Серік НҰҒЫМАН: ҚУҒЫНШЫ (Әңгіме)

Серік НҰҒЫМАН:  ҚУҒЫНШЫ  (Әңгіме)

Әлгінде ғана бастан кешкен шетін оқиғаның шеңбек әсерінен өзін-өзі әлі толық арашалап алған жоқ. Қорқыныш, не өкініш екені белгісіз, көкірек түбіне шымыр-шымыр шөгіп, ұйып қалған кермек сезім қолқа-жүрегін кернеп, күпті етіп жүріп алды. Аза бойын қаза ғып ығыр етпесе де, жанын жайсыздыққа салған осы хал арада біраз уақыттың өткеніне қарамай, тағы біразға созылар түр танытты. Бір ұшы өткен сәттер өтіне ілініп қалған көмескі жіптер қиялын әлсін-әлі кері бұрып, соңына қарай аудара берді. Аяқ асты секемшіл боп кеткен көңілі де жоқтан күдіктеніп, аздың алдында жүз берген сүреңсіз жайға оралып-оралып соқты да тұрды. Ой-әлемі бірде алда, бірде артта – қақпақылда келе жатып, енді не істесе де, болған істі ұмытып, өзін толық еркіндікке шығара алмасын сезді. Соның аяғынан құрдымға тартқан бір жұтпа иірімнің ығына ілінгендей қалтылдап, еріктен айырылған, жігері жасыған бір шарасыздық құшағында көше бойымен ілби басып, жүрді де қойды. Белгісіз сезік бар еді қаперінде – артынан түскен беймәлім қуғыншының жаңа білінген алғашқы секемі.

● ● ● ● ● 

Көз алдында көлбеңдеген көрнеу елес. Бүге-шігесіне дейін анық тірі сурет. Өзі соған ішкерелей еніп, ендеп келе жатқан сияқты... Ығы-жығы көп елдің ортасында түр-тұпаты да, мақсат-мүдесі де бөлек бір бөтен адамның кім көрінгенге қол жайып, бірдене сұраған жанды көрінісі қарашығынан кетпей қойды. Етек-жеңі ерепайсыз кең, өрім-өрім ұзын киім киіп, буырыл тартқан сақал-мұртын ұйпалақтата еркін жіберген суық тұлғалы кісі иығына арта салған әлде дорба, әлде қоржын – салмақсыз жүгін қиналыссыз көтеріп, енді, міне, бері қарай бет алды. Жетпей тынбайтын бір нық кейіп бар өзінде. Әзірше назар тіктеп қараған жоқ, бірақ түпкі мақсатының өзі тұрған маң екенін ешкім айтпай анық шамалады.
Тапқанына тәуба қылып, дұға жасағаны шығар, жұптай жайылған қос алақанын ауық-ауық көтеріп, түкті бетін сипап қояды. Мерекелі мейрамның дулы ортасы болар деді, әлдеқайда аңсарлары ауып, аңырып қалған көп кісінің ара-арасымен жағалай жылжып әне-міне таяй түсті. Соны қапысыз байқаған келесі сәтте қашанғы көне ұстамасы ұстап, бойын бір жатырқауық сезім билеп, өзін-өзі ұстай алмай, тызақтады да қалды. Маңайынан себепсіз ығыр болып, тұрған орнынан тікен шыққандай безініп, бір жаққа зеңіп кеткісі келді. Бірақ, неге екенін, өйте алмады.... орнынан қозғала алмады... Есесіне, тұла бойынан ызғар есіп, үрей өрген сұсты сұлба ілгерілей-ілгерілей тақап келгенде, шықылыққа тоқтаған аттай дірілдеп, табанынан желімделіп, байланды да қалды. Көрген жерден өзіне әлдебір қатысы бары айқын білініп, жүрегін зырқ еткізген, содан бері көзге шыққан теріскендей жүйкеге тиіп, жақындап келе жатқан бейтаныс бейненің, ішкі күдігі айнымай келіп, маңына өкше тіреп, зілдене бөгелгенін көзімен емес, көңілімен... көкірегімен көрді, түйсігімен сезді. Белгісіз бір сестен қаймығып, тайсақтай берген қос жанарын қарсы келген кісінің жүзіне тік қадауға әзірге батылы жетпестей. Сол себепті қылыш жүзіндей қылпылдаған ішкі әлсіздігін тасада қалдырмаққа тырысып, ештеңе байқамаған болып төмен қарап, тұқыра берді. Шақырусыз келген қонақ тұсыма келіп аялдамай өте шығар, болмаса жетпей бұрылып, басқа жаққа бет алар деген де бір өшкін үміт бар аржағында. Бірақ ол жазған көрген жерден көшіп, көкейіне қонып алғанындай, оңай құтылар көлденең көк атты болмай шықты. Табан аудармаған беті қарсы алдына келіп, шаншыла тоқтады. Өзін байқамаған бейнеге енген мұның шолақ қулығын білетін сияқты, ерегескендей жақындай түсіп, жаюлы жұп алақанын сәл көтеріп, алдына қарай соза берді. Ендігі кезекте аяғының басына қадалып тұрған көз сәулелері қылышпен қиғандай кесіліп, үлкен, жалпақ, күс-күс алақан тартылды бет алдына. Аржағында жаңа ғана андағайлап тұрған нәрселер лезде тасаланып, қалқаланып қалды. Басын көтеріп алған жоқ. Көтеріп алар еді, оған үлгермеді. Алақан жүзіндегі қым-қиғаш шимайдан қалыптасқан шым-шым шүңет сызықтар бірден өзіне тартып, иіріміне батырып әкетті. Соған арбалып, ешқайда қарауға шамасы болмай, көз алдынан көрініс берген шиыр шытырманның шыңырау-шатқалына құлап, шырмауығына шырмалды да қалды демде. Адам тағдырын айқын көрсетеді дейтін алақан айшықтары шым-шытырық боп, шұбырды да жатты көз ұшында. Бейтаныс адамның басып өткен бейбағыт жолдары. Жай ғана жол емес, рахатынан мехнаты мол, сорлы болып жаралған сормаңдай жанның сорабынан сүрдегі көп өмір жолы. Шатқалаңы жиі тірлік соқпағы. Ұзақ жылдар көріп келген көресесінің көзге ұрған айғағы. Ию-қию екен. Осынау қиюы қашқан қимыжық іздерден, бұрыс-қағысы көп жықпыл сонардан жай бақыр басты пенде емес, ақылы асқан данышпан болсаңда басың айналып, бағдарыңнан жаңылғандайсың. Тарау-тарау тармақтардан тарығып, алыс-алыс айланымдардан адасқандай едің. Әжім айғыздаған жалпақ алақанға телміріп тұрып, бетінде сайрап жатқан бедерлердің әуелден бар таңбалар екенін, әлде қараусыз қалып күстенген алақанның көн болып қатып, соның жарылғанынан түскен жарғышақ тілімдер екенін анық ажырата алмай дал болды. Не қылсада, кісі қызығатын кешірме, адам түсінер өмірбаян емес. Пенде баласына тілемейтін тағдыр. Көрген жерден көзіңді арбап, көңіліңді шақырғанмен, қарашығың қаныға келе аза бойың қаза боп безінер жағымсыз сызықтар. Шиырын көрсеткенімен, сырын ілдірмей, бара-бара суық тарта берді. Көре-көре көзі үйренді, әлде басқа бір себептен, әлдеқайдан бұрын бір көргендей сезіліп, таныс білінген тарбақ алақанға шұғыл шешіммен суырып мың теңгеліктен бір қағазын тастады. Сұмдық жаны ашығаннан емес, әрине. Көз алдындағы көрімсіз сұлбадан тез құтылу үшін. Бірақ, ол кісі ойлағандай оңай шаруа болмай шықты. Уысына бұрын-соңды мұндай көп ақша түсіп көрмеген шимай алақан тез жұмылып, қарасын өшіре қоймады. Есесіне сәл созыла беріп, қатып қалған жерінде табан аудармай нық тұрған ашық саусақтардың көбесіне кір кептелген тырнақ ұштарынан ендігі кезекте сәл діріл білініп, иесінің басқа бір халге душар болғанын әйгіледі. Сол сәттік құбылысты қадалып тұрған бұл да сезді табанда. Іле таңданысқа толы қарашығын төменгі ашық алақаннан алып, тұмсық ұшына тақау тұрған, бірақ әлі көзге шалына қоймаған бейтаныс жүзге шұғыл аударып, жылжыта берді. Өмір-бақи адамға емес, құлқыны үшін ақшаға ғана назар салып үйренген анау да бұрын өз басында болмаған қимыл жасап, қарсысында қалшиып қалған кісінің бетіне қарамақ сыңай білдіріп, жіті ыңғайланды. Көп кешіккен жоқ, келесі сәтте жанары шоқтанып қарады да. Көз сәулелері түйіскен жерден ұшқын шашырап, шағылыса шарпысты. Көрген сұмдығынан көзі жасып, қатты састы! Шыдамай оқыс кері шегінді!
– Астапиралла! Астапиралла!! – деді едел-жедел жан шақырып. Жан-жағына қарап, кеудесіне иман үйірді. Есіне келгенде білді: ашық аспан астында көкірегін қарадай қалтыратқан қуатты бір діріл буып, жападан жалғыз отырыпты. Оңашада. Бітеліп қалған құлағы кенет ашылып, жаңа ғана үзіліп, тоқтап қалған дүние азан-қазан болып, жалғасып жүре берді. Өзі – аман-сау. Соған қоса, сергек екен. Маңынан бөтен ешкімнің қарасын ұшырата алмады. Жөпелдемеде ажырата алған жоқ, қайсыбір көшенің бойындағы қайсыбір кішкене саябақтың ішіндегі оқшау орындыққа келіп тізе бүгіпті... Сонда барып өзінің бағанадан бастан кешкендерінің өңі емес, сандырақ қиялы екенін түсінді. Дегенмен, өзі тіріліп өмірге келгенімен, шамырқанып кеткен рухын қоярға жер таппай қысылғанда, пендеге пана болмас кең дүниенің кейіпсіз кеспірінін үркіп, сұмдық қиналып отырды. Өз ойынан өзі шошыды. Жаңа ғана санасында сәулеленген шетін оқиға өмірде болып өткендей сезіліп, алабөтен тіксініп, түршігіп бітті. Тосын үрейден тұрып кеткен жан-арыстанымен арпалысып, аласұрды да қалды.
Көз алдынан жаңа ғана көрген жоқ сұмдығы кетер емес... Көз!!! Су толы тостағандай тұңғиық шарасына мөлт-мөлт етіп бейшара жалыныштың мұнары тұнған тілемші жанар... үңілген адамды тереңіне жұтып әкетердей үйіре арбаған түпсіз қарашық... сүзіле қарайды кісіге. Түбінде телмірген тойымсыз дәме бар. Өшіп-жанған соңғы үмітпен үзіле жаздап, үздіге емінеді. Көрген жерден таныды – өзінің көзі. Өзінің жанары... Шырамытқан сәтте күн шағылысқан жалтыр айнаға абайсыз қарап қалып, қарашығын қарықтырып алғандай, назарын алып қашып, аза бойы қаза боп, орнынан ыршып кетті. Куә болған пәлелі жайдан көңіліне дарытып алған үрейі көкірегін жарып кете жаздап, зуанын ұшырды. Төбе шашы тік тұрып, кез болған кесапаттан қабағат шошынғанда, жаны сескеніп, дүниеден безіп кеткісі келді. Қабынан шыға атқалақтаған жүрегін талайға дейін сабасына түсіре алмай мысы құрыды.
Өз-өзіне келген соң да бойы ауырлап, жайғасқан жерінде бір ауық отырып қалды. Бірақ, қанша бөгелсе де, ешбір кеңіп, серги алмады. Керісінше, оңаша отырғанда қай-қайдағы ой иектеп, мазаны ала ма, қарадай тықыршып, тынышы кетті. Әлгінде көрген өңменіңнен сұғы өтіп, ішіп-жеп қарайтын сүркей көз ту сыртынан қазір де қадалып, бағып отырғандай болып, ығыр еткен соң, сүйретілі басып жолына түскен. Сол жүргеннен аялсыз әлі де ілбіп келеді. Еш жерге аялдап, тоқтаған жоқ.
Кең даңғылдың шетіндегі жаяуларға арналған жіңішке соқпақта аяңдай басып, ілгерлеп келеді. Арт жағына қараған жоқ. Бірақ, бар назары кері бұрылып, соңындағы бар-жоқты жіті аңдуда. Әлгінде орнынан қозғалғанда әлдебір қара көлеңкенің ізін бағып, тіміскілей ілескенін сезіп еді. Енді сол құбыжықтың елбеңдеп, әлі қала қоймағанын шамалады. Адам-адамның, ағаш-ағаштың тасасына тығылып, бір көрініп, бір бұғып, қарасын анық көрсетпей көлбең қағады пәлекет. Кенет жалт беріп, тосын жалтарғанда ғана көзге түсіп қалатын жалбыр етегінен басқа, әзірше ештеңесі анық танылған жоқ. Бірақ, ертеден таныс етене біреудей сезік білініп, жақындық сезіледі. Әлдеқайдан бір көрген, өмірдің есті алып, есеңгіреткен бір кезеңінде жұғысып кетіп, содан бері сүмелек иттей көз жазбай қойған көмескі сұлба. Түн қатқандай түк танылмас түрінен түкті жүрек қаймығар сұс білінеді. Ұшып-қонған жеңіл қимылы жын ілеспестей жылдам. Арқа жағынан аяз бүркіп, жауырын тұсын шымырлата ойқастайды... Көптен аңдып жүрген, бірақ, неге екенін тым жақын келмейтін сол құтқармас қуғыншы бүгін қуып жетіп, әлдененің себебінен именбей із басып, кеуделеп келіп қалғандай бір сыңайда. Қол созым ғана жерден бағжия қарап, бағып тұрады. Көргісі келіп өліп бара жатқан соң, жалт бұрылған-ды. Жым-жылас екен. Арт жағы жылан жалағандай болып, жым-жырт жатыпты. Ешкімнің қарасы көрінбейді. Көлеңке емес, көсеу ұшырата алмаған соң амалсыз жөнін тауып, жайына жүрді. Бірақ...
Бірақ, бәрі бір, ұмыта алмады. Ол қарғыс атқыр пәлені былай ұзап, тіпті, алыстап кеткен соң да әлдеқайдан танып, тағы да көріп келе жатты. Сонда білді... қара көлеңкенің қалбаңдап қайда жүргенін сонда аңдады. Аңдағаны сол, кенет табан астынан жарылып, екі айырылған жер жарығына түсіп бара жатқандай бір сұмдық күй кешті. Тым сүркейлі хал! Әлдеқайдан сап ете қалған суық сезім мұз жүгірткендей мұздатқан күйі қолқа-жүрегін аралап өте шықты. Жылан ысқырығы секілді сол сұрқай барып соғылды деді, ішкі жағынан бұрын-соңды болмаған, жандүниесінің сан тарау жылымдарын жалғап, тұтастырып тұрған көмескі әйнектің тосын сызаттанып, шытынап бара жатқанын сезді. Сол бір мөлдір дүниенің сызық түскен жерінің мың жыл өтсе де қайта қалпына келмейтінін ойлағанда, тас қараңғыда тажал аузына тап болғандай үрейленіп, аза бой қаза болды. Қуыс кеудесіне тығылған періште рухы дүр-дүр үрікті. Маңдайының суық тер бұрық еткізген беймәлім діріл әл-дәрменін алып, буын-буынын қуып, тізесіне қарай түсіп бара жатты сәлден кейін...
Содан аз өткенде ол өзі алғашқы қылпын сезген ызғарлы дүниенің бой тітіркентер зәрлі аязынан жаурап, жаны мұздап келе жатты. Осы жүрісінде ол шырқы бұзылған шыбынын қайда апарып уатарын білмей дағдарған дай-дай күйде еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста