Нұрлан ҚАБДАЙ: Қызыл бадабоз
(әңгіме)
Арқаның ақтүтегінен жыртыс еншілеген ауыл тас бүркеніп жатыр еді. Шатырдың бүйіріндегі қылқиған қожалақ мұржаның танауынан өрген түтін құрық бойынан ыдырайды. Көтенін пешге тіреп қойып, қысқа күнді қысыр әңгіменің кеу-кеуімен оздыратын салбөксе жұрттың өлмелі тіршілігінен нышан аңғартқан сиқы. Былайғы тымырсық кез тұрмақ, бетіңді сыпыртқымен осқандай қып ботадай боздататын боранды күні де ит пен балаға есе жібермейтін күйбеңшіл байғұс, борсаңынан жаңылсашы. Түбіт шәлінің қос шалғайын кеуде тұстан айқастырып әкеп қолтықтың астынан жүгіртіп, ұшын жаурынның ортасынан түйіншектеген. Жүзі түтіге күреңітіп, бойын бусантқан терден шәлінің күмбезін қырау шалыпты. Құлын кездің қызығын қу тірліктің бодауына байлаған итің өмір жандысы тұрмақ, жансызының өзін қартайтып жіберген бе дерсің. Қолпылдақ қоңыр пиманың бұзау тұмсығымен қопа қ қопара сөгіп келеді екен. Қол шананың қайқы басынан шалған комбайнның қыл ремені екі иықты кезек қажап, қажытып біткен. Жетер жеріне жеткенше жұмырындағы шайлық судың жарымын ырбиған езуінен бүркіп таусатын қос фляг жетекке жүрмеген шалдуар баладай шана үстінде ырғатылып отыр...
Үстіндегі қызыл пәлтесінен таныдым. Қызыл пәлте қырық жылдан бері қырық иықтан түсіп, қырық иіс ауыстырғанын айтып мұң шағатындай. Әжесінен қалды ма, әпкесінен қалды ма кім білсін, әйтеуір біз ес білгелі бар киім. Әуелде бір киер ретінде ине-жіптен шыққанын ғана місе тұтпасаң, қазіргі сықпыты жауыр түйенің қомынан сәл-ақ қалқыңқы шоқпыт. Етек-жеңін ақ көбелек түтіп тастаған, түймелік жырықтың да көзі ашылмағалы қай заман. Түйменің түтінін жарты құлаш кендір жіп түтетіп отыр. Есімін білмейді екем. Есімі мен тұрмақ өзінің есінде жоқ шығар. Есінде бары бір қырттың аузынан шығып, бүкіл ауылдың езуінде кеткен «қызыл бадабоз» дейтін лақап атты қызыл пәлтенің жетегінен алғаны.
Ұзатылған апайымен еріп келген деп еститінбіз. Әлде, шаруаның қисынын бірді-екілі шартық қараның күйісімен өлшеген жездесымақтың аяқ астынан мещандығы ұстап, көже-көлкілдектің есебін ұрын барғанда-ақ ұртына басып қайтты ма екен? Не де болса, бишікті байының алдында безгегі ұстағандай безіп жүруден басқа не ауызында сөзі жоқ, не басында еркіндік жоқ, не артында іздеушісі болмаған әпкенің көрген қорлығын теңдей бөліскені даусыз. Оған бола жүзімен жер басқан жезде қане? Керісінше, қоқиланғанда қораздың өзін ұялтатын бетбақ неме, көрші-қолаңның назасы намазын бұзғандай кіржиіп, күң қылып отырғам жоқ, күн көрсетіп отырмын деп кекірейетін. Амал қанша. Балдыз боп былқ-сылқ етіп, қақ төрде қас керуді бұйыртпаған тағдыры, жезде үйінің жез құманынан да салтақ күйге түсіріп, отымен кіргізіп, күлімен шығарып қойған. Сөйткен қызыл бадабоздың жазда да жабуы түскенмен, крәскісі көшкен емес. Күні күңнен бетер еді.
Ышқына зорланғанда барқыраған дауысы бүткіл ауылды басына көшіретін «Т-40»-тың ыңыршағын айналдырарлық таудай маяны телешкеден тоқал қораның төбесіне үю қызыл бадабозға сәскелік қана шаруа. Айырды бытыса тапталған шөптің бүйіренен гірт еткізіп, ырғап-ырғап жұлып ап, қайқайта лақтырғанда, қолымен бұлт көшіріп жатқандай көрінуші еді. Жігіттің жіліктісінің өзін майырып жіберетін қара жұмыстың жегінінде жүрген қаршадай қызды көрген талай жұрт жағасын ұстаған. Әсіресе, бойжеткен баланың осы жасқа дейін қара танымағаны қынжылтса керек, ауылдың есті шалдары мен епті кемпірлері деректір мен әкімді алдыға сала барып, сауға сұрапты. Апайы «Барсын. Оқысын» - депті кемсеңдеп. Жездесі «Шаруадан қолы тисе болды ғой...» - депті жақтырмаған кейіппен. Сөйтіп, қызыл бадабоз мектеп табалдырығын аттаған. Бірақ, қатарластарына жуй алмай, төменгілердің үйіріне қосылды. Маңдайы жарылып, оқудың түбіне жетер дейтін үміт жоқ, әйтеуір, әліпті таяқ деп білсе болғаны десіпті, үлкендер.
Хош. Белуардан келетін балалардың арасында үйректің сүйкімсіз балапанындай шодырайып тұрар еді. Сыпсың сөзді сабақ алмай-ақ меңгеретін қайсы бір «озаттардың» жымысқы көзінен парта да жасыра алмайды екен. Оның үстіне, әріп жаттап, амал үйрену де қи ойып, көң сыпырудай оңай шаруа болмай шықты. Кеспірі келіссіз болғанмен, көкейдегі қыз сезімнің қытығы ояна бастаған қызыл бадабоз, бір тоқсан тұрмақ бір жеті де шыдамай, онсыз да кеш ашқан мектептің есігін сөйтіп, ерте жапқан.
...Арқаның ақтүтегінен жыртыс еншілеген ауыл тас бүркеніп жатыр еді. Өлісінде бұйырмақ кебінін тірісінде-ақ шақ көргендей, аспан да аппақ, жерде аппақ еді. Қызыл бадабоз шана емес, зіл батпан тағдырын сүйретіп, осынау көз қарықтырар меңсіз дүниеден бағдар таппай, дөйдалаға маңып бара жатқандай көрінді.