Күз. Барша өңір сары бояуға малынып, ал ағаштар жапырағынан айырылып жетімнің мүшкіл күйін кешуде. Жаздың жаймашуақ күнінде естілетін жайдары күлкі де естілмейді, гүлден гүлге қонып асыр салатын сан алуан көбелек те көрінбейді. Мүлгіген тыныштық. Көңілге құлазу орнатқан көңілсіз күз көрінісі Мұраттың еңсесін басып тастағандай. Түбі жоқ тұңғиық терең ойға шомғандығы, оның кескін-кейпіне көз салған адамға бірден түсінікті болар еді. – Оу, мырза! Неліктен сонша жабырқап отырсыз? – деген нәзік үн жайбарақат отырған Мұратты селк еткізді. Естігенді еркінен тыс елітетін дауыс иесі хор қызына бергісіз сұлу бойжеткен болып шықты . Белгісіз бойжеткеннің үріп ауызға салғандай көріктілігіне тамсанып, әрі өзі қамалған қалың ойлардың шырмауынан шыға алмай абдырап қалған Мұраттың жауабын күтпестен-ақ : – Түсінікті! Көңілсіз күздің жадағай көрінісі сізді тым жабырқатып жіберіпті ғой. Дәл қазір өмір де сізге сұрықсыз кейіпте. Солай ма?! – деді бойжеткен. Мұрат әлі үнсіз. Ал белгісіз бойжеткен «сіздің жауабыңыз қажет емес, барлығы маған айдан анық» дегендей тағы сөйлей жөнелді: – Адамдар осы неге қызық? Өзінің жан-дүниесіндегі жайсыздықты күллі ғаламмен байланыстырып жіберуге шебер-ақ. Әне, қараңызшы! Керемет емес пе? Жапырақтар сыбдыр-сыбдыр етіп Қара жерді құшып жатыр. Жер-Анасымен сағыныса қайта қауышу олардың бақыты. Қарапайым ғана нәрсенің өзінен бақыт табуға болады. Тек айналаңызға зер салып қараңызшы. Ағатай, ол көңілсіздік күзде емес, Сізде. Сіздің жаныңызда, жүрегіңізде, - деп сыпайы ғана жымиып кете барды. Мұрат ұйқыдан енді оянғандай белгісіз бойжеткен қасынан ұзағанда барып, есін жинап:
– Сұлу қыз ! Есіміңіз кім болады? – деді. – Күз ханшайымы! – деді бойжеткен өзіне жарасымды сиқырлы күлкісімен сыңғырлай күліп. Қоңыр күздегі бақтың таңғажайып көрінісін тамашалап жүрген тылсым арумен бірге оның сиқырлы күлкісі де ұзай берді. «Күз ханшайымы! Ғажап! Ханшайым десе ханшайым. Әлемдегі бүкіл ханшайым менен ханшалар оның сұлулығымен теңесе алмас», Мұрат осылайша «Күз ханшайымының» сұлулығына арбалды да қалды. Әп-сәтте көңілі көтеріліп, жаны жадырап шыға келді. Енді оған төңіректің бәрі сұлулыққа, шаттыққа тұнып тұрғандай көрінді.
Көше толы сапырылысқан адамдар. Толассыз жүйткіп жатқан көліктер. Қайнаған қызу өмір, қым-қуат тіршілік кешкен қала. Сол алып қаланың әлденеге асығып-аптығып келе жатқан тұрғындарының ішінде Мұрат та бар. Қараңғы түспей тұрып үйге жетіп алайын деген оймен ол аялдамаға бұрылды. Қиылыстан өте бергенде Мұраттың құлағына: – Жас жігіт, гүл сатып алыңыз! – деген гүл сатушы апайдың дауысы шалынды. Мұрат гүлдерге назар аударды. Жер бетіндегі барша нәзіктік, әсемдік атаулыны өн бойларына сіңірген қызылды-жасылды гүлдердің қайсысын таңдарын білмей тұрған жігітке сатушы: – Міне, мына раушанды ала қойыңыз, - деді. – Осыны алсам алайын, – деп Мұрат ақшасын ұсынды. Саудасының жүргеніне көңілденген апайдың жүзіне қуаныш үйіріле бастады. – Рахмет сізге, жас жігіт, – деді ол Мұраттың артынан дауыстап. Қолына гүл ұстаған, жүзі бал-бұл жайнаған жас жігітке аялдамадағы адамдар қызыға қарасты. Сірә, сүйіктісіне асыққан бақытты жан болар деп ойлаған шығар. Жұмыстан шаршап-шалдығып автобусты шыдамсыздана күткен жолаушылардың арасында үнсіз ғана жылап отырған жеті-сегіз жасар қыз бала да Мұратқа бір қарап қойды да, жылауын жалғастыра берді. Бұл бүлдіршінді Мұрат та байқаған болатын. Аса мән бере қоймап еді. Аялдамадағы жандардың ішінен қызды жұбатқан біреуі болмады. Адамдардың осынша тасжүрек, безбүйрек қылықтарына таңданған Мұрат жылауын әлі доғармаған бүлдіршіннің қасына келіп отырды. – Балақай, не болып қалды? Айта қойшы, неге жылайсың? – деді ол періштедей балдырғанның жанарынан сырғып жатқан моншақтарды қолымен сүртіп. Бүлдіршін қыз ештеңе айтпаймын деген сыңай танытып басын шайқады. – Жарайды, қаламасаң айтпай-ақ қой. Ал мынау саған, – деп Мұрат раушанды оның қолына ұстатып, шашынан сипады. – Анашым әкеммен ұрысып қалды. Анашым көңілсіз. Үйге барғым келмейді, – деді ол қолындағы раушаннан көз алмаған күйі. – Егер мына гүлді анашыма сыйласам, ол әрине, сөзсіз көңілденеді. Солай емес пе? – деді ол жымиып. Мұрат балдырғанның езуіне күлкі жиналып, көнілденіп қалғанын аңғарды. – Әрине солай! Тек сен ендігәрі жылаушы болма, келістік пе?! – деп Мұрат орнынан тұрды. Кішкентай бүлдіршін де көз ілеспес шапшаңдықпен сәкіден тұрып, жүгіре жөнелді. Кенет есіне бірнәрсе түскендей кілт тоқтай қалды. – Ағатай, рахмет! – деді ол артына бұрылып. Қолын екі-үш бұлғады да, қайтадан зымырай жөнелді. Жанын мұң торлаған анасына қуаныш сыйлауға асыққан болар. Кішкене бүлдіршіннің кеудесіндегі құртақандай жүректің үлкен мейірімділікке толы екеніне қызығып қарап тұрған Мұратты аялдамадағы жолаушылар өзара күбірлесіп сөз ете бастады.
Мұрат автобустан түскен кезде күн де қызарып, ұясына орнығып жатты. Көшеде бірді-екілі қараңдаған адам болмаса, күндізгі шу бәсеңдеп қалыпты. Күзгі кештің тынық ауасын көкірегін кере тыныстап дем алған Мұратқа егде тартқанмен еңсесін тік ұстаған ер кісі таяй бере:
– Інішек, жақын маңда дәріхана бар ма? – деді. Мұрат осы маңдағы ең жақын дәріхананың атын атап, барар жолды нұсқап, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді . – Рахмет, – деді бейтаныс кісі Мұраттың арқасынан қағып. Арқасына тиген қолдан Мұрат әлдеқандай өзіне таныс бір жылулықты сезді. Бала күнінде әжесі арқасынан жиі қағушы еді. Бір сәт оның көз алдына балалық балғын шағының бал күндері елестеді. Шіркін, балалық бекетіне билет сатылса ғой! Ересектердің өміріне әбден тойған Мұрат, қамсыз бала күніне оралу мүмкін болса ештеңені ойламастан, балалық патшалығына бет алған болар еді. Бірақ, әлемнің түкпір-түкпіріне, тіпті ғарышқа, өзге планеталарға да билет сатылғанымен «Балалық патшалығына» жол мәңгілікке жабық! Ересектердің маңдайына ол патшалыққа тек сырттай бақылап, сәбилердің шат-шадыман күлкілеріне қызығып қарау ғана жазылған .
Соңғы уақытта достары да, жақындары да Мұратқа «сен бір түрлі суық болып кеткенсің, үнемі көңілсіз жүресің» деп жиі айтып жүр еді. Өмірі таусылмайтын тіршіліктен бас көтермей кеткен Мұрат расында жан-жағына байыппен назар аударуды ұмытқан тәрізді. Бүгін оған дүние өзге сипатқа енгендей, барлығына таңданыспен қарайды. Қарапайым адамдардың алғысын арқаламағанына да көп болыпты. Бір ауыз сөздің өзі де адамды осынша бақытқы бөлей алады екен-ау! Иә, бүгін көшеде кездескен адамдардың барлығы да рақметін айтуда болды. Неліктен, менің барлық күнім осылай алғысқа, бақытқа толы болмайды екен? Айтпақшы, мен де біреуге алғыс айтуға қарыздармын ғой. «Рахмет! Рахмет, саған, Күз ханшайымы!» деді Мұрат іштей күбірлеп. Өз ойымен өзі арпалысып терезе алдында тұрған оған түнгі аспандағы ай да жымиып, алғыс айтып тұрғандай көрінді.
Мүмкін, біздің де алғыс алуға және айтуға асыққанымыз жөн болар!
Бота КЕНЖЕҚОЖА: Күз ханшайымы
Последние статьи автора