«Осы хикаятты маған арнағаныңды көрсетіп жазшы», - дейтін ол.
Иә, бұл шығарма саған арналған. Саған арнадым, құрметтім!
Аяулы досым Әмірхан Балқыбекттің рухына тағзым.
Автор.
Аяғынан алжыған Солтанбай шалды сақалынан алты тарам жасын ағызып баласы қалаға сүйреп әкеткен күні бұл жалғыз қалды. Әуелде жалғыздығын үмітінің жетегіне байлап аңыраған ауылдың ішін аралап көп сенделетін. Қара ағаштардың басына қалбаңдай кеп қонатын қарғалардан өзге қараң етер жан жоқ. Құлазыған тыныштық. Әредік Солтанбай қарттың нәлі тайған керзі етігінен түскен ізді көзі шалады. Өкшесі қисайып, добалбастанып жатыр. Жамау жүрелей отырып сол ізді сипап қояды. Жарықтық жасы ұлғайып, мәлкілдеген шағында аяғынан алжыды ғой; әйтпесе санасы сайрап тұратын. Тек бар айыбы күнді күн демей, түнді түн демей, үйінен шығатын да жүре беретін. Ақырында тау мен тасты кезіп, арқа еті арша, борбай еті борша болып бір-ақ оралушы еді. Сүрлеулер әжімдеген сүлей даланың ең соңғы иесіндей еді ол. Кейбіреулер одан «елес ертіп, аруақ айдап жүрген адам» деп шошитын. Ал, Солтекең болса, бір кезде өзі сайран салған өлкенің бедеріне табаны жанып, құшыры қанып қайтқанына шалқитын. «Сарытауымның ойы мен қырын армансыз шарладым, - дейтін қалаға қаптай көшіп, жарыса қол бұлғап бара жатқан жақын-жұрағатына қарап шал байқұс, - Сарытауды көріп саңлағым бір көтерілді». Шалдың сөзін шалық ұрғанның сандырағына балап сол Сарытаудың бөктерінен қалаға бет түзеген ауыл көшінің ақыры Жамаудың жұрт бағып қалуымен аяқталды.
Алдымен қалаға ауылдың жастары аттанған. «Керемет қалада екен. Ақша аяқтың астында ыбырсып, шашылып жатады екен. Тек ерінбей еңкей де етегіңе толтыра бер». Сонысы рас-ау шамасы, қалаға тұрақ тепкеннің алды ала көбік ауызданып ауылға соққан сайын елді естанды етіп бітірді. Содан кейін-ақ ауыл қалаға қарап жұтынатынды шығарды. Сөйтті де жылы орынынан жылыстап көше бастады. «Көшпеймін, көше алмаймын» деген бұл ауылдағы жұмыр басты пенде жалғыз Жамау болды. Тегінде, терісін сүйегіне қаптай салғандай қапсағай бойлы тыржау жігіт еңіреген ерегестің адамы еді. Қалаға түп қотарылған ағайын туысына жон арқасын көрсетіп міне, енді, жалқы күн кешіп ауылда жүр.
Жамаудың күндегі әдеті осы: албарындағы азын-аулақ ірі-қарасы мен ұсақ малын айдап апарып Қарасайдың аузындағы аңғарға қаптатып жібереді де самал жүгіріп тұратын өлеңді өзектің салқын сабатына көміліп отырады да қояды. Ғайыптан бір жолаушы тап бола кетсе, Жамаудың мына кейіпін бейдауа дүниеден іргесін аулаққа салып әр күнін мінәжат үстінде мүлгіп қана өткізетін мүмінге ұқсатар еді.
Іш жидітер тыныштық ішегін тартып сыңсыған бір уілге ілініп қалған. Жамау анық естиді. Уіл үздіге соғып үзіле боздайды. «Е-ей, Алла-ай, - дейді ол содан соң күбірлеп, - тыныштық екеш тыныштық та жалғызсырап жылайды екен ғой».
Құнысқан жауырынын жазып төңірегіне көз тастаған. Аңғарларда ұйыған алып көлеңкелер кемерінен асып иен жұрттағы ауылға қарай жайылып барады. Ымырт үйірілуге бет алыпты. Ұясына енбес бұрын Баянжүрек тауының басына қонып алып күмбезкөк аспандағы серуен жолын тамашалайтын батар Күн иесіз үйлердің шатырына шапағын шашып, шолақ көшелердің бойына құба қызыл алаша төсеп тастапты. Ілкіде сол шолақ көшелердің қойын-қонышынан таяқ ұстаған, сырық сүйреткен кәрі-құртаң, бала-шаға ақтарыла шығып өрістен қайтқан малдың алдын тосып тұратын. Кешке дейін бұғынбақ ойнап, қызыл іңірде бір-бірін тауып ала қойғандай шұрқырасқан бір дәурен еді ол кезде.
Анау қолтықтағы дөңнің жалпақ төбесіне қариялар жайғасатын. Дөңнің шилеуіттеу тұсына кәрі шешелер мен жаулықтары ағараңдап жас әйелдер жиналатын. Әнебір күміс бастау иінағашты қыз-келіншектерге толып кетуші еді-ау. Тай-құнандарын жүгірткен бозбала, жігіт-желең әлгі күміс бастаудың аяғынан шөл басардай ентелеп кеп іркілетін. Соқасын көтеріп, темір тұяқ «тұлпарларын» қаңтарған ағалар да өріс баққан жұрттың өресінен табылар еді. «Соның бәрін қала жұтты, - дейді Жамау күрсініп, - қала жұтты». Дөң басына дөңгелене малдас құрған шалдар жарыса жер томпайтып, бақиға аттанысымен, бір тоқтыны қандап бітіретін ағайын арасындағы кілт еткен кикілжің атаулының кірі қалыңдап, әркім өз ұяты мен намысының шылауына байланып, қабағын теріс салды. Содан кейін-ақ:
Сырты түкті, іші боқ бірер хайуан із-түзссіз жоғалып, бір-екі азамат сотталып кетті;
Қазан теуіп қағынған тентектер көбейіп, қас жарылып, тіс сынды;
Келін-кепшіктің сұйық жүрісі білініп, оң босағадағы қыздың ойпаң белі шеңбірек атып шаңырақ астында төлдеді;
Ала жіп көрсе, асылып өлетіндер көбейді;
Сөз жарыстырғаннан бөз жарыстырған озып, бәкене бойлы бәсеке күшейді.
Осының бәрін Жамаудың ауылы өз ішінде қоздатып, өсіріп, уышықтырып, балалатып алды да артынан шошығандай түршігіп тұра қашты. Қалаға. Біреуді біреу біліп болмайтын қалаға. «Бұл ауылдың адамын ғана емес, ұяты мен намысын да аузын арандай ашқан қала қылғыта салды». Жамау тауларға қарайды: бой таластырып шалқи көтерілген құз жартасты көк сеңгір таулар аспанға барар жолдың баспалдақтары сияқты – бір-біріне мінгесіп, ұштасып алыстан айбар төгеді. Аяғының астындағы қара жолға телміреді: қара жол даңғылға біткен даналықтың тілінде сөйлеп кетердей ым қағады. Бұлаққа құлақ тосады: бұлақтар бетін басып ұяла қашқан бұла бойжеткендей сылаң қағып бір тынбайды. «Бұл ауылдың адамдарына, - дейді сонда Жамау, - мына таулардың тәкаппар мінезі, мына жолдардың көнені көгендеген көпбілгіштігі мен көнтерілі төзімі, мына бұлақтың мөлдірлігі мен балаңдығы дарымапты». «Тегінде солардың қалаға ауып қара батырғандары да дұрыс болды, - дейді содан соң, - өмір – алыс-жұлыс бәсекенің шегінде жалығу үшін берілген уақыттың өлшемі ғой. Мен білмейтін қалада қалай қырбайласса да өздері білсін».
Жамау мен Жамауды жалғыздыққа көндірген өлке жер-жаһаннан бөлініп уақыттың әлдебір мекенсіз, мезгілсіз ұшпағында қалып қойған сияқты. Таң қалай атса, кеш солай батады.
Жамау жетім ауылдың сыртындағы балуан жоталы белге көтерілетін. Сосын әбден үйренген көзі түнге сіңіп кеткен түлей түздің түкпірінен жіптей сызық тартылып өтерін қапысыз аңғарады. Жіптей сызық сәлден кейін жұлдыздардың сәулесіне ілініп, маңдай тұста ағараңдап жүріп алады да, жарты еліге өсіп білезіктене бітіп тоқтайды. Әлгі білезіктің үстіне тағы бір ақкүміс білезік киіледі. Ақкүміс білезіктер қалыңдап, бүктеуін жазған сайын бықып жатып алған түймедақ жұлдыздар өлермендене аспан төсіне өрлеп, бадана көзді басбармақтай жұлдыздардың жарығы жайыла түседі. Шығыстан білезіктеніп таң білінді, таң атты деген осы.
Бояуы солған бозамықтан Жоңғардың аппақ жүзі қылаң береді, дөңкиіп Аршалы түрегеледі, ұйқышыл Сарытаудың шошақ төбелері қарауытады. Ерте оянған Жоңғар абыз тау, ақсақал тау – Аршалыға алдымен сәлем жасап, Аршалы алды-артына абажадай төніп отырады да, айналасындағы бала тауларды аса таяғымен түртіп оята бастайды.
«Таулар тәртіпті, - дейді Жамау, - тауларда тәртіп бар».
«Таулар тәртіпті, тауларда тәртіп бар». Жамау жалғыз өзі бір жылды өткерді.
«Таулар тәртіпті, тауларда тәртіп бар». Жамаудың жан баласына жақ ашпағанына және бір жылдың жүзі ауды.
«Таулар тәртіпті... «иә, тауларда тәртіп бар» деп дауыстады біреу тап қасынан. Қара кісі. Таң алагеуімінен таңғажайып түс аулағандай айналасына тамсана қарап тұрды да жол бастады. Ауылға. Иен ауылдың шетіне екеуі іліне бергенде ағараңдаған әлденелерді Жамаудың жанары іліп түсті. Бір біріне үнсіз мұң шаққан мұржасыз тамдардың іргесінен түн түтіліп барады екен. Сол кезде анық байқады: кебіндер керуені керімсал лепке ілесіп қасынан суылдап өтіп жатты. Ауылдан дым сіңген шикі топырақтың иісі аңқиды.
... Қара кісі Жамаудың жанын жайлап алды. Екеуі күн батырып, таң атыруға келіскендей көкке телмірген тылысым күй тауып әбден бітісті. Айнала төңірек елбек қағады. Таулар тулап, төбелер шырқ үйріледі. Кейде тіпті найзакөк шыңдар тікке атылып, әуе қақ жарылады да жұмсақ тыныс тапқан ақнұр дүниеде Жамау жалғыз қалады. Міне тағы да жалғыз қалыпты. Аңылжыған ұшы-қиырсыз мекенді кешіп келеді екен. Алдынан есігі түрулі ақ отау тап бола кетті. Кіріп келсе, іші толған хор қызы жайраңдай күліп Жамауды төрге шығарды. Бірі ақша жүзін тосып, бірі тілінен бал жұтқызды. Күлкісінен күміс төгіліп тағы бірі дастархан жайды. Сосын бәрі жабылып бұны шымылдық ішіне енгізді де басына құс жастық тастаған. Оянса, маңайында жан баласы жоқ жалғыз өзі бұлт жамылып жапан түзде жатыр. «Оуууу, ауууу, қайдасыңдар?!» Алыстан тұяқ дүбірі естілді. Жер апшысын қуырып төпеп келеді. Маңдайында жалғыз көзі бар сияқты. Таптап өте шығатынға ұқсайды. «Айбөкееен! – деп айқайлады Жамау, - Айбөкен, бұл сенбісің?!» Жамау тап сол кезде өз айқайының алапат зор үнге, самбырлаған дауысқа ұласқанын аңдап таңдана құлақ тосқан. Дауыс Жамауды жапырақтай қалтыратты. Ояна кетсе, тағы да түсі екен. Қасында қара кісі отыр. «Көресің, - деді Қара кісі, - сен енді оларды көресің». Жамау айнала аспан таулардың алып көр түбіне шөгіп, шөкелей түскенін көрді. Иен ауылдың иесіз үйлерімен бірге Жамау да көр қойнына жұтылған, кенеттен... көзі шырадай ашылды. Жан қалтасынан суырып алып қараса, сағат тілі таңғы алты жарымды қайырыпты. Күміс білезіктенген көкжиекке қадалған бетінде қалғып кеткенге ұқсайды. Бидайық басын тербелткен таңғы серпінді ауа Жамаудың бойын сергітіп, етектегі ауылға жетелей жөнелген. Ауылға таяғанда белбеуіне жүген қыстырған Байғазы шалды кездестірді. «Астапыралла, бұл шал баяғыда бақилық болмап па еді?» Жамау Байғазы шалға қос қолын созып сонда да тұра ұмтылған. Шал, бірақ түсін салқын ұстап бұған бұрылып та қарамады. Алабұрта адымдап үйіне жеткен. Төрде малдас құрып отырған Солтанбай қартты көріп сілейіп қалды. Сосын егіліп жылап жіберді: Солтеке-ау, мен сорладым ғой. Сорлы болдым ғой әбден. Жалғыз өзім жұрттан аумаймын деп жүріп ес-ақылынан айрылған бір бейшара болдым ғой мен. Біресе шалықтап көкте жүземін, біресе көрге кіремін. Жаңа ғана белбеуіне жүген қыстырған Байғазы марқұммен жолықтым. Мені жын иектеп, сайтан қуаламаса, өлі аруақты тірі адам сияқты көремін бе? Ататай-ау, құтқаршы мені, садағаң кетейін бойыма дем салып санамды сауықтыра көрші...
Жамау солықтай келіп Солтанбайдың алдына жығылған. Қарт күлімсіреді. Қабағын жазып баудай сақалын уыстаған күйі иегін қақты. Жамау жас парлаған жанарын сүрте алмай жатып буалдырланған қарт бейнесінен Қара кісіге ұқсастықты аңғарды. Қара кісінің... жо-жоқ, Солтанбайдың кәрі сойдақ тістеріне бағынбай ерінін жалап жылмаң қағатын күзгі жалбыздың піскен жапырағындай қанқызыл тілі Жамауға қайтадан ес бітірді. Шал әдеттегідей езуіне түкірігін іліп алып, ұртын қомпаңдатып ұрып отыр. Әредік алақанын жазып әлденеге таңданады, әредік сұқ саусағымен көкті нұсқап екілене сөйлейді. Иығын қуысыра түсіп, бүктелген белін бүгжіиген кеудесімен басып еңкеңдей ентелеп әлденені ежіктеп түсіндіреді. Жамау қартқа риза болды. «Жарықтық-ай, ата мекен, баба қонысына жеткен екен-ау жер түбінен күңіреніп. Бәсе, атты кісі тақымға салып тартса да жұлынбайтын шидің сабағындай тамырын туған жерден үзіп кете алмайтын бір пенде менің қасымнан табылса керек-ті».
Ауыл қалаға ақтарылғанда Жамауды таңғалдырған бір керемет – кәдімгі шилер еді. Бірде Жамау ерігіп жүріп ат үстінде шидің бір сабағын тамырымен жұлып алмақ болған. Қозғалмады. Содан кейін тақымына басып тартып байқаған. Мыңқ етпеді. Қайта сабығынан сынып Жамаудың алақанын тіліп-тіліп түскен. Қыста қар астынан қылтиған үрпек басы үлпілдеп, аязға тұншыққан түрі аяныш шақырып, көктемде балғын тартып бойлай өскен көркі дүниеге бір ыстық әр беретін шилердің, шилі өлкенің өскіні Жамау үздіге соғып үзіле боздаған уілді қайыра естіді. «Бұл не уіл? Оты сөніп, ошағының аузы талқандалған жетім үйлер ілкідегі тіршілікті жоқтап зарлай ма? Әлде, түтін аңсаған мұржалардың өзегін кернеген өксік пе?»
Жылауық Жамау.
Мен бе жылаған?
Адамның шын досы – көз жасы.
Мен оны білемін. Мен жыласам рахаттанамын.
Жылаған адамның жанын періштелер әлдилейді.
Сен кімсің?
Танымадың ба? Дұрыстап қарасаңшы.
Мәулііім? Сен осыдан...
Иә, мен осыдан он жыл бұрын бақиға аттанғанмын. Түн – рухтың мекені. Біз түнді кеземіз.
Ал біз түннен қорқамыз.
Уақытта түннен қорқады. Түн мәңгілікке жалғаса берсе, уақыт есептен қалар еді.
Сендер бізді көріп тұрасыңдар ма?
Міне, сен де бізді көріп тұрсың. Мен өзгеріппін бе?
Жоқ, бәз-баяғы қалпың. Тіпті оң жақ көзіңінің астындағы тыртық та орнында. Осы тыртық ашушаң әкеңнің қатты сермеген қамшысының ізі емес пе еді? Әкеңе әлі өкпелі шығарсың?
Менде әке болған емес. Мен ол адамнан бұрын туғанмын. Оның мені көрген бетте қалшылдап, құтырып, айқайлап кететін себебі сол еді.
Сен соны білдің бе? Білсең айтпадың ба?
Фәниден бақиға баратыны әр пендеге ақиқат. Бақидан фәниге оралғанын сезетін жанның екі дүние арасындағы халі өзіне де жұмбақ: түйсіктің түкпіріндегі әлемге жету тірлікте неғайбыл.
...............................................................................
Кеше жалаң-аяқ, жалаң-бас далада ұйықтап қалыпсың, - деді ертеңінде Солтанбай қарт Жамауға қарап, - көтеріп әкеліп төсегіңе жатқыздым.
................................................................................
Жамау кештің батуын асыға күтті. Алыстан талығып жеткен уілді жетім ауылдың қора қопсысында жамыратып тағы да түн келді. Жамау төсегінен ұрлана ұмтылып сыртқа асыққан. Төңірек тұтаса ағарып сүттей жарық шашқан таң өң мен түстің арасын жалғап қалыпты. Албарда ысқырып аппақ жылан тұр. Қос желбезегі қанаттанып, қайқаңдай жорғалаған жылан Жамауды жанап өтіп зау биікке ширатыла бір-ақ шапшыды.
Көрдің бе? – деді Қара кісі Жамаудың құлағына сыбырлап, - сені ауылдан ұзатпай арбап алып қалған осы әбжілан еді.
..............................................................................
Ертеңінде Солтанбай қарт Жамауға бағзы бір заманның хикаясын баян қылды.
«Ертеректе болса керек, - деп бастады қарт әңгімесін. – Біздің мына Аршалы тауының терең шатқалдарын жайлаған жыландардың ордасында бір адам өмір сүріпті. Әлгі адам түнде жыланға айналып, күндіз кісі кейіпіне енетін көрінеді.
Жылан-адам сауытын шешіп тастап кейде алыс қиырларға сапар шегеді екен. Сөйтіп елден елді, жерден жерді аралап келе жатса, шақырайған күннің астында ешкі сауып отырған бір кедейге ұшырасыпты. Осы кедейді бір сынап көрейініші дейді де жігіт жылан кейпіне еніп кедейдің лашыған кіріп барса, байқұс кедей орнынан ұшып тұрып ернеуі маймиған қалайы легенге сауған сүтінің жартысын құйып беріпті. Жылан сүттен тойғанынша ішіп, алтын ділда тастап шығып кетеді.
Осыдан кейін жылан күнде сүт ішуге келіп тұрады, кедей сорлы да күніне алтын тілләлі бола түседі. Күндерден күндер өтеді. Төрткүл дүниге аты кеткен бір патша түс көреді. Ол түсін ешкімге айтпай «түс көрдім, түс көрдім, түсімде не көрдім?» деп айта береді. Уәзірлері, ғұлама молдалары жиылып патшаның қандай түс көргендігін таппайды. Қарақұрым халқы жиналып кеп айта алмайды. Сонда патша: «Менің дәрегейіме бас ұрған пенде баласы қалмасын. Бәрің жиылып келгенде не түс көргенімді білмесеңдер тегіс басыңды аламын», - дейді. Мұны естіген қарашы халықта ес қалмайды. Патшаның жарлығын кедей де естиді. Кедейге де жан тәтті, қайтерін білмей, кіріп кетерге қара жердің қыртысын таппай отырса, оған жылан кеп тіл қатады.
Сен патшаңа бар. Патшаңа жолыққанша менің сөзімді тісіңнен шығарма. Патшаң түсінде түлкі көрді. Осыны айтсаң патша қуанып саған сый-сыяпат жасайды. Бірақ, сен патшаның бергенін менімен бөлісуге тиіссің - дейді.
Кедей қуанып, құнжың қағып жүгіре жөнеледі. Шаһарға барса, құжынаған халық дейді. Күңіреніп жатыр екен дейді. Кедей патшаға кіруге мұрсат сұрайды. Бейшара ажалына асыққан біреу ғой деп, күзетшілер оны патша сарайына кіргізіп қоя береді. Кедей патшаның алдына бара жығылып:
Түсіңізде не көргеніңізді мен айтайын, тақсыр, - дейді.
Айт! – дейді хан ақырып.
Тақсыр, - дейді көзін жұмып мүлгіген жарлы, - көріпкел-әулие пірілерімнің сездіруіне қарағанда, сіз түсіңізде түлкі көрдіңіз.
Мына сөзді естіп патша қуанып:
Менің жұртымның ішінде де ақылды, әулие адам бар екен ғой. Әулиеге көтергенінше алтын тіллә тарту етіңдер! – деп әмір етеді. Әулие түсін жорып, көңілін тыныштандырған соң патша да мейірленіп халқына хұрсан жариялайды.
Аяқ астынан әулие атанған кедей жарты қап алтын ділдәні көтеріп келе жатып «Әй, осыны жылан біледі ғой дейсің бе?» деп алтын ділләларын жарты жолға көміп, тығып тастайды.
Арада неше жылдар өтеді. Жарлының лашығына кіріп жылан күнде сүт ішеді, күнде бір ділда қалдырады. Кедей оны жамбасына басып жата береді. Патша бір күні баяғысынша түс көреді. «Түс көрдім, түс көрдім, түсімде не көрдім?» деп айқайлайды патша. Ел іші тағы дүрлігеді. Уәзірлер кедейді іздейді. Ат шаптырып кісі жіберсе, кедей шалқасынан түсіп шалжиып жатыр екен. Шабармандар алқынып: «Әулие жарықтық, халқыңды құтқара гөр, қатігез патшамыз түс көріпті. Бізбен жүр. Түсінде көргенін айтып бер», - дейді. Кедей: «Сендер жолдарыңнан қалмаңдар, мен соңдарыңнан барамын», - дейді де өзі емпеңдеп жыланға жетеді:
Басыңды көтер, Мар ата, патшамыз түс көріпті.
Қу тұяқ кедейім, келдің бе? Патшаң түсінде қасқыр көрді. Бар да айт. Бірақ, олжаны бөлісуді ұмытпа!
Кедейді патша жылыұшырай қарсы алады. «Әулием, айта ғой, түсімде не көрдім?» «Түсіңізде, - дейді кедей, - түсіңізде тақсыр хан, қасқыр көріпсіз».
Ойбоой! – деп шалқиды патша. – Менің қарашы жұртымның ішінде нағыз әулие бар екен ғой. Мынау нағыз әулие. Әулиеме көтергенінше алтын ділда беріңдер!
Қап толы алтынды арқалап келе жатқан кедейдің ішіне арамдық кіріп: «Осыны жылан біледі ғой дейсің бе?» - деп әдеттегідей қапшығын жарты жолға жасырып көмеді де, жыланды таспен ұрып жарадар етіп маңынан қуып жібереді.
Арада жылдар өтеді. Түс көргіш патша ел ішін бұрынғысынша азан-қазан қылады. «Түс көрдім, түс көрдім, түсімде не көрдім?» Уәзірлер кедей байқұсты естеріне түсіріп шапқылатып шабарман аттандырады. Шабармандар барса, кедей сол баяғы шыр бітпеген қалпы ешкісін сауып ішіп отыр екен дейді. Шабармандар ат белінен түспей мән-жайды баян етеді. «Сендер бара беріңдер, - дейді кедей. – Мен де жетемін». Сөйтіп ол тарынып жылап, енді ғазиз жаннан баз кешкен шығармын деп зарлай бастағанда жылан қасынан табылады.
Ә, сығыр кедей, сораңды ағызып неге зарлай қалдың?
Мар ата, жаздым-жаңылдым. Өзің бірдеңе қылып ептемесең өлетін шығармын. Түстен өзге ісі жоқ патшамыз ұйықтап жатып тағы да ит-құсқа жолықса керек.
Патшаң бұл жолы түлкі де, қасқыр да емес, қой көрді, - дейді жылан.
Патша әулиесін көргеніне қуанып: «Өзіңізден сұрайтын соңғы мәуітім бар еді», - деп бастағанда кедей жұлып алғандай: «Тақсыр ием, түсіңізде қой көрдіңіз ғой», - дейді бек сенімді түрде.
Патша есі шыға қуанады. Кедейді сый-сяпатқа кенелтіп жолға салады. Кедей жолда келе жатып «осы бай адам мендей-ақ болар, екі қап алтын ділдам бар. Жылан досымнан жиған ділдаларым бір төбе. Енді ынсап қылайын. Мына арба толы алтынды Мар атама берейін» деп қанағатқа кенеледі. Мұны білген жылан кедейді жолынан тосып алып былай дейді:
Маған сенің алтын көмбең керек емес. Мен сені сынға алып ем. Әуелі патшаң түсінде түлкі көрді. Өйткені халқы түлкі сияқты еді. Бірін-бірі алдап өмір сүретін. Сен де түлкілік жасап, жарты қап ділдәні тығып тастадың. Одан соң патшаң түсінде қасқыр көрді. Халқы да қасқыр еді ол кезде. Сен де қасқырлық жасап, алдыңды болжаған достығыма қастық қылдың. Енді ел тойынды. Жуасыды. Патшаң да түсінде қой көрді. Оны сен мен арқылы жорып баян еттің. Патшаңның көңілі тынды. Енді сен мені тыңда. Қазына мүлкің жетеді. Үйлен. Қатының ұл туса, атын Мәулім ғой. Мәулім мені іздесін. Мен – жыландар патшасы Шахмаранмын.
Осыны айтады да жылан көзден ғайып болады. Кедей үйленеді. Қатыны тоғыз ай, он күн дегенде толғатып ұл туады. Ұлдың атын Мәулім деседі. Мәулім бала кезінен садақ тартып, аң атып әке-шешесін асырайды. Бір күні Мәулімнің көз алдынан бір елік тұра қашады. Мәулім қуа жөнеледі. Елік қаша-қаша бір үңгірге кіріп кетеді. Мәулім де үңгірдің ішіне енеді. Үңгір тас қараңғы екен. Анда санда еліктің көзі жалт етіп шалынып тереңге бастай береді. Мәулім еліктің соңнан еріп келе жатып үңгірдің ішіндегі бір түпсіз шыңырауға түсіп кетеді. Шыңыраудың ішінде жатып Мәулім жан-жағын жебесінің ұшымен қазса, жылт еткен жарық көрінеді. Не болғанда да осы шыңыраудың түбінде қалдым ғой, оданда қаза берейін деп қаза берсе, ар жағынан ысылдап үйірлі жылан шыға келеді. «Сені біздің патшамыз Шахмаранның күткеніне көп болды» дейді жыландар. Мәулім жыландардың ордасына келсе, Шахмаран алтын табақтың үстінде жатыр екен. «Қорықпа, мен де жартылай адаммын. Жер бетіне шықсам кісі кейіпіне енемін. Жер астында жыланмын. Жыландар патшасымын. Мен саған бір құпиямды ашамын, Мәулім балам. Сен ол үшін менің қасымда ұзақ тұруға тиіссің», - дейді. Мәулім Шахмаранның әлемінде ай өмір сүреді, жыл өмір сүреді. Тіпті көп жылдар өтеді. Бір күні Мәулім кәрі ата-анасын есіне алып жылайды. Шахмараннан жер бетіне шығуға рұқсат сұрайды. Шахмаран келіседі. Мәулімді жер бетіне шығатын жолға салып тұрып жыландар патшасы ұртына жасырған гаухар тасты байқатпай ұстата қояды да:
Мына гаухар тас жер бетіне шыққан кезіңде кітапқа айналар. Мұнда неше ықылым заманның сыры бар. Бұл кітаптың сенде кеткенін білсе, жыландар мені өлтіреді. Мені көргеніңді пенде баласына сен де сездірме. Олар білсе саған да, маған да қастық қылады, - деп қоштасып қала береді.
Мәулім шыңыраудан көзді ашып жұмғанша көтеріліп, жарық дүниеге оралады. Арып-ашып жүріп ауылын табады. Барса, әкесі бақиға аттаныпты. Анасы жалғызын жоқтай-жоқтай басыр болып қалыпты. Мәулім сонда Шахмаранның кітабын есіне алып, бірер бетін ашып оқып, анасының көзіне дем салса, кейуананың шырағы қайтадан жанып шыға келіпті.
Әлқисса. Мәулім кітабын оқи берсін. Біз енді жазылмас дертке шалдығып, ғаламның оқымысты молдалары мен дәруіш-құшынаштарын жиып алған патшаға келейік. Патша жан адам білмейтін науқасқа ұрынып Жаратқаннан жанына сауға сұрап жатыр екен. Сол кезде жын-перінің тіліне жетік бір молда Ніл дариясын кешіп, Мысырды басып, Шам шахарынан жетіпті дейді. Келе патшаның тамырын ұстап көрген сұңғыла: «Тақсыр, сіздің еміңіз – жыландар патшалығының патшасы Шахмаранның еті. Шахмаранның басын алып миын қайнатып ішіңіз, жон терісін сыпырып жамылып жатыңыз, сонда бар дертіңізден құлан таза айығарсыз», - дейді. Мына сөзді естіген патша уәзірлеріне бұйрып: «Қайтсеңдер де Шахмаранды табыңдар», - дейді. Молда айтады: «Тақсыр, уәзірлерді бекерге әуре етесіз. Мен сіздің шахараңызға кірген бойда байқадым, бір қараша үйдің түндігінен алтын бу шығып тұрды. Сол үйде Шахамаранды көрген бала бар. Маған нанбасаңыз баланы шешіндіріп қараңыз. Баланың денесі кеудесінен төмен қарай көкала. Шахмаранды көрген жанның тәнінде сондай белгі болады», - дейді. Дегенше, уәзірлер Мәулімді байлап-матап алып келеді. Шешіндіріп жіберіп қараса, расында денесі көкала екен. Патша көзі жайнап Шахмаранды сұрайды. Бала айтпайды. Патша қахарына мініп, ызбарлана сұрайды. Бала тіл қатпайды. «Мынаны апарып зынданға салыңдар», - дейді. Патшаның жаналғыштары баланы ұрып-соғып күнде сұрайды. Мәулімнен дыбыс шықпайды. Амалы құрыған патша баланы дарға асуға бұйырады. Бұл кезде шахарға қауесет тарап, пәрмені зор патшамыз бала кейпіндегі айдахарды өлтіреді екен деседі. Патша жарлығы жария етілген күні жұрт дар ағашы тұрған алаңға ағылады. Қараса, көркіне көз тоятындай түбіт мұрт бозбала екен. Апыр-ай, мынау бір бейкүнә бала ғой деп жұрт гулей бастайды. Қала жұртының осылай қауырт жиналғанын күткен Мәулім жендеттердің жетегінде келе жатып пырр етіп торғайға айналып зау биікке көтеріледі де: «Қап-қап, Шахмаранның кітабын тауысып оқи алмадым» деп, бұлдырап кете барады. Торғайды кенет қырғи бола қойған молда қуа жөнеледі. Сол кеткеннен Мәулім де, молда да оралмапты. Ауру патша дүние салыпты. Ал, Шахмаранның кітабын көрген жан бұ дүниеде жоқ екен».
Солтанбай қарт Жамауды таң-тамаша еткен әңгімесін тиянақтай бере сөзін былай деп қорытты:
Со заманның куәгерлерінен қалған сөз екен, балам. Кітапты Шахмаран Мәулім арқылы жер бетіне шығарып, адамзат баласына тарту етпек болған. Ол кітапты жаны ізгі, жаманшылық ойламайтын бекзат кісі ұстаса деп армандапты. Кейін адамдардың арасына оқымысты-ғұламалардың кейпіне еніп кіріп кеткен ібілістерді сезіп, кітапты Аршалы тауының бір шыңырау құз-жартасына тығып тастапты. Осылайша Шахмаран күндіз кісі, түнде жылан болып әлгі кітапты әлі күнге дейін бағып жүр екен.
Ертеңінде Жамау Аршалыға апарар бұралаң соқпаққа түсті. Тау етегі қоянжонданып бел-белеске ұласқан сайын баяғы уілдің сарыны төңіректі сапыра көшіріп Жамаудың екі аяғын жерге тигізбеді. Төменде иен ауыл қой тастардай үйіліп қораш көрінеді. Сарытау табан астында тапталып, басында алабас атан бұлттар аунаған Баянжүрек белден төмен қалды. Жамау демін басып, жан шақырып қараса, аспанды алқымдаған алып бір құзар шыңының шыңырау биігінде дамылдапты. Дәрмені таусыла, буындары құрсауланып бүктеле құлаған. Кенет бойын жазды да созылып сала берді. Сөйтті де жақпар тастан желбезегін шығарып, ысқыра арбап тұрған әбжыланға қарай басын оқтай шаншып ирелеңдей жөнелді.
Мүйіз тарақ
(әңгіме)
Алдымен айнала, алқа қотан отыруға ыңғайлы дөңгелек үстелдің бетіндегі дастарханның шетін қайырып, алақанын жайды: «Асқа адалдық, басқа амандық бере гөр, Алла!». Бауырын көтеріп апыл-тапыл басқан баланың бойындай ғана терезенің ендігінен екінтінің күні еңкейіп, сығалап тұр. Кешкі іңір мен түннің суық түсін ұзағырақ ұстап қалатын жұқа әйнектердің ар жағынан алып теректердің діңі қарауытады. Бір кезде бұл теректер балғын шыбықтар еді. «Қазір тіпті үйдің төбесіне шығып алып шулайтын болды», - дейтін кемпір осы ауылдағы бәрінен биік шынарлардың өз бағында бой салып өскеніне мақтанғандай. Шалының шымнан түйген үйі аласарып бара ма, әлде теректер аспандап кетті ме, қазір кемпір сыртқа көз салса, көретіні: бұтақ бітпей шемен қатқан түйнектер мен адырайған тамырлар ғана. Осыдан бес, алты жыл... жоқ, одан әріде-ау, шамасы, Тойшаным еккен талдардың жапырағын көрші көлеңнің ешкі-лағы жалмап қоймасын деп қорып жүретін. Енді, міне, қатты жел тұрып, шайқалғанда ұшар басы үрей шақырып, ту биіктен төнеді.
Кемпір шоқаңдай сырғып, ошақтың аузына барып отырды. Ас үйдің бір қабырғасына қапталдаса мінген пештің ішіне от тұтатты. Астына құрғақ тамыздық басып қаланған қи сия көк жалынға оранды да, жана бастады. Кемпір мүлгіп кеткен. Аузы-мұрнынан әдепкідегідей ыс теуіп алған мосқал пеш іңір қараңғысы ұйыған бөлмеге жылылық шашып, жылт қызыл сәуле ойнатып қояды.
Кенет, тамсана түсіп, тәтті мүлгіп отырған кемпір төңірегіне бағжия қараған күйі оянып кетті. Сол бағжиған қалпында есіней беріп еді, пештің көмейі гүрілдеп, төргі бөлмедегі қашанғы кәрі сағаттың тілі сарт-сұрт соғып сарнай жөнелді. «Ойбүй-ууу, қара басым-ай, қатып ұйықтап қалыппын ғой. Тойшаным келетін уақыт болды емес пе? Жұмыстан өзегі талып жететін баланың ас суын қамдамай қара басқаны-ай мені әбден!».
Кемпір тағы да шоқаңдай сырғып, есіктің аузына іркілді де, бес бүктелген белін зордың күшімен жазып, электр сымының түймесін ағытқан. Бөлмедегі бұлың-пұшпақтың қалтарысына жабысқан қараңғылық қаша жөнелді. Тіпті, жабындысы солбырайған ағаш кереуеттің іргесінде күндіздің өзінде кеппей жататын түннің дымқыл бояуы да іріп сала беріпті.
Кемпір шоқаңдаған қалпы тошалаға сүңгіп кетті де, қазан сүйреп қайтты. Қазанының түбінде қарайған бірер сүйек пен бір кеспелік ет бар сияқты. «Қарғам да қазір кеп қалар» деп, шеті қайрылған дастарханның бүктеуін жаза бергенде, сыртқы есік сықыр етіп ашылғандай болды.
- Сүрдің иісі-ай! - деді ұлы.
- Кәрі шешеңнің етті күн мен желге қақтамай асқан кезін көрдің бе? Жас ет - жасық ет. Осы күнгі қатындар етті сүрлеу дегенді білмейді, білсе де ерінеді. Терісінен жаңа арылған малдың етін сорғалатқан күйі апарады да, тоңазытқышқа тоғыта салады. Тоңазытқышта тоңып, үсіген етте дәм бола ма, тәйірі. Бүгінгінің кербаққан кесір қатындары, несін айтасың, кеселді салып-ақ жүр ғой. Соның бірі біздің күлбет келін еді.
- Апа, атын атамаңызшы кәпірдің.
- «Құтырғаннан - құтылған», кетіп тынғанын кейін құп көрді өз басым.
- Қойыңызшы, «қатын жіберген не сұмдық?» деп, бетімді талай қайырған өзіңіз емес пе едіңіз?
- Е-е, біз қайдан білейік. «Келінге келін болсаң жағасыңның» керімен соның жағында болып, сойылын соққандағым сол: жүре түзелер, ойланар деген дәме еді. Олай шықпады. Ол ойым әдірам қалды.
Кемпірдің келін-кепшікке, қатын-қалашқа кейісі ас ішіліп, дастархан жиылғанша біткен жоқ. Кейіген күйі ол асадал мен тайпақ үстелдің арасында шоқаңдап жүріп алды. Бір қолында добалдап жасалған кішкентай орындыққа ұқсас сүйеніші, бір қолында шәйнек - асадалдың аузына әрең жеткен. Енді қайта оралып, құмшекер салынған ыдысты іліп әкетті. Сосын шоқаңдай жылжып барып тоқ шәугімді бауынан босатқан. Орындық сүйенішке батқан саусақтарын тарқатып, қары талған білегін уқалап, уһіледі. Орындыққа қайыра жабысты да, төрттағандап дәлізге беттеді. Дәлізге бара жатып қара шелекті қаңғырлатып ерте шықты. Қи әкеліп, пешке қалап қою керек, әйтпесе азанға дейін жыртық жамаулы үй азынап кетеді.
Қара шелектегі қиды пештің көмейіне жытырып болған соң жаулығын шешті де, тұқылдана бітіп, тұтамға айналған бұрымын тарқатып, жан қалтасынан мүйіз тарағын суырды. Самай шашы тұтас ағарып, төбесі шала бурыл тартқан құйқаға мүйіз тарақтың тісі сіңгенде кемпірдің жүдеу басы дуылдай жөнелді. Мүйіз тарақты сағынып қалыпты. Мүйіз тарақ... кемпірдің көне көз серігі. Бұлықсып бойжеткен шағында ағасы Тұрсынахметтің сыйға тартқан күміс тарағын ұстап жүретін. Е-е, ол да бір заман екен ғой. Тұрсынахмет ағасы жігіттің марқасқасы еді. Жұрт жаппай «ашылып-сайрап» саясатқа ұрынған. Аш-арық. Алдыңдағы малды адалдап сойып жей алмайсың. Арғы бетке (Советтік Қазақстан жаққа. - авт) өткен ағайыны туралы аузын ашқан адам «қос жүрек» атанып, түрмеде шіритін. Сонда да ағасы бұны шекара асырудың амалын тапты. Сондағысы - бәлиғатқа жаңа толған қарындасын қырыққа таяған қырма сақалды жігітке ұзату екен. Қырмасақал - біртоға, өкіметке берешегі жоқ, қылмыс өткермеген жан. Сонысына орай сәбетке өтуіне Мао жолдас қарсылық танытпапты. Ол өзімен бірге жар етіп жас қызды да ала кетуге қақылы екен.
- Ақботам-ау, - деген сонда ағасы бұны бауырына басып тұрып, - ата-анаңа қарайлап, мұнда қалғанда күнің не болады? Қайдағы бір мәжусидің қолаңса сасыған қолтығында қорлыққа көнгенше, өз нәсілің, осы ердің етігінен ұста да айрылма.
Осыны айтқан аға зор тұлғасын түгел сілкінте, солқылдап жылап жіберген. Кейін... көп жылдар өткен соң жанашыр бір ағайынның аузынан естіді: ағасы «қос жүрек» атанып, қытайдың түнек басқан түрмесінде «Ақботамның арда басын қорлыққа бергенім жоқ. Ах, дариға, дүние-ай, әйтсе де ақша жүзін бір көрсем-ау» деп жатып, дүниеден озыпты. Ал ағасы аманаттаған ер қытай ішінде бойын жасырып қана жүрген жігіттің сұлтаны болып шықты. Атажұрт, баба қонысқа оралған соң түлеп сала берді. Өзі әнші, өзі сері. Аз жылда айналасына жора-жолдас үйіріп, жігіттің бозтайлағы атанды.
Бұлардың үйінен қонақ арылмайтын. «Келіннің асы дәмді, қолы ашық» дегенді сылтау етіп, ауылдың басшы-қосшылары жоғарыдан ұлық атаулы келе қалса, ұлардай шулатып тобымен осында әкелетін.
Бір күні ақ жағалы дөкейлер қауымын кезекті рет күтуге тура келді. Бұл дөкейлер бұрынғы дөкейлерден әлдеқайда әлеуетті көрінеді. «Дастарханның басынан ауылдың шолақ басшылары былай тұрсын, аудандағы әкім-қаралардың қарасы көрінбеуі керек, олармен тек облыстағы сот, прокурор ғана табақтаса алады» деген сөз Салқынбелдің жазығында жылқы бағып, бие байлап отырған бұларға дақпырт-даңғазасын алдына салып, ақыраңдап жеткен. Бұның бәрі ештеңе емес, ерлі-зайыптының зәресін қашырған сөз: «дөкейлердің бірі құлын етіне жерік» деген сөз болды.
Ері екеуі құлындарды аса жақсы көруші еді. Отасқандарына бес-алты жылдың жүзі ауса да бір шақалақтың жұпар иісіне зар болып жүргендіктен екі мұңлық бие құлындаса, құрақ ұшып жанынан шықпайтын. Биыл бір ақ жал сары бие қадаға оңбай жығылып, іштегі құлынын жылқышылар жарып алған. Жетім құлын содан бері қолдан сүт ішіп, қолдан жем жеп әбден жетілген еді. Жұныттай. Құйрығын тігіп, құлдыраңдай шапқанда Құдайдың бір қызығы, бір кереметі осы ма дерсің. Кейде сол кереметін кереметке ұластырып, алтын түкті аймаңдай құлын бұның алкеудесіне тұмсығын сұғып, ұмсынатыны бар. Анасындай көреді. Сонда, жас әйелдің алпыс екі тамыры иіп, әлдебір таңсық күйге елтитін. Енді, міне, құлын жейтін қонақ келе жатыр. Ақ жағалы үлкен ұлық.
Ұлықтар күн шапағы Жоңғардың алқаракөк шыңдарына түйреліп, Алтыншаңырақ тауының иығына қона бергенде жінігіп жетіп келді. Шетінен қызу. Шала мас. Арасанның шипажайында таң атқанша араққа бөгіп, әбден-ақ сілеленіпті. Сілекейлерін жұтып әрең сөйлейді.
-Тамақ дайын ба?
-Дайын, нәшәндік жолдас.
- Не бар?
- Үйітілген қойдың еті. Қазы-қарта, жал-жая.
- Құлын еті ше?
- Оның мәнісін білмедік, нәшәндік жолдас.
Нәшәндік жолдас барқырап, таңғы тыныштықта тамылжыған тау арасын азан-қазан етті. Әлдекімдерді боқтап жүр, боралап жүр. Орысша боқтайды. Орысша боқтықты түсінбеген де жақсы екен, бірақ кәпірдің түрі жаман, екпіні қатты. Орысша боқтықты қайтсін, осы кезде үйірден суырыла шығып, ақ жал сары құлынның құлдыраңдай шауып, анасына жақындай бергені...
- Ұста мынаны! Жық, бауызда!
Жас әйел аузы түкті жалмауыз бауырындағы баласын тартып жейтіндей шар ете түскен. Одан арғысына дәрмені жетпеді. Жанарын ала қашқанда құлынның ай маңдайы Жоңғардың жондарында шашылған күннің қан қызыл шапағына шаншылып қалды.
Ұлықтар үйітілген қойдың етінен қомағайлана асап, былқып піскен құлын етін тауыса төңкеріп, Салқынбелдің тас бұлағы төгілген аңғарында мырғамға батты. Екі-үш күн тойлады. Ең бастысы, нәшәндік жолдас риза. Тізесін қапқан қарынын іркілдетіп, қарқ-қарқ күледі. Нәшәндіктің құлын етіне таңсықтығы - әйелқұмарлығынан екен. Жанында бір майысқақ, жылмаңтөс қазақ бар. Ұлығын құлын етінің құдіретіне дәніктірген сол екенін білетіндер кейін айтып та жүрді.
Әлгі неме аулақта, қазан-ошақтың маңынан ұзамаған жас әйелдің қасына, қонақтар бір тыныс тапқан кезде ыржалақтап жетіп келді. Ыржиғанда бет терісі құлақ шекесіне қарай түріліп, ылжыраған ауызға айналып кетеді екен.
- Жүр, - деді ол келе сала, - жүр. Сәбет әйелі ошақтан озған заман бұл. Біз сізді бұлай күтуші етіп қойып, қарап отыра алмаймыз.
Әйелі еріне қараған. Ері «бар» дегендей басын изеген соң, амалсыз шай құйып беруге көнді. Ыңғай еркек, оның үстіне жартылай жалаңаштанып тастап, қызара бөрткен «бөріктілердің» маңына әдепті қазақ әйелі аяқ баспайды. Келіншек «ошақтан озған заманның» салтына амалсыз бағып, ұлықтардың алдына тізе бүкті. Басында қызыл шәлі. Үстіне кең, молдау етіп пішкенімен тоқ мықынын, аршын төсін солқылдай кеп соғатын батсайы көйлек киген. Бояусыз, опа-далапсыз әйелдің жүзі әлде ұялып қысылғаннан, әлде намысқа булыққан ызадан алаулай албырап, «айғыр жалды» топ еркектің көзін арбай түскен. Шай құйысы қандай сәнді. Бір қырындап қонақтарға кесе ұсынған кезінің өзінде мөлт қара көздерін кірпігімен жасыра қояды. Ай астында аунап аққан түнгі өзеннің сыбдырындай бойынан елеусіз діріл байқалады. Нәшәндік орысшалап былдырға басты. Майысқақ қазақ ынсапсыз ыржиды. Сосын:
- Жолдас, - деді, - сіздің қызметіңізге, дәміңізге мына үлкен кісі рахметін жаудырып жатыр. Сіз де қысылмай еркін отырыңыз. Сәбет әйелдері еркін, ашық болуы керек. Сол үшін алдымен мына басыңыздағы жаулықты сыпыра салыңызшы. Қытайдағы іріп-шіріген әйелдер болмаса, біздің қазақ-сәбет әйелдері бұндайды қазір бұйым көрмейді. Қане, жұлып тастаңыз, құрысын!
Әйел кірерге жерден тесік таппай қысылды. Бірақ жаулығы басынан сусып түсе берген. Жылмаң қазақ жаулыққа жармасып үлгеріпті. Бұрымы да арқасына суси құлады.
- Охо! - деді осы сәтте төрдегі салқар орынды жалғыз өзі иемденген құлын жегіш құрдым, - анау не?
Құлын етіне құмар құлқыны терең ұлыққа бұлғаңдап отырғанның бәрі ентелей қалысты. Бұл - келіншектің ағасы сыйға тартқан күміс тарақ еді. Таңертең бұрымын бос өріп, алас-қапаста асыға жүріп шашының ұшын тарағына орай салған. Мыналардың мастықтан кілкіген жанарларын жарқ еткізген сол күміс тарақ алдымен нәшәндік жолдастың қолына тиді. Ол тараққа сүзіле қарап, еш қымсынбастан тістеп те көрді. «Күміс». Сосын осындайдағы әдетіне көшіп ұзақ былдырлады. Артынан майысқақ қазақ сөйледі. Ол да қайдағы пәлені жаудырып, біраз бұрқылдады. Ұққаны: мынандай тарақты ұстау қате екен. Түбірімен саяси қате. Бұның түбін тергеп-тексеру қажет. Қайдан шыққанын анықтау ләзім. Әйтпесе қиын, өте қиын. Жә, нәшәндік жолдас бір жолға кешірім етеді. Нәшәндік жолдас мейірімді, өте кең адам ғой. Сондықтан ескінің сарқыншағы саналатын тарақтың көзін құртқан абзал.
Сорлы келіншек «ағамның сыйы еді» дей алмады, көз жасын бұлап, үнсіз егіліп қала берді. Құлын етіне мелдектей тойып, күміс тарақты олжалаған ұлық белінде тасыған қанның қызуымен құтырып, құмасы жыртылып-айрылатын қаласына қайтты.
Содан кейін... күміс тарағын ойлап күрсінетін әйелге сәбет дүкенінен екіжүзді: бір жағының тісі сирек, келесі жүзінің тісі тығыз, мүйіз тарақ жолыққан. Тісі тығыз жүзімен битті, сірке мен қайызғақты сүзуге болады екен. Бұған да рахмет. Көп жылғы серігі. Көптен бері жан қалтасында.
***
Мүйіз тарақ кемпірдің жұдырықтай семіп, жұқарып солған жүдеу басының айызын қандыра тырналады. Тісін төбе құйқасына батырып, самайына сырғығанда бір уыс шаш болып бұрқырап шығады. Әйелдің шашы шашылмау керек. Әйелдің шашы жерде шашылып жатса, бұ фәни жалғанды ерте тастап кеткен ұрпағы әр талын жинап, қиналып жүретін көрінеді. «Астапыралла, алжыған басым не сандырақтап отырмын? Балам аман, бауырым бүтін. Тойшаным. Томпиып алып ұйқыны соғуын-ай өзінің? Алаңсыз. Алаңсыз ұйықта, аймаңдай құлыным менің. Сен оянғанша анаң ошақтың отын үзбейді». Кемпір мүйіз тарағының тісіне байланып, құйқасынан сыпырылған бір уыс шашын шөкемдеп алды да, шоғы күлгін тартқан пештің аузын аша берді.
***
Мектеп қабырғасындағы кезіміз. Ауылымызда Рымкеш есімді кейуана тұратын. Жалғызілікті жан болғандықтан үйіне жиі бас сұғып, мектеп оқушылары ұсақ-түйек шаруасына қолғабысымызды тигізетінбіз. Ұлдар отынын жарып, суын тасысақ, қыздар кемпірдің кір қоңын жуып, ас-ауқатын әзірлейтін.
Шалының жылқы баққанын білемін. Түнде жылқыларын айдың жарығымен айдап, біздің үйдің жанынан дүбірлете өтіп бара жататын. Тойшан есімді ұлы бар еді. Әскерден босаған бетінде қала жақтың тырна сирақ қызын қолтықтай қайтқан. Кейін сонысы бұзылды. Жеңіл жүрісі қойының құмалағы санаулы біздің ауылда тез білініп, ақырында қарасын батырып тынған. Қатыны жаман атын шығарып кеткен соң, Тойшан ағамды ауылдағы шарап сататын дүкеннің маңайынан жиі көріп жүрдім. Өзі бір ақ жүрек жан еді. Амал не, ат құлағы көрінбейтін соқыр тұманда бағытынан жаңылып, тракторымен Ақсудың құлама тік жарынан ұшып өлді. Шал жалғыз ұлдың күйігіне шыдамады. Екеуінен соң кемпір байқұс шалықтап қалды. Ертеректе бізді «Тойшаным еккен теректердің жапырағын жұласыңдар» деп бажылдай қуатын. Кейін сол теректердің түбінде отырып Тойшанымен өзінше күбірлесіп сөйлесетінді шығарды. Тойшанына баяғы тырна сирақ қатынын айтып ұрсады. Іле онысын жуып-шайғансиды. Тойшанын тыңдаған болады. Содан соң ақ жал сары құлын туралы айтып егіледі. Жылай-жылай тарамыстана қатып, бүктеліп қалған. Кішкентай орындыққа жабысып төрттағандап қана жылжитын. Бірақ ол Тойшанының өлгеніне сенген жоқ. Біз отын суын тасып жүргенде: «Тойшанымның жұмыстан келетін уақыты таяп қалды», «Ой, Тойшанымның тойы алда», - деп мәз болып отыратын.
...Бір күні естідік, кемпір мүйіздеп бітірген тағдырына мәңгілік мойын ұсынып, мүйіз тарақтан суырған шашын шөкемдей ұстаған күйі ошағының аузында көз жұмыпты.
Мысық пен Маруся
(әңгіме)
«Жоқ болды жоқтауың асқыр. Мүләйімсіп, тәлімсіп қасымнан шықпаушы еді, қайда ғана құрыды екен, а? О, Құдай Ана, құрсағыма біткеннің мойнын теріс бұрғызып қойып едің, енді мынауың не? Не қылғаның тағы да? Апыр-ай, осынша қатыгез, осынша мейірімсіз, осынша аяр деп кім ойлаған оны? Оңбаған нағыз найсаптың өзі екен барып тұрған!»
Маруся Агафьевна қабырғаға ілінген Полковниктің суретіне қарап отырып бұлқан-талқан болған. Полковник бірақ міз бақпады. Жақсақалы ұртына құлаған тұстан будырай көтеріліп, мұртының қылышы сынбай, қашанғы әдетінше сәнденіп, ымырт үйірілген кештің қоңыр бояулары тараған бөлме ішінен бұған тесірейе қарайды. Байқұс Маруся дерт меңдеп, ажал алқымынан қыса бастаған күндерде де осы бір тесірейген суық жанардан жанын ала қашып, қайда тығарын білмеген еді. Сол мезетте суреттегі Полковниктің кеудесін жапқан сөлкебайлардан жап-жасыл ағындар төгіле түсіп, әл үстіндегі бұны жағалай қамап алғанын да сезіп жатты.
***
Маруся Агафьевна үйінен қолшатыр ұстап шығатын. Содан кейін күн қаппаған аппақ, әжімсіз омырауын паңдана көтеріп, жырық етек юбкасын жыртып жіберердей сыртқа тепкен қос бөксесін кезек толқытып, шымқай қара «Волганың» ішіне сүңгіп кетуші еді. Ауладағы сандал сүйреткен әйелдер сол кезде әдеттегідей сүйреңдесіп қалатын.
- Осы қатын-ақ ашық аспанның астында қолшатыр жамылып жүргенін қоймады ғой.
- Байың былқылдатып ауланың қақ ортасында машинасын көлденең тосып, басыңнан құс ұшырмай тұрса, сен де сөйтер едің.
- Бұл қатын біз сияқты қара жұмыс істеп қақталып көрмеген жан ғой, күйеуі әскери адам. Полковник. Өзі статупарвлениенің шынылы кеңсесінде керіліп отыр. Бұл кердеңдемегенде енді кім кердеңдесін?
- Кердеңдесе, кердеңдесін. Сонда да пенде баласына көз салып амандасуды білмейді. Амандаспай-ақ қойсын, тіпті сәлеміңді алмайды. Сонысы батады жаныма.
- Перестань, Клавдия, угодничать,довольно! - Қойшы, Клавдия, жалпаңдауыңды қойшы, осы!
- Жалпаңдағаным емес, ізет қой менікі. Бір аулада, көрші тұрамыз. Пәтеріміздің қабырғасы жапсарлас. Қақымыз тең қатындармыз. Әуелдесең кереуетіміздің сықыры естіліп жатады. Соның бірін ескермейді кейкиіп. Мегежін!
Қатындардың сөзшеңі де, тілдісі де, алқынған ашушаңы да, сосын жылдам қайтып, жылай салатыны да Клавдия болатын. Өзі жақтырмайтын мекерлеу әйелді «мегежін» деп салған да сол.
Бірінен бірі аумайтын сұрқап үйлердің ауласынан күндер көшіп, жылдар жылжи берді. Маруся Агафьевна қолшатырының астынан со күйі көрінбей, қатындар оны күндеуден жалықпай, жамырай сөйлеп, жақтарын жаман сөздермен ауыртып жүре түсер ме еді, кім білсін... Иә, кім білсін, Полковник қазаға ұшырады да, олар аз уақыттың ішінде Марусяның мұңдастары болып шыға келді. Бұл кезде ілкідегі қымбат көйлек-көншегі олпы-солпы тартқан Маруся да шүйкедей кемпір бейнесіне еніп үлгерген-ді. Әйтсе де, әредік барын киіп, барына малынып аулада отыратын. Қатындар енді соны сөз ете бастады. Ақырында Маруся байқұс көнді. Көнтерлі тағдырына да мойынұсынды. Мойынұсынбай қайтеді: жасы ұлғайды. Шалы шалқайып о дүниеге аттанды. Қазақстанды, Алматыны қойып Мәскеуде, Ленинградта оқытқан ұлы мен қызы қазалы рәсім үстінде әкелерінен қалған дәулетке таласып, жүз шайысты да қараларын батырды.
- Әкем ақымақ жан еді. Ақымақтығынан танбай өлген екен ғой, - деді ұлы. – Анау тау бөктеріндегі коттеджді біреуіміздің атымызға жазып кетпеді ме екен, сонда дау да, дамай да болмас еді.
- Ал, папамның жұмыстан қолы босамады делік. Уақытпен жүріп-тұрды. Сен қайда қарадың, мама? – деді қызы долданып. – Банктегі миллиондарды кім қол қойып алады? Екеуміздің бірімізді соған мұрагер еткендеріңде бұлайша ырылдаспас едік.
Қыз бен ұлды қайырсыз қылып өсіріпті. Қазір бірі Канадада, бірі Австралияда. Бұның бұ жалғанда бар-жоғын білу үшін ғана әредік қоңырау шалатындары бар. Сонда құса мен қападан көкірегі қарс айырыла жаздайтын Маруся: «Қап, - дейтін, - қап, әттеген-ай!..»
Бір күні қалтылдап аулаға шыққан ол Клавдия кемпірді көрді. Жылады. Мұңын шақты. Жанашыры жоқ жалғыздығын айтып шағынды.
- Жылама, - деп жұбатты оны Клавдия. – Жылама. Жылағаннан не пайда? Бәріміз өлеміз. Бәріміз де сүлдерін сүйреткен тірі аруақтармыз. Мен де жалғызбын. Жалғыздық – біздей мұңлықтар үшін жапа емес. Бай өлген, бала... болып па еді сол менде? Білмеймін.
Маруся егіліп кетті.
- Сен ғой, Клавдия, қайғы-зар кешу үшін жаралған жан сияқтысың. Сондықтан бәрін көтересің. Сорлағанда мына мен сорладым ғой. Өмірде қиындық бар, өлім бар, жоқшылық бар, ауру, дерт бар деп еш ойламаппын.
- Енді қайтесің, сорлы-ау, - деді Клавдия да кемсеңдеп. – «Көресіні көрмей көрге түспейсің» деген – осы.
Кемсеңдескен кемпірлер сол күннің ертеңінде керісіп, оның ертеңінде өткен-кеткендерінен сыр бөлісіп, тамырласып алды. Клавдия Марусяны ауладағы кемпірлермен тегіс таныстырып шыққан. «Бұрын, сайтан алғыр, қалай байқамағанмын, бәрі де жандары жайсаң қатындар екен ғой» дейтін Маруся құрбылары туралы мысығына қарап әңгіме айтқанда.
Мысық – Клавдияның сыйы. «Жалғызбын», «жалғызбын» деп көз жасыңды көлдеткенше, мә, мынаны бауырыңа бас, жалықтырмайды» деген еді ол жонынан жолақ құлаған бала мысықты бұның қолына ұстатып. Содан бері мысық пен Маруся бірге. Бірге ішіп-жейді. Төсекке бірге құлайды. Кемпір шоқпытын жамылып қисая қалса, мысық бырылдап келіп бүйірін, суық сорып тұратын аяғын жылытып, маужырап жатады. Өзі бет-аузын сулап жуынғандай ырым жасаған соң кемпір мысығын шомылдырады. Басында тарғыл неме жылы судан қашып, кемпірдің терісі үлдіреген тарамыс саусақтарын, кең көйлегінің астарында көшіп жүрген омырауын тырнап, айғыздап тастаған. Кемпір қатты ашуланды. «Жуынуды, тазалықты білмейсің, - деп ұрысты. – Тамаққа қарының тойса бітті, ұйқыны соғасың. Кәрі шешеңді алдандырып, асыр салып ойнауды да білмейсің».
Мысық бірақ жылы суға шомылудың, шомылған соң жұмсақ сүлгіге оранып мүлгудің рахатын әбден біліп алды. Сабалақ жүндері сорғып, құрғаған соң кемпірдің алдына көлденеңінен сұлай кетіп, денесіне тиген тарақ тісінің діттеген жерін қасып, бойынан күйі тарқайтын сәттің тәттілігін жиі тілейтін халге де жетті. Жалғызілікті кемпірдің күбірі мен күңкілі де оған қатты ұнайтын.
«Әкең, - деуші еді кемпір, - оның жаны көктен жай тапсын, мені еркелетіп бақты ғой. Қандай еркелігіме де шыдайтын. Бірде, әй, жындымын-ау, жындымын, қақаған қыста бетін мұз құрсаған көлдің суына оттай жанған тәнімді малып, құмардан шыққым келді. Әкең басын шайқап отырды да, «Жүр» деді. Сөйтті де, казармадан төрт-бес солдатты бұйырып шығарып, сүйменмен мұзды ойғызды! Қаршылдатып олар мұзды ойып жатыр. Мына жақта мен тұрмын қысыр қыңсылап. «Болыңдар!», «Болыңдар!» дейді әкең. Солдаттар жанталаса кірісуде. Кенет түймедей ойық қарс-қарс айырылды да, әлгі немелердің бірі суға күмп етті. Өзгелері оған жанұшыра ұмтылған, құтқару қолдарынан келмеді. Солдат суға кетті. Сонда сілейіп көп тұрып қалсам керек, ертеңінде ұшып түстім. Ыстығым көтеріліп жаман ауырдым. Дәрі ішіп, укол салдырып, система қойдырып әрең айықтым. Әкең бар ма, әкең мені еркелетіп бағушы еді».
«Аға-әпкең мектеп бітірісімен Москва мен Ленинградта оқыды. Әкеңнің таныстары көп еді. Мына жақтан қоңырау соқты да, балаларды оқуға түсірді. Әкеңнің сол еңбегін екеуі де ескермеді, қайтейін. Бірі ел көзінен тасада ұстап отырған, қамалы биік коттеджімізді қыруар ақшаға сатып, бірі банктегі миллиондарды жымқырып тайып тұрды. Мен еркелікпен ескермеппін, әкеңнің тыққан дүниесінде қисап жоқ екен. Марқұм, жаны көктен жай тапсын, ұра қазып, қару-жараққа дейін сықапты. Соның бәрін тұз-түгелімен екі жетпегір үптеп кетті ғой, үптеп кетті».
Мысық Марусяға жалғыздығын ұмыттырды. Әредік азық-түлікке аяқ шаршатып қайтатыны болмаса, кемпірдің қазір сыртқа есік ашқысы жоқ. Көршілері де мазаламайды. Рахат. Анда-санда әлгі екеуінің келіп, бөлмелерді жиыстырып, перделерді ысырып, еденді жалап-жұқтап, кір-қоңын жуып кететіні бар. Сол оңбағандар ғой мысығын жаман үйреткен. Әйтпесе, сүтке езген нан мен жұмсақ шұжықтан өзгені тамақ деп білмейтін мысығы бұлайша бұзыла қоймас еді.
Бірде екеуі арсалаңдап кіріп келді. Еркегі мәз. «Бабуля, - дейді жампаңдап, - бабуля, сәбіременний мысықтар қазір сүтке еріген нанның қиқымын ауызға алмайды. Міне, мысықтың асы!» Мына кеңкелестің мырзалығына кемпір тыжырынғанымен мысығы мияулап жіберіп, жеңсік асын көргендей жетіп барды да, бас салды. Содан бері шұжық пен сүтке бұқтырылған нанның кесегіне қараудан ада-күде бас тартты Ол. «Мияу-мияу». Кемпір «кис-кистеп» шақырса, мысығы «вискистеп»* мияулайды.
- Әй, оңбағандар-ай, оңбағандар!
Кемпір өзі талғажау ететін тамағына қоса енді теледидардан жарнамасы жиі қайталанатын мысықтың қымбат азығын тасып, аяғынан таусылды.
- Әй, оңбағандар-ай, оңбағандар! Ниеттерің қарау сендердің!
- Ниеттерінің қараулығы несі? – деді бір күні мысық кемпірге тіл қатып.
Кемпір абдырап аз тұрды да, бұрқырап сөйлей жөнелді:
- Мышым, сен білмейсің оларды. Олар мені өлсе екен деп тілейді. Мен өлсем мына пәтерді, мүкәмәл мүлікті басып қалмақ, білдің бе?
- Олай бола қоймас, мамасы.
- Саған сол екеуі ұнай ма?
- Ұнамайды! Әсіресе, әйелі.
- Неге?
- Ты не заметила, мама, его жена беременна! - Сен байқамағансың ба, мамасы, оның әйелі жүкті!
- Е-е, бәсе, неге көзінің алды көлкілдеп, кіндік тұсы шеңбірек ата айналып жүр десем. Жүкті де.
- Иә, жүкті. Ол әйел мені жек көреді. Өткенде босағадан аттай бере дәліздегі қаракөлеңкеде жатқан мені аяғымен ысырып жіберді.
- Байқұс балапаным-ай, сені аяғымен тепті ме ол салдақы?!.
- Тепкенде қандай, қабырғаларым қақырап кетті!
- Енді аттап бастырмаймын табалдырықтан.
- Мама, сен бұларды қайдан тапқансың?
- Мышым, әкеңнің қала сыртында құжырасы, он сотық жері болған. Әбден қараусыз, иен қалған еді. Өткен жылдары өртеніп кеткір құжыра есіме түсіп барсам, әлгі екеуі телмеңдеп баспана іздеп жүр екен. Содан, Клавдия кемпірдің ақылымен, пәтерші қылып алғанмын. Жамбаспұлын ай сайын төлеп тұрады. Кәрі шешеңнің қартайғанда тапқан амалы, әйтеуір өлместің қамы. Ақша сен екеумізге ауадай қажет қой, күнім.
Кемпір көп күбірлеп, күңірене күңкілдеп көзін әрең іліндірген, мысығының ащы мияуынан оянып кетті. Мысық бөлмелерді аралап безіп жүр екен. Қайта-қайта шығар есікті тырналап безек қағады.
- Мышым, саған не болды?
Мысық мүләйім кейіппен басын шайқап бырылдады:
- Білмеймін, мама, өне бойым өртеніп барады.
- Ауырып қалғаннан саусың ба өзі?
- Білмеймін, - дедім ғой, - мама, білмеймін!
Мысық құмыға мияулады да, тіл қатпады. Сөйтіп, үш-төрт күн бөлмелерді аралап әптер-тәптерін шығарған. Жанарлары жасылданып, кемпірге жат көзбен қарайды. Кемпір қорқайын деді.
- Дәрігер шақырсам қайтеді, а, мышым?
- Керек емес, мама, есікті ашыңызшы, сырттағы дүниені бір көріп келейін.
Кемпір есікті ашып үлгергенше, мысық зып берген. Міне, бір аптадан асты – жоқ!
Маруся тағы да ауладағы кемпірлерді тапты. Тағы да зар-мұңын төкті. «Сендер бұрыннан жоқшылыққа, жалғыздыққа, кемдікке бой алдырған жансыңдар ғой. Сендерге жылап-сықтау сөз емес. Мына мені айтсаңдаршы, қартайған шағымда сорладым сорлағанда» деп сорғалады кеп, сорғалады. Кемпірлер Марусяның қайғысына төзе алмай қайқаң-қайқаң етісті.
- Милиция шақырайық, - деді бір кемпір.
- Жөн сөз, шақырсақ шақырайық. Іздесін, тапсын мысығымызды. Зарлатып қоямыз ба мына байқұсты?
- «Байы өлген орыс маржасының миы жартылай істен шығады, мысығы жоғалса, мүлдем кәдеге жарамайды» деуші еді біздің мұжықтар. Милиция мысығыңды қайтеді? Менде басқасы бар, соны ал. Әйтпесе, анау пәтерші балаларың тым жақсы-ақ қой, соларды қолыңа кіргізіп алсаң болмай ма?
- Клавдия, сен алжыған қақпассың! Пәтершілер бейшара Марусямызды бір күнде мылжалап өлтіріп, пәтерін иленіп кетсе қайтеміз?.. Былай да осының үйіне жиі келгіштеп жүр. Кірін жуады, тазалайды, дүкеннен азығын сатып әпереді. Тамағын істейді жәдігөйленіп. Маруся, байқа, тамағыңа у қосып, тастай қатырмасын сен байқұсты. Ал, сен, Клавдия, айтпа әлгіндей сөзді, тісіңнен шығарма!
Кемпірлер шуласып-шұрқырасып аудандық полиция басқармасына қоңырау шалды.
- Мысық жоғалды дейсіздер ме? – Телефон тұтқасын жарқын дауысты жас жігіт көтерді.
- Иә-иә, мысық жоғалды. Бір апта өтті, көз жазып қалдық.
- Мысығыңыз ұры болды ғой, шамасы? Қашып кетті ме?
- Былайынша, иә... қашып кетті десе де болады. Бірақ ұры емес, кәдімгі мысық, үй мысығы. Қаңғыбастардың сортына жатпайды. Ақылды, бекзат мысық.
- Ақылды, бекзат мысық ұрлық жасамайды деп кім айтты сізге? Біздің елде ақылды бекзаттар жетіп артылады. Сосын да ұрлық жасайды. Ұрлық жасайды да, елден тайып тұрады. Қашады. Халықаралық деңгейдегі қашқын атанып, алыс қиянда жаймашуақ тыныш өмір сүріп, мырғамға батады. Сіздің мысығыңыз да сөйтіп бір жерде бөгіп жатыр, бәс тігемін.
Полиция қызметкерінің жауабын естіген кемпірлер жінігіп кетті. «Мынау мазақтау ғой, қорлау ғой бізді, - десті олар. – Қақымызды аяққа таптап, ашық келеке қылды. «Осылай да осылай» деп газетке жазу керек». Кемпірлер мысықтың жоғалу хикаясы мен Марусяның аянышты халін тірнектей тізіп, кезекші милицияның жауабымен атышулы «Ка-451 градус» газетіне жолдап кеп жіберді. Кемпірлердің арызы газеттің әбжіл қимылдайтын қызметкерінің қолына тисе керек, бірінші бетке «Орыс әйелінің жан төзгісіз тағдыры» деген тақырыппен жарқ ете қалды. Расында, Марусяның, Марусяның ғана емес, сұрқапталды сұрқай үйлердегі кемпірлердің күйі мүшкіл еді. Клавдияның байы жазатайым пойыздың астына түсіп өлген, баласы Сібірде. Антонинаның шалы елірме дертке ұшырап көз жұмған. Александра Ивановна әуелден жалғызбасты. Баб Зинаны құрт ауруы кеміріп бітті. Бәрі де үйлерінде мысық, ал қосымша бөлек пәтерлерінде жалдап тұратын жас отбасыларды, саудагерлерді ұстайды. Осы кейуана қарттар мекендейтін зәулім үйлердің ауласы мен өзге де аулаларда қазір ешкімнен именбейтін, ізет-құрметі кем жастар, бұзақылар, нашақорлар қаптап, өріп жүр. Қауіпті. Өте қауіпті. Газет тілшісі өз тарапынан жазған түсініктемеге аталған жайттардың бәрін қосыпты. Мақала оқырман қауым мен қоғамдық ұйымдарды дүр сілкіндірді. «Үміт аралы» дейтін қор жоғалған мысыққа іздеу жариялап, «Соңғы толқын» қозғалысы кезекші милицияның соңына шам алып түсті де, қызметінен қуып тынды. «Соңғы толқынның» күрескерлері мұнымен де шектелмей, «Нашақорлардан, бұзақылардан қаламызды азат етейік!» деген ұран тастап, әлеуметтік, ұлттық маңызы зор ұран өзге де ірі қалаларда жалғасын тауып, қуаңға тиген өрттей шалқыды. Белсенділігімен, сөзуарлығымен әріптестерінің алдын орап кете беретін бір депутат әйел Парламент мінберінде тұрып, мемлекетіміздің ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағдарламаларында үйінде ит пен мысық асырайтын жандардың жайы қамтылмай қалып жатқанын айтып ашынды. «Ит пен мысық – кәрі әке-шешелеріміздің серігі. Қарттарымызға қашанда қуаныш сыйлайық» деді депутат ханым сөз соңында.
***
«Орыс әйелінің жан төзгісіз тағдыры» Қазақстанның шекарасынан асып, Ашық хат түрінде көрші мемлекет басшысының құзырына жол тартқан күндердің бірінде Маруся Агафьевна қашып жоғалған мысығын қарғап-сілеп, Құдай Анаға жалбарынып, Полковниктің қабырғадағы суретіне қарап отырған. «Мияу». Ауызғы бөлменің есігін біреу тырналап, жалынғандай дыбыс шығарды. «Мияу». Кемпір емпеңдей жөнелген. Ашса, мысығы! Жалым-жұлым, жалбыр-жұлбыр. Жолақтары құлайтын жон терісі сыпырылып бауырына түскен. Кемпір бажылдап қоя берді. Байқұс Марусяның бажылын естіп Клавдия бастаған көршілер мысықтың айналасына үйіріле қалыпты. Мысықтың көзі тарс жұмулы. Түймедақ танауынан дем тартқан тынысы да білінбейді. Кемпірлер әл үстіндегі бейшараны көріп ерін ұшымен жыбырласты.
- Өледі.
- Өлмегенде қайтеді?
- Әбден сорлаған екен, сорлы-ай!
- Ит талаған ба өзін?
- Ит пе, әлде мына аулаларды кезіп жүрген қаңғыбас бұзақылар ма, кім біледі?
- Болса болар, солар осы ит жейді, мысық жейді дейді ғой білетіндер.
- Амал кем, - деді кемпірлер Марусяны аяп, - таң атқанша күт, таң ата жантәсілім қылар. Сосын мынау балабақшаның бағына апарып жерлейміз.
Кемпірлер кетісімен құлыптанбаған есік қайта ашылды. Пәтершілер екен. «Бабуля, - дейді еркегі баяғысынша жампаңдап, - не, мысығыңыз ауырып қалған ба? Ойбууу, сау тамтығын қалдырмапты-ау, ит талаған ғой?». Әйелі қабағының қыртысын жазбай, жиіркене бас шайқап, ас бөлмеге өткен. Еркегі дабырлап, дал ұрып жүр. «Маруся апа, мен білемін, ит пен мысықтың қаламызда емханасы бар. Мен қазір ұшып отырып мысығыңызды соған апарып келейін. Көресіз, жазылады мысығыңыз. Құлан-таза айығады, апа!» Марусяның мәу дегеніне қарамастан ерлі-зайыпты пәтершілер мысықты орап алып сыртқа атылған. Түн жарымында жарасы таңылған, үстінен құмсабынның иісі аңқыған мысықты қайың қабығынан тоқып өрген себетке салып бір-ақ оралды.
Қайғылы, жүдеубас Марусяның үйіндегі электр шамдары өлеусіреген жарығын айналасына себезгілеп қана тұратын. Пәтершілер дабырласып кіріп келгенде ол да жарқ ете қалғандай болды. «Мысығыңыз міне, апа!» Марусяның қолына тиген мысық жіпсітіп көзін ашты. «О, Құдайым, О, Жарылқаушым, О, Құдайдың ұлы, мені ұмытпаған екенсің ғой! Мышым, мышым менің! Сүт ішесің бе? Нанды сүтке быламықтап берейін бе? Шұжық жеші, мә!» Маруся ұзақ толғанды, мысығына үздіксіз мейірімін төкті. Бәйек қағып жанын қоярға жер таппады. Түннің бір шамасында анасының аялы алақанында жатып аяулы мысық бір шыны сүтке тұмсығын батырды. Осы кезде-ау, шамасы, Маруся дәлізден әлдекімдердің сұлбасын аңдаған. Қараңғыда бой тасалап, ұрымтал сәтті баққандай сыбырласқандарын да анық естіді. «Ұрылар, - деп ойлады ол жүрегі атқақтап, - ұрылар, қазір мені тұншықтырып өлтіреді де, үйімді тонайды. Сорлы мысығымның да жанын жәһаннамға аттандырудан тайынбас». Сосын сыбдырсыз сақ қимылмен телефон тұтқасын көтерген. Сүт пісірім уақыт аралығында сақшы машинасының қиқуы аулаға келіп жетті. Сарт-сұрт, тарс-тұрс. Мұздай қаруланып, бастарына темір телпек киген полиция қызметкерлері Маруся Агафеевнаның пәтеріне жылдам көтерілді де, қараңғы дәлізде отырғандарды бүктеп басты.
- Біз – Маруся апайдың дачасында тұратын пәтершілерміз. Баратын жеріміз тым алыста болған соң осында түнеп қалып едік.
«Е-е, әлгі екеуі екен ғой». Марусия ойын жиғанша, алдына серейген ұзын бойлы, ат жақты подполковник шеніндегі офицер тіктеліп тұра қалды:
- Рахмет, сізге, Маруся Агафьевна. Көптен бері ізін жасырып, дәт дегізіп жүрген аса қанқұйлы қарақшыларды ұстауға көмектестіңіз. Сол үшін сізге бөлімше атынан алғыс айтамын. Сергектігіңізді, батылдығыңызды ертең газетке де жазып, өзге қарттарға үлгі етеміз.
Сібірлеп атқан таңның ақ тозаңы алакеуімдеген ауладан пәтерші еркектің шырылдаған дауысы естілді:
- Ішке теппеңізші ағай, ішке теппеңіз, әйелім ғой, жүкті еді. Ішке теппеңіз!
***
- Тарғыл мысықтың бауыры жер сызады. Маруся мәз. Күледі. «Өй, сайқал, мен сені іздеп жер-көкті шарқ ұрып жүрсем, сайранды салған екенсің-ау сен әбден. Бәсе, өне-бойы неге өртене қалды десем. Мауығың басылды ма? Твоей старой матери теперь придется няньчиться с твоими детьми. - Кәрі шешең сенің балаларыңды бағатын болды ғой енді!»
***
... Ерте көктемнің көкөзек шағында «Ка-451 градус» газеті А. қаласындағы М. аудандық полиция басқармасының мәліметіне сүйеніп, адам баласының жанын түршіктіретін хабар таратты. «Ауырып өлген жалғызілікті кемпірді аш мысықтар талап, жеп қойыпты» деп жазылыпты жаманат хабарда.
• «Whiskas» - американдық Mars компаниясы өнідіретін мысықтың асы.
Әлімбектің әулеті
(әңгіме)
Жоңғардың бауырындағы барқыт бел бұралаң соқпақтарға жеткенше осы енді: айналаңды аптап қамап алқымдайды да отырады. Апалақтап асығыс самал жүгіріп өткенде жетім шуда тарқатып барып құлайтын қара жолдың шаңытқан бетінен жер дүниенің ыстығы шалқи көтеріліп Жоңғардың ақсауытты шыңдарымен шарпысқандай болады. Сол кезде танауыңды ерменнің өткір демі қуырып Тілеукенің қылт етпесіне қарап жұтынасың: шіркін, бір саптаяқ қымызды төбеңе бір-ақ көтеріп сарық басар ма еді. Тілеуке, Тілеуке, Тілеуке. «Тілеуіңді бергір, Тілеуке, қашан жеткізесің?» Қақпандай қаппа тастары ат беліндегі адамның бүйірін соғатын жылан жон Тілеукенің тігінен талай қой жамыратып, жылқы айдап түскенбіз. Сонда Тілеуке деген бізге жайлау мен қыстаудың жолында жатқан белдеудей сезілетін.
Кейін жорналшылық қызметке іліккен соң «бұл асу неге Тілеуке аталды» деп түртінуді шығардым. Сипырына дейін сыпырып-сиырып өзі жазып беретін белсенді басшы-қосшылар тұрғанда аудандық газеттің тілшісіне жұмыс қалады ма, осылай қоныс пен өрістің, жер мен судың атын тергеп әуіреге түсуді әдет қылып алады екенсің. Біздің жақта «Қыземшек» деген де тау бар мысалы. Аумайды. Бірақ сонда да сұрайсың. «Ұқсайды, - дейді, - артық-ауысқа сөз шығындағысы келмейтін ауыл адамы. - Ұқсайды». Бітті әңгіме. «Ал, сонда Тілеуке неге ұқсайды?»
«Тілеуке Тілеукеге ұқсайды, - деді Тоқан қарт бірде жолаушылап келе жатқанымызда. - Етегіндегі қоңыр төбелердің төбесінен төнбей бойын жасырып, желкесіндегі айбарлы таулардан жасымай тікке өрлеген Тілеуке туған жұртымыздың әр тал, әр бұтасына тілеулестігін аңғартып тұрғандай емес пе? Қарашы».
«Е-е, тыңдай білсең туған жұртың туралы мынандай әңгіме де бар...»
Әлде жоқ қараған, әлде жер шолған бір жолаушы түксиген түлей түзді күн-түн кешіп келе жатты. Сонадайдан сопаң етіп көрініп, сопақ көлеңкесімен бірге ұзарып, содан соң бірте-бірте алыстап сағымға сіңіп кете баратын сар даланың бір жұмбақ жаны еді бұл да. Ол туралы жалбыз жамырап, жусан жусаған мынау маң төбелер де, анау адырайған шыңдар да ештеңе айтпайды. Жолаушының өзі де жетер жерінің ұшпағында қарайған бір ноқатқа айналып, тау мен тастан мәңгілік тыныс табардай сырт дүниеге сәт салар емес.
Әй, сар даланың адамдары-ай, сендерді сірә кім ұққан?..
Жолаушы алдындағы тебінгі бетті тепсеңге көтеріле бергенде оң жақ бүйірден дабырласып шыға келген салт аттыларға ұшырасты. Ақсақалдары алқымдарына төгілген қария кісілер екен. Жолаушы әдеппен іркіліп, оң қолын жүрек тұсына қойды да: «Жол болсын, жақсылар»,-деді. «Әлей болсын». Әлей болсынан кейінгі әңгіме түз жүргіншілерінде жөн сұрасуымен жалғасады. Жалғыз жолаушы жөнін айтты. Бүркүттінің бөктеріндегі Баянжүректен шығыпты. Өткен қыстың ақсұр бұлты Жөңкенің жотасында жеті күн желпілдеп тұрыпта да ақырында Жоңғарға қарай ауып алып адырлардың аузында бүктеле беріпті. Бүктеле-бүктеле буыны қатып, бурадай шабынып, жын атып Балқашқа дейінгі бұлың-пұшпақтың бәрін жауыпты. Содан кейін әуеден жапалақтай жыртылып түсе беріпті, түсе беріпті. Ой мен қырды арқар ойнаған ақ иық шыңдарға дейін көтеріп, артынан жым-жылас жоғалғанда Бүркүттінің бөктерінен сызылып шығар сынық түтін қалмапты. Тек қостағы жылқымен бірге ығып кете барған жолаушы ғана Құданың құдыретімен жарқыраған жазға жанын жалдап жеткен көрінеді. Ендігі беталысы Алакөл екен. Алакөлде түп нағашысының жұрты бар. «Е-е, жарығым-ай, елінен айрылған ердің беліндегі бір тамшы қанда елу ошақтың жалыны шалқиды, - деп қалды осы кезде қариялардың бірі, - мына бір тұрған молаға ат басын бұрып, бүгін осында түнейік».
Жалғыз жортқан жолаушы қарияларға есімінің Әлімбек, сүйегі Емелелі Тінібек екендігін білдірген. Әлімбек лып етіп атынан түсіп, қарияларды қолтықтап әкеліп, қу моланың қасындағы шалғынға көміп тастады. Шалғынға көмілген шалдар аяқ-қолдарын жазғанша, бұл буы бұрқыраған күліктерді қаңтарыпта үлгерді. Қоржынындағы азығын ортаға жайып салып үлкендерді дәмге шақырған. Бірақ қариялар бірінен кейін бірі алқалап бата бергені болмаса, құлын терісінен иленген жарты құлаш жарғаққа қол созбай отырып алды. Әлімбек сонда ғана ғайыптан қосылған қариялардың жүзіне зер сала қараған-ды. Жеті шал. Бір ананың құрсағына бітіп, бір атаның бауырынан өргендей бітімдерімен бір-бірін қапысыз қайталай қалыпты. Қыран қабақ, жал мұрын, айғыр иек жетеуіне де айна қатесіз дарыған. Жетеуі де суық жанарының сұғын Әлімбектің жарқылдаған жүзіне жылытқандай мейіріммен қарайды. Әйткенменде... Әлімбектің жон терісі тітіреніп кетті: жеті шал бар мен жоқтың арасындағы әлдебір құпия кепті аңғартқандай мүлгіп, боз селеулі даланың көгіне әне-міне көтеріліп кететіндей шалғын үстіне мықын малмай қалқып қана отыр. Әлімбек қарияларды тағы да дәмге қолқалады. Сонда ғана шалдардың бірі ортада үйілген елік етінен ерін қимылдатар жалғыз түйірді іліп алды да аузына апара бере иегінің астына тастай салды. Өзгелері де соны істеп қаужаңдаған бола қалыпты. Әлімбек білді. Білді, бірақ, білгенін білдірмеді.
Таң қылаң бере оянып жан-жағына қараса, жалғыз жатыр екен. Қариялар сол қалықтап отырған қалыптарында ғайыпқа сіңіп кетсе керек. Атына мініп бір бел асқанда күміс баулы ноқта көрді. Иіліп алды да ерқасына байлады. Арықарай жүріп кетті. Алдынан кешегі кісілер дабырласып шыға келді. «Ағарып көптің алдына түспесең де қарайып жұртта қалмайсың. Аузыңның дуасы жетпіс жеті ұрпағыңа жетеді. Ғұмырыңда көрер азабың да, ғажабың да аз емес» деді қариялар жамырай үн қатып. Бұл - Тәңірі жаратқан пенденің таңдаулысына ғана жолығатын Қызыр әулие мен Ғайып ерен пірлер еді...
Күміс баулы ноқтадан күлдір-күлдір кісінеп жалын төгіп жылқы өрді. Әлімбек нағашы жұртынан бас құрап, баяғы баба қонысына қайтып оралды. Қара ормандай жайылған Қаракерейдей елден келген қыздың құрсағы құрғамай айналдырған алты-жеті жылда Әлімбекті алты-жеті ұлдың атасы етті. Айналасына ағайын үйірілді.
Адамша қуанып, адамша жұбанатын сайын даланың самбырлап сөйлеп кететін кездері де болады. Сол кезде байтақ елдің байыбын тапқан баябан тірлігін Ақсу өзені жағасына ақ маржан төгіп жырлап жатыпты. Тәкаппар Жоңғар да аққырау басы буланып елжірей қалыпты дейді, әлқисса.
...Тегінде тау мен тастың талассыз таң атырып, күңкілдеспей күн батыратын жұртына бүйірден тиіп, бүйідей шағатынның бірі жасанған жау да, бірі дауасыз дерт-тұғын. Қайтседе бірақ, жаудың жазасы - жалаң қылыш, ал, дерттің жазасы - сары жұртқа шала тастап көшу. Соның солай екендігін дәлелдеп сол заманда Әлімбектің елін жау емес, шиттей сәбилерге шешек егіп, шеңгелін жазған дерт алды. Шала шарпып ыстанған, түтін түтеп тұншыққан дала ақырет кебінін жамылғандай бар жамалынан айрылды. Мәңгілік көк аспанның аясынан дем тартып шалқалай тыныстаған қарт Жоңғар күйік жұтты.
Үдере ауған көштің шоғыры үнссіз шөккен белдерден асып, бетеге беті сарғайған күні Әлімбекте ең кіші ұлының уыз жүзіне араны суық қабір басынан ақырғы рет көз салып тұрған еді. Дауасыз дерт естанды етіп, қайғы қапқан қос бейбақ - Әлімбек пен кемпірі бұл кезде қасіреттің ғана тілінде сөйлейтін. Жеті бірдей сәбидің тұлымын желпілдеткен күйі әкеткен шешек ерлі-зайыпты мұңлықтың екеуара күбір-сыбырын да шолақ қайырытып, шошындырып қойған-ды.
- Мынау да албырап, күйіп-жанып барады.
- Ұзаққа жетпейді. Таң ата үзілер. Қамданайық.
Бұдан кейін кейуана мен кепкен шал бір-бірінің бұ жалғанда бар-жоғын ұмытып кезек сұңқылдастын болып алған.
- Шешек, өсіп зертең бол.
- Ажал, келсең аймағыңмен, бота-тайлағыңмен кел.
- Алапес қылып адырға таста.
- Қу басымды қу даланың қурайына қадап қой.
- Сүйегімді қаңғыған ит, өлексе тінтіген өлекшін мүжісін.
- Әй, Әзірейіл, қайдасың? Апшымды қуыр да ал жанымды!
- Шыққыр, жаным, неге ғана шығып кетпейсің?
- А, саңырау, Құдай, а, көрсоқыр, Құдай, жасыныңды түсіріп жай таптырар күнің бола ма екен мені?
Осылай жарыса сұңқылдасып, зар құса жүріп Әлімбек қотанындағы азын-аулақ малын өріске айдап кетеді. Сорлы кемпір кирелеңдей басып әрнеге жамау салып, жыртық астаудың түбін қырғыштайды. Жетім кәрілердің жанын күбірткедей кеміріп, күнделеп тастаған күндердің өзегінде өзгермеген бір ғана көрініс осы: шал мал соңынан өріп, кемпір таусылып бітпес қайғысын қайта шақырғандай көзіне түскен дүниеге жамау жапсыра береді.
Ай аунап, жылдар жылжыды. Сарыжұртта қайғы жұтып қалған қаралы жандардың тілегіне Құдай, бірақ, құлақ аспай қойды. «Күн орнында, ай мен жұлдыз орнында. Тау мен тас та ықылым замандағы мекенінен тапжылған жоқ. Ау, сонда Құдай қайда?» - дейтін шал күңіреніп. Күңіреніп кеп күпісін жамылып жамбас суытатын ол Шолпан туа түс көрді. Түсінде баяғы айғыр иек, жал мұрынды қариялардың бірі: «Балам, бүгін қойыңды Баласазға дейін жайып қайт», - деді де ғайыпқа сіңді.
«Жайсам жайып қайтайын».
Шал ертеңгісін ерте бөктермесін қомпитып ат беліне қонды да малының тұяғын Баласазға баратын аңғарға іліктірді. Аңғар танауды жаратын таңқурайдың иісіне тұнып, аңқып тұр екен. Тау мен тас қайта түлепті. Бабына енген балқаймақ дүние балбырап жатыр. Зау биіктен құйылған күн нұрына жонын төсеп жылынған зауза қоңызға дейін мәз-мәйрам тіршіліктің күйіне елітіп, өзінше гүж-гүж етеді. Бидайық мол біткен алқоңыр алаңқай үлп еткен самалды уыстап шашып асыр сала алқынады.
Алды тояттап, арты ілби ілескен отарды қайырмалап, кебеже қарын күдіс жалды торының белінен түскен шал құлақшынын түрген. Сол мезетте айнала гулеп қоя бергендей болды. Әуесі бар болғыр суылдай ма, қайтеді-ау? Бұлағы бар болғыр былдырлай ма, тәйір-ау? Әнебір жотаның ар жағынан әупілдеген не екен? Шалдың тарс бітелген құлағы саңлауынан сыртқа дымқыл тепті. Сынған шөптей сыртылдап ашылып, әнтек шаншып аққан дымқыл шалдың сырғалығына құлағанда, бір тәтті үн естілді. Сәби! О, тоба, сәби үні! Іңгәлайды! Шал шалқалап кеткен. Шалқалап барып жел көтерген балдырғанның жапырағындай орынан жалбырай көтерілгенін біледі. Аяғы аяғына тимей жүгіре жөнелгенін біледі. Ірің кеулеп ішінен жарылған ісіктің көзіндей белгісі ғана қалған қуыстан ытқып-ытқып жас саулағанын біледі. Есін жиса, киізбен құндақталған шақалақтың бетіне үңіліп сәңірейіп отыр екен. Жерошақты көрді. Қазанды көрді. Баланы киізге орап, жерошаққа тығып үстін қазанмен жауып кетіпті. Шал соны білді, басқаға басын қатырған жоқ. Тәңірім берді, Қызыр әулие қолдады деді де сәбиді құндақтаулы күйінде әкеліп кемпірінің бауырына салды. Сонда кемпірі айтты: үш күн, үш түн маңыма жолама, қараңды көрсетпей аулақ жүр деді.
Шал үш күн үш түн алыстан тың тыңдап қана жатты. Бірінші күні баланың жағы талмай жылады. Екінші күні емшек сұрағандай ауық-ауық іңгәлады. Үшінші күні ықылық атып, ішегін тартып күлді. Үшінші күні кемпірдің тас емшегі жібіп, омырауы бұла кезіндегідей бұлқына теуіп сәбиді емшек сүтіне әбден қандырған еді.
Шал мен кемпір сәбиді тымаққа салып керегенің көзіне іліп қойды да Тымақбай атады. Тымақбай жарты жасқа жеткенде кемпір жамау жыртық көйлегін сыпырып, жадау күйінен арылып баяғы Үммүгүлсім қалпына оралды да тоғыз ай он күн дегенде ұл туды. Есіміз кіргенде сүйген ұлымыз ғой деп Әлімбек пен Үммүгүлсім балаға Есім деген ат берді. Есімнен кейінгі ұлды «Құдай тілегімізді әбден-ақ қабыл етті ғой» десті де Тілеуке атады. Төртінші ұл ағаларының қойын бақсын деген ырыммен Қойбағар есімін иеленді.
- Сөйтіп Әлімбек бабамыз барша мұратына жеткен екен ғой? - деп әңгіменің аяғына қанбай қалағанымды аңғартып Тоқан қартқа самарқау тіл қаттым.
- Ұмытып барады екенмін, - деді Тоқан. - Барша мұратына жетіп байырқалаған Әлімбек әбден қартайған шағында балаларын сынға алады. Байқса, Тымақбайы тым пысық, Есімі ептеп өзімшіл, Тілеукесі тұңғиық, Қойбағары ағаларының ығынан шықпайтын ырық баққан жас болып өсіпті. «Әй, осылар түбі бір бүлініп жүрмесін» дейді де шал балаларын жинап алып басынан кешкенінін қаз-қалпында баян етеді. Сөзінің соңында, бірақ: «Тымақбайды ортаңнан бөлектеме. Тымақбайды ортаңнан бөлектесең, екі дүниеде жүздеріңді көрмеймін», - деп жағынан жаңылады. Бұл сөзді естіп: «Ә-ә, мен атадан тумаған екенмін. Тумағанымды мына шал өлерінің алдында бетіме басты», - деп Тымақбай мүкәмал-мүлкін теңдей қашады. Сонда Тымақбайдың байлығы мен зеректігін сыртынан күндейтін Есім үнсіз қалып, Қойбағар Есімнің ығына жығылады. Тек Тілеуке ғана «көкелеп» Тымақбай көшінің соңынан ереді. Тымақбай көшіне күн-түн ілесіп жүріп, ағасын тәтті тілімен баурап бетін бері бұрады. Тымақбай көшінің сауға бергенін естіп Әлімбек қарт осы Тілеукенің басына балаларын жиыпты дейді кәріқұлақ.
- Ай, ұрпағым, - депті сонда Әлімбек күркіреп. - Мен сендерді Жаратушы хақтан зарлай жүріп сұрап алған едім. Алдымен Қызыр әулие мен ерен ғайып пірлерге жолықтым. Зәузатым, Қызыр жортқан даладан енді сендерге қоныс сайлайын. Әулие маған «аузыңның дуасы жетпіс жеті ұрпағыңа жетеді» деп еді. Сендердің есімдерің тау мен тастың бейнесінде біз білмейтін заманаларға ес болып тұрсын.
- Тымақбай балам, анау Баянжүректен бергі шоқылар мен Бүркүттінің қабағына дейінгі иен жазықты сен жайла. Ұрпағың көп болады. Өз жұртынан сая таппаған ел де сені арқа тұтады, - дейді.
«Расында, тымақбайлар көп және қай-қай замандағы үркіншіліктің халқы осы иен жазықтан пана тауып, өсіп-өнуде», - деп бір қайырды Тоқан қарт әңгімесін.
- Есім, сен Қаракүнгейдің терістік бетін мекенде. Бауырларыңды ылғи сағынып жүр.
«Әлімбектің дуалы ауыздығының бір белгісі сол - есімдер тым бауырмашыл. Елжіреп тұрады. Бақ қонып, байлық дарыған әулет», - деп жолсергім және бір түсінік беріп өтті.
- Қойбағарым, малсағым, сенің қыс-қыстауың мына Қарасайдың аузы мен Аршалының шатқалы болсын. Төрт түлігіңді ағаларыңа түгендетіп тұруды ұмытпа.
«Айтқандай-ақ, қойбағарлар малды-жанды тұқым. Шетінен мырза. Әлікүнге ағаларының алдына түспейді. Ойнап сұрағанын ойдай етіп береді», - деп шалқыды әңгімешім.
- Тілеуке ше, Тілеукеге түк бұйырмағаны ма? - деп қалдым мен.
- Неге бұйырмасын? - деді Тоқаң, - мына асудың Тілеуке аталғанын әңгіменің басында-ақ айтқан жоқпын ба? Өзге балаларынан Тілеукенің өзгешелігін тап басып таныған әулие әке:
- Тілеукешім, осынау мекеннің тауы мен тасын, аңы мен құсын, адамы мен мал-жанын саған тапсырдым, - депті.
«Тілеуке тұқымы аса көп емес. Бірақ шетінен өр, шетінен тілді, шешен. Еңкейгенге - еңкеюдің, шалқайғанға - шалқаюдың үлгісін тілеукелер көрсетумен келеді. Маңдайы жарылған батыр да, таңдайы жарылған ақын да осы Тілеуке тұқыманан. Біздің Үш Матайдың мінезін тілеукелерден таниды былайғы жұрт», - деген Тоқан ақсақал әңгімесін тиянақтай берді.
Түс әлеті. Біз де Тілеукенің жалына ілінген екенбіз. Алдымызда Жоңғар Алатауы асқақтап, ақнұр дүние жарқырап тұр. Мен соңыма қайырылдым: Тілеукенің белінен Әлімбек бөлген өріс көкжиекпен қымтанып, айнала үйіріліп тұтас көрінеді. Боз селеулі даланы белуарынан кешіп бара жатқан жалғыз қараны көзім шалып қалды.
P.S.
«Әнсекең қария «Жезқазған» дейтін қалада «жер қазғанның» оқуын әне-міне тәмамдауға таяған жалғыз ұлынан айрылыпты. Кемпірі байқұс ақпанның ақсөңке боп қатқан қарына бауырын төсеп, ыңырсып жатыр екен» деген суық сөз сумаң-сумаң етіп аяз қарыған ауылды аралап кетті. Ақсақал біздің үйдің іргесіндегі қозы көк жайылымға ат арқандап жүретін. Тіп-тік, қапсағай бойын жапқан қара шекпеніне қасірет шөккендей қорқынышты адам еді жарықтық. Алагеуімде күңгірт тартқан аспалы шамның жарығымен асты енді алдымызға ала бергенде «Құсайын байдың, бәйбішесі, бармысың?» - деп кіріп кілетін. Дәмнен ауыз тиген соң, әрқайсысы сабаудай саусақтарын салалай созып бата беретін де іргеге қолын созып: «Әпкел бері» деуші еді. Құсайын байдың бәйбішесі - менің әжем, қарттың қолына балкөмей қоңыр домбыраны ұсана түсіп, маған: «Нағашың күй шертеді, оқудан айран ботқаға айналған миңды тазалап ал. Құдая тоба, осы күнгінің оқуы оқу ма?», - дейтұғын-ды.
Әнсекең қарттың ұлы - Көшербайды жалқы рет көргенім бар. Тілеукенің тігінен мал айдап түсіп, ауылдың шетіне іліне бергенімізде, Көшербай нағашым қолын көлегейлей күнсалып бізге қарап тұрды. Иығына төгілген қап-қара шашы, бүркіт қабағы, тұнжыр көзі, сия көк көйлегі, біз тұмсық туфлиі... бәрі есімде... және сол қалпы жадымда сақталып қалыпты. Енді жоқ. Жоқ енді ол.
Ұлының қазасын естіген күні қамшысының қанқызыл түсті сабын азу тісіне салып шайнап отырады да Әнсекем: «Жезқазған» деген Арқа ма? Арқаға Матайдың ауғаны рас па?», - деп айналасындағыларға адырая қарайды. «Онысын білмеппіз», - депті сонда жұрт.
Ендігісін қысқадан қайырайын. Менің естіген әңгімем былай:
Әнісбек ақсақал Жезқазған барады. Мәйітханадан ұлының сүйегін тауып өбектеп енді шыққалы тұрған кезінде ақсақалға бір топ кісі келіп сәлем береді, қайғыға ортақтастығын айтады. «Көшкентай, - дейді әлгі бейтаныс жандар, - ініміз еді». «Сендерге ол қайдан іні болып жүр?» «Ой, ақсақал, сонау бір замандарда аталарымыз ауып осы Арқаны қоныс сайлапты. Біздің түп қазығымыз - Жетісуда. Осында біреуден біреу елбесіп-селбесіп жүріп Көшербаймен ұшырастық. Жігіттің ақтаңкері еді, амал нешік? Айрылып қалдық. Бәрі бір Алланың қолындағы шаруа». «Садағаларың кетейін-ай, сендерге мен не дейін? Ғұмырымның бесіні ауған сәтінде бесігін тербеттірген құлыным еді, сірі жанымды сүйреткен шағымда сүлдеріме таңған тағдырым - бұны да көрдім, жарқындарым, енді көмектеріңді аямаңдар, ұлымды туған топырағына апарып бөлейін». «Қария, - деседі сонда әлгі адамдар, - құлыныңыздың құлынын жетелей қайтыңыз Жетісуға!».
... Ақманар сұлудың өзі еді. Әйбат еді ғой ол сондай. Ну қара бұрымының ұшын алқымыма тығып қытықтап-қытықтап алып жайқала қашатын да: «Қызғаншақсың, - дейтін, - қытықшыл адам - қызғаншақ. Тура Көшербай сияқтысың. Ол да сен сияқты қытықшыл». Бұл кезде Әнісбек нағашым Жетісуға жетелеп келген Өсербай аяғын апыл-тапыл басып қалған-ды.
«Таяу күндерде елге бірге барамыз» деп серттескен екі жас ертерек жұптасып қойса керек. Сертінен таймаған Жамал жеңешем Көшербайдың тұяғын Әнісбек қартқа тапсырды да өзі сол шаңырақтың қызындай болып ұзатылып, Баянжүректің бауырындағы Баласаз деген ауылдың Әлімбек есімді жігітімен бас құрады.