«Япыр-ай, көріспегенімізге он екі жыл болып қалған ба? деп жазыпты, 1963 жылдың июлінде Жүсіптің Сыр бойында тұратын нағашы ағасы Нұртөлеу. – Осы кезге шейін сен өзгеріп кеткен шығарсың. Бәлкім, бір-бірімізді танымаспыз да. Мен саған ұрысқалы отырған жоқпын, нағашысы туған жиеніне қалай өкпе-наз айтатын болса мен де солай демекпін. Япырым-ау, осынша жылдан бері бір хат жазсаң нетті?! Бізді қойшы, ұмытсаң ұмыта бер, ал бірақ, тумаса да туғандай етіп, «сіңілімнің қалта түбі еді» – деп, туған анаңа да билетпей, күпісіне орап, әлдилеп өсірген анау қарт әжеңді қалай естен шығара аласың. «Ағайын ардақты болса, алғашқы хабар өзінен неге болмайды», – деп те бұртиып жүрген шығарсың. Оған да тұрдық. Сенің адресіңді кеше ғана үйіңнен барып алдым. Одан бұрынырақ баруға қолға шылау болған қу шаруа аяққа да оралғы болып, мен бері тартсам, ол кері тартып дегендей тұсап тастады. Оның үстіне барып келе қоятын ел арасы жақын емес, жер шалғай. Мейлі ғой, не болса да бәрі де өтті, енді келіп, алшақ жатып ағайынды екеуміздің айғайласқанымыз жараспас. Осы хатты алған соң, тез кел. Білемісің, баяғыда, ауылда оқып жүрген кезіңде, төбесінде тұлымшағы желбіреп, шаңға аунап жүретін Айза бар еді ғой, ол қазір бой жетіп кеткен. Өзі тым ұялшақ. Биыл келмесең апам екеуі саған әбден өкпелейді. Өйткені, өзің төртінші класты бітіріп кеткеннен кейін бізге қайтып келмей қойдың ғой. Кел, сөзсіз кел, біз бәріміз күтеміз.
Нағашы ағаң
НҰРТӨЛЕУ
1963 жыл, 19 июль»
* * *
Осы хатты алған соң дәл жеті күн дегенде тоғай ішіндегі жыландай ирелеңдеген жіңішке жолмен ұзынды-қысқалы екі адам келе жатты.
Бірі – тапалтақ келген төртбақ, иегіне ұстара тимегеніне қанша уақыт өткені белгісіз, жас өңіне кәрілік үйіріп, қаулай өскен сақалын үдере қуған мұрты бар, жас шамасы қырықты алқымдап, ақыл тоқтатқан кісі мен, екіншісі – сақал-мұрты сәуір айындағы жаңбырдан соң бой көрсеткен ажырықтай енді-енді тап берген, өткір жанары мен көрікті жүзінде сабырлылықтың нышаны байқалса да, албырттығы астасқан жас студент еді. Бұлардың бірі – нағашысы, екіншісі – әрине, жиені. Олар көп жылдан бері көріспеген сағынышпен, ең негізгісі – жуық арада басыла қоймайтын сағынышпен, әндете көтеріліп, бетке тынымсыз соқтығысқан масаларды да елемей, болмашы нәрсенің өзін де, үлкен мәселе етіп қызу сөйлесіп келе жатты. Бауырластар осылайша амалсыздықтан туған төзімділікпен масаға жарым сағаттай таланған соң, тоғай шетіндегі ағаш арасынан өздеріне сығалай қарап тұрған ақ түндікті үйге де жетті. Бұл үйдің тоғай шетіне жақын орналасқаны соншалықты, бұрын тоғай екеуі бір жаралып, бір орынға таласып, ақырында байғұс үйді сансыз бұтақтар шамасының келгенінше шетке ысыра салғанда, ызаланған үй кеудесінің кеңдігіне жазып ары өте алмай, орман шетіне барып, итеріскен бойы қалып қойған тәрізді. Ал, дәл осы үйден басталып созылған көкмайсалы жазық дала тартқан сымдай керілген көз ұшындағы көк жиекке барып бір-ақ тіреліп тұр. Жүсіп өзінің осыншама табиғаты тамаша жерге тап келгеніне, әрі біраз күн болатынына алғаш көргенде-ақ қуанса да, әйтеуір бір кезде осылардың бәрімен қош айтысатыны есіне түсіп, сол минутта іштей мұңайды да. Арада бес минут өткенде жиен мен нағашылар шұрқырай табысып, әркім өз сағынышының салмағына қарай, біреулері көзіне жас алды, біреулерінің қолындағы кесесі ұшып кетіп тас-талқаны шықты, енді бірі табақтың ернеуінен басып қалып, ішіндегі сүтін ақтарды.
Әрине, бұл қимылдың бәрін де ешкім байқаған жоқ, тіпті ұялмастан, екі қолын қайда сыйғызарын білмей, бар адамнан оқшауырақ тұрған Айза да сезбеді. Ағасын алғаш көргенде ең бірінші рет не деп айтарын, онымен қалай амандасарын, тіпті осы қимылдардың қандай жолмен жасалу керектігінің ең кішкене жақтарына шейін ол күнібұрын тәуір-ақ дайындалған еді.
Бірақ, оның құрған жоспары орындалар шаққа жеткенде өзіне де сезілмей, сыпайы түрде ойсырап қала берді де, анау шапырласып жатқан жандармен араласып кеткендей болды. Осы кезде барып ол ағасының:
– Айза, саған не болған, ағаңмен неге амандаспайсың? – деген дауысын естіді. Нұртөлеудің бұл үнінен, оның қылығына айтарлықтай ризалықтың лебі есіп тұрмаса да, қарындасын соншалықты еркелететіндіктің, сонымен бірге, кінәні екі жаққа да тең бөліп тастағандықтың белгісін аңғаруға болатын еді.
– Мұным әдепсіздік болса кешір, ағажан. Сыртқары тұрсам да ішімде салмақты сағынышым бар шығар, ары кеткенде сонымды соңына сақтаған болармын, – деді Айза Нұртөлеуге күлімсірей қарап. Сонан соң, жылдам басып келіп, он екі жылдан бері көріспеген ағасымен қол алысып амандасты да «амалым бар ма, сағынышымның жеткен жері осы болды» – дегендей Жүсіптің жүзіне ұяла бір қарап, ер балалардай Нұртөлеудің жанына жүгіне барып отыра кетті.
Енді біз, құштарлықпен қауышысқан бауырластарды сол күйінде қалдырайық та, әңгімемізге үш күннен соң оралайық.
* * *
«Жұрттың бәрінен бұрын оянған шығармын» деп орнынан сақтықпен көтерілген Жүсіп, киіне бергенде, өзімен бірге қарт әжесінен басқа ешкімнің қалмағанын көрді. «Япыр-ай, бұлардың ұйқысы қайда? Құс боп кеткеннен сау ма? – деді ол таңданып. – Шаршау дегенді тегі ұмытқан шығар өздері». Даланы түгел жарық жайлағанмен, қанша тырысса да күн әлі көкжиектен иек арта қоймапты. Шығыс жақ ұйқысынан енді оянып, сұлулықтан алдына жан салмайтын кербез актрисадай, алтын нұрға бөленген таяқтай кірпіктерін енді-енді көтеріп келеді. Жүсіп иығына пижамын жамыла салды да, тап-таза салқын ауаны мейірлене жұтып, тоғай арасына беттеді. Әлі де қаракүңгірттеу ағаш арасында жан сезіміңді кереметтей рахатқа бөлейтін мүлгіген тыныштық. Қайдан екені белгісіз, анда-санда қырғауылдардың әсем тыныштыққа сән бере «құрр-құрр» еткен үндері естіледі.
Жүсіп тізе бойы ұйыса өскен қалың шөптерді құмарлана кешіп, біршама уақыт жүрген соң, «уай, табиғаттың бар сұлулығы, кел, құйылшы менің кеудеме!» дегендей бір тораңғылдың түбіне көкірегін ашқан бойы келіп құлай кетті. Ол осылайша ағаш жапырақтарының арасынан көрінген көгілдір аспаннан көзін алмай ұзақ жатты. Мүмкін оның жан дүниесіне құйқылжыған сезімдердің құйылуы, болашақ композитордың жүрек түкпірінде сазды бір ән болып, дүниеге қайта туу үшін әрекет жасап, мың тыпыршып, жүз аунап жатқан шығар. Жас жігіт өзінің қанша уақыт жатқанын, тіпті кері қайтудың керектігін де мүлде ұмытып кеткен сияқты.
Бір кезде ол бас жағынан сыбдырлаған адам аяғының дыбысын естіді де, сыбдыр шыққан жаққа көз тастады. Бұл келе жатқан – жасыл жібек көйлегі көк шалғынға оралып, бір өрім шашын алдына еркелете лақтыра салған, қолына сүлгі мен сабын ұстаған Айза екен. Ол ағасына, орманға, тіпті осынау дүниенің бәріне еркелегендей күле сөйлеп келе жатыр. Өмірде бой жету бар да, бой жете білу тағы бар ғой. Мұның біріншісі – сен талпын, талпынба, ақылды бол, кеще бол – бәрібір бой жетесің, өсесің. Өзіңнің бой жеткеніңді түсініп, салиқалы болуға тырысасың да, өмірде көрген-білгені көбірек кексе әйелдердің айтқанын ұйып тыңдап, «осы қалай болар екен?» дегендей әр жігіттің тамырын бір басып жар таңдайсың. Ал екіншісі – бейкүнә бойжету.
Ол тіпті өзінің өскенін де байқамайды: сәбидей аңқау, сәбидей таза.
Бірақ олардың сол кіршіксіз таза жүрегінде ешқандай күш төтеп бере алмайтын махаббат сезімдері өзіне де сезілмей өсіп келе жатады. Ондай қыздар, атай көрмеңіз, ешқашан да жар таңдайын деп ойламайды, бірақ, ғашық болып қалғанын да сезбейді. Бұл бірінші махаббат сәтті болсын,сәтсіз болсын, оның есінде мәңгі сақталады. Ондай тәтті сезімдерді, ол өмірінің соңғы минутына шейін кездестіре алмайды. Олар құлай сүйеді, арманына жетпесе апатқа ұшырайды. Сондықтан олардың махаббаты тек еркелетуді ғана сүйеді.
Айза бойжетудің дәл осы екінші сатысында еді.
– Ағатайым-ау, сіз адасып кеткеннен саусыз ба? – деді Айза оған жақындап.
– Сенің мен ес білмейтін сәбилер тізіміне қосқың келеді-ау, қарындасым. Қалай адаспақпын!
– Оп-оңай. Айтыңызшы, адасып кету қаупі сіздің ойыңызда болды ғой, –деді Айза сықылықтай күліп.
– Жоқ. Ешқашан да.
– Олай болса, сіз газеттің қиындысын мына әр жерге неге тастап отырдыңыз?
Айза қолына бір уыс қып жинаған қағаз жыртындыларын көрсетті.
Жүсіп ұялғанынан қызарып кетті де, онысын қарындасына сездіріп алмауға тырысып, төмен қарады. Шындығында, ол солай еткен еді.
– Сіз, расында да сәбише мұңаяды екенсіз. Менің айтпағым бұл емес еді. Сіз неліктен тоғай ішінде көп жүруді ұнатасыз? Кеше де дәл осылай еттіңіз. Сіз осы, ақын емессіз бе?
– Жоқ, – деді Жүсіп оған қосымша ретінде басын шайқап, – бірақ, енді біраз жүрсең табасың.
Айза біраз үнсіз тұрды да, Жүсіпке кенет жалт қарап:
– Тоқтай тұрыңызшы! – деді көздерінде қуаныш оты жарқылдап,– сіз сонда не суретші не композиторсыз ғой?!
– Соңғысы шындыққа жақынырақ шығар.
– Ағатай! Сонда сіз ән де, күй де, бәрі-бәрін жазасыз, солай ма?
Айзаның жас баланың қимылындай қимылына Жүсіп амалсыздан езу тартты да, «солай болғаны ғой», – дей салды. Онсыз Айзаның аласұрған үмітін абайсызда үзіп кетіп, қуанышын су сепкендей басқан болар еді.
– Енді сіз, менің туған жерім туралы ән жазасыз ба? Солай етіңізші, ағатай, құдай үшін! Ой, сонда мен қандай қуанған болар едім десеңізші!
Әсте, мен сияқты қуанған адам сол кезде жер үстінде болмас. Осы тілегім орындала ма, айтыңызшы?!
– Орындалады, қарындасым, оған шейін көп уақыт та қалған жоқ.
– Шынымен бе? Жоқ, сіз мені келемеж қылып отырсыз. Өйтпеңізші ағатай, өтінемін, – деді ол жас балаша лезде мұңая қалып. Ұйқысынан
жаңа оянған сәбидей, оның сұлу жүзіне, тіпті мұңаюдың өзі де көрік беретінін Жүсіп аңғарып қалды.
– Нағыз шыным, – деді ол қарындасынан көзін тайдырып.
Айзаның көзі бұрынғысынан да жайнай түсіп, «Осыныңыз рас па?» дегендей, оған қадала қарап, нағыз бақытқа кенелген адамша әрі сол қуаныштың толқуымен, Жүсіпті құшақтап алуға аз-ақ қалып тұрды. Жүсіп Айзаның өн бойындағы өзгерістердің бәрін де сезіп тұр еді. Енді бұдан былайғы минуттарда қарындасының шексіз мақтай жөнелетінін, сол мақтаудан туатын тұңғиық қолайсыздықтан өзін тысқары алып шығу үшін, ол әңгіме тізгінін кілт бұрып жібергісі келді де: Сендер қандай тамаша жерде тұрасыңдар, неткен табиғат еді! – деді жан-жағына қарап.
– Ағатай, – деді бұған жауап орнына Айза жұп-жұмсақ жібек үнмен.
– Айта бер, қарындасым.
– Сіздің балағыңыз сонша неге тар?
Жүсіптің денесі шымыр ете қалды, қойнынан жылан шыққандай атып тұрды да, мынадай тосын сұрақтың жауабынан тосылып не дерін білмегендіктен қысылып қалғанын сездірмеуге тырысып, әрі ол жолдың бірден-бір дұрыс жолы – ашулану деп тапты. Бірақ, бетіне адам келмей ерке өскен қыздың ойына не келсе соны айта салатынын, сонымен бірге, ол бұл сөзді ағасын пәлендей тұйыққа тірейін деген ниетпен сыртқа шығарылмағанын, ең соңғысы – өзінің қонақ екенін ескеріп, Жүсіп ашуланайын деген ойынан тағы да тайқып шықты.
Ол Айзаға жақындады да:
– Сабын мен сүлгіні маған бер де, өзің үйге қайт, мен қазір барамын, -деді.
Жүсіп сұрамаған күнде де, Айза сол үшін арнайы алып шыққан заттарды әлде де болса көңіл жықпас үшін күлімсіреп тұрған ағасының қолына ұстатты да, шалғын үстіне түскен жіңішке соқпақпен үйіне қарай жүгіре жөнелді.
«Әні, ол көңіліне ешнәрсе де алған жоқ, шаттана жүгіріп бара жатыр, – деді. Жүсіп оның соңынан қарап тұрып. – Қыз атаулыға жарасатын тек қана осындай тамаша еркелік емес пе?» Келесі минуттарда Айзаның сұлу тұлғасы ағаш арасына жасырынып жоқ болды да, Жүсіп өзен жаққа беттеді.
* * *
Арада тағы да бірнеше күн өтті. Табиғаты тамылжыған қойлы ауылдың қызық болып көрінген кейбір ерекшеліктері күн өткен сайын Жүсіпті өзіне аз еліктіре бастады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бауырластардың бір-біріне деген тез арада басыла қоймайтын сағыныштары да енді сабасына түсіп, «Жүсіпжан, сен кітабыңды оқып отыра бер», немесе «мал баққанның жайы осылай, амал қанша» деп, тіршілік емес пе, олар да алды-алдына кете бастады. Үйде көбінесе Жүсіптің қарт әжесі мен Айза ғана қалып жүрді.
Уақыт өткен сайын Айза мен Жүсіп соншалықты тату бола түсті де, нағыз қарындас пен ағаның қарым-қатынасына жақындап келе берді. Бірақ, Жүсіп екеуінің арасында мұндай қатынастың жымдасып кетуіне күннен күнге есейіп келе жатқан бір кедергінің пайда бола бастағанын сезді. Ол кедергі – екеуінің ешқашан да қолдары жетпейтін, жаңа оянған сезім еді. Жүсіп мұндай сезімнің берік те нәзік торына өзінің тұңғыш оралғанын сезумен бірге, дәл осы сезім Айзаның да жүрегінде бас көтере бастағанын байқады. Әйтсе де, олар бұл өзгерісті бір-біріне қайткен күнде де сездіріп алмауға шамаларының жеткенінше тырысып бақты. Екеуіне дәл осы бір сезім орнағалы бері олар орман ішіне оңаша баруға әлденеден қаймыққандай боп қалды. Немесе ағасы мен қарындасының оңаша сөйлесуіне кім күдік келтірер еді. Жүсіп өзінің осыдан оншақты күн бұрынғы еркіндігін енді соншалықты аңсады. Өйткені ол, сол кездерде сүйікті қарындасымен қысылып-қымтырылмай, емін-еркін әңгімелесіп еді ғой. Енді сол батылдықтар қайда кеткен!
Ия, ол қарындасымен тоғай ішінде оңаша қалуды шынымен-ақ тілеп еді. Оңаша болғанда, оған әлгі бір бұлқынған сезімнің тығынын ағытып, «қайт дейсің, амалым бар ма, осылай болды», деп арманын ақтарып салу үшін емес, тек, Айзаның қасында ұзақты күнге тіл қатпай отыра беру үшін. Ол Айзаның өзімен бірге екенін білсе болды, оның ес тандырардай сұлу жүзіне қарамай-ақ қанағат қылып отыра берер еді.
Ал, Айза да дәл осындай ойдан құр емес болатын.
...Күн еңкейіп, аманшылық болса енді жеткен шығармын дегендей, ұясына ентелеп бара жатқан кез еді. Малдардың да өрістен ауылға құлайтын уағы таянды. Маналы бері Жүсіптен жаңа бір әнді үйреніп отырған Айза, орнынан тез көтерілді де:
– Әже, мен ағама қауын әкеп берейінші, ол шөлдеді ғой, – деп тігулі үйдің киіз есігін желп еткізді де, сыртқа жүгіре жөнелді. «Ойбай-ау, мынау не дейді, екі кештің арасында қайда бармақшы?»-деген әжесінің сөзін ол естіген де жоқ. Айғаным ұшымен отты көсей-көсей қара құйрық болған ұршығын уыққа қыстырып, асықпай саусағынан шүйкесін алып, далаға шыққанда, Айзаның ізі суып үлгірген. Ол ішке кірді де, жерге қайта домалап түскен шүйкесімен екі құлағын едірейтіп, ынта-шынтасымен беріле ойнап жатқан кішкене мысықты алақанымен қағып жіберді де, Жүсіпке қарап:
– Жүсіпжан-ау, қарындасың міне, осы. Ұялу, қысылу дегенді білмейді. Кісінің көңіліне де қарамайды. Қанша ашуланып ұрсайын десең де, сайтаны бар ма, әрнәрсені бір айтып, лезде күлдіріп жібереді. Жүсіп біраз тыңдап отырды да, әжесінің сөзін бөліп:
– Әже, сіздер оған ешқашан ұрыспаңыздаршы. Ол ерке. Сонымен бірге еркелей біледі, оған күлкі ғана жарасатын сияқты. Ол тек анасы сізге, ағасы– маған, не Нұртөлеуге ғана емес бүкіл дүниеге еркелеп жүреді. Сөйтсе де оның ақылы бар,–деді қыза сөйлесе де сабырлы кейпін сақтауға тырысып. Бірақ өзі әжеме осы сөздеріммен бірдеңенің ұшын сездіріп алған жоқпа екенмін дегендей қауіптеніп отырды да. «Жоқ, олар біздің арамызда ондай нәрсе туады деп ешқашан да ойламас»–деген сенімге сүйеніп, сот залында қорғамақ болған айыпкерін абыроймен ақтап шыққан адвокаттай жайбарақат отыра берді.
Олар көп күтті. Бірақ Айза келмеді. Батыс жақ өрт шалғандай қызыл алауға бөленді. Бізге де еркіндік тиер заман болады екен ғой дегендей бұта-бұтаның түбінде бұғып жатқан масалар, ыңылдаған жылауық әнге басып, аспанға бірі қалмай көтерілісті. «Жүсіп-жан, ерінбесең ана қыздың соңынан барып келші, қараңғы түсіп, бір бәлеге ұрынып жүрер»,– деген қарт әжесінің сөзінен кейін, осыны күтіп отырған ол, қауындық жаққа бет алып, тоғай арасындағы жалғызаяқ сыздақ жолмен жүгіре жөнелді. Қатты жүгірген сайын қатқылдана түскен салқын жел, құлақтағы гуілді үдете түскендей. Қаптаған қою масалар тынымсыз бетке ұрғылайды. Бір кезде ол шаңы бұрқыраған үлкен жолға жетті де, аздап шаршағанын сезген соң, жай аяңға басты. Бір бұрылыстан қайрыла бергенде екі қолына екі дарбыз ұстаған Айзаға қарсы жолыға кетті. Шошып қалған қыздың қолындағы дарбыз жерге ұшып кетті де, бырс-бырс етіп жарылып қалды.
– Ағатайым-ай, бұл сіз екенсіз ғой. Мен сондай қорқып кеттім, – деді ол езу тартып, жарылған дарбыздарға көңіл де бөлмей. – Мені іздеп шығып па едіңіз?
– Ия.
– Қорқады деп ойладыңыз ғой?
– Әрине, қорқатын ба едің?
– Ой, сұмдық?
– Олай болса, кешке жақын неге жалғыз шықтың?
Айза оң қолының сұқ саусағын ерніне апарып, әлденеден қысылғандай біраз үнсіз тұрды да, кенеттен:
– Мына қараңызшы ағай, үлкен дарбыз тура екіге бөлініпті. Келіңіз,отырып жеп алайық.
Жарылған дарбыздың шырыны ағып, шаңға сіңіп жатыр екен.
– Пышағыңыз бар ма ағай?
Жүсіп жоқ екенін біле тұра қалтасын бір соқты да, үнсіз басын шайқады.
– Енді қайтеміз?
– Білмеймін.
– Мейлі, қолмен-ақ жей саламыз.
– Қалайша, жумай-ақ па? – деді Жүсіп таңданғандай.
– Бізге өзен жақын ғой.
Олар қол жуып келіп, жарты дарбызды ортаға қойды да, үнсіз жей бастады.
– Қандай тәтті шырын! – деді Айза рахаттана тамсанып.
– Өте!
Тағы үнсіздік. Анда-санда бастары ғана түйісіп, тез тартып ала қояды.
Дәл қазір олар дарбызға ықлас бөлген болып отырғанмен, әрқайсысы өзінше сезім арпалысына түсіп отыр еді. Бір кезде Жүсіп Айзаның аппақ қолдарына абайсызда тиіп кетті де, енді саусағын дарбыздың басқа жағынан сала бастады. Бірақ еріксіз бір дүлей сезім оның қолын Айзаның қолына жақындата түсті.
Жүсіп кенеттен Айзаның сүйріктей саусақтарын алақанымен баса қойды да, жаза күткен қылмыстыдай оның жүзіне қадала қалды. Жігіт қимылына қыз әрқашанда қарсылық көрсетеді. Сол сияқты Айза да Жүсіптің жүзіне таңданғандай бірнеше секунд бойы қимылсыз қарап отырды. Ал, шындығында, ол таңданған жоқ еді. Керісінше... ой, құдай-ай, ол осыны бірнеше күн бойы іштей күткен жоқ па!
– Дарбыз тәтті ғой, ағай,ә? – деді ол. Оның үні сыбырлағандай әрең ғана естілді.
Жүсіп Айзаның қолын босатты да:
– Өте тәтті, – деді даусы дірілдей шығып.
Олар орындарынан тұрды да, өзенге барып қолдарын жуды. Әлгі бір екеуіне де дарбыздан мың есе тәтті боп көрінген қимыл сөз тетігін бітеп тастағандай болды.
– Біз енді не істейміз? – деді Айза ұзақ үнсіздіктен соң Жүсіпке қарап.
– Не істегені қалай?
– Дарбызды.
– Қайтып барып алайық. Жақын ба?
– Жақын.
Олар солай қарай жүгіре жөнелді.
Айза қалып қоя берген соң, Жүсіп оған қолын созды. Айза алғашқы кезде тартыншақтап Жүсіпке саусағының ұшынан ғана ұстатты. Бірақ, біраз жүгірген соң, қыздың кішкене алақаны, қыса ұстаған жігіт қолынан көрінбей кетті.
Бір кезде Жүсіп кілт тұра қалды да:
– Тыңдашы! – деді Айзаға үрейлене қарап.
– Нені?
– Алдымызда ысқырған Нұртөлеу емес пе?
Айза біраз тыңлап тұрды да:
– Я, сол, қой айдап келе жатыр, – деді бетіне қорқыныш үйіріліп.
– Кері қайтамыз ба?
– Сүйтсек, сүйтейік.
Олар кейін қарай жүрді. Бірнеше минуттан соң Жүсіп тағы да тұра қалып:
–Айза,– деді,– біз неге шошынамыз, не істеп едік соншалықты?
Айза ойланғандай сәл тұрды да Жүсіпке қарап:
– Шынында, біз не істеп едік, неден қорқамыз! –деді оның сөзін қайталап. – Жүр, кейін кеттік!..
Олар екі-екіден дарбыз алып үйге жеткенде, қараңғы едәуір үйіріліп қалған еді. Бұлардың өздері соншалықты шошынғандарындай, жолда жолыққан Нұртөлеу де, қаракүңгірт үйдің ішінде шыдамсыздана күтіп алған Айғаным әжей де ешқандай күдіксіз қарсы алды. Керісінше, күнде кешке қауындыққа бірге баруға екеуі де еркіндік алды.
Әрине олардың онсыз да бір жүруіне толық қақылары бар еді, алайда, әрқайсысының жүрек түбінде бұғып жатқан туысқандық қатынастан басқа бір нәзік сезім, екеуін қатынастың қандай түрінен болса да алшақтатып тұрды. Сол бір сезім оларды сүйіспеншілік пен туысқандықтың ортасында қалдырып қойды да, екі қасиеттің бірінің ең шыңына дейін өсіп-жетілуіне дәл соның өзі кедергі келтірді. Әйтсе де туысқандық пердесін жамылған ол сезім бара-бара буырқана өсіп, ерте ме, кеш пе, ол перденің тас-талқанын шығаратыны, артынша айықпас апатқа ұшырайтыны айдан анық еді. Дәл осы апатқа екеуінің де ақыры бір ұшырайтынын біле тұра, олар бейне бір соқыр адамша алға ұмтыла берді.
Осы бір уақиғадан кейін Жүсіпті ауыр ой билеп алды. Ол ұзақ күндерді тоғай ішінде сенделумен өткізді. Кей күндері қолына мылтық алып, қырғауыл атуға шыққан болды. Бірақ, көңіл аударамын ба деп жасалған бұл айланың бәрі де амал болып жарытпады. Керісінше, осы бір қысқа ғана көзден таса болудың өзі оның Айзаға деген сағынышын арттыра түсті.
– Қарындасым, – деді ол осындай кештердің бірінде, – саған берген уәдемді орындадым-ау деймін, тыңлап көрсең қайтеді.
– Сіз ән шығарып қойдыңыз ба? – деді Айза орнынан атып тұрып.
Қуаныштан ол дауысының шығып кеткенін де байқамады.
– Солай болған сияқты.
– Қане, орындап көріңізші.
Жүсіп қолына баянды алды да, баяу үнмен мұңлы әнді бастап кетті. Оның жүрегі бейне бір ұстаз алдында сынаққа түсіп отырған мектеп оқушысындай тынымсыз дүрсілдеп тұр еді. Жүсіп өз шығармасының қарсы алдында тұрған тұңғыш сүйікті тыңдаушысына қалай әсер етіп келе жатқанын байқау үшін қарындасынан көз алмады.
Айза әлдене есіне түсіп кеткендей, кей жерлерінде болмашы ғана езу тартты, кей жерлерде алысқа қадаған қарақат көздерін Жүсіпке бір тастап, ақырын ғана күрсінді. Жүсіп оның саусақтарының болар-болмас дірілдеп тұрғанын сезді. Әсте, бұл ән дәл өзіне арналып шыққанын ол байқаса керек.
Ән біткен кезде Айза ештеңе деп тіл қатқан жоқ. Тек, бірнеше минуттардан соң:
– Ағай, сіз бұл әнді маған үйретіп кетесіз ғой, ә? –деді баяғы жайдары үніне салуға тырысып.
– Сөз жоқ үйретемін.
Дәл осы кезде Айзаның алғаш рет Жүсіпке: «Сіз ән шығарсаңыз, дүниеде менен артық қуанышқа бөленген адам болмас сірә», – деген сөзі екеуінің де есіне түсіп кетті де, бір-біріне әлденеден ақтала қарасты.
Жүсіп Айзаның не себепті шексіз қуанышқа бөлене алмай отырғанының себебін, әрине жақсы түсінді. Сондықтан, әннің қалай шыққандығы туралы сұрап, қарындасының дәл қазір жанын азапқа салғысы келмеді де, салқын ауа жұту үшін тысқа шығып кетті. Ол далада біраз уақыт қыдырып жүргеннен кейін үйге қайтып кіргенде, Айзаның сто жанында дірілдеп тұрғанын және қолында умаждалған қағаздың бар екенін көрді. Айза өзінің сол бір нәзік сезімінің нәтижесінде көзіне моншақтаған жас алғанын шындығында, енді жасырын ұстай алмады. Бұдан әрі соза беруге, оның нәзік жаны төзе алмаған еді.
Ол стол үстіне қағазды лақтыра салды да, ұялғаннан от боп жанған бетін алақанымен басқан бойы далаға жүгіре жөнелді. Жүсіп бейне бір суға сүңгитін адамша, демін ішіне тартып алды да, дірілдеген саусақтарымен стол үстіндегі қағазды алып, дәл бір қолына мина ұстағандай, ақырын ғана аша бастады. Қағазда былай деп жазылыпты:
«Ағатайым менің! Сіз бұл жерден кетіңізші, мүмкіндігінше тезірек. Мұнан әріге төзе алмаймын, аяңызшы мені!».
Жүсіп жуық арада сауыға қоймайтын ром ішкен теңізшідей теңселіп кетті. Ол қағазды умаждаған бойы қалтасына салды да, столға сүйеніп ұзақ тұрды.
Қанша уақыт тұрғанын кім білсін, «Жүсіпжан, тамағыңды іш» – деп шақырған әжесінің дауысынан ол селк етіп оянып, далаға шыққанда, Айза басына көрпені тарс бүркеніп, не ұйықтағаны, не ояу екені белгісіз, қимылсыз жатыр екен. Айзаны Айғаным әжей қанша оятса да, ол жансыз адамдай, баяғысынша селт етпестен жата берді.
– Оған не болған, ауырып қалған жоқ па? – деген ағасы мен жеңгесінің сұрағына Жүсіп пен Айғаным әрине, «қайдам» деп жауап берісті. Ас үстінде Нұртөлеу Жүсіпке «Саған бұл жер ұнамады ма, неге көңілсізсің?», «Оқуды бітірген соң қайда орналасатын ойың бар?», «Бізге енді қашан келесің?» деген сияқты сұрауларды асты-үстін беріп, оның жауабын да күтпестен әрнәрсе туралы сампылдап сөйлеумен болды. Жүсіп оның сұрақтарына қысқа-қысқа жауап беріп келді де, «ағай, мен ертең жүретін едім», – дегенді айтып салды.
Әрине, мұндай күтпеген сөзден бәрі де дүр сілкініп, бір ауыздан «Неге?» деп шошып кетісті. Бұл сұраққа Жүсіптің әрі оңай, әрі ешқашан қарсылық көрсетіп, шара қолдандырмайтын жауабы әзір еді. Ол – демалыс мерзімінің бітіп қалғандығы деп сылтау айту.
Олар Жүсіптің сөзіне амалсыз көнді де, жиендерінің соншалықты тез, әрі күтпеген жерден кетемін дегеніне өкіне-өкіне түнгі ұйқыға аттанысты. Жүсіп көз іле алмай, шоқ бұлттардан сүңгіп өтіп, батысқа қарай безектеп бара жатқан айға қадалған бойы ұзақ жатты. Өзгелердің бәрі де өлі ұйқыда. Анасының қасында жатқан төрт жасар бала ғана анда-санда суда ойнаған шортандай аунап түсіп, қайтадан тәтті ұйқыға кетеді.
Жүсіп осында келгеніне барынша өкінді. Дәл қазіргі оның ойындағы нәрсе – Айзамен қайткен күнде бірге болудың ретін іздестіру емес, керісінше, оны қайткен күнде ұмытудың амалы еді. Ленинградқа қайтып барған соң мүмкін, ұмытармын деп ойлады ол іштей аһ ұрып. Барлық уақиғаның төрешісі – уақыт қой. Тізгінді соған тапсырудан басқа амал қалған жоқ. Ол ақырын Айза жаққа бетін бұрды. Айза баяғы қалпынша әлі жатыр.
Осыдан соң Жүсіп біраз жатты да, тыныш бір ұйқыға кетті. Көзі жұмылған соң-ақ ол Айза туралы түс көрді. Түсінде олар дәл баяғы көкмайсаның үстінде отыр екен. Жүсіп оған қарап ешқандай тіл қата алмай, тек Айзаның қап-қара шаштарын алақанымен сипалай береді. «Кешір мені, Айза, – дейді ол – басқа не істеуім керек, сен ақыл қосшы». «Мен де білмеймін ағажан, – дейді ол да. – Сіздің келмей-ақ қоюыңыз керек еді».
Бір кезде Жүсіп бар батылдығын жинап, Айзаның көйлекшең денесінен құшырлана құшақтады. Айза бұлқынады, бірақ, Жүсіпті өзі де босатқысы келмейді. «Біз не істедік ағатай, өлім ғой бұл, олардың бетін қайтып көреміз?», – дейді ол Жүсіптің жүзіне үрейлене қарап. «Білмеймін», – деп жауап береді Жүсіп. Сөйтеді де, оны үстін-үстін сүйе береді. «Сіз бұл жаққа неге ғана келіп едіңіз, ағатайым?, –дейді ол Жүсіптің құшағынан босаған кезде. – Сізбен айырылысу маған қандай ауыр тиеді десеңізші енді. О, құдай-ай, біздің туысқандығымызды өзге де емес, өз жүрегіміз неге ұғынбайды екен. Неге ғана орындалмас арманға алақан жаяды екен!» Осыны айтып ол өзіне-өзі сыймағандай булығып жылап жібереді. «Жыламашы Айзажан, мейлі, бізді алдымызда әйтеуір бір тағдыр күтіп тұрған шығар. Сонан соң біз апат болармыз. Бірақ, сен туралы мен ақтық демім қалғанша ойлап өтермін» – деп Жүсіп оны тағы сүйеді.
«Қоя берші ағажан, – дейді Айза әлсіз қарсылық көрсетіп. – Әні, Нұртөлеу ағайым келе жатыр. Ағатайым-ау, сорладық қой біз. Оның бетіне не деп қараймыз масқара болдық қой, – деп Айза тағы да егіліп жібереді.
Жүсіп шошынғаннан орнынан атып тұрады...
Осы кезде оның өзі де жастықтан басын көтеріп алды. Жүрегі кеудесін жарып шығардай тарсылдап жатыр екен. Алқынғаннан қара су болып терлеп кетіпті.
Ол сол сәтте-ақ Айза жаққа қарады. Ол көрпесін алқымына дейін ысырып тастап, айға бетін бұрған қалпы ұйықтап жатыр екен. Оның аппақ беттерінде ай нұры асыр салып, бұрынғысынан дакөріктендіріп жіберіпті.
Жүсіп бетін басып біраз жатты да, саябырсыған жүрегі неге екені белгісіз қайта тулап, өн бойының бірде ысып, бірде мұздап бара жатқанын сезді. Айза өзінен қол созым ғана жерде бейкүнә сәбидей ұйқыда жатыр.
Көрпенің бір шетіне жаймен ысырылып, Жүсіп оған жақындады да, тулаған жүрегін ұстап алғысы келгендей, қолымен кеудесін басып біраз жатты. «Жоқ, бұл менің қарындасым ғой, мен қандай қылмысқа дайындалып жатырмын?–деді ол өзіне-өзі. –Мұның арты не болмақшы!!!
– Неткен азап, неткен жан азабы бұл! – деді ол, даусының шығып кеткенін де байқамай. Бірақ, ешкім ояна қойған жоқ. «Ертең бұл жерден кетемін, Айзаны мәңгі-бақи көрмеймін, – деді тағы да ол іштей. – Сондықтан оны... жоқ... Я, бір-ақ рет сүйейінші. Бұл – онымен ақтық рет қоштасуым болсын!»
Әлдекім қимылдамай ма екен дегендей, ол жан-жағына бір қарады да, бәрі ұйқыда жатқанын көріп, Айза жаққа ақырын қолын соза түсіп, дірілдеген саусақтарымен оның мақтадай үлбіреген жып-жылы бетін сипалады. Сонан соң оның оттай ыстық еріндерінен құшырлана сүйді.
Айза біраз булығып, көзін ашып қалды да, нәзік саусақтарымен Жүсіптің шашын бір-ақ рет тарап қарсылықсыз жата берді.
Мүмкін, бұл – сүйікті жиен ағасымен ең бірінші, ең соңғы рет ешқандай күнәсіз ыстық сүйісу екенін, оны енді мәңгі көрмейтінін Жүсіп сияқты ол да білген шығар.
Жүсіп басын көтеріп алды да, созылған кеудесін төсегіне қайта жинап алды. Осы түн – өзіне бүкіл өмірінің ішіндегі ең бақытты түні болатынын ол жан-тәнімен сезініп, ыстық сүйістің ләззатынан мас болғандай қимылсыз жатты.
Айза сол баяғысынша қимылсыз.
...Таң атқан соң Жүсіп жүру қамына кірісті. Және де бұл үшін көп дайындалмай-ақ аттанып та кетті.
Жүрер алдында Айза әжесіне келіп:
– Әже, ағам қандай жақсы адам еді. Қараңызшы, енді бізді тастап кетіп бара жатыр. Өте тез қайтты ғой, – деп көзіне төңіректеген жасты көрсетпеу үшін, әжесінің мойнына дәл баяғы алты жасар кезіндегідей асыла кетті. Онсыз да жылағалы тұрған Айғаным, кемсеңдеп қоя берді.
Айзаның жоғарыдағыдай сөзінде қандай мән жатқанын Жүсіптен басқа ешкім аңғармады.Сөйтіп олар қош айтысты. Қоштасқанда бір-бірін сүйетіндіктеріне көздері жеткен соң ғана қоштасты.Әңгіме осымен бітті. Олар бұдан кейін кездесе ме, кездеспей ме, оны уақыт көрсетер. Ал бірақ, дәл кешегі айлы түн – олардың ең бақытты түніндей, естерінде ескірместен мәңгі сақталатын болады.