(Деректі әңгіме)
Алматыда қар жауып тұр. Таң алакөбеңде қылаулап басталып еді, содан міне, ымырт үйірілгенше қиыршықтап төгіп жатыр. Мұндай күндерде терезеден сыртқа көз салып отырып, өткен жаздағы көңілді күндерді, иә болмаса, есіңізде қалған бірқызықты әңгімелерді еске алғаннан абзалы жоқ-ау, сірә. Сонда бар ғой, жүйрік қиялыңызбен бірге ішкі көңіл-күйіңіз де бұрнағы күндерге қарай шегініп, өзіңізді бір биік таудың бөктерінде немесе ерке өзеннің, айталық, алып Ертістің жағасында демалып отырғандай сезінетініңізге шүбә келтірмесеңіз де болады.
Иә, айтпақшы осы... Ертіс демекші, былтырғы жазда осынау үлкен өзеннің бойында серуендеп жүріп тыңдаған Рамазан Ақсарай мырзаның бір қызық та тағлымды әңгімесі есіме түсіп отырғанын қараңызшы.
Шынында да, қадірлі оқырман, менің сіздерге осы бір таңғажайып оқиғаны қал-қадерімнің жеткенінше баяндап беруге ықыласымның ауғанына да біраз болған-ды. Бірақ, неге екені, соған бел буып, нар тәуекел деуге біртүрлі батылым жетпеуші еді. Бәлкім, мынау қар тұтқынында қалған күннің есесін қайтарып, сол бір қызық та тылсым хикаяны тап қазір қағазға түсіруге тырысып көрсем бе екен?!.
Несі бар, бүгін бәрібір алыс сапарға шыға алмайсыздар, ол аз десеңіз, қаладағы кең көшелердің өзін де қар сүргіш машиналар таңертеңнен бері тазалап, үлгере алмай жатыр.
Жә-ә, сонымен, мен сіздерге әуелі Рамазан Ақсарай мырзаның кім екендігі жайлы азды-көпті мағлұмат беріп өтейін. Ол кісі – 1992 жылдан бастап, 2002 жылға дейін Қазақстандағы қазақ-түрік лицейлерінде сабақ берген түрік азаматы. Тәжірибелі ұстаз. 1992 — 1998 жылдар аралығында Өскемен қаласындағы қазақ-түрік лицейінің директоры болып қызмет істеген.
Міне, біздің әңгімемізге арқау болып отырған оқиға да нақ осы кезде, Өскемен қаласында, Рамазан Ақсарай мырзаның өз басынан өткен жәйт болып табылады.
Иә-ә, ол жақтағы қыстың қандай болатынын көпшілігіңіз білетін шығарсыздар-ау. Бәлкім, өз көздеріңізбен көрген болуларыңыз да мүмкін. Ал көрмегендеріңіз, әрине, естідіңіздер, теледидардан тамашаладыңыздар. Солай емес пе?!
Ендеше, бүгін сол Өскемендегі қыстың е-е-ең суық кештерінің бірін көз алдарыңызға елестетіп байқаңыздаршы.
...Қызылшұнақ аяз. Ауық-ауық асыр салып, аппақ қарды ұйтқытып, сиқырлы қамшысымен бас-көзге қарамай сабалай жөнелетін тентек жел. Кейде, тіпті, ұзағынан соғып, аш бөрідей ұлып, ақтүтек боранға айналады. Құдай сақтасын!..
Бүгін де күн қатты суық болғанмен, боранның беті қайтқан секілді. Терезенің саңылауынан уілдеп, кей сәттерде қыстыға жылаған баланың, ыңырси қиналған бір жұмбақ мақұлықтың, жол азабын тартқан бейтаныс жолаушының даусына ұқсайды. Бұл, әрине, желдің үні ғой. Құлақ түріп, тың тыңдаған жан осыны білгендіктен ғана сабыр сақтап, тып-тыныш отырады. Өйтпеген күнде сырт киімін асығыс киіп, мана-ақ далаға қарай атыла жөнелер еді-ау.
Қырау қатқан әйнектерге сурет салып ойнайтын қызылшұнақ аяздың сықырлаған лебі мен сыңсыған желдің сәт сайын құбылған үніне құлақ түрген Рамазан мырзаның қиялы осы бір тылсым сәттерде сона-а-ау Жерорта теңізінің саржағал құмды жағалауларына сапар шегіп қайтқандай болады.
Әрине, қиял болған соң, көзді ашып-жұмғанша-ақ барып та, көріп те келесің. Түркияда қазір қоңыр күз қанатын жайып, теңіз сарынын тыңдап жатқан шақ...
Ыстамбүлға қар сирек жауады. Соның өзінде көше-көшелердегі көлік қозғалысының ырғағы бұзылып, жүргіншілер абыр-сабыр болады да қалады. Ал мұнда...
— Шай дайын болды, — деді осы сәтте ас үй жақтан шыққан жұбайы ақырын ғана үн қатып.
— Қазір барам.
— Бәріміз бірге, қысылып-қымтырылмай отырайық деп, дастарханды төр үйге жайдым.
Осы сәтте жұбайының үнінен де бір тұңғиық сағыныш сазы ескендей болды. Ақырын сөйлегендіктен бе, оның жүрегіндегі туған жерге деген ыстық сезім, тіпті, тереңде, тау қыртыстарының қойнауындағы жанартаулар секілді қайнап жатқандай сезілді.
Кенет орнынан қозғала бергені сол еді, кенже ұлы Нұрсұлтанның шар ете қалған ащы даусы құлағын... құлағын ғана емес-ау, жүрегін жарып жібере жаздады. Төргі бөлмеге қалай жетіп барғаны есінде жоқ.
Дастарханның бір шетіне жаңа ғана әкеліп қойған шәугімдегі ыстық су ақтарылып, аппақ бу боп аспанға көтеріліпті. Ал еденде аяғын құшақтап, домалап жатқан кенже ұлының құлын даусы құраққа жетеді. Оның жанында әлі де не боп қалғанын жөнді ұқпай, ұйқылы-ояу күйде мәңгіріп ортаншы ұлы Мұхаммед-Сафа тұр состиып.
Қайнаған су бұрқ етіп ақтарылған кезде шұлығы аяғына жабысып, күйіп қалған кенжесін жерден жалма-жан көтеріп алған Рамазан мырза оның шұлығын шешіп, аяғын салқын суға салуға ұмтылды. Қатты қорыққандыкі болар, өзінің де қол-аяғы дір-дір етеді. Ал әйелі мен балалары тіпті, естерінен танып қала жаздапты. Не істерін білмей, күйген баланың айналасында топырлап жүр бәрі де.
Ә дегенде ес жиып, телефонмен жедел жәрдем қызметін шақырған да Рамазан мырзаның өзі болды. Абырой болғанда, олар тез жетіп келді. Мұның даусы телефоннан тым үрейлі естілген болуы керек, дәрігерлер, тіпті, полицияға да хабарлап үлгеріпті. Іле-шала жеткен олар да мынау үйдегі жағдайдың жай-жапсарына тез қанықты.
Оқиға былай болған екен; анасы шай дайындап, әкесін шақырып келуге шығып кеткенде төргі үйдегі кереуетте ұйқтап жатқан Мұхаммед-Сафа ұйқысырап, төсектен аунап құлап түседі. Осы кезде бөлмеге жүгіріп кірген Нұрсұлтан оны орнынан тұрғызуға ұмтыла бергенде, ұйқылы-ояу Мұхаммед-Сафаның аяғы байқамай ыстық шәугімге тиіп кетіп, төңкеріп жібереді. Сөйтіп, ойламаған жерден інісінің аяғына қайнаған су ақтарылып, баж ете түседі. Одан ар жағы беп-белгілі...
Шытынаған суық түннің қою түнегін қақ жарып, ауруханаға қарай зымырап бара жатқан жедел жәрдем машинасының соңынан Рамазан мырза да өз көлігімен жүйткіп келеді. Тұңғышы мен ортаншы ұлдарының «біз де барайық, әке» дегеніне, «Болмайды, — деп қысқа ғана жауап қатып еді жаңа. – Сендер үйде отырыңдар —...»
Ал жұбайы жедел жәрдем машинасына мініп, дәрігерлермен бірге кетті. Тап осы сәтте Рамазан мырзаның көңілін расында да, тылсым бір жалғыздық торлап алғандай болды. Туған жерден алыста, қар жамылған суық өлкеде, өзінен басқа сенері де, сүйенері де жоқ жан сияқты сезінді өзін. «Ең бастысы, құлыншағымның денсаулығы жақсы болып, тезірек жазылып кетсе екен, — деп тіледі ол жолға тесіле қарап отырып күбірлеп. – «Алла-тағала, біз игілікті жолда жүр емеспіз бе!..»
Аяғы күлдіреп қалған баланың күйген терісіне дәрі-дәрмек жағып, аппақ дәкемен орап, таңып болған соң дәрігерлер оның қашан сауығып шыққанша ауруханада жата тұруы керек екендігін айтты. Бірақ, Рамазан мырза оған көнбеді. Түн ортасында көзін жәудіретіп, кіші ұлымды бейтаныс жерде қалай қалдырып кетемін дегендей, жүрегіне беймәлім бір үрей кірді.
Ақыры, ақ халатты жандардан қайта-қайта өтініп жүріп, ұлын ауруханадан шығарып алды. Енді міне, жұбайы үшеуі түннің бейуағында үйлеріне қайтып келеді.
Әудем жер ұзап шыққан соң, Рамазан мырза өздері тұратын жаққа қарай баратын төте жолға қарай бұрды машинасын. Жанына батқан ауру жаңа ғана басылып, анасының алдында балбырап ұйықтап кеткен ұлын үйге тезірек жеткізгісі келді. Әрі өзі де бүгін әбден қалжыраған сияқты. Шіркін, осындай бір сәттерде адамды шаршататын ауыр жұмыс емес, қалың уайым екеніне көзің анық жетеді екен-ау. Әйтпесе, немене, күш-қуаты бойында тасып тұрған азамат көзінің ағы мен қарасындай ұлдары, қызғыштай қорыған отбасы аман болса, қандай қиындыққа да төзеді емес пе.
Кенет машинаның жүрісі өзгеріп, селк-селк ете түсті де, кілт тоқтады. Мәссаған! Мынаң қара, ендігі жетпегені осы еді!.. Көліктің жанармайы таусылыпты!..
Бүгінгі күннің әуресі әлі таусылмағанын Рамазан мырза осы сәтте анық сезді. Бәлкім, нағыз сынақ енді басталған болар деген де ой келді. Себебі...
Иә-ә, мұның қайбір себебін айтып тауысарсың. Түн іші. Қала шырт ұйқыда. Жақын маңда жанармай бекеті жоқ. Ең қиыны, Алтайдың азуын айға білеген қызылшұнақ аязы. Енді біраздан соң машинаның іші де суи бастайды. Сонда не істемек? Қайда барып, кімнің есігін қағып, пана сұрамақ?..
Осы сәтте жұбайы ұйқтап жатқан баласын оятып алмауға тырысып, ақырын ғана:
— Не болды? – деп сұрады үрейленіп.
Рамазан мырза үн қатпады.
— Машина бұзылып қалды ма?
«Жоқ» дегендей, бұл енді, басын шайқап:
— Бензин... – деді күбірлеп. – Қазір, қазір... Жанармай құямыз... Сонсоң... сонсоң жүреміз де кетеміз.
— Ой, құдайым-ай, — деп жұбайы терең күрсінді. – Оны қайдан табасың?.. Түн ішінде... Және мынандай суықта... Енді қайттік?
-Сабыр ет. Бір мәнісі болар...
Жұбайы бір сәт үнсіз қалды. Содан соң, машинаның ішіндегі жым-жырт тыныштықтан секем алып:
— Апыр-ау, біз мұнда не істеп жүрміз?.. – деді әбден амалы құрып, шарасы таусылғандай аһ ұрып. — Бұл қалада біз көмек сұрайтын бір де бір туысымыз жоқ қой!..
Кенет: «Неге?! – деген бір ойдың ұшқыны жылт ете түсті Рамазан мырзаның санасында. – Мектепте бірге қызмет істейтін ұстаздар, өзім сабақ берген шәкірттер және олардың ата-аналары ше? Одан қалса, мынау айналамыздағы жұрт бар емес пе?!.»
Бірақ, солардың бірде-біреуіне қоңырау шалып, хабарласа алмай пұшайман болып отырған мұның өзі ғой! Өйткені, қолды-аяққа тұрмай шырылдаған құлыншағын көтеріп, асып-сасып жүрген шақта қалта телефонын үйде ұмытып қалдырып кетіпті. Ол аз болғандай, машинаның жанармайы таусылуға жақын қалғанын да аңғармапты.
Жә, жарайды, енді оған өкіндің не, өкінбедің не?..
Құдайым-ау, таңның атуын күтіп, қанша отырар екенбіз мұнда?.. Мына машинаның іші әлден-ақ суи бастаған сияқты ма, қалай?..
Шынында да, шарасыздыққа душар боп қалғанымыз ба?..
Кенет арт жақтан бір жарық көрінгендей болды. Түнделетіп, қаланың жұрт сирек қатынайтын жағына бір машина келе жатқан сияқты. Әне, оның гүрілдеген даусы да құлаққа анық жете бастады.
Рамазан мырзаның көңілінде үміт оты жылт ете түсті. Қол көтеріп тоқтатпақ болып, сыртқа атып шықты. Әлгі машина бұларға жете бере кілт тоқтады.
— Рамазан аға, бұл сіз бе?!
Япыр-ай, әйнектей шытынаған аязды түнде естілген мынау таныс дауыс жан дүниесіне таңғажайып бір нұр құйып жібергендей болғанын қараңызшы. Машинадан түскен жігіт бөтен емес, бөгде емес, осыдан бір жыл бұрын лицейден түлеп ұшқан өзінің шәкірті болып шықты. Басқасы-басқа, ол тіпті, ұстазының машинасының нөміріне дейін танып тұр.
— Не боп қалды? Беймезгіл уақытта мұнда неге тұрсыздар, ұстазым? – дейді аң-таң болып.
— Міне, жағдай...
«Осылай да осылай» деп, Рамазан мырза оған бүгінгі болған жайды қысқаша ғана түсіндіріп өтті.
— Бәсе! – деді шәкірт жігіт табан астынан бір құпияның сырын ашқандай серпіліп. – Бүгін тіпті, ұйқым келмей қойып еді... Әрі жаттым дөңбекшіп, бері жаттым дөңбекшіп. Әлдеқандай бір тылсым күш «Сыртқа шық, машинаға отыр» деп сыбырлағандай болады. Сөйтсем, сіздер...
«Шіркін, мынау ғажап дүниенің тылсым сыры, шешуін таптырмайтын жұмбағы көп-ау, — деп ойлады Рамазан мырза. – Бірақ, оның бәрі де тек бір Алла тағалаға ғана аян ақиқаттар емес пе!..»
***
Үйге жеткен соң, жұбайы оның шәкіртіне шексіз алғысын жаудырып: «Түн ортасында, мынандай суық өлкеде жас баламызбен жолда қалып қойғанымызда мен: «Мұнда не істеп жүрміз, құдай-ау?!» деп аһ ұрып едім. Сөйтсем, сіздер бар екенсіздер ғой. Аллаға шүкір!..» — деді көзіне қуаныштан жас алып.
Сол кезде Рамазан мырзаның шәкірті де шын көңілімен ақтарылып: «Жеңгей, сіздер мұнда біз үшін келдіңіздер емес пе?! Сондықтан да, сіздер қиналған кезде Алла бізге ұйқы бермей, ұстазымызға қарай жол сілтеді!» деп күле жауап қатты.
Расында да, қызық оқиға емес пе?!
"Алматы ақшамы" газеті