Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ: Анама хат

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ: Анама хат

БАЙҚҰС РАШИД
Үздіксіз соғылған қоңыраудағы үнсіздік жүйкемді жұқартты. Бөтен нөмірдің бұл әдетіне үйренгенім соншалық жауап беріп те әуре болмаймын, жәй ғана қосып қоятын болдым. Ол үндемес үндемей тұра береді. Ол аямаған бірлікті, мен аяйды деймісіз? Үшінші күні тілге келген біреу әлқиссасын "Ассалаудан" бастап, "Танысайықтан " аяқтады. Бар айтқаны осы болды. Қоя салды. Сәлден соң тағы қоңырау шалды. Тағысын тағы. Көп сөйлемей бір-екі сөз айтады да, менің жауабымды күтпестен трубканы сөндіре салады. Күйеуіме келіп, осылай да осылай деп айтсам: "Номірді қате тердіңіз" деп даусыңды құбылтып қоя салмайсың ба?,- дейді қасақана күлімдеп. Күнделікті мазамды қашырған дамылсыз соғылған қоңырауынан қасымның қылшықтары да ағара бастағандай күй кешкен сәтте әлгіге өзім телефон соқтым. Қуанғаны-ай сондағы:
-Сіз бе, Құралай? Қалайсыз?,- дейді ашық- жарқын пейілмен.
-Сен кімсің, а?,- дедім бірден.
-Рашидпін.
-Рашидсің бе, мас итсің бе, маған не үшін қоңырау соғып жүрсің, соны айтшы?
-Танысайын деп... Сізді сыртыңыздан көріп ем,- дейді сабазым.
Мен күліп жібердім де:
-Сен мені өмірде көрмегенің көрініп тұр! Әйтпесе танысып нең бар?,- дедім.
-Несі бар ал?,- дейді ол да қайтпастан.
-Бәлесі бар! Түрім жаман менің, кетші а!,- десем.
-Танысып көрейік те бірінші,-дейді.
-Е, сен суретімді көрген шығарсың. Мен суретіме ұқсамаймын. Сурет-сұлу, алдай береді.
-Танысайықшы сонда да!
-Мақұл таныс! Бірақ күйеуіммен!
-Күйеуіңіз бар ма не?
-Ия! Бар! Үйге барған соң трубканы берем,- дедім де тастай салдым. Артынша пиқ-пиқ деп СМС келіп тұр: "Куралайка. Жаным" деп жазып жіберіпті. Ұрлық жасаған адамдай селк ете қалдым да, апыл-ғұпыл өшіріп тастадым. Соңынан 2-ші, 3-ші смстер келе бастады. "Куралайка, кездесейік" дей ме? "Неге мені түсінбейсің?" дей ме, Құдай-ау. Өшіріп үлгере алмай жатырмын әйтеуір.
Кешкісін үйге келген соң күйеуімді көріп, қараптан-қарап күлкі қысқаны.
-Сен мені "Қортық" деп шақырасың. Ал елдерге «Куралайкамын» если что! ,- дедім. Ол бетіме бажырая қарап "Немене болды? Ажарың кіріп қалыпты, жүдә " дейді.
Негізі жолдасым ай сайын маған ат арнап, есім беру дәстүрінен бір жаңылған емес. Ол әдеті оның дәстүрлі шығармашылығына айналғалы қашан?!
Бірінші Ақым етінмін. Әрі бүкір, әрі ұры әжейдің есімі. Басында ыңғайсыз болса да келе-келе өз атымды атаса қарамай, «Ақым» десе жүгіріп баратын болдым. Одан кейін «Шуман» болдым. Аузы көпіріп, қисақтап, ішіп, қоқыста ұйықтап қалатын әжей. Бұл атқа да құлағым үйреніп, жақсы болып қалған кезде «Пістекүл» деп шықты. Еркелетсе «Пістешка» болып шыға келем.
-Ол кім тағы Пістекүл деген? Сұлу бір қатының шығар. Әйтпесе табан астынан қайдан шыға келген кемпір бұл?,- деп, тек қана өзім танитын кемпір-сампырға үйренген басым - екі иығым ойнақтап, жаңа есімге бәле шығарайын деп келе жатыр едім:
-И, жоға. Просты, Пісте де кішкентай, қабақтай. Сен де толып кеттің, қабақтай болып. Пістеден айнымайсың!,- деп басып қойды. «Е, сұлу қатын ба деп қорқып кетсем. Мейлі онда» деп риза болып қалдым.
Осы есімдерімнің бәрін есіне түсірдім де:
-Көрдің бе, мен өзгелерге «Куралайкамын»,- деп сықылықтай күлдім. Күйеуім ызадан қалшылдап кетті. Әлгі номерге қоңырау шалды. Ол өшірулі. Қойшы, сонымен ол номер тағы бір апта смс жазып жүрді. Звондасақ өшірулі тұрады. Мен күніге Рашидтен келген ғашықтық СМС-терді күйеуіме дауыстап оқып беремін де - тұра қашам, ол тұра қуып кеп береді, бөлмемнің есігін құлттап алып, әй бір айғайлап мақтанам:
-Сен қартайдың, семіріп кеттің дейсің. Көрдің бе Рашидті? Соңымнан қалмай, әлі смс жазып жүр. Романтик өзі. «Куралайка» деп еркелетеді. Орысша тап-таза сөйлейді. Городской. Қатесіз жазады. Романтик өзі,- деймін аузым көпіре мақтанып.
Ол да әдетке айналдырды, үйге кіре сала: «Рашидің не жазды бүгін?» деп сұрайды. Сосын күйініп, оған телефон соғады. Ол көтермейді. Күйеуім жынданады .
-Қызғандың! Мені қызғандың!,- деп мен мәз болам.
Сөйтіп, аптаға жуық смс жазып жүрді бейтаныс нөмір. Кәдімгідей бейтаныс балаға бауыр басып, сұлу сөздерін күтіп жүретін болдық.
Мен онымен көбіне сөйлеспей қоятынмын. Жәй, смстерін оқығым келеді. Бір күні қоңырау соғып қоймайды. Бір өшірдім, екі өшірдім. Ақыры трубканы көтеріп:
-Ей, не?,- деп баж ете қалсам.
-Ей, әкеңнің! Не трубканы көтермей жатырсың, а? Рашидпен қолың тимей, кездесіп отырған шығарсың сен пәле?,- деп күйеуім ұрып тұр. Номерге қарасам Рашид. Сөйлеп тұрған күйеуім. Түк түсінбеген күйі:
-Рашид,- дедім
-Рашидте басың қалсын!,- дейді ол
-Нұрғиса?,- десем
- Өй, әкеңнің... Өз номерімді салған сияқты едім,- деді де, күйеуім трубканы тастай салды. Шатасып, Рашид болып сөйлесіп жүрген номермен қоңырау соғып тұрғанын енді байқаса керек.
-Байғұс, Рашидім-ай... Сұлу сөздер жазып, сұқтанып тұрушы еді. Оның бары жақсы еді ғой,- деп жылап жібердім.
Сөйтсем, жаңа номерімен даусын құбылтып, басымды қатырып жүрген күйеуімнің өзі екен...

АСПАНҒА ҚАРАП ЖҮРІҢДЕРШІ, А?...
Бірде ауылдағылар келеміз деген соң, кілтті дүкенге тастап кеттім. Сөйтсем, олар үйге соқпай қайтып кетіпті. Кешкісін жұмыстан менен бұрын келгендердің кілтімен ашқанда мен де үйге кіріп алдым. Есесіне, олар таңертең сыртымнан құлыптап кетіпті... Асығыс күйеуіме қоңырау шалдым да: «Тез кел» десем, «Мен барғанша бір сағат өтеді! Балконнан айғайла, біреу-міреу жаны ашып, көмектесер»,- деп тұтқаны қоя салды.
Сағатқа қарап қоямын. Жұмыс уақыты әлдеқашан басталып кеткен...
Қылтимаға шығып, қылқиып әлі тұрмын. Әлден уақытта біз өкшесін тықылдатып орыс әйел өтті. Әдемі екен. Бұтта мини, үстінде кожанный плащ.
-Девушка, девушка!,- дегеніме селт етпестен өте шықты. Көз алдымда жалмауыз кемпірге айналып кетпесі бар ма?
Демімді ішімнен алып, келесі жолаушыны күттім. Бұл да көрікті қазақ қызы. Бұл да қаздаңдап өтіп кете бермекші. «Қыз, қыз» десем, аспанға атылып бір қарап қойып, ол да асығыс өтіп кетті... «Ах, сайтан!» дедім іштей.
Келесіні тоқтатпадым. Зауқым соқпады. Себебі, ол да кожанный куртка киген, әдемі жігіт екен. Өз беделімен оны өзім-ақ өткізіп жібердім.
Ту-ту көздің ұшында біресе папкасына, біресе сағатына, біресе айналасына күлімдеп қарап алып келе жатқан мейірімді жігітті көзім шалды. Маған адамдардың төбесінен қарағалы олардың мінезін оқып алатын бір құдірет пайда болғандай. Бастысы, үстінде кожанный курткасы жоқ!
-Жігіт,- дедім жалма-жан. Ол жан-жағына қарады.
-Жігіт! Ей, жігіт!
Тоқтап, тағы айналасына бажайлай қарап қойып, кетіп барады. Мүмкін емес!
-Ей, аспанға қара, аспанға!,- дедім ақырып. Басын көтеріп, маған жалт қарағаны сол:
-Маған анау магазиннен кілт алып, есікті ашып бер!,- дедім бұйырып. Құдды бір кілтімді сол бала алып қойғандай бар ашуымды содан алғым келіп тұр. Дүкенге жүгіріп кіріп кетті. Шықты. Мен тез аяқ киімімді кие қояйын деп, ішкі дәлізге кіріп кеттім. Етігімді киіп алып күтіп тұрмын. Әне ашады, міне ашады... Жоқ. Зым-зия! 10 минуттан аса күттім. Балконға қайтадан жүгіріп шықсам, ыржиып:
- Коды қандай есіктің,- дейді.
-3636,- деп бақырып бердім. «Неге білмейді ей?» деймін, етігімді жұлқып киіп жатып. Тағы күте бастадым. Тағы жоқ. Тағы 5-10 минут өтті. Аяғының дыбысы да естілмейді. Бұл жолы етігімді шешуге шамам да келмей, балконға жүгіріп шықтым.
-Ашылмайды,- дейді әлгі жайбарақат.
-Ей! 3636 дегенді екі саусағыңмен бірдей бас!,- дедім тістеніп. Бұл жолы ішке кірмедім. Балконға қаққан қазықтай болып тұра бердім. Іштегі үйдің есігіне кілт салып, бұрап, ашып жатқанда бір-ақ кірдім.
Сол күннен кейін кожанный куртка кигендерге жоламайтын болдым...
Айналайын адамдар, бір сәт аспанға қарап жүріңдерші, а?!

БИ
Қызылгүл шыр айналды. Көзін тарс жұмып алыпты. Шыңғырып-шыңғырып қояды. Езуінен күлкінің табы байқалғанымен, жанары солғын. Жүрегіндегі жүкті тұла бойынан осылай шығарып жатқан сияқты... Күйеуі алып қашқанда:
Сүйгенім бар! Қазір алып кетеді!,- деп қоңырау шалды.
– Өзге жігіттің табалдырығын аттадың,- деп онысы соңынан келмей қойып, тарқалып кеткен бұрымын қос қолдап жұлып еді...
Ертесі беташардан соң дүйім жұртқа жатырқай қарап: "Сүймейтін адаммен қалай тұрамын?" деп, есі ауған адамдай қайталай бергені де көз алдымда...
Бүгінде үш баланың анасына айналған арудың серттескен ғашығын ойлап тұрғаны маған ғана мәлім бе деп жан-жағыма қарадым. Оны мен ғана ұққан сияқтымын. Әркім өз биімен әуре.
Бәрі билеп жүр. Тек есікке сүйенген Лағыл ғана билемейді. Ол сөйтеді. Үнемі шеткері барып, аулақта ой құшағында тұрады да қояды. Өзінен едәуір үлкен кісіге бір түнде ойланбастан тұрмысқа шығып кеткеніне таң қалып сұрағанымызда "Бір көргеннен құлай сүйдім" деп жауап қатқан. Алайда ол тұрмыс құрмай тұрып, әкесінің отасына үлкен сомадағы қаражат тапшылығын айтып жиі жылайтын. Кейін тұрмысқа шыға салып, күйеуі барлық қаражатты көтеріп, әкесіне ота жасатып, соңынан екі қабатты үйлеріне көшіріп алды. Бірақ, бала кезінен, ұзақ жылдар бойы сүйген жігітімен қос жұп болып, Республикалық би бәйгелерінің жеңімпазы атанғанын бәріміз білеміз. Жиын тойларда ел-жұрт биші жұпқа бақыт тілеуші еді-ау сонда...
Ол енді ешқашан билемейтін шығар...
Жазира. Ол бөтелкемен ғана билейді. Өз мұңы өзінде. Ешкім оны түсінбейтіні сияқты, оның да ешкімде шаруасы жоқ.
Зарина күйеуімен билеп жүр. «Тек қыздар ғана отырамыз! Күйеусіз келіңдер!» деген қағидаға бағынбайтын да Зарина ғана. Күйеуі өзінен алты жас кіші. Інісінің досы еді. Кейін сол інісінің досына үйленерде қарсы болғандардан қашып жүріп қосылды. Жарда тұрған қос тағдырды, жалынып-жалбарынып жүріп, үлкендер алып келіп, той жасап берді. Содан бері он бес жылға жуық уақыт өтті. Үйлену тойында басталған вальстің құшағынан арыла алмаған олар - әлі бірге билеп жүр.
Би кезегі маған келді...
...Бәріміз үйге қайтып кеттік

АНАМА  ХАТ
Қызғалдақ терген көктемде, көбелек қуған көк белде, ақ бантигім басымда, қуыршақ-қыздың қасында шаттанып-ақ журуші едім. Не жазғанымды қайдам, ілеспей қалып қойды, қайран балалық... Балалығым бір жола тастап кеткен соң әр сәті көктемнің көкөзегіне бергісіз мөлдіреген таңғы шықтай жастық шағыма жол ашылды. Бәйшешектей бұралып, жауқазын гүлдің өскініндей сырлы сазға толы сиқырлы күндермен қауыштым. Бірақ, тай-құлындай тебісіп өскен бауыр, асқар таудай әке, бәрінен де аяулы анадан алыстап, туған жердің топырағынан бір қадам ұзап көрмеген қара қызға білім баспалдағымен биіктеу үшін қалаға бет алуға тура келді.
Қызғалдақ терген көктемде, көбелек қуған көк белде, ақ бантигім басымда, қуыршақ-қыздың қасында шаттанып-ақ журуші едім. Не жазғанымды қайдам, ілеспей қалып қойды, қайран балалық... Балалығым бір жола тастап кеткен соң әр сәті көктемнің көк үзігіне де бергісіз мөлдіреген таңғы шықтай жастық шағыма жол ашылды. Бәйшешектей бұралып, жауқазын гүлдің өскініндей сырлы сазға толы сиқырлы күндермен қауыштым. Бірақ, тай-құлындай тебісіп өскен бауыр, асқар таудай әке, бәрінен де аяулы анадан алыстап, туған жердің топырағынан бір қадам ұзап көрмеген қара қызға білім баспалдағымен биіктеу үшін қалаға бет алуға тура келді.
Начало формы
Ауылымды артқа тастап, қала өміріне аяқ басқалы бір-ақ сағаттық шақырымнан бес күн сайын қатынайтын маған анам хат жазатын. Туған жердің жұпары мен анамның мейірімі мөлдіреп тұнып тұрған сағынышқа толы сырлы хаттарды қолыма алғаннан-ақ, алақандай елді мекеннің жаңалығын жайып салады қағаз шіркін, қарапайым ауыл мінезінің аңғалдығы мен қалам құдіретіне сүйеніп.
«Жарық қызым!», - деп бастайды хатын көбіне: «Қал-жағдайың қалай? Жердің түбіне кетіп, саған жете алмай қалдым ғой... (Сондағы қашықтық 80 шақырым!) Қайда жүрсең де аман бол, саулығыңды тілеймін. Мына құрып қалғырдың қаламы нашар жазып мазаны алды. Әйтпесе, жаңалық көп-ақ. Қаражаттан қысылып жүрген боларсың,.. үйде бәріміз жұмыссыз қалдық қой, інің: «Жалғыз бауырымды қайтсем де оқытамын»,- деп түстенбейді де, мына аязда ақша тауып жүр, шүкір. Соны мына азық түлікке қосып, салып отырмын. Аз да болса көптей көр. Енді қара, мына екі келі құртты көрші Бибішай апаң, мынау сары майды ауылдас Орынбала апаң саған бер деп тапсырды. Олардың жағдайлары жақсы. Немерелері аман-есен. Мына сары пакеттегі бір келі шоколад пен бір келі пішіни, ет шамалы ғана төс қой, майлы жері деп тастай салма, жемесең құрбыларыңа бер! Қалғаны күріш, рожки, горох. Сүт-айран ашып кетер деп салмадым. Жарық қызым кір-қоңың болса ала кел, екі орта жақын ғой, апта сайын келіп тұрасың, өзім-ақ жуып берейін. Қалам тағы жазбай жатыр. Сау бол, көріскенше жарығым!
Хаттың басын жердің түбіне кетуден бастап, соңында екі ортаның жап-жақын екенін өзі-ақ мойындай салады аңқау анам.
Ал мына бір сарғайған хаттың көгілдір тартқан тұстарына сағыныш тамшылары төгіліпті...
«Сау саламатсың ба Жарық қызым!
Құралай, Шүралай, Кроля, Кука, Кролик! (Менің бүкіл лақап атымды тізіпті)
Денсаулығың қалай, ақшаң, азық-түлігің таусылған жоқ па? Наурыз мейрамың құтты болсын!!! Курстастарыңа сәлем айт! Әсіресе, Шынар қызға!
Біз аман-есенбіз. Үйдегі тіршілік. Кластастарың сәлем айтып жатыр. Тоты үйге келіп, адресіңді алып кетті. Гүлназды Қаратауда көрдім. (Хаттың осы тұсы сыныбымдағы он сегіз қыздың және бүкіл туған-туыстың қал-жағдайына, тұрмыс тіршілігіне арналады)
Көше наурыз көже беріп жатыр. Сен іше алмай қалдың-ау... 20-шы наурыз әкеңнің туылған күні, құттықтауды ұмытып кетпе. Айтпақшы, Сейіткәрім ағаң үйленді Қаратаудағы. Топжиярына бардық. Келіншегінің есімі Жазира. Бойы ұзын, сары-томпақ, ашық қыз екен. Иіліп сәлем жасады, сондай инабатты.
Варенья қайнаттың ба? Қайнатпасаң өзім қайнатып беремін, уайымдама!
Шайдың сары қағазына жер жаңғақ, ал қызыл пакетке құрт салдым. Сағындым сені, Жарығым!!! Хаттың осы жеріне келгенде көз жасымды тия алмай отырмын, содан хатқа сия жұғып қалды. Басқасын көшірейін десем әкеңнің мінезін білесің, күтпеймін деп тұр.
Наурызды қай жақта өткізсең де өз еркің. Абай бол бірақ. Мынау көп нүкте сенің бетіңнен сүйгенімнің белгісі деп білерсің...
Сау бол, жап-жарығым, мамасының еркесі-серкесі!»,- деп соңыеа көп нүкте қойылыпты.
...Осы сарынды хаттар тізбектеліп, келіп-кеткен адамдардан менің мекен-жайыма жиі жеткізіліп тұратын. Мен анамның бұл әдетіне ызалансам да, іштей ұнататынмын . Ауылға жиі қатынайтынымды білетін қыздар келеке ететіні болмаса...
Бірде, жазғы демалысқа барғанмын. Таңертең есіктің тұтқасына әдеттегідей хат қыстырып кетіпті. Әкем екеуміз оқып алып, ішегіміз түйілгені әлі есімде.
Құрметті отағасы! Менің бір анадан туылған екі Борькам жоқ (бұзаулары) Мен соны іздеп кеттім. Кроля! Папаңа шай бер! Төрт бұрышты шкафта (домалақ шкаф жоқ еді үйде), төрт бұрышты лапша бар, дәмді, қолдан жайылмаса да. Соны жылытып жеңдер. Мені күтіп аш қалмаңдар. Алма огородта самсап тұр жегілерің келсе. Сырттарыңнан кілттеп кеттім, іштен ашып аласыңдар ғой бәрібір. Кілт өздерің білетін орында. СӘЛЕММЕН: келіншек кемпірің
Кейін мен тұрмыс құрып, Астана қаласында тұрып жаттым. Үйден алыстап көрмеген анам мен тұңғышымды босанғанда қалжамды құшақтап, Талас топырағынан солтүстікке жол тартып, үйімде үш ай жатты. Бірде түн ішінде ыңылдаған бірдеңеден оянып кеттім. Қарасам анам теледидарға менің тойымды қосып, көріп отыр. Жәй ғана көріп отырған жоқ, еңкілдеп жылап отыр. Тыңдасам: «Жанареееем-м-м мен кеткенде сегіз қызыңның соңынан ұл бола ма деп көтеріп-ең, босанатын уақытың да болып қалдеее»,- деп ауылдағы қарсы үйде тұратын көрші келіншек Жанардың бетін экраннан барып сипалайды. Соңынан: «Венераааамммммм»,- деп жанымыздағы көршіні көріп, тіпті теледидарды құшақтай алғаны. Шыдай алмай: «Мама не істеп отырсыз?» деп атып тұрдым. «Мыналарды сағындеееем! Қайран Менің кең жайлауым Майтөбемм-м-м! Қорап үйіңе қалай сиямын, қалай?!»,- деп ботадай боздап қоя бергені, бар көрші-қолаңын түгелдеп.
... Сол күннен бері қаншама көктем өтіп, қаншама бәйшешек бүрін жарды. Уақыт жылжып, өмір өзгергенімен анам ғана өзгерген жоқ. Жанарынан мейірім шуағы төгіліп, күн тектес жылылығы, гүл тектес нәзіктігі, баладай пәк, дархан даладай кең пейілділігі сол қалпында. Тек, қолда барда алтынның қадірін білмей қалмайын, сағыныштың самалы жүрегімді тербетіп тұрғанда, құшағын жаяр анам барда, ыстық ықыласымды осылай білдірейін деп, мен де алғаш рет анама хат жолдап отырмын...
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста