Сайын Мұратбеков. Отау үй

"Әкем қайтер екен?" - ауылдың шетіндегі шаруашылық ауласынан машинаға отырып, әкесінің үйіне жеткенше Ұзақты қинаған ой осы болды. Жеке үй боп бөлініп шығатынын қалай айтпақ? Және аяқ асты қазір айтып, дереу көшуі керек. Әдетте, ертеден келе жатқан дәстүр бойынша, қазақ баласын жеке үй ғып шығарарда ағайын-туғандарына күні бұрын тегіс хабарлап, мал айтып сойып, ауыл-аймаққа той-томалағын жасап, басына отауын тігіп, енші беріп шығарар еді. Ұлы ер жеткен, қызы бой жеткен әрбір ата- ананың көкейінде жатқан көмбесі, көксейтін мұраты осы ғой. Көрсек дейтін қызығы да осы. Ал Ұзақтың әкесі осы қызықты ел құсап көре алмайын деп отыр... Осы ойдың келуі-ақ мұң екен, Ұзақтың көңілі ұйқы- тұйқы бұзылып, көкірегі әлем-жәлем боп іріл, удай ашып сыздап сала берді. Ертеден бергі тырсылдап терісіне сыймай жүрген ашуы су сепкендей басылып қалды. Қазір әкесіне не демек? Бәрінен де батқан, қысылғаны осы болды. Бірақ енді бетінен қайтпақ емес. Ел құсап күні бұрын сөз салып ағайын-туғанмен ақылдасып, ата-ананың ақ батасын аламын деп, жол-жораны күтер жәйі және жоқ.Әншейінде сөзуар, ауыз жаппайтын шофер жігіт те Ұзақтың қиналған түрін көріп көп сөйлеген жоқ. Тек бар сұрағаны:

- Жаппастың ескі тамына кіресің бе? - деді. Ұзақ басын изеді.

- Тым ескі емес пе?

- Күн жылынып қалды ғой, ештеңе етпес. Жазға өзім үйсаламын, әлгіңде бастық құрылыс материалдарын тауып беруге уәде етті, - деп қойды Ұзақ.

-Әрине салып алуға болады. Бір-екі рет асарға шақырсаң жігіттер-ақ салып бермей ме. Осымен сөз тынды. Қазіргі сәтте Ұзақты қинап отырған ой үй салудың қайғысы емес еді. "Әкем қайтер екен? Бұл ісіме не дер екен?" - деп тағы да дегбірі қашты. Әкесі болмаса, "апама не деймін" деген ой оның қаперіне де келген жоқ. Қайта, дәл өстіп кетуімен апасына деген көңіл сызын, ренішін танытып кетпек. Ақ сүтін беріп өсірген анасы ғой, оны еш табаламайды, айыптамайды да, бірақ Ұзақтың көкірегіне сол анаға деген реніш тоңдай боп қатқан.Ойпырмай, ала қыстай ең болмаса бір рет жібір, райынан қайтар деп күткен еді Ұзақ, бірақ анасы жібір болмады ғой.Танаға (Ұзақтың келіншегіне) дегенде бар қытымырлығын істеп бақты-ау.Бүгін түні бойы Тана ішім ауырды деп мазасы кетіп дөңбекшіп шыққан, тек таң алдында ғана көзі ілініп, бір сәтке тыншыған еді. Осы кезде апасының ащы дауысы шықты.

- Тана-а! Әй,Тана!.. Үйде су жоқ!.. Ұзақ селк етіп оянып кеткен... Тана төрт бүктеліп бүрісіп мұның бауырына тығылып жатыр екен. Жанына батқан азаптан қиналып кеп тапқансаясы осы Ұзақтың бауыры сияқты. Қабағын сәл шытына түсіп тәтті ұйқыға батыпты.Жүдеген, сәл сепкіл басқан жұқалтаң өңі таңғы буалдыр жарықта тарғылданып көгерең тартып, тыныс алған сайын өне-бойы ауырсынып діріл қағатын тәрізді. Әбден жылап, талықсып барып ұйықтаған сәбише ауық-ауық ішегін тартып өксік қысқандай боп, қабағын кіржитеді. Ұзақ келіншегін қатты аяп кепі. "Байғұсым-ай, аяғы ауырлап, қиналып жүр- ау, - деп қойды. - Кеш жатады, ерте тұрады, үйдің бүкіл күйбің тірлігі осының мойнында".

- Ойбай,Тана-а-ау! Та-нашы-ы!.. Ойбай, тұрсаңшы!- деді апасы есікті қағып, дәл бір дүниені түгел өрт қаптап келе жатқандай аттандап шықты даусы. Тана ұшып тұрды. Дір-дір қағып киімін кие алмай:

- Апа-а,қазір... қазір... - дей берген.

- Тана, сен жата берші, суды мен әкелейін, - деді Ұзақ келіншегін иығынан тартып. Онан соң өзі аяғын етігіне қоңылтаяқ сұға салды да, майкесінің сыртынан мақталы күпәйкесін киіп ауызғы бөлмеге шықты.

- Шелек қайда, aпa? Суды мен әкелем, - деген. Сол-ақ екен, апасы аяғымен от басып алғандай бұлқан-талқан боп, жер-көкті жұлып ала жөнелді. Тананы жеті қабат жердің астына әлденеше батырып, әлденеше суырып алды. Тәрбие көрмеген, тексіз, жұрағатсыз... небір ауыр сөздер атылған оқтай құлақтан зу-зу етіп өтіп жатты.Әй, апасы-ай ана сүтін емізген, емірене өпкен апасы-ай, Таңаға деп айтқандарының бәрі өзінің Ұзағын да аяздай қарып жатқанын сезбей ме екен?Бұл да біреудің әлпештеп өсірген баласы емес пе? Heгe кемсітеді, неге қорлайды? Heгe өзінің Ұзағынан алалайды? "Жоқ, енді өлсем де бөлек шығам. Дәл бүгін кетем осы үйден", - деп түйді Ұзақ. Содан ертеңгі шайды ішпестен кеткен. Пәтер іздестіріп көріп еді, Жаппастың ескі тамынан басқа ештеңе табылмады. Мейлі, ескі де болса соған кіруге бет қойды. Сол ертеңгі кеткенінен үйге соқпастан, председательге кіріп, көшетін машина сұрап ап, біржола келе жатқан беті осы. "Әкеме не деймін?.." Машина есіктің дәл көзіне кеп көлденең тоқтады.

- Әй, Ұзақ, өте асығыспын. Тек, тез тиендер жүктеріңді,- деді шофер жігіт. Өзі кабинадан түскен жоқ, есінеген күйі алақанымен бетін ыспалап отырып қалды. Үйде әкесі жоқ боп шықты. Апасы төрде жүн түтіп отыр да, Тана қаперінде түк жоқ, ыдыс-аяқтарды жуып, қазан-ошақ жақта жүр екен.

- Ұзақжан-ау, қайда жүрсің қарағым, уақытымен тамағыңды ішпей, - деді апасы дағдылы үнмен мүсіркеп.Сөйтгі де түтіп отырған жүнін шиыршықтап жинай бастады.

- Әкем қайда?

-Е, білмеймін, жүр де ауыл арасы.

Апасы тұрып кеп пеш үстіндегі шәугімді алды, суын әуелі өз қолына құйып

көріп:

- Жылы екен. Келе ғой қарағым, жуынасың ба? - деді өзі су құюға ыңғай білдіріп.

- Әй, Тана, әлгі сорпаны жылытшы, оразасын ашпай кетіп еді, қарны ашып келді ғой.

- Жоқ, апа, жуынбаймын, - деді Ұзақ пышақ кесті.Терезе тұсындағы орындыққа барып отыра кетті. Онан соң сыртқа бедірейе қарап отырған күйде:

- Aпa, біз көшеміз, - деді. "Рұқсат болса" деп айтайын деді де, іркіп қалды, өйткені, бәрібір апасы рұқсатын бермейді.

- Көшкені несі? - деді апасы. Түкке түсінбей ұлына қарады, онан Танаға қарады. Тана көзі шарасынан шығып бажырайған күйде боп-боз сілейіп тұрып қалды. Ол да түкке түсінбеген сияқты.

- Иә, көшеміз, -деді Ұзақ биік тосқауылдан секіріп өткен адамдай енді жеңілейе тыныстап. Сазарған кейіпте жүзін апасына бұрды.

- Енді өсіп ержеттім ғой, бөлек шығамын, ана Жаппастың ескі тамын көріп келдім, сонда көшеміз. Тана, жинал, бол, есік алдында машина тұр, - деді бұйыра сөйлеп.

- Ең болмаса шай ішпейсің бе? - деді есі шыққан Тана.

-Жоқ, ішпеймін. Ұзақ тұрып барды да өздерінің төсек-орындарын бір-ақ аударып бүктеп, буып-түюге кірісті. Аласына енді қарамауға тырысты.

Апасының жылап тұрғанын анық сезді. Ұлының томырық мінезін жақсы білетін апасы көп ештеңе дей алмады.

-Балам-ау, әлгі әкең... әкең... - дей берген. Ұзақ ол сөзіне құлақ асқан жоқ. He істерін білмей қипақтай бастаған Танаға:

-Бол тез, киін, машина асығыс, - деп зекіп қойды.Өзі шофер жігітті ертіп кеп кереуетті бұзып, екеулеп машинаға салды, көрпе-жастықты алып шықты.

- Болды, - деді шоферға..

- Түу, машинаны босқа әурелепсің ғой, мынаның бәрін бір өзің-ақ арқалап бармас па едің, - деп күлді шофер. Тананы кабинаға отырғызып енді жүрейін деп тұрғанда әкесі келді Ұзақтың. Көргеннен-ақ бәрін түсінген сияқты, мұның не деп сұраған да жоқ. Ештеңе демеді. Таяп кеп:

- Баратын үйлеріңнің пеші қандай екен? - деді Ұзаққа.

- Пеші ескілеу екен, примус жағамыз ғой.

- Байқаңдар. Танашқа суық тиіп қалмасын. Ұзақ кінәлі пішінмен жалтақтап әкесіне бірер рет көз қиығын салған. Жоқ, әкесінің қаперінде ештеңе жоқ. Осылай боларын күні бұрыннан біліп, алдын ала бөрін тұспалдап кесіп-пішіп, бәріне де бекіп қойған адам сияқты. Тіпті жайбарақат, еш өзгермейтін, әдеттегі сабырлы қалпы. Машина бортынан асыңқырап тұрған кереуеттің басын ырғап төмен түсіріп, орнықты етіп қойды. Онан бір ескі киіз тауып әкеп, әлгі кереуеттің басы мен машина бортының арасына қыстырды, қажалмасын дегені. Әрине, мұның бәрі тек сырт көзге ғана да, ал ішінің пәре-пөре сөгіліп, егіле жылап езіліп тұрғанын Ұзақ жақсы ұқты. Өз баласын бауырына сыйғызбаған қытымыр атанып, бүкіл ел-жұрттың алдында сүйекке таңба болар дөл осындай қорлықты бастан кешу қай ата-анаға жеңіл тиер дейсің. Әкесі қайтып тіл қатқан жоқ. Әр нәрсені бір шұқылаған боп, теріс айналып кетті. Сірә, қанша бекем болам, сыр алдырмаймын дегенмен баласының көшін безірейе қарап тұрып аттандыруға дәті жетпеген секілді. Апасы:

-Әй, балам... анаңды... - деп еңірей бастаған еді, шалы:

- Жә, өшір үніңді, - деп зекіп тастады. Осы сәтте ғана байқады Ұзақ әкесінің жасаурай беретін шүңірек көкшіл көзі отқа түскен тұздай шатынай қызарып, кемпірін жеп қоярдай ежірейе қадалып қапты. Машина көшені бойлап жүріп кетті. Көрші-көлең тегіс бала-шағасына дейін жапырласып есіктерінің алдына шығып, дәл бір той-думанды қызықтағандай өзара күңкілдей сөйлесіп көздерімен ұзатып caп тұрды бұларды. Ұзақ осы тұста ғана қатты қысылды. Бір түрлі қорланғандай сезінді өзін. "Апырай, әкем байғұс жер боп қалды-ау, ә", - деп қойды ішінен. Сол-ақ екен, қолқасы үзіліп кеткендей боп бүкіл жан дүниесі астан-кестен лықсып көкірегі удай ашып солқылдап, ұлып сала берді. Өмірінде бірінші рет ызақорлана қыстығып, өзінің осынша күйкі көрінген тірлігін лағнаттап, ащы дауыспен аңырап тұрып жылап жібергісі келді. Дүниеге өзін әкелген алтын бесік ұясын тастап бөлек шығып бара жатқанын есіне алды. "Еш уақыт ұмытпаспын-ау осы қорлық сәтті", - деп ойлады.Запырандай ащы өксік алқымынан сығымдайды. Көзі жасаурай берген соң машинаның бортынан ұстап, алға қарап түрегеп тұрды.Күн бұлыңғыр, жер лайсаң. Қыстайғы қар астында жатқан көң-қоқыстың езіліп шіри бастаған жағымсыз сыз иісі танауды ашытады, жүректі лоблытады. Жел соқты ма, болмаса машинаның екпінінен бе, дәл маңдайын суық ызғырық есіп тұр екен. Бойы тоңазып сәл сергиін деді.Дегди қоймаған жұмсақ жолда машина жүрісі былқ-былқ етеді. Өткен күздегі жаңбыр мен қыстайғы қардан қабырғалары сөгіліп алапес-алапес болған ауыл үйлері біртін- біртін қалып жатыр. Әне, Жаппастың темір шатырлы биік үйі де көрінді. Алдында мыжырайған аласа, ескі тоқал тамы тұр. Баяғыда осы араға алғаш колхоз ұйысқанда салынған, әбден ескірген там. Сырты шыбын үймелегендей сатала-саталақ, айғыз-айғыз, кішкентай жалғыз терезесі ауру адамның шүңірейген көзі секілді. "Жарайды... әзірше, бізге осы да жарайды. Амандық болса жазға дұрыстап үй салып алам ғой..." Өзін өстіп қанша жұбатқанмен, үйдің сиықсыз күйін көргенде Ұзақтың көңілі тағы бұзылды, әлгіндегі қыстығу қайта басталды. Тамағына тас тығылғандай боп көзі жасаурап жұтына берді.Машина Жаппастың жаңа үйі мен ескі тамының ортасына кеп тұра қалған.

- Ал, кеңсарайдай боз үйіңе де әкелдім, - деді жерге секіріп түскен шофер. Кабинада өңі сұп-сұр боп көзі бажырайып әлі де өң мен түстей халде отырған Тана да түсті. Жаппас шал мен кемпірі есіктерінің алдына шығып, қоныс құтты болсын айтысып, жандары қалмай қуанып қауқалақтасып жүр.

-Құтыла алмай отырғандай балалардың өздерін ғана жіберіп, әлгі екі қақпасты-ай, ә... - деп қойды кемпірі.

- Ештеңе етпейді, қарақтарым, көш жүре түзеледі деген. Өстіп жүріп ел қатарлы үй боп кетесіндер, - деді Жаппас шал да Ұзақтың пәс көңілін жұбатқандай.Іші күңгірт тартқан екі бөлмелі аласа үйдің төргі бөлмесіне жалғыз төсек қойылып, әп-сәтте көрпе-жастық та жиналды.

- Міне, отау тігіп, үй болды деген осы, келін шырағым.Қонысың құтты, отбасың берекелі болсын, - деп қолпаштай сөйледі кемпір. Шофер жігіт кетті, әрі-беріден кейін жақсы тілек, жылы сөздерін айтып боп кемпірі мен Жаппас шал да кетті. Ұзақ пен Тана оңаша қалды. Ұзақ осы үйдегі жалғыз орындықта отыр да, Тана терезе алдында түрегеп тұр. Екеуі де мелшиген күйде бір сәтке орнай қалған тымырсық тыныштыққа елегізе құлақ түргендей тым-тырыс. Бір-біріне үнсіз қарайды. Әлден уақытта Тана жайлап жүріп кеп Ұзақтың ұйысқан шашын саусақтарымен салалап тарай бастады. Онан соң күйеуінің басынан құшақтап кеудесіне басты. Ұзақ күрсінді де көзін жұмып келіншегінің кеудесіне басын сүйеді. Тананың іші едәуір өсіп қалған. Жүрегі дүрс-дүрс етеді. Бір қалыпты ырғақпен қатты соғады, екі адам үшін бірдей соғып тұрған тәрізді. Ұзақ басын көтеріп келіншегінің жүзіне қарады. Жымиып күлді. Кенет кереметтей бір шексіз қуаныш билей бастады бойын. Қуланған кескінмен Тананың тұрған тұрысына, бас-аяғына қайта-қайта қарай берген. Қымсынған Тана да қызара күліп алақанымен оның көзін басты.

- Олай қарамашы, ұялам, - деді ерке қылықпен күйеуінің құлағына аузын тақап сыбырлап қана: - Қарның ашты ғой, тамақ ішесің бе? - деді. Тананың еркелегендегі әдетінің бірі өстіп күйеуінің құлағына сыбырлап сөйлейді.Ұзақ сол күлген күйі басын изеді.Әлгінде ғана, әке үйінен аттағандағы қорынудың, қыстығудың бәрін бір сәтке естен шығарғандай еді ол. Осынау айтып жеткізгісіз қуаныш күйкі тірліктің бәрін тоз-тоз қып жіберген сияқты. Келіншегіне елжірей қараған Ұзақ оның қолын өз алақанына салды. Ала қыстай әйелінің қолына бір зер салмапты-ау. Сұмдық-ау, мынау тіпті Тананың қолы емес қой. Бір кездегі сүп-сүйір нәзік саусақтар тілім-тілім жарылып, ойдым-ойдым боп мүйізденіп
дөрбиіп ісініп кеткен. Тана қолын тартып алды.

-Білмеймін, өзінен-өзі өстіп кетті, - деді. Онан соң ауызғы бөлмеге шығып примус жағып, табаға май шыжғырып ет қуыра бастады. Қуырдақтың тәтті иісі келді. "Міне, енді өзіміз де үй болдық", - деп ойлады Ұзақ. Бөлме ішіне көз жіберді. Тым жадау. Ала қыстай адам тұрмай әбден шаң тұтқан қабырғалардың бүгін аяқ асты асығыс айдақ-сайдақ ағартылғаны бірден көрініп тұр. Жаппастың кемпірі, байғұс, жуып, сыпырып тазартқансып қойыпты. Үйдің төбесінде төрден есікке қарай бойлай салынған жалғыз жуан бөрене. Қаншама ондаған жылдар өтсе де жұп-жұмыр мығым қалпы. Үйдің жарын езіп жіберердей салмақты. Бірақ оның есесіне арық адамның қабырғаларындай ырсиған өңшең біркелкі жіңішке сырғауылдар майысыпты. Күзде жауын өткен болу керек, кей жердің сылағы түсіп, жауыр аттың арқасындай ойылып, кей жерлеру сарысу ізімен сарғайыпты.

- Ұзақ, қолыңды жу! - деп дауыстады Тана.Онан соң екеуі сандық үстіне дастарқан жайып шүйіркелесе шүңкілдесіп тамақ ішті. Екеуінің қосылғаннан бері сырт көзден қорғаншақтамай бетпе-бет оңаша бірінші рет отырулары еді бұл.

- Сен енді ауылдан ұзап кететін алыс рейске барма, - деді Тана. - Мен үйде жалғыз қонуға қорқам.

-Бармаймын, - деді нанды бұралай асаған Ұзақ. -Сен босанғанша бастық өзі де мені алыс рейске жібермейді, бағана айтқан. - Қасықпен табақтың түбін тықырлата түсіп.

- Тәтті қуырдақ екен, - деп қойды.

- Қап, аз боп қалды-ау.

-Жоқ, тойдым. Әбден тойдым.

- Жарайды, қазір кешкісін тағы да тамақ жасаймын.

-Кештің өзі де болды ғой. Мен тіпті тойдым, тамақ ішетін жерім жоқ. Рас айтам. Шаршаған шығарсың, бүгін бір ертерек жатып демалшы. Ұйықтайықшы.

- Енді өзім де демалатын болдым ғой. Бұл үйде істейтін не бар дейсің, бір сенің тамағынды әзірлеуден басқа, - деп күрсініп қойды Тана. Біртіндеп қараңғылық түсе бастады. Ұзақ та, Тана да тырс етіп үйден шыққан жоқ. Тамақтан соң екеуі бір-біріне қарсы қарап отырған күйде, асықпай үзік-үзік сөйлеп екеуіне де ортақ, таусылмас әңгімеге көшті. Қалай тұрмыс құрады, не тіршілік етеді, не алып, не қою керек?.. Қандай ыстық әңгіме! Екеуінен басқа бірде-бір жанға ұнамас та. Мейлі.Өйткені бұл әңгіме - тек екеуіне ғана ләззат берер, екеуін ғана рақатқа батырар әңгіме.

-Май мейрамына қарсы мен бүрмелі кең халат-көйлек тіккізем.

-Тым арзан емес пе?

- Жоқ, Ұзақ, арзан болмайды. Аяғы ауыр әйелге қайта сондай киім киген жөн.

-Байқа, жетіспеген адамдай жұрттан ұят боп жүрмесін...

Қараңғылық көз байлады. Бірақ бұлар тізе түйістіріп шүйіркелесіл отыра берді. Тана шам жақпақ болып қозғала беріп еді, Ұзақ жібермеді, қараңғы үйде осылай отырғанды жақсы көрді.

-Тоңған жоқсың ба? - деді. Онан соң бір қолымен келіншегін қапсыра құшақтап бауырына тартты, бұрын "Қойшы, Ұзақ, ұят емес пе... апам кіріп қалса..." деп бұлқына қымсынатын Тана, бұл жолы күйеуінің бауырына өзі кіріп тығыла түсті. Ұзақ келіншегінің шашынан, мойнынан сипады, мандайынан сүйді.

- Ұзақ, әй, Ұзақ! - деді Тана алқына сыбырлап.

-He?

-Апам ренжіп қалды ғой бізге. Біреу үстінен суық су құйып жібергендей Ұзақтың тұла бойы түгел тітіркеніп кетті.

- Ұзақ, не десең де біз сәл асығыстық жасадық. Қашан да болса сенің өстіп аяқ асты морт кететінің бар. Екі-үш күн бұрын ескертіп, кемпір-шалдың ризашылығымен ренішсіз кетуімізге де болатын еді ғой. Ұзақ үндеген жоқ.

-Әкейдің дәті берік кісі емес пе, сыр бермеді, ә?

- Иә-ә, - деді күрсіне тыныс алған Ұзақ. Сытыр-сытыр еткен дыбыс естілді. Екеуі де елең етіп құлақ түрген. Терезеге сытырлап тама бастаған жаңбырдың дыбысы екен.
Ақырын ғана шерткен сияқты естіледі.

-Байғұс, атам мен апам қайтып отыр екен қазір, - деп қойды Тана. Ұзақ орнынан тұрып қараңғы үйде қолын сермеп керіліп-созылып бойын жаза бастады.

- Отырған шығар атаң мен апаң да біз құсап құшақтасып, - деп самбырлай әзілдеп сөйледі.

Кенет оның күлдіргі сөз айтқысы кеп, көңілденгісі кеп кетті. Ал көкірегі тағы да удай ашып, шым-шым етіп сыздағандай, енді бірде лықсып ақтарылып құлазығандай күйде еді. Егер, дәл қазір керіліп-созылып бой жазып, самбырлай сөйлеп, зорлана күлмесе, тұншығып қалатындай сезді өзін. Ұстамалы безгектей дірілдете тітіркеніп, өне бойын жайлаған өксік аралас ауыр бір тыныс әлсін-әлсін тамағына тас түйін боп кептеліп кеп, бүкіл тіршілігінің жұлынын үзіп жіберетін сияқты.

- Ұзақ, әй, Ұзақ, кейін балаларымыз болғанда олар да бізді өстіп тастап кетер ме екен.

- Мейлі, тастай берсін. Екеуміз қалсақ болды емес пе, жаным-ау, - деп көңілдене сөйлеп кеп Ұзақ қараңғыда келіншегін көтеріп алды. Көтеріп біраз тұрды. Екеуі бірін-бірі үнсіз аймалап, үнсіз ұғысты. "Шынында да кейін балалы-шағалы болармыз, олар ер жеткен соң өз беттерімен үйлі-күйлі боп кетер, ал біз Тана екеуміз қалсақ болды емес пе", - деп ойлады Ұзақ. Біртіндеп, әлгінде ғана бүкіл өн-бойын құрыстыра басқан тымырсық күй тарай бастады. Тағы да келіншегінің мойнына тұмсығын тықты. Әсем бір жұпар шығады.

-Шам жақшы. Тана бұрышта тұрған білтелі жетілік май шамды жағып, босаға жақтағы шегеге іліп қойды. Жарығы тым көмескі екен. Үйдің іші алакөлеңке ғана боп тұр. Көз үйренбегендіктен бе, әлде көңілсіздіктен бе, шағын бөлме шамның көмескі жарығында аңғал-саңғал боп үңірейіп, кеңейіп кетті. Әр бұрышы күңгірт тартып, алакеуім іңір қараңғылығында құлазып жатқан кешкі дала сияқты көңілді елегізіте бастады. Мұнан да жаңағы тастай қараңғылықта отырғанның өзі жақсы еді.Күнде бұл уақытта кешкі астан соң Тана енесінің айтуы бойынша ұн елеп, ертеңгісін таба нан жабуға қамыр илеп, ашытып қойып, ыдыс-аяқтарды жуып, атасының дәрет алар құманына жылытқылап су құйып, тыным таппай шаруа істейтін. Бүгін соның бірі жоқ. Қарсы алдында жағы сопайып, көзі бағжаңдап ұзын бойлы, сүйектері арбиған Ұзақ қана тұр. Көңілденген болады, күлген болады, бірақ өзінде өң жоқ, ұйқысы қанбаған адамдай боп-боз. Қайбір жетісіп тұр дейсің. Әне, ерсілі-қарсылы теңселіп жүре бастады, терезенің тұсына барып, сырттан тың тыңдады, одан кеп шамның білтесін көтерді, бәрібір со сықсиған жарық, бәрібір сол алқымнан алып сығымдап тұрған өлі тыныштық.Дабыр-дұбырға үйренген адам үшін тыныштықтан қорқынышты ештеңе болмас. Тана Жаппастың кемпірі тастап кеткен жусан сыпырғышты алып әр жерді бір іліп-шалып сыпыруға кірісті. Еден таза болса да тым-тырыс отыра беруге шыдамы таусылған. Жәй ермек үшін сыпырып жүр. Мүлдем мазасы жоқ. Ұзақтың ыңғайына қарап көңілді болам, сездірмеймін дегенмен, бүгінгі көшкен кездері есіне түссе, жүрегі суылдап, ауыр бір қылмыс істегендей қалтырай бастайды.Бөлек шыққанның қандай болатынын бұрын қайдан білген. Кейбір өздері құралпы жастардың жеке үй болып, түтін түтеткенін сырттай көргенде қызығатын да қоятын.Енесінің зәбірі жанына батқан кездерде: "шіркін-ай, солар құсап біз де бөлек шығар күн болар
ма екен", - деп армандаушы еді. Енді, міне, сол арманы аяқ асты орындалған сәттегі сиықтары мынау. Әзірше қуанарлық ештеңе жоқ. Келгеннен бері байыз табар емес. Өзінен-өзі қуыстана береді.Әлденеден
секем алған қорқыныш бар көңілінде. Қайын атасы мен енесі орала береді ойына. Қайтып отыр екен екеуі?! Мұны қарғап-сілеп, жылап отырған шығар. Әрине, бар кінәні Танадан деп біледі олар. Атасы айтпағанмен енесі солай дейді. "Баламыздың басын айналдырып алды, анау тымырайған залым келініміз", - дейді. Өстіп айтары анық. Бірақ Тананың не жазығы бар осы? Айдағанға жүріп, илегенге көнгені ме? Тіпті әлі күнге енесінің бетіне тура қараған емес қой. Ал ертең ғой, Ұзақты әке-шешесінен айырды, деп бүкіл ел-жұрт мұны сан саққа жүгіртпесін кім білсін. Осының бәрі жақсылықпен тынса
жарар еді. Heгe екені белгісіз, соңғы күндерде түбі жақсылық болады дегенге сенгісі келмейді. Әйтеуір бір қатты опықжеу, өкіну болатын сияқты көрінеді де тұрады. Неткен осынша бақытсыз жан еді.Келін боп түскелі әлі бір еш алаңсыз жадырап күле алмай келеді. Ылғи да қуыстану, қорқу...Әбден қысыққан
Тана, сыпырғышты тастай бере еңіреп жылап жіберді. Екі иығы селк-селк етіп күйеуінің омырауына бетін басып жабысып алды.

- Ағатай, Ұзақ, мені үйге апарып тасташы...Титтей де ренжімеймін саған... Ағатай...

- Оу, не болды саған?.. Мұнысы несі? - дей берді есі шыққан Ұзақ. Келіншегін аймалап жұбата бастады.

- Қой, қой, мұның не, дәл менен қорлық көрген адамдай. Біраз жылаған соң Тана басылды да беліндегі алжапқышын шешіп алып,көзін сүртті.

-Рас айтам, Ұзақ, мен саған титтей де ренжімеймін, үйге апарып тасташы... Мен үшін әке-шешеңді ренжітпеші...

- Қой енді! - деп ақырып жіберген Ұзақ ұшып тұрып сандық үстіндегі пышақты жұлып алды. Қалш-қалш етіп, көзі қанталағандай түсі мүлдем бұзылып кетті.

- Тек енді бір қайталашы!.. Тана жым болды. Көпке дейін теріс қарап үнсіз отырды.Сыртынан кеп Ұзақ құшақтаған кезде:

- Тоқташы, терезеге бірдеңе ұстайын, - деп, тұрып барып, алжапқышын терезеге тұтты. Онан соң қайтып кеп Ұзақтың құшағына өзі енді де оны мандайынан, мұрнынан, ернінен сүйді. Бір-біріне қарап екеуі де жымия күлді.Әлгіндегінің бәрін естен шығарды. Ұзақ елжірей төніп келе жатыр еді, Тана өзінің ерке қылығына салып оның көзін алақанымен басты. Алақаны ып-ыстық екен.

-Сен тыныш отыр, мен сүйейінші, - деді, - Тек сен көзіңді жұм.

-Әйтпесе ұяласың ғой. Тана басын изеді. Тұрып шамды өшіріп келді.

-Әй, ақымақ, күйеуінен ұялады.

-Ұялмаймын, бір түрлі ыңғайсыз, - деді. Енді Ұзақтың тізесіне көлденең отырып, мойнына асылды, қатты қысып құшақтап алды. Үйдің іші тастай қараңғы.

-Ұзақ, бірдеңе айтайын ба...

-Не?

-Осы күні жаман
қорқатын боп жүрмін.

- Неден?

- Өлімнен.

-Тәйт ары!

-Рас айтам... Ылғи бір жаман түстер көрем... Осы мен босана алмай өлетін шығармын...

-Қойшы, не боса соны айтпай, - деп Ұзақ келіншегінің шашынан, арқасынан сипап, көзінен сүйіп дегбірі қалмады.Келіншегінің ап-арық иығы селк-селк еткен сайын, оны қатты аяп, бауырына қыса түсіп, өзінің ет жүрегі езіліп, көзі жасаурап, көңілі босап жылағысы келді. "Байғұсым- ай, мына күйіңмен шынында да қалай болар екенсің, қу сүйегің ғана ілініп..." - деп қойды ішінен.

-Жатайық, -деді Ұзақ. Төсекке жатқан соң екеуі сүйіскен жоқ. Қол-аяғы тастай боп дірдек қаққан Тана күндегі әдетінше бір уыс боп бүрісіп Ұзақтың бауырына тығылып алды. Ылғи өстіп жатып жылынады. Ұзақ кереуетті ұзынынан керіп жіберердей созылып жатыр. "Ал енді не тіршілік жасауымыз керек? Ең әуелі неден бастаған жөн?.." Терезеден шерткен жауын, сытыры жиілеп, бірқалыпты, ырғақты шуылға айналған. Жуық арада басылмайтын, бір күйінен танбайтын көктемгі езбе жауын. Өстіп сытырлап тұрып-ақ дүниені көл-көсір ететін, қара жерді ми-миын шығарып езетін де осы жауын ғой. Терезенің түбінен дүсір-дүсір етіп арба жүріп өтті. Жер еденнен дүсір қатты естіледі екен.

-О не? - деді үрейленген Тана басын жұлып ап.

- Өй, ержүрегім-ай... Арба ғой. Кел, сен іргеге жатшы, әйтпесе шошып жүрерсің. Тана қарсыласқан жоқ. Ұзақ от жаққа өзі жатқан соң, көкірегін толтыра тыныстап тың тыңдады. Танауына қышқылтым жусан иісі келді. Әлгіндегі еден сыпырған сыпырғыштың иісі болса керек. Айтпақшы жусан демекші...Ұзақтың есіне Танаға алғаш ғашық болған күні түсті.Өткен жазда, бұл элеваторға астық апарып өткізіп, кері қайтқан беті болатын. Станциядан шыға берісте, шлагбаумның тұсында ақ көйлекті, басына ақ орамал
салған бір қыз қол көтерді. Түсі таныс сияқты. Сөйтсе, Тана екен. Кәдімгі, станцияның асханасында ыдыс-аяқтарды жинастырып жүретін қара торы қыз. Ыстық күнде тұрып әбден түтігіп, жүзі қоңырайып қаталап кетіпті. Көзінің төңірегі, жұқалтаң танауының үсті тершіген, кірпігіне дейін шаңғытқан. Ұзақтардың ауылындағы туыстарынікіне келе жатыр екен. Бұрын Ұзақ оны станцияға келген сайын асханадан көретін де, баласынып онша көзіне ілмейтін. Енді, міне әлгі қыз машинаның тез табылғанына қуанғандай қызара күліп кеп, қасына отырғанда, аңыра қарап есі кетті.Жас қыздың қимыл-қозғалыс, қатар отырған кездегі жұқа шыт көйлек астынан сыртқа тепкен балғын мүсіні шып-шымыр еді, төңіректі лап еткізіп шарпып өтердей ыстық бір жалын сыртқа теуіп кернеп тұрған тәрізді. "Бұл қыз қай уақытта өсіп кеткен, ей", - деп Ұзақ тандайын қағып, басын шайқады. Біразға дейін қызға көз қиығын caп, ыржиып күле берді.Ақыры станциядан ұзап шыққан соң өзінің кәнігі әдетінше, отырғышының астына тығып алып жүретін бір жарты шарапты алып, аузын ашты да әуелі қызға ұсынды, қызарып кеткен қыз басын шайқаған.

-Ал онда, бермеді деп ренжіме, - деп Ұзақ шалқайып тұрып шарапты аузынан қағып салды да құмырасын лақтырып жіберді. Енді ол бабына келіп, батылданып алды. Қыздың тамырын басып, байқап көрмек оймен, әзілдеп бір- екі тіл қатты.

-Өзің тіпті сұлу қыз бопсың ғой, бой жетіпсің ғой, - деген. Тана үндеген жоқ. Теріс қараған күйде қызара берді. Қылау жоқ, күн қақтаған тап-таза мойнына дейін, құлағына дейін күреңіте қызарды. Өзі нағыз қаз мойын екен, шашын тоқпақтай қып желкесіне түйіп апты.

- Жігітің бар ма? Қыз тағы да үндеген жоқ.

- Сен неге сөйлемейсің? Өзіңнің тілің бар ма? - деді шарап басына шығып, қызыңқырап алған Ұзақ. Қыз теріс қарап отырған бойы дірілдеп кетті.

-Үнсіз отырғаның болмайды. Сөйлеуің керек, - деп қойды Ұзақ.

Мидай жазық даламен зулатып отырып, жолдың орта тұсына жеткенде Ұзақ машинаны тағы тоқтатты.

-Мотор қызып кетті, - деді. Төңірек белуардан келген көкпеңбек жусан еді. Дала жолының ала жаздайғы
шаңып жұтып, тып-тымық боп шетінемей жатыр. Шаңғытып аңқыған қышқылтым кермек иісі ауаны буып тұр.Теріс қарап отырған Тана көп тұрамыз ба дегендей Ұзаққа бұрылған. Жігіт оған тесірейе қадалған күйде көзінен көз айырмастан, оның білегінен ұстады. Қыз үрейі ұшып қалшылдап, көзі шарасынан шығып, екінші қолымен кабинаның есігін қармай берді.

-Қорықпа, Тана. Мен жәй ғана... - деп Ұзақ оны өзіне қарай тартып еді, қыз екі қолын бірдей ербеңдетіп, жігітті басқа-көзге сабалап жылап жіберді.
Бейкүнә жанның қауқарсыз далбасасы. Екі көзі боталап, кейпі соншалықты аянышты боп кетті. Бірақ тырс етіп үн шығарған жоқ.Қыздың көзіне көзі тағы бір түскенде, Ұзақ селк етіп есін жиып алды.

- Кешір... кешір... - дей берді. Сол сәттегі Тана көзінде тұна қалған, бейкүнә дәрменсіздік, жалына-жалбарыну, налу, күйзелу деген сұмдық еді. Сол бір көз өмірінде Ұзақтың есінен кетпес. Тана жайлы ойлағанда Ұзақ қазір де сол көзді есіне алады... Сонан ауылға жеткенше екеуі де тырс етіп тілдескен жоқ. Көшенің ортасында Тана машинадан түсті де, алды- артына қарамастан, ең болмаса титтей де бір
мезіреті жасап қайрылмастан, иттен қашқан көжектей зыта жөнелді.Ұзақ машинаның үстінде есеңгіреген күйде оның соңынан қарап көп отырды. Өмірі кешірілмес күнә істегендей көкірегі сыздап жаман өкініп еді сонда. Сол күннен бастап ол Танаға өлердей ғашық болды.Қазір міне, сол Тана бауырына кіріп, тығыла түсіп бүрісіп жатыр. Аяқ-қолы енді-енді ғана жылына бастады.Жыбырлап қозғалып қояды.

- Ұзақ, не ойлап жатырсың?

- Былтырғы сенімен екеуміздің станциядан келген жолымызды... Тана күлді.

-Әй, сонда бір зәремді алып едің, - деп назданып, күйеуін бүйірден нұқып қалды.

- Мһ... өкпемді түсіре жаздадың гой, - деді қытығы келген Ұзақ жырқылдай күліп. - Айналайын-ау, жәй қорқытқаным болмаса, ештеңе істемеп едім ғой. Кешірім сұрамап па ем.

- Әйтпегенде мұрнынды бұзатын ем.

-Иә, мен саған со мұрнымды оп-оңай бұздырып қойып отырамын. Екі қолыңды артыңа қайырып ұстасам...

-Онда қыршып тұрып тістеп алар ем...

- Жарайды енді, өткенге таласпайықшы. Сол жолы ғой, сенің мені атарға оғың болмай кеткен болар?.. Нағыз бір жексұрын көрінген шығармын саған?..

- Heгe?

- Ойбай-ау, айдалада машинаны тоқтатып қойып, шарап ішіп, өзіне тиіскен жіпті қай қыз жақсы көрсін.

-Білмеймін. Мен сені бәрібір жек көрген жоқпын. Рас, қатты қорықтым, бірақ жек көргем жоқ.

- Ал егер, сол жерде бассалсам қайтер ең?

-Сенің еш уақытта олай істемейтініңе сендім ғой.Сенбесем машинаңа отырмас та ем. Автобусты күтер ем. Бір ғана қылығың ұнамады, оны өзіңе айтып ем ғой, ол ішіп алып тиіскенің. Егер ішпесең, онда сен маған тиіспес те ең ғой. Солай емес пе?.. Өзіме де обал жоқ, сол жолы сенің станциядан қайтатын кезіңді аңдып тұрып әдейілеп келіп отырдым-ау...

- Ол кезде сен мені танымайтын едің ғой...

- Сыртыңнан танитынмын. Станцияға келген сайып май-май боп кеп асханадан тамақ ішетінсің... білмейм, әйтеуір ұнайтынсың. Сондықтан да мен саған тез көндім ғой...

Шынында да Тана тез көніп еді... Ертеңіне Ұзақ астық тиеп ап, тағы да станцияға жол тартқан. Ауылдан шыға берісте машина күтіп Тана тұр екен.Ұзақ қуанып кетті. Қыздың дәл қасына кеп тоқтай қалды.

- Қайтып барасың ба? Кел отыр, - деді дәл бір араларында еш реніш болмаған адамдарша аңқылдай сөйлеп. Тана үндеген жоқ, теріс айналды. Ыңғайсызданған Ұзақ:

-Сен кешір, менің кешегімді, - деген. Тана сол теріс қарап міз бақпаған күйі ләм демеді. Аяқ асты соғып өткен кішкене құйыннан көйлегінің етігін ұстап баса берді. Өстіп тұрғанда, арттан астық тиеген тағы үш-төрт машина келген. Тана солардың біріне отырды.Жол бойы Ұзақ күйіп-пісіп, ызаланумен болды.
Арықты арық, шұңқырды шұңқыр демей машинасын жын қаққандай айдады. "Өй, шөпжелке, өзінше әлдеқандай болады ғой, ерегескенде енді кешірім сұрамаймын ғой", - деген кіжініп, ал станцияға кеп Тана түскен кезде, бұл да тоқтап, кабинадан кеудесін шытарып:

- Тана, кешірдің бе? - деген дауыстап. Қыз жарайды дегендей қолын бір-екі бұлғады да, үйіне қарай жүгіріп кетті. Содан біраз күн өткенде, Ұзақ станцияда машинасынан май ағып, соны жөндеймін деп кешке дейін ит әуреге түсіп, жерге аунай-аунай үсті-басы шаңға батып, бет-аузы май-май боп, әбден шаршап, қарны ашып асханаға кірген. Ыдыс- аяқ жинап жүрген Тана қарсы алдынан шыға келді. Тіпті Ұзақ оны қағып кете жаздаған. Қапелімде амандасарын да, амандаспасын да білмей сасып қалған ол:

-Кешіріңіз, - деді. Осы сәтте Тана бірінші рет бұған жарқ етіп қарап, күліп жіберді. Шек-сілесі қатып, ыдыс-аяқты жуатын жаққа кіріп кетті. Ұзақ тамақ ішіп отырған кезде қайта шығып, босаған ыдыстарды жинай бастады, Ұзақтың қасына келгенде, бұған қарап тағы күлді.

-Heгe күлесің, - деді сөкет бірдеңе істеп алдым ба -деп қуыстана қысылған Ұзақ.

-Жәй, "Чиновниктің ажалы" деген әңгіме есіме түсіп кетті.

-Чеховтың әңгімесі ме?

-Иә. Сіз дәл сол сияқты болдыңыз ғой... Машинаңыз бұзылған ба?

-Аздап.

- Жөнделді ме?

- Жөнделді ғой. Өзің енді біздің ауылға бармайсың ба?

Тана басын шайқады.

- Жұмыстан қашан шығасың?

-Енді он бес минуттан кейін.

-Мен күтейін бе? Тана үндеген жоқ. Ұзақ есік алдында күтіп отырды. Тана шыққан соң машинасына отырғызып, оны үйінің жанына дейін алып келді.

-Тана, бірдеңе айтсам ашуланбайсың ба? - деген. Тана ашуланбаймын дегендей басын шайқады.

-Жүр, біздің ауылға, менімен бірге.

-Heгe?

- Мен сені әкеткім келеді... Рас айтам... Мен сені сүйем... Мұнан соң Ұзақ ауыз жаппастан дамылсыз сөйлей берді, сөйлей берді. He айтқандары анық есінде жоқ. Әйтеуір, қыз үндемеген сайын жаны шыға жаздаған... Қысқасы айналасы бірер айдың ішінде екеуі қосылған еді. Тананың әкесі содан үш жыл бұрын қайтыс бопты, шешесі мен кішкентай екі інісі бар екен, соларды жылатып тастап, бір кеште Ұзақтың машинасына отырып кете барды. Бұл күтпеген жайға Ұзақтың апасы қатты қапа болды. Өйтпей ше, көршісіндегі сары кемпірдің қызына кішкентайынан үкі қадап, бірнеше жылдан бері алыс- берістері болып, көңілдері жарасып, біріне-бірі құдағи атанысып жүрген. Соның бәрі жайына қалды. Апасы ашу шақырды, жылады, бірақ болар іс болып қойған соң, не пайда... Міне, сол апасының Танаға деген ашуының төркіні осында еді. Апыр-ай, мұндай қатыгез, қатты болар ма мінезі, ала қыстай Танаға бір жібімей-ақ қойды-ау. "Баламның басын дуалап қойған... жадылап оқытқан..." деген сөздерді де айтты-ау... Ақ сүтін берген анасы емес пе, сол айтқандарының өзінің Ұзағын да аяздай қарығанын қалай ұқпайды...

-Ұзақ, ұйықтадың ба?

- Жоқ, ұйықтай алмай жатырмын.

- Менің де ұйқым келер емес... Кейде осы ойлап-ойлап басым қатады.

-Нені?

-Өмірді де... Неліктен бұлай екен? Адам өскен сайын қайғы-қасіреті, мұңы көбейе беретін сияқты ғой. Мен бұрын кішкене күнімде біреу ренжітсе, "Шіркін, қашан тезірек үлкен болар екем, осындайдан құтылатын", - деп ойлайтынмын. Кейін өсе келе бірдеңеге ренжіп, мұңайған кезімде үй болуды, сүйікті жарымның болуын, бақытты семья құруды ойлайтынмын. Ал қазір, сенің көңіліңе келмесін, үй болғаннан бері көріп келе жатқаным көбіне қиындық.

- Уақытша болатын қиындықтар ғой, оған несіне таусыласың.

- Жоқ, таусылып жатқаным жоқ. Өзім соңғы кезде жиі ойлайтын ойым болған соң айтып жатырмын. Жалғыз біз емес, байқап отырсам жұрттың бәрі осы біз қарайлас. Жігіт, қыз күндерінде бірін-бірі сүйіп үйленеді, сонан соң бірін- бірі ренжітеді, көңілін қалдырады. Рас, тату-тәтті тұратын кездері де болады, бір күн, екі күн... он күн... бір ай... бірақ бәрібір ұрысады, қабақтарына кірбің түседі. Heгe бұлай?

-Өмір болған соң солай да... "Тананың сөзінің жаны бар, шынында да неге солай болады екен?" - деп ойлады Ұзақ.

- Балаға үлкендер әлім жеттік қылса, есейгенде адамға өмірдің өзі әлім жеттік қылады екен ғой, сонда.

- Ал өмір деген не? Сен қалай ойлайсың?

- Өмір деген кең, жарық дүниедегі тіршілік, күнделікті тұрмыс, тірлік құру емес пе?..

-Ал сол тіршілік, тұрмысты жасап жүрген өзіміз ғой. Ендеше өмір деген өзіміз емеспіз бе?..

- Олай болса неге қиын? Heгe өзімізге өзіміз жамандық жасаймыз. Мен, әрине, тұрмыс жағын, ішу-жеу, киім киюді айтып отырғам жоқ, қазір молшылық қой. Менің бас қатыратыным: неге адам біріне-бірі зәбір көрсетеді? Heгe осы бақытты, қайғысыз өмір сүру деген қиын?

-Жаным-ау, гәп сонда ғой, неге қиын, бәсе?..

-Мен қайдан білейін...

Мұнан әрі екеуі де үндеген жоқ, әр қайсысы өз ойымен өзі боп кетті. Біраздан кейін бойы жылынған соң Тана ұйықтап қалды. Ыстықтай бастаған болу керек, көрпені серіпті. Мұндай кезде Ұзақ қымтап әлек
болады. Қазір де келіншегінің іргесін, аяқ жағын қымтастырып қойды, ашылып қалмады ма дегендей иығынан сипады. "Байғұсым-ай, әбден-ақ жүдедің-ау..." - деді күбірлеп.Алғаш екеуі қосылғанда қандай еді Тана? Дәл бір айдан кейін топ-толық, сүті сыртына тепкен қара торы өңінде нұр ойнап тұратын әсем келіншек боп шыға келді. Денесіне қол тигенде лау ете түсуге шақ қалатын. Ол кезде мүсіркеу, аяу деген Ұзақтың қаперіне де келген емес. ылжыған көркем келіншегінің мерейі өзінен әлдеқайда астам көрінетін оған.Тананың өзіне тез көнгеніне танданатын, тіпті кейде осының түбінде бі шикілік жоқ па екен, деп өзінен өзі қуыстанып күдіктенетін де. Тананы жұрттың бәрінен өлердей қызғанушы еді сонда. Жас келіншегінің көз тойғысыз балғын жүзіне телміре табынып "шынымен-ақ мендік боп қалар ма екен", - деп кейде үрейленетін. Қайран, сол әсем мезгіл-ай! Әйел затының қайтып оралмас аяулы дәурені- ай!.. Ұзақ әйеліне өлердей ғашық еді!..Екі айдан кейін сол өзі өлердей ғашық болған келіншегіне қол жұмсады-ау! Бұ дүлей, томырық мінезіне басып, Тананы бостан-босқа ұрды емес пе! Қалай болып еді, сол оқиға? Қар түсердің алдында Ұзақ құмдағы мал қыстауларына жем-шөп тартып, бірде үйге түн ортасында әбден шаршап қайтқан. Тана ұйықтап қапты. Есік ашқан апасы бұған әлде не деп ұрысып, жер-жебіріне жетіп, көпе-көрнеу Танаға айдап салды. Күйеуі телім-телім боп шаршап даладан келгенде, ұшып тұрып есік ашып шешіндіріп алудың орнына, дәл осы үйдің байбатшасындай боп шіреніп жатқанын затсыздың... ынжық байды басынып алғанын... Осы тұрғыда апасы біраз төпеп-төпеп тастаған. Ашу қысқан Ұзақ төргі бөлмеге қарай екі-ақ аттап барды да шырт ұйқыда бүк түсіп жатқан Тананы жұлып ап, басқа-көзге былшылдатып салып-салып жіберді... Ал айызы қансыншы апасының, осы ғой керегі!..Жазықсыз еді Тана мұның алдында, титтей де кінәсі жоқ еді. Бар айыбы - күні бойғы үй шаруасынан титықтап барып ұйықтап қалғаны, күйеуінің келуін күтіп сергек жатпағаны.
Кінә бар ма, онысына. Әлі жас емес пе?! Ол да біреудің әлпештеп өсірген баласы еді ғой, ол да өз анасының көзінің қарашығы еді ғой!.. Қазір өзінің сол қылығы есіне түскенде Ұзақ жамбасы талғандай қозғалақтап кетті. Ұяттан өртене жаздап жатыр. Көз алдына сондағы Тананың ернін тістеп, солқ-солқ жылаған кейпі келді. Сонша бір мүсәпір күйге ұшыраған бейкүнө байғұс! Ең болмаса "жазығым не еді?" - демейді-ау. Үнсіз жылайды. "Еш уақыт маңдайыңнан шертпеймін, алақанымда аялаймын", - деп еді-ау Ұзақ үйленерінде... Бірдеңе тықырлағандай болды. Ұзақ елең етіп басын көтеріп, құлақ түрген, тышқанның шиқылы естілді. Есік жақ бұрыштағы сандықты тықырлатып, ыдыс-аяқтарды сылдырлатты, әрі-беріден соң емін-еркін сайраңдап, тіпті бірін-бірі қуып ойнақ салғандай үйдің ішін дүбірлетіп әкетті."Мәссаған, мыналар көкпар тартқандай тайраңдады ғой". - Ұзақ келіншегін оятып алмай, еппен созылып, төсектің жанына шешкен етігін алды. Жіберіп қалған етігі сандықка барып сарт етті де, әлгіндегі құлақты кемірген жағымсыз тықыр, шиқылдар бір сәтке тым-тырыс боп, caп
тына қалды.Бірақ сәлден кейін тықыр қайта басталды. Ұзақ екінші етігін де лақтырған. Бұл жолы сандықтан асыңқырап барып қате тиген болу керек, ыдыс-аяқ салдыр ете түсті.

- О не? - деп шошып оянды Тана.

- Мен ғой...Мына үйде тышқан бар екен. Жүрегі д үрс-дүрс етіп алқымына тығылған Тана күйеуін тарс құшақтап алды.

- Түу... біреу дәл көкірегімнен атып жібергендей болды ғой... Тарсылдатпашы, Ұзақ.-Жарайды,
енді тарсылдатпаймын, - деп Ұзақ сіріңке жағып, етіктерін тауып әкеп қойды. - Бір кесе сынып қапты,- деді онан соң.

-Мейлі. Ертең бір кесемен кезектесіп ішерміз шайды...

Екеуі қараңғы үйде біразға дейін дабыр-дұбыр сөйлесіп жатты. Ұзақ шам жақпақ болып еді, "жарықта ұйықтай алмаймын", - деп Тана жаққызбады. Тыстағы жауын іңірде басталған күйі толассыз құйып тұр. Тозығы жеткен кірпіш тамды бүгін түннен шығармай езіп, жаншып тастардай меңіреу сытырынан танар емес.

- Ұзақ!

-He?

-Қолыңды әкеші... Қарашы, өстіп тулайды да жатады.Кейде бүйірімді тесіп жібере жаздайды... Әй, өзі бір тентек шулатып... Ұзақтың ұлы сондай, Ұзақтың ұлы тентек, Ұзақтың ұлы сотқар деп жүрсе!..

- Қойшы, ондай баланың несі жақсы дейсің.

- Жәй айтам да... Ең әуелі өзің аман-сау босаншы, сонан кейінгісін көрерміз...

-Бәрінен де соны айтсаңшы.

-Жә, тек сен енді жылай бермесейші... Қойшы...

-Қойдым... жыламаймын...

Тана Ұзаққа тығыла түскен күйінде қайта ұйықтап кетті.Ал Ұзақтың ұйқысы келер емес. Мүлдем кірпігі айқаспай қойды. Әр нәрсе ойына түсіп, сан қилы саққа жүгіреді: бұл жаман тамды ертеңнен бастап жөндеу керек, бір күн де болса таза тұрған дұрыс қой, дәрі әкеліл шашқызьш, мынау жын- ойнақ қып жүрген тышқанды құртқан жөн; онан соң қанша жаз шығып қалды дегенмен күн әлі салқын екен, аяғы ауырлап күннен-күнге мерзімі жақындаған Танаға суық тиіп қалуы мүмкін, сондықтан үйге темір пеш орнатқан дұрыс болар.Қоймадан изоляцияланған сым сұрап алып электр түсіруді ұмытпайыншы, председательдің уәдесі өз алдына, кейін қапы қалмау үшін осы бастан құрылыс материалдарын жинастыра жүру керек, жазға күрке де болса өзіңдікі атанатын баспана салып алмай болмайды... толып жатыр, ойлай берсе өстіп біріне-бірі жалғасып кете береді, кете береді.Ал тіршілік құрған соң ойлау керек бәрін де. Ата-ананың күйі анау. Өкпелесең де, ренжісең де бәрібір кете алмайсың, оларды да ойлау керек, оларға да үнемі көз қырын салып отыруы керек, інісі мен қарындасы әлі жас... Селк ете түскен Тана аяғын тебініп қалып, ақырын ыңырана бастады. Түс көріп жатқан болар. Ұзақ келіншегінің жастыққа ыңғайсыз жатқан мойнын дұрыстап тағы да мүсіркеп аймалап қойды.Шашынан иіскеді. Осы сәтте Тана жақ бүйірінен біреу бүлк еткізіп түртіп қалғандай болды. "Қарай көр ей, мынаның тентегін", - деді мәз-мейрам болған Ұзақ.Жоқ, енді Тана аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алмайынша, Ұзақ алыс рейске басын кессе де бармайды.Ауылдан ұзап қия баспайды. Егер бұл жоқта Тана бір қиын жайға ұшырап қалса... Оның бетін аулақ қылсын, Ұзақ үшін онан артық қорқыныш болмас.Әртүрлі ойдың соңына түскен Ұзақ әрі-беріден соң тышқандардың тықырына да, шиқылына да құлақ асқан жоқ. Танаға үйленгеннен бергі бір қыс ішінде бастан кешкеңцері тізбектеліп келе береді. Heгe екені белгісіз, көбіне- көп ренішті кездер оралады есіне. Қуаныш аз сияқты, көңілге дәт болары шамалы. Реніш жағы әлдеқайда басым жатыр.Көңілді жүдетеді. Іште жатқан бітеу жарадай жүректі сыздатады.
Басқасын қойшы, осыдан бірер ай бұрын ғана олар ашудың үстінде Тананы кешірместей етіп жәбірледі ғой бұл.Ол күні Ұзақ үш айлық еңбегінің ақшасын қосып бір- ақ алып, бір топ жігіттермен қосылып арақ ішіп, үйге ақшам кезінде қызу боп оралған. Әкесі тыста мал қоралап жүр екен де, апасы әлденеге бұрқылдап, ашуланып отыр екен.

- He боп қалды тағы? - деді ықылықтаған Ұзақ.

- Менен не сұрайсың, ана бәрімізді билеп-төстеп отырған қатыныңнан сұра.

- He боп қалды? - деп енді Ұзақ Танаға бұрылған.

Қазан астына от жағып жатқан Тана кінәлі кейіпте жымиып:

-Көйлектерім сыймай қалған соң, мен бір төрт метрдей зат алып едім, - дей берген.

- Төрт емес, он метр алсаң да сен неге маған алдын ала айтпайсың, неге ақылдаспайсың, неге менің алдымнан өтпейсің, ә?! - деп долданған апасы шақ ете қалды. Көз жасын төгіп те жіберді. Тана сол жымиған кейпінен ауған жоқ. Анасының шағынғандай жылап жіберген көз жасы, Тананың жымиғаны Ұзақтың зығырданын қайнатқан. Мұнан әрі ол не істеп, не қойғанын өзі де пайымдай алмай қалды.

-Сен неге күлесің, ей, әкеңнің... - деп кеп Тананы теуіп жіберді. Тана бірдеңе деп қарсылық білдірген, бұл одан әрмен еліріп, аузына келгенді айтып, төмпештей жөнелді. Ең ақырында:

- Қазір кет үйден!.. Екі қабат тұрмақ, төрт қабат болсаң да... Маған әйел табылады. Өзің тілемсектеніп келгенсің, нағыз жарымаған, жетімек! Қара, мұны!.. - деп есіріктенгені есінде. Тана сол үйде отырған киімімен зытып алды да жөнелді.Ұзақ соңынан қуа шыққан. Дәл табалдырықтың көзінде қарсы келген әкесі таяқпен мұны қақ бастан салып қалды.

- Тумай кеткір!.. - деді. Ұзақ қолымен басын ұстап отыра кеткен. Мең-зең болған күйде біраздан соң басын көтерген, кешкі аспанның ымырт пердесінде, ауылдың батыс жағындағы биік жотадан үкідей
ұшып, асып бара жатқан біреу көрінді. Станцияға баратын төте жолмен тартқан Тана сияқты."Апырмау, анау шынымен-ақ отыз шақырымдағы станцияға тартты ма, өледі ғой" - ашуы тарқап, есін жиған Ұзақ өзінің тым ағат кеткенін ұғып, Тананың соңынан шықты. Беті қатқақтаған балшық жол жүруге өте ауыр
екен. Ауылдан ұзаған соң ымырт үйіріліп, қас қарайды. Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы түн орнады. Қара терге түскен Ұзақ ырсылдап жүгіріп келеді. Тана жеткізер емес, түн қараңғылығы жұтып
қойғандай, жым-жылас жоқ. Жалғыз аяқ төте жол жота-жотаны асып, ирелеңдеп құзға да түсті, шамамен ауылдан он шақырымдай жер. Ал Тана жеткізер емес, әлі жоқ.

- Тана-а-а!.. Ұзақ құзды жаңғырықтырып айқайлап келеді. Жоқ, Тана қайрылар да емес, дыбыс та берер емес. Ұзақ тағы да ышқына жүгірді. Жол тағы бір ирелеңнен өткенде, анадай жерде лапылдап жанып жатқан от шыға келді. От жағып отырған Тана екен. Ұзақ жанына келген, бірақ әйелі оған қайралған жоқ. Тізесін құшақтаған күйі отқа таяп бүрісіп отыра берді.Ұзақ оны қолтығынан сүйеп, сыз жерден тұрғызбақ болып еді, көнбеді. Үндеместен, көз жасы ағыл-тегіл боталаған күйде бұған бір қарады да қойды. Сол бір қарастың өзінде қаншама қасірет, мұң бар еді. Жо-жоқ, бұған деген ашу-ыза, шаптығу дегендердің ізі де жоқ. Осынша қорланған, зәбірлеген Ұзақты емес, о баста алданған, алды-артын ойлай алмаған өзін кінәлайтын сияқты. Ұзаққа батқан, күйзелткен жәй осы болды.Сол түні айдалада, құз ішінде, қыста тартылмай қалған орта мая шөптің түбінде Ұзақ пен Тана от жағып отырып таңды атырды. Ұзақ кешірім сұрап, жалынумен болды, бірақ Тана көзі боталаған күйінен ауған жоқ. He жақсы, не жаман деп ләм демеді. Бір кезде Ұзақ солқылдап тұрып жылаған.Тана да жылады, бірақ бәрібір бетінен қайтар түр көрсетпеді. Таңға жуық атқа мініп әкесі жеткен арттарынан. Қарт атынан түсіп кеп, Тананы мандайынан сүйіп:

- Жүр, қарағым, Танажан, мен келдім ғой артыңнан...- деді. Тананы қайтарған әкесінің осы бір ауыз сөзі болатын.Егер сол күні әкесі келмегенде, Ұзақ Танадан біржола айрылатын да ма еді, кім білсін... Қазір осының бәрі есіне түсіп, Ұзақ ауыр бір күйде жатыр. Көзінен ып-ыстық жас парлайды, тырс-тырс жастыққа тамады. Бүгінгі күні бойы булықтырған іші толы өксік енді ғана тиегі ағытылып, түйдек-түйдек боп сыртқа шығуда. Еш уақытта ешкім білмейтін, бүгінгі түнмен бірге кетер өксік. Тана да білмейді...Мүмкін, әлде Тананың білгені де дұрыс болар ма еді? Сонан бері Ұзақтың ішқұста боп торығып жүргенін түсінсін де.Тананың алдындағы сол бір айыбын қайтып жуып-шаярын білмей іштей таусылып жүр ғой.Сол жолы Тана қайтып келгенмен де Ұзақ үшін бұрынғы Тана боп оралған жоқ қой. Мүлдем басқа Тана, бұрынғыдай сыр ашып, көп үндемейді, ештеңемен ісі жоқ мең-зең болған сүлесоқ
күйде жүреді де қояды. Әсіресе көзінде, отырып-отырып, анда-санда тұнып кететін бір мұң бар, жан адамға ашпас бір сырды іркеді де тұрады. Рас, күледі, сөйлеседі, бүгінгідей еркелеп құшақтайды да, бірақ бәрібір, бұрынғыдай ыстық ықылас, лапылдаған қүштар көңіл жоқ сияқты, іштей өзін-өзі ірку, жасқану бар. Ендігі жерде Ұзаққа секем алған күдікпен қарайтын сияқты. Мүмкін, суынған, қалған көңілдің белгісі шығар. Тек, сездіргісі келмейтін болар.Әлгіндегі өмір жайлы, қайғы-мұң жайлы сөз қозғағаны да тегін емес қой... Әнеу бір күні Тана шешесінің үйіне барып, төрт-бес күндей қонақ боп жатып қайтқан. Сол төрт-бес күн Ұзақ үшін төрт-бес жылдай болды-ау. Тананы қайтып келмей қоя ма, деп қорықты. Ал төрт-бес күн өткен соң, уәдесінде тұрып, Тана қайтып келгенде, мұның қуанышында шек жоқ еді...

Тауық шақырды. Таңғы талма шақ. Ал Ұзақтан ұйқы атаулыь безінген сияқты. Басын көтеріп терезеге қарады, әлі қараңғы, жауын құйып тұр. Енді ғана құлағы шалды: төр жақ іргеден тырс-тырс етіп тамшы өтіп тұрған тәрізді. Жәйлап көтеріліп сіріңке шаққан, мәссаған, ал керек болса саған бөлек шығу!.. Үйдің жауын жақ төбесі тегіс тамшыға бөгіп, шүпілдеп тұр, түртіп қалсаң сорғалай жөнелетін түрі бар.
Төсектің тұсына дейін кеулепті.Шам жағуға тура келді. Ұзақ шамды жағып, әлгі тамшы өтіп тұрған жерге жалғыз шелекті қойды. Тамшы бос шелектің түбін тықылдатып ұрғылай бастады. Сөйткенше болған жоқ, төсекке таяу жерден төбенің сылағы былш етіп қопарылып түсті. Тана шошынар ма екен деп Ұзақтың жаны шығып кете жаздаған, жоқ көрім болғанда оянбады. Әлгі қопарылған жерден тамшы сауылдай жөнелген, оған шәугімді тосып қоюға тура келді.Бірте-бірте, әлгі арық адамның қабырғаларындай ырсиған сырғауылдардың арасынан төбенің сылақтары жиі-жиі қопарылып түсіп, тамшы өткен жерлер көбейді. Ұзақ қолына түскен ыдыстардың бәрін тосты. Үйдің іші сыңғыр-сыңғыр үнге толып кетті.Енді төсектің үстінен де тамшы өту қаупі туды.Ұзақ жайлап қана төсекті бөлменің қақ
ортасындағы үлкен бөрененің астына жылжытып қойды. Өзінің қаудырлаған үлкен брезент плащын көрпенің сыртынан жапты.Ұйқы деген мүлдем қашқан. Ұзақ көзі бажырайып қараңғы үйде тың тыңдап жатыр, төбенің сылағы дүрс тепі түскен сайын, Тананы бауырына тартып қояды. Көрпенің үстінен түскендей болса, Тананы шошытпасын деп, брезент плащты қолымен кеулеп көтеріп жатты.Үйдің іші: сырт-сырт, шолп-шолп еткен тамшыларға толы. Шайнекке: "тифу-тифу!.." - десе, шелекке: "цук-цук!.." - дейді. Енді бірде брезент плащтың үстінен де тырсылдап тама бастады.Тана екінші бүйіріне аударылып жатты, оянған жоқ."Тифу-тифу!.." "цук-цук!.." Сәл ыңыранғандай боп ауыр тыныстаған Тана теріс қарап екінші бүйіріне тағы аударылып түсті. Тағы да тебінген, үстегі плащ қаудыр-қаудыр етті.

- Суық тиеді ғой, - деп күбірлеген Ұзақ келіншегінің ірге жағын тағы да қымтаған. Тана қолын қағып тастады.Кәдімгідей, дәл бір ояу жатып, мұны жақтырмаған оғаш қылықпен әдейілеп қаққандай болды. Сасып қалған Ұзақ басын көтеріп, Танаға үңіле қарап еді, жоқ, келіншегі шынымен ұйықтап жатыр екен.Төбенің сылағы тағы да былш ете түсті, тамшы тағы да көбейді. Жерге де тамып жатыр. Мейлі тосатын ыдыс жоқ енді... "Тифу-тифу!.." "Цук-цук..." "тып-тып!.." "тьш-тьш!..""Таң атысымен күл төгіп, мына үйдің төбесіне бір амал жасамаса болмайды екен. Қара қағаз тауып, жабу керек".Тана бері қарай
аударылып түсті. Ұйқылы күйінде Ұзақтың бауырына тығылды. "Мазаң болмай жатыр-ау, ә",- деді, келіншегінің бері, өзіне қарай бұрылып жатқанына көңілі көншігендей боп. Сөйтіп жатып Ұзақ байқаусыз ұйықтап кеткен. Қанша уақыт өткені, қай уақыт болғаны белгісіз. Ұйқысы қанып, көзін күліп ашты. Сәске кезі боп қапты. Тана төсекте жоқ. Тамшылар тынған. Үйдің төбесі қотыр ала, қотыр ала, ала сиырдың терісіндей. Кішкене терезеден жеңкіліп көшіп жатқан бұлттар көрінеді. Күн ашық сияқты.Ұзақ жымиып қойды: "Отау тігіп, үй болдық. Ха-ха..."Ауыз бөлмеден сөйлескен дабыр естіледі... Ұзақ құлақ түрген: Тана мен апасы сөйлесіп жүр.

-Мына киізді төріңе төсеші, жалаңаш жатпасын, - дейді апасы. Онан сырттан, даладан әкесінің даусы да естіледі:

-Әй, Жаппас, бұл тіреуді ана түп үйге қоялық, - дейді, сөйдейді де ішке қарай дауыстайды:

-Әлгі Ұзақ қайда! О несі, тал түске дейін жатып!.. Ұзақ төсек үстінде керіле созылып, белін қайқашты да, болат серіппеше қатты серпіліп қап, ұшып тұрды.

 

qalamger.kz

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста