Дәурен ҚУАТ: Жалбызым менің – жалғызым

Дәурен ҚУАТ: Жалбызым менің – жалғызым

(Гротеск-әңгіме)

«Қаусаған шағында ардакүрең асауға мінгені не қылғаны...»

Құсайынов кабинетінің құлпын бұрап ашып тұрып, екі тәулік бойы тілсіз жатқан науқас жайлы ойланған болды. Іле аурухана ішінде сапырылысқан шаруаға селт етпейтін сақа дәрігердің күйіне беріліп, терезенің тұсына барып іркілген. Мизам. Жаздың жыбырлап өтіп болмайтын күндерінен жалыққандай сағым аунаған дала сұлқ жатыр. Шағын қалашықтың іргесінен түрілген қара жолды шаңдатып жүк машинасы Баянжүректің қолтығына тұмсығын сұғып барады. Кезекті еңбек демалысын күтіп жүрген Құсайынов дөңгеленген дүниедегі домаланған пенделігінен қажығандай тұнжыр күйге енді. Сосын самарқау ғана ой сауып, «Ажалына көрінген ғой» дей салды ішінен. Ал ажал адамның әлпештеген жанын бірде ардакүрең асаудың жалынан аударып әкетсе, бірде қандауырдың қылпыған жүзінен айнытып алады. Жұмсақ орынтақтың арқалығына шалқалай жайғасқан Құсайыновтың көз жанары кілегейленіп, кірпіктері айқаса бергенде әлдебірдеңе ағараң еткендей болған. Байқаса, соған бағанадан қадалып қалыпты. Аңылжыған кеңістікке барып-қайтып, барып-қайтып ес таппаған санасында, міне, бірте-бірте ағараңдаған болмыстың адами кейпі айқындала бастады. Кемпір екен. Астыңғы ерні қызыл иегінен әрмен қарай дамылсыз құлап, сөйлеп отырғанына да едәуір уақыт болған сияқты. Сонысын ұқтырғандай орнынан көтерілді де, сәтке іркіліп, қалың ақ шүберектен сырып тігілген дорбаның ішіндегіні нұсқады. Желгөзектен самал жүгіріп өтсе керек: Құсайыновтың нашатыр басқан бөлмесінде жалбыз исі аңқып қоя берді...
Бұл кезде жансақтау бөлімінің төсегінде екі тәуліктен бері тілсіз жатқан бейдауа науқастың жаны ақсаумал нұрдың бойымен тұңғиық көкке зырқырап шыққан болатын. Кенет ақсаумал нұр дүлей қараңғылыққа жұтылды да Жан заһары зәндемнен суық ағынға ілініп кете барды. Ағын тоқтар емес. Таусылар емес. Жан ышқынды. Тұңғиық. Ағын. Жалғыздық. Мәңгілік азап осы шығар деп ойлады Жан. Әйткенмен де, қуанып кетті. Ойлай алады екен! Бақида да өмір бар деуші еді ғой. Түпсіздікте оянған түйсігіне мерейленген Жан жап-жарық жаратылыста тұрғанын сезінді. Аспан да жоқ, жер де жоқ: әлдебір құдіреттің қолына қонғандай уыз тіршілік. Сол кезде көрді: тап қасында ықшам әскери киім киген шенді офицер мен кенеп плащ жамылған қарасұр кісі состия қалыпты. Офицер бұған жылы шырай танытып, сия көк жанарынан ұшқын ата қарайды. «Кел, жақында» дегендей ым қағады. Жанның жылағысы келді. «Мен сені шырамытатындаймын. Мен сенен адасып қалғанға ұқсаймын». Құс мамығындай елбіреп, ақманар боп ұйыған уыз тіршілікке енді кескінді әйел пішіні бітті. Ашық, сәнді терезесі жарқыраған үйдің ішінде әлгі әйел үрпекбас сары баланы алдына алып әндетеді. Сызылған сазды әуенге еліткендей сәби анасының мықынына басын сүйеп, бауырына тығылады. Үйге офицер енді. Жүзінде сұлу жарға деген ынтықтық пен сүйкімді ұлға деген әкелік мерейдің жүрек лүпілдеткен шаттығы ойнайды. Ыстық құшақ, бақытты тұрмыс шаттығы. Үрпекбас баланы анасының алдынан алып төбесінен иіскеген офицер оны әуелете көтеріп, әткеншек ойынына кірісті. Офицердің қолы жоғары көтерілгенде үрпекбастың дөңгелете қиған шаштары лап беріп құйындай көтеріледі де, кері қайтқанда желп етіп басылады. Жан әкесінің алақанында әлпеншек теуіп сықылықтаған сәбидің Өзі екенін таныды. Осы сәт жалғаса түссе екен, мәңгілікке үзілмесе екен. Жан енді аңғарды: жаңағы қарасұр кісі жамылған ұзын кенеп плащтың жік-жігінен баданадай ірі тамшылар атқылап, етегіне қарай сүйретіле құлады да, сырғи ақты. Мөлдіреп аққан көз жасындай. Жан кенеп плащтың бойында дамылсыз сырғыған тамшыларға қызыға қарап қалған еді. Бір уақытта үрленген көбіктей ірі бір тамшының ішінде үрпекбас сары баланың ағып бара жатқанын көріп шырқырай ұмтылған. Бірақ, кешігіпті. Үрпекбас бала баданадай ірі тамшының ішінде қолын жалғыз-ақ рет бұлғады да, аспанға ұмтылып аласұрған жер бетіндегі аждаһаның аузына топ ете түсті.
ххх
«Азат етуші армия» неміс фашистерінің табандасқан қарсылығына ұшырап, Т. қаласына баса-көктеп кіре алмай көп іркілген. Екі жақ та қисапсыз шығынға ұшырады. Аспанды күкірт қауып, айналаны күлімсі иіс – сасық еттің исі тұмшалап тастаған. Орыс жерінің аязды қысы от бүркіп, жалын құсқан шынжыр табан танктерден тұра қашқандай төңіректің қары жидіп, еріп жатыр. Кейбір сіре боп қатқан қардың күртігінен өлген жауынгердің құрт кемірген сүйегі аршылып қалса, күкірт араласқан қоламса қолқаңды суырады.
Артынан қалың қол, ауыр артиллерия келіп сақайған «азат етуші армия» Т. қаласын қара ала етіп үйітіп, бәрібір басып алды. Жеңімпаз әскер шаһарға әндетіп кіргенде мұндағы жұрт көрден жаңа тұрғандай ербиіп, терісіне ілінген төзімнің ұясындай кеуделерін иіп, құрмет сыңайын танытқан. Қала – мекені жер саналатын мүгедектердің отаны секілді – сау адам емге жолықпады. Тас қамалға айналып, берілмеген қалаға жау шебі емес, қыз-қырқынның ләззат сыйлар төсегі деп қарап тоят тілеген қырғын еркек ермек қылар ұрғашы табылмаған соң қырылуға таяғанда көшедегі қаңғыбас балалар нысанаға ілікті. Арасынан бәлиғатқа жасы толмаған жаратылысы әйел заты ұшырасса, ішімдікке мелдектеп тойған мас солдаттар құтырып кете жаздайтын. Сондай бір құтырынған топ жартылай қираған үйдің жертөлесінде үрпекбас сары баланы бауырына басып тығылған салпақ шашты Сашаның үстінен түскенде шибөрідей шулады. Үсті-басы қара балшыққа әбден міленген Александраның иегіндегі балғын нәзіктікті алдымен аңғарған жалпақ сары, тіпті, сақылдап күліп те жіберген. Зеңбіректердің оғынан міз бақпаған қиранды үйдің жертөлесіндегі зәй тартқан тас қабырғаларға Сашаның шар еткен үні соғылды да тынды.
Орыс қызы Александра мынау үрпекбастың әскери шені биік әкесі мен ерекше сәнмен киінетін шешесін сырттай білетін. Олар осында тұрақтап қалатын жандардай алыстан үйелменімен қоныс аударып келіпті. Офицер мырза өзгелердей орыстарға суық қабақ танытпайтын. Ал фрау Рерих жиегі кең шляпасының астынан төңірегіне жәудірей қараушы еді.
Совет әскерлері қалаға басып кіргелі бері жетімдіктің зар күйіне түскен неміс офицерінің ерке ұлы мен байқұс Саша осылайша тағдырлас болып табысып, солдаттар төккен жуындыны тығылып жеп күнелтетін.
Құлағында қалғаны сол: үрейден ұшынып шар ете түскен жалқы үн. Еміс-еміс есіне оралатыны – ұзын кенеп плащ жамылған түсі суық қарасұр адам. Төңірегін түгел жасқап, саяқ жүретін әлгі адам бұған быртиған бармағының үстіне салып ботқа беретін. Содан кейін тақ-тұқ, тақ-тұқ, тарс-тұрс, тарс-тұрс етіп талықсыған бір сарын. Анда-санда айдалаға маңып кеткендей үзіліп тоқтағанымен қайта жалғасады. Таңдайына ашқылтым дәм келеді. Ашқылтым дәм тынысын тарылтып тыпырлағанда басын қылтитып шығарып қоятын. Сонда әлдеқайдан жайқалып таңсық иіс аңқып жететін. Кейде... таңдайын жаратын ашқылтым дәм мен таңсық иіс қарасұр адамның жалаңаш қойнынан қатар бұрқыраған кезде үрпек бас бала оның бауырына тығыла түсіп, кеудесіндегі сүт ағарын сілемейлеп тастайтын...
ххх
Көне-көне заманның шежіресіндей кәрі Жоңғардың мұзарт шыңдарында алабас атан бұлттар аунайды. Әредік зау биіктен жарқ етіп көрініп, ғасырлардың ғазалын сөйлердей бауырындағы тіршілікке ентелеп төніп қайтатын байтақ Жоңғар бүгін тағы бір сырдың куәгері болғалы тұр.
Қарасайдың аузындағы қараша ауылдың кәрі-құртаңы Тұқымбектің Керман соғысынан қойнына тығып әкелген баласына азан шақырып ат қоймақ. Дүниеде қазақтан басқаны танымайтын шал-шауқан милығынан жалбыратып тұлым жіберген ортадағы шикіл сары балаға тамашалай қарайды. Сәби де қаумалаған халайықты таң көретін секілді. Әркімге бір жапақтап, текеметтің үстіне төге салған ірімшікті теріп жеп, шөпең-шөпең етеді. Аздан кейін дабырлаған жұрт тиылып, иегіндегі ақ күміс сақалы әуелеп қайтатын қарттың аузын бағып, мүлгіп қалыпты. Қарт алақанын жайып тоқтағанда дағарадай кимешектің астында шөкелеген кемпір орнынан кирелеңдей көтеріліп, тұлымды ұлдың қолына кәрі жілік ұстатты да, басынан аттап өтті. Үйдегі жұрт қоғадай жапырылған. Артынша тұлымды ұлдың құлағына алқам-салқам адырлардан атойлап шықандай алапат үн естілді.
– Сенің атың – Тәңірберген!
– Әкеңнің аты – Тұқымбек!
– Тапқан анаң – Асылхан!
– Сенің атың – Тәңірберген!
– Сенің атың – Тәңірберген!
...Тәңірберген тәтті бала болып өсті. Төрт жасында жалаң аяқ ауылдың борпылдақ топырағын кешті. Бес жасында бұзауға мініп алатынды шығарды. Алтысында асау үйретемін деп көкесіне қиғылық салды. Жеті жасында көкесі жетектеп апарып мектепке берді.
Ақсары жүзі тотығып қырдың нарт қызыл бозбасына айналған Тәңірберген он алтыға толғанда Жоңғар Алатауының теріскейіндегі қоянжондар тотияйынға малынғандай толықсып, барқыт белдерді шұғынық гүл жапты. Көрші үйдегі Жамал қыз да бұлықсып бой жетіпті. Өзіне мүлдем ұғынықсыз халмен Тәңірберген іңір үйіріле Жамалдың пердесі жұқа терезесіне телміреді. Әуелі бозбаланың ғазиз жүрегін жандырып, барлық бөлменің шамы самаладай жарқырайтын да, соншалықты ыстық бейне шарайнаның алдында бұлаңдап тұрып алатын.
Түннің бір уағына дейін шал мен кемпір күбірлеседі.
– Көкесі-оу, жалғызды аяқтандырмаймыз ба? – дейді кемпір.
– Менің балам оқиды, нәшәндік болады, – дейді шал.
– Ата-баба, зәу-затыңда оқумен ағарған пенде жоқ. Қойшы, – деп тыржыңдайды кемпір.
– Болмаса – болады, – деп егеседі шандыр шал.
– Мына Жамалдай әйбәт боп өскен бала жоқ осы ауылда, – деп тамсанады кемпір.
Сонда... күнұзақ шоқтан түспейтін үлкен жез шәугімдей ысылдап лезде ұйқыға бас қоятын шал қайта оянып, көңіліне алаң кіріп, кірпігі қамыспай жатқан зіңгіттей ұлын еркелеткендегі үнімен: «Жарығе-е-ем, жарығе-е-ем», – деп дөй далаға лағатын.
Аспан асты сайрауық құстардың әнімен тербеліп, алқынған күндер зымырап өте шықты. Ауылдағы оқу аяқталды. Тәңірбергеннің көкесі қашаннан бір сөзді адам: жалғыз ұлын нәшәндік қылмақшы. Жамал да, мектепті үздік тауысқан тағы бірнеше талапкер Алматыға сапар шегіп барады.
– Кеткенің ғой, қу жалғыз. Енді қайтып ақ маңдайыңнан иіскер күн туар ма екен, тумас па екен? – деп кемсеңдеді анасы. Сырға берік, мінезге мәрт қариялар мен кейуаналар зар-мұңлықты ананың мына сөзіне қайысып: «Зекетің боп өтейік. Жаман ырым бастама. Ұлың әлі-ақ арсалаңдап кеп мойныңа асылады», – десіп жамырай тіл қатқанымен, айбоздағының талайын соғыстың жұтқыр көмейіне беріп, қайғы шеккен жылаулы елдің ішінен кәрі шешелер аңырап дауыс сала бастады. Көптің шуылына селт етпей Тұқымбек қана Жоңғардың апай төсіне шаншылып қалыпты. Медет тілегендей. Матай стансасынан Алматыға баратын жүрдек поездың жүретіні хабарланды. Осы кезде ғана анасының құшағынан босаған Тәңірберген көкесін бас салған. Әке баласының самай шашын қайырып, жұпар жұтқандай теңселді. Бала әкесінің майда әжімдер торлаған мойнын тістелеп тұрып алды. Көзінен ыршыған ыстық жас көкесінің алқымын шимайлаған әжімдерді селдей қаптап, сырғанап ағады. Кәрі кеуде жусанға шомылғандай бұрқырайды. Таңдайды ашқылтым дәм соқты.
........................................
Тәңірберген қаладан тез түңіліп, жатақханада бірге орналасқан Жамалды да «ауылға қайталық та қайталық» деп азғырып жүріп, ақыры соңғы сынақтан құлаған қызды жетектеп поезға мінген. Ата-анасын, ауыл-аймағын, Жоңғар Алатауының бауырына бас қойып балбыраған қырдағы тыныштықты аңсаған жастардың көңіл-күйімен жарысып жүрдек поезд жүйткиді. Таныс өлкеге жақындаған сайын «Келіп қалдыңдар ма?!» деп қуанған құрбыларға ұқсап, алаңқайлардан тал қайың ойнап шыққанда Жамал аялы көзін төңкеріп Тәңірбергенге қарап қоятын. Дірілсіз көкте қалқыған мамық бұлттар жан шуағы дархан аналардың жаулығындай ағараңдап өтеді.
Матай стансасынан түскен қос жолаушы ештеңеге қарайламай, Баянжүректі бетке алып шықты да, көк теңіздей толқыған қалың жалбызға көміліп, аунай кеткен. Сол жылы күзде Тұқымбек қарттың шаңырағына келін түсті.
Келер жылы күзде Қарасайдың аузындағы қараша ауыл Тұқымбек қарттың түңілігін желпілдеткен қуанышқа – шілдехана тойына жиналды.
.........................................
Жасынан асауды албастыдай басып үйренген Тәңірберген шалдың ардакүреңнен жығылып, ауыр халде ауруханаға жеткізілгенін көрген сақа дәрігер Құсайынов «адам болмайды» деп бір-ақ кескен. Шалдың арты қара орман – немере-шөбере деген жетеді өзінде. Енді өлсе де арманы жоқ шығар. Сөйтіп, самарқау халде сарқылып отырған Құсайынов Жамал әженің кіріп-шыққанына да аса мән бермеген-ді. Есіктен ентігіп жас медбике Айғаным кіргенде ғана шала түс көріп оянғандай басын әнтек көтеріп алды.
– Ана жақта, – деді жас медбике екі иінінен дем алып, – өледіге есеп қылған шалыңыз шашалып бірдеңелерді айтып жатыр. – Құсайынов лып көтерілді. Екі аттап есікке жетті де, алақтап артына бұрылды. Қалың ақ шүберектен сырып тіккен дорба. Аузын бұрап, бауымен мұқият байлапты. Жылдам шешіп ішін ақтарған: бір уыс жалбыз! Нашатыр шашылған бөлмеде желгөзектен жүгіріп өткен даланың саумал исіндей аңқиды. Құсайынов жалбыздың майда жапырақтарын сауып-сауып алды да, жебей басып жансақтау бөлімінің төсегіне таңылған науқастың танауына тосқан.
– Чудо! – деп айқайлап жіберді жас медбике. Қос тәулік бойы ЭКГ аппаратының бетінен әредік секіріп өтетін науқастың жүрегіндегі қан айналымы тулай жөнелді.
– Кәрәмәт, – деді Құсайынов та өз көзіне өзі нанбай. – Осы шалды баяғыда соноу Еуропадан жалбыз исі жетелеп келді деуші еді. Рас екен. Кәрәмәт.
ЭКГ-ның бетіндегі қауырт қозғалыс талықсыған бір сарынға ұласты: тақ-тұқ, тақ-тұқ, тарс-тұрс, тарс-тұрс. Таңдайын ашқылтым дәм үйірді. Ашқылтым дәм тынысын тарылтып тыпырлағанда басын қылтитып шығарып қоятын. Сонда әлдеқайдан жайқалып таңсық иіс аңқып жететін. Ұлы дала мұздай жаңбырымен жуындырып, аптабымен болаттай балқытып шыңдаған тәннен шырқап шыққан Жан Ғайып ерен Қырық шілтен жебеп, ұзын кенеп плащ жамылған көкесімен қауышқан соң, үрпекбас сәби қалпында мына фәни дүниеге қайта оралып келе жатты...

Алматы.
Таулы қырат.
2008 жыл, сәуір айы

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста