар) отағасы маған салған жерден ұнаған жоқ. Амал жоқ, отыруға тура келді. Үй іші жиһазға толы, қарасаң көз тұнады. Шетелдік гарнитур, неше түрлі хрусталь сықып тұр. (қабырғаға адамның жүрегін ауыртып, екі көзі мөлдіреп, құралайдың бас сүйегі ілінген). Осы мен кейде таң қаламын: біз ғой күндіз журналист, түнде жазушы боп танауымыздан қан кетіп жазу жазамыз, айлап кітапханада отырамыз, сонда езу тартып күлетініміз шамалы?! Ал, мыналар ше, жүр әні, шот қағып, жалғанды жалпағынан басып...
Дастарқан үстінде үй иелері қосарланып жалынса да, ішімдіктен бас тарттым. Шайға зауқым соқпады. Алтын жалатқан қасықпен тамақ ішіп көрмеген едім, қысылып- қымтырылып, бір-екі кесе шай ішкен болдым.
-Аз іштіңіз ғой.
-Рахмет, болдым. Дәмді екен. Кеңсе жаққа барып, жұмыстарымды бітіре берсем деп едім.
Өзім асханаға бармай, осы үйге келгеніме өкіндім. -О, не дегеніңіз, барамыз... барамыз... Өзім жігіттерге жолықтырам.
Тоғымызды басып, отыра тұрайық.
-Сонда да бара барсем, - деп қиылдым.
-Жүріңіз ... ал, Зәукен, шақырсаң келтіре алмайтын қонақ кеп қалған екен... Кешкіге дайындықты күшейт!
Зәуре бізді күлімдеп шығарып салды. Кеңсе алды кереметтей безендірілген екен. Құрылғанына бір-ақ бесжылдық болса да «Өндіріс» совхозы еңсесі биіктеп, етегін жауып алғанға ұқсайды. Көшелеріне оқтай түзу ағаштар отырғызылған. Мен тақырыбымның тамаша болатынына іштей «шүкір» дедім.
-Мына суреттерді кім салған? - дедім таңырқап.
-Ә, осында бір келіншек, әне бір шеті көрінген шеткі үйде тұрады.
Күйеуі кемтар ма бірдеме. Қазір жұмысында шығар, осы совхозда жалғыз өзі жұмыс істейтіндей таңертең келгеннен қадалып отырады! - Соны айтты да, ол темекісін тұтатты. Неге екенін білмеймін, бір түрлі күй кешкендей болдым.
-Мен барып жолықсам...
-Мейліңіз. Мен осы арада темекі тарта тұрайын.
Кеңсе ішіне кіре бергенімде, бір келіншекпен ұшырасып қалдым. (Құдай-ау бұлкім еді?!)
-Сәлеметсіз бе, Тастан аға.
-Сәлеметсіз бе, айналайын. (Қайдан, қай жерден көріп едім, бұл бейнені?)
-Тастан аға, танымай қалдыңыз-ау деймін, мен Назбын ғой. Мен сізді
бірден таныдым...
-А, айналайын, халің қалай? Осында?..
-Иә, аға. Хан екеуміз осында тұрамыз. Қайтейін тірі қалды ғой, әйтеуір...Көйлегінің өңіріне екі тамшы жас тамып-тамып кетті. (Бұл өмір неткен қатыгез еді).
-Кешіріңіз аға, мен үйге барайын.
Наз тағы бірдеңелерді айтқан болды, түк те түсінген жоқпын. Мең-зеңмін. Сүйретіліп далаға шықтым.
-Иә, Тәке, қалай сұлу келіншек пе?
Бас бухгалтер темекісін бір сорды да, жерге тастады.
Мең-зеңмін.
-Әй, өзіне талай ақша тиюі керек... оған біз беріп қоямыз ба... Картада парт деген болады...хе-хе өзі бір қияли, анада біздің бір жігіт ауданнан келе жатып, машинаны тоқтатып, қойып... хе-хе... біраз... көнбепті? Қиялилығы ғой, түн ішінде жиырма шақырым жаяу келіпті. Ана жолы мен кабинетте... хе хе...көнбеді...
Мең-зеңмін.
-Сіз де былай хе-хе... Қаласаңыз, жігіттерден машина алып берейін... Былай атағыңыз бар, симпатичный жігітсіз... ептеп тамырын басып көрмейсіз бе, хе...хе...
-Мә, саған!
Қара бұжырды шықшыттың астынан пердім. Жерге ұшып түсті.
-Әй, бұның не? Мен саған...
-Хайуан!..Бұрылып алдым да, Наздың үйіне қарай жүгірдім.
Махаббат - көл. Сол көлінді қорғаған қауқарсыз қызғыш құс екенсің ғой! Өз көліңнің қызғышы болу неткен бақыт!!!
Наз!
Махаббатына опасыз, арамтамақ қуыс кеуде көр соқыр пенделердің жанында сен ұлы жансың, мен сенің аяғыңа жығылуға келе жатырмын. (Бұрын мен ешкімнің алдында иілген жан емес ем). Жүгіріп барып оқшау тұрған үйдің ауласына кірдім. Үйдің терезесі айқара ашылды.
-Жаным, Наз, қиналдың-ау...
-Жоқ, Ханкелді, сен ештеңеге ренжімеші, әлі-ақ...
-Мен енді жазылмаймын, керегім не саған, өз бақытынды тап...
-Қарашы, өмір неткен тамаша, түңілме, жаным... екеуміз...
...Бәрі үнсіз қалған... Редактор мен бөлім меңгерушісі маған тіктеп қарайды. Қалған жігіттер менің көз алдыма театрдың шешінетін жеріндегі киім ілгіштегі көрермендердің сырт киімдері боп елестеді. Кешірерсіздер, әрине...
***
Құлағым шуылдап, ештеңе естімей қаддым. Хан мен Наз терезені айқара
ашып, адамдарға қарап қалған. Терезе түбінде мен де тұрмын. Сіздерге не айтпақпын? Бір құдірет сол терезенің түбінде тұрған менің еңсемді биіктетіп жіберді.
Мен сіздерге қарадым. Сіздерге...