Сафуан Шаймерденов. Қой, басқа біреу шығар
Бір күні ұзақ жүріп командировкадан келдім. Әйелім есікті ашты да:
─ Сүйінші, Тайлан, ─ деп күле тұрып қалды. ─ Ие?
─ Жоқ, әкел сүйіншімді. Әйтпесе, айтпаймын.
─ Жарайды, қалағаныңды ал.
─ Сағынтай басқа қызметке ауысты, ─ деді жолдасым.
─ Рас па? ─ деппін мен қуанғандығымнан. Сағынтай біздің көңілдес жолдастарымыздың бірі. Мен командировкаға жүрер кезде оны облыстың бір жауапты қызметіне ауыстырады деген сөз болған.
─ Бұл қызметке ауыстырса, айта жүретіндей етіп той жасаймын, ─ деп күліп еді Сағынтай. Тойын қойшы оның. Сағынтай сияқты жас жігіттің өскеніне, үлкен қызметке жоғарылағанына неге қуанбайын. Алдым да телефон соқтым.
─ Ay, Сағынтаймысың? Амансың ба, ей? Ал қызмет орның құтты болсын.
Ар жақтан құлағыма тосаңдау паң дауыс естілді.
─ Бұл кім болар екен?
Мен қысылыңқырап қалдым. Сағынтай қоңыр дауысты, шапшаң сөйлейтін жігіт болатын.
─ Бұл қайдан?
─ Қайда звонить етіп тұрғаныңды білмесең, неге звонить етесің, ─ деді жаңағы дауыс айырықша бір салқын леппен.
─ Мен қателесіп кеттім ғой деймін-ау осы? Маған Сағынтай керек еді. Сағынтай Өкімбаев.
─ Ие, мен Өкімбаев, ─ деді телефондағы жігіт. Содан кейін ар жағындағы біреулерге сөйлеп кетті. Мен аңырып қалдым.
─ Иә, Өкімбаев тыңдап тұр. Не айтайын деп едіңіз? ─ Телефоннан қағаз сыбдыры естілді.
─ Ау, сен Сағынтаймысың?
─ Ие, бұл кім еді?
─ Танымай қалдың ба? Тайлан ғой. Жаңа орның құтты болсын.
Одан үн жоқ.
─ Алло, алло. Сағынтай...
─ Ие, Тайлан, тыңдап тұрмын. Не шаруаң бар еді?
─ Командировкадан кеп тұрғаным осы. Сені құттықтайын деп... ─ деп күмілжідім. Содан кейін тағы да «Осы рас Сағынтай ма?» деп түйткілденіп қалдым.
─ Ал, сен рас Сағынтайсың ба осы, әлде ойнап тұрған басқа біреу ме?
─ Тайлан, ─ деді телефондағы паң дауыс. ─ Ойын-ойын ғой. Ал қызмет бабында «сен, сен» деп дікектеуіңді қоятын бол бұдан былай.
─ Әй, қойшы. Сенің осы бір қулығың-ай.
─ Рас айтамын. Соңы болсын мұның.
Мен бірдеме дейін деп ойлана беріп едім, Сағынтай трубканы тастап жіберді. Телефон «түк - түк» деп өз әніне басып кетті.
Апыр-ау, бұл кәдуілгі мен білетін Сағынтай ма? Қой, басқа біреу шығар...