...Бір бөлмеде екеуміз ғанамыз. Мен бүк түсіп, теріс қарап жатырмын. Қоңыр гитарасының құлақ күйін қайта-қайта келтіріп, анда-санда дауысын кенеп қойғанымен Табылдың әні әзірге естілген жоқ.
Жаңа ғана жан сырын айтып жылап алған. Ол бүгін Ажарымен қоштасты. Мәңгілікке! Өзінің айтуынша солай. Екеуінің махаббатына ессіз қызығатынмын. Екі жыл әскерде жүргенде Табылдың көңілінде талай ән күмбірлеткен, қара баланың музасына айналған қыздың енді біздің үйге келмейтіні маған да ауыр тиді. Аңқылдаған ашық мінезді қыз еді... Ақ көңілдің артынан ерген сөз ақыры аяулы махаббатты да астаң-кестең еткендей ғой... Жазған әңгімелері де сұмдық! Бөкейдің ауылы жақтан десетін жұрт. Оралханмен жан дүниесі де ауылдас секілді көрінген маған... Кейіпкерлері де бөлек. Мынау топас дүниеге анау заңғар биіктен тәкаппар қараған кісікиік пенделер бәрі...
Табыл қоңыр гитарасын әлі бұрап отыр. Мен әлі бүк түсіп жатырмын. Мұндайда жұбататын сөз де айта алмайды екенсің. Өздерінің шешімдері. Досымның көңілі алай-дүлей, жаны өртеніп жатыр. Не дейсің мұндайда? Бір кезде қоңыр гитараға жан біткендей болды. Әлдебір белгісіз әуен ақырын басталды да әнге айналып сала берді.
...Жағалап сайран көлдің сыз кемерін,
Сезіп ем күз келерін, күз келерін...
Әйтседе сезбейсің-ау өзіңді ойлап,
Бұлқынып жүрегімнің... іздегенін...»
Сонау Алманияда әскерде жүріп Ажарға арнап жазған жыр жолдары. Архангельскіде жүрген маған да жіберіп тұрушы еді. Сезіп жатырмын. Енді әнге айналған сыңайлы... Бір кезде ән кілт үзілді. Орнынан тұрып, бір кітапты парақтай бастады. Есағаң, Есенғали Раушановтың әлдебір жинағы... Қоңыр гитараға қайта жармасты. Іште буырқанған беймәлім бір дүниенің сыртқа шыға алмай жатқаны анық. Алты ішектен аз ғана уақыт бір әуен естіліп тұрды да ән болып төгілді-ау келіп...
...Жағасына жағалай ел қонбаса,
Көрікті боп көрінбес көлдер де аса,
БІР,БІР ТАМШЫ ЫСТЫҚ ЖАС ҮЗЕЙІКШІ,
СОЛ ЕКЕУІ, СОЛ ЕКЕУІ ҚОСЫЛСЫН ЕҢ БОЛМАСА...
Ей, жалған-ай! Бұрылып досыма қарадым. Қос жанарынан парлап аққан жасты елемей бір нүктеге қарап әнін айтып жатыр... айтып жатыр... Не деген ауыр сөздер еді. Махаббатымен қоштасқан ол емес мен секілді мәңгіріп, сыртқа кеттім...
...Табыл дүниеден өткен соң жинағын шығармаққа ниеттеніп жүрген Жұмекең телефон шалды бір күні.
– Бәрі дұрыс. Жұрт қол ұшын беріп-ақ жатыр. Анау Ажарды білесің ғой... Алтайдың қызы Ажар... Сол тіпті қомақты қаржы аударып жіберіпті. Өзі кәсіпкер екен...
Ей, жалған-ай! Сол ғой... сол Ажар! Отыз жыл уақыт өтсе де ұмытпағаны ма?.. Мәңгілік махаббат деген осы шығар!.. Өз-өзімнен күбірлеп, әлгі әннің сөздерін қалай қайталағанымды байқамай да қалдым.
...БІР БІР ТАМШЫ ЫСТЫҚ ЖАС ҮЗЕЙІКШІ,
СОЛ ЕКЕУІ ҚОСЫЛСЫН ЕҢ БОЛМАСА....
Арман СҚАБЫЛҰЛЫ: ТАБЫЛДЫҢ МАХАББАТЫ...
Последние статьи автора