Алмас НҮСІП: Түтінің өшпесін
Түтінің өшпесін!
(әңгіме)
Өкінбе әке, отың бар сөнбейтұғын,
Ол мәңгілік жанады көрмей тыным.
МҰҚАҒАЛИ.
Кештің батқанын асыға күтетін. Қаншама жылдан бері солай. Төсінен жұпар аңқыған от құшақ арудың уәделі қойнына бозбала осылай асығатын. Болмаса, алғашқы неке түнін тағатсыздана күткен жігіт батып болмайтын жайбасар күнге дәл осылай жазғыра қарайтын. Ал, ол... Оның асығы мүлде басқа. Иә, қойны жұмақ, құшағы мейір ару – өзінің қосағы бар. Бірақ, оған бола емес. Оған асықпайды. Жасы қырыққа кеп қалды – жерінгеннен емес, – ақыл тоқтатқан, сабыр тапқан шақ, – әр нәрсе өз орнымен. Жер тарпып тұрған жиырма бес өткен. Басқа бір тараптан табысқан жас ойнастың көз тұманытып, тағат тауысар күлім көзі мен балғын денесі де емес. Ол – тәртіпті еркек. Әйелінің айдауына жүріп, айтағына үріп үйренген момын, «ақылды» отағасы дейтіндей емес, өз тізгініне берік. Мен-мен деген кез-келген он сегіздегі бойжеткенге бергісіз, осы отыз бесіне алғаш қосылған жиырмалық уылжы ажарымен жеткен Бибісі бар. Жолдан жолығысар жолбикелерге көз сүзер жөні жоқ. Кеш бата жетер жақсы хабар арқалаған ешкімді күтпейді. Бостандыққа асығар тұтқын емес. Басқа. Мүлде басқа.
*****
Тым-тырыс. Жоқ, бұл салыстырмалы түрде ғана. Күндізгі у-шудың бәсеңсігені құлақ жарған тыныштықтан кем көрінбейтін. Тынымсыз тырбанған жұмыр бастардың барақат тауып, тыным алатын кезі. Түнгі сағат он бір жарым. Күні бойғы арқасын аямай таптап баққан екі аяқтылардың тынымсыз күйбеңінен бір сәт арылған Алматы түн дейтін қызылды-жасыл көрпесін бүркене түсіп, талықсып кеткендей. Ұйыған тыныштықты ара-тұра тіліп өтетін көліктердің гүрілі – ұйқыдағы алып қаланың ыңыранғаны сияқты.
Көк түтінді құныға бір сорып қойды.
Еее, адамдар оңайлықпен тыным таппайды. Әне, тағы бір машина. Әлде үйіне, әлде үйінен асығып барады. Бағдаршамның қызыл көзіне қарамай, осы уақта менен басқа кім жүрер дейсің дегендей құйғытып өте шықты. Атқа мінгеннің алты қап желі болатыны рас-ау. Қазір алдынан қызыл жағалылардың қызыл таяғы жылт етсінші... Пыс етіп желі шығып, әке-көкелеп жан-дәрмен жалынып жатқаны бәтшағардың. Әй, адамдар-ай!.. Қызық, қанша адам көшеде жүр екен дәл қазір. Санап көрер ме еді?! Қол жайған қайыршы, сабалақ қаңғыбастардан бөлек. Аз емес-ау. Жас кездерінде түн баласы бұлар да тыным таппаушы еді ғой. Бұл жақта күндізгі қайнаған тірлік тоқтап, тыныштыққа бөге түссе, түнгі клуб, ресторан, кафелерде қан базар енді қайнап жатыр. Әрине, әр жастың өз қызығы бар. Бастары бұла, қолдары бос кезде сайранды салып қалсын! Ертең-ақ бәрі көрген түстей тұманға сіңіп, жоқ болады. Табиғат заңы солай. Егер, жас кезінде қазіргідей үй күшік күйге түссе мұның жағдайы не болар еді? Үйлену былай тұрсын, жасына жетпей алжып, арса-арсасы шығып, адамдық кептен ауытқып кетпейтініне кім кепіл? Әлдеқайдан естіп қалған әлгі бір әңгіме...
Күлімсіреп қойды.
Ауылда болса керек, көшеде жүрген бір топ жігітті ауылдың жалғыз тыныштық сақшысы ұстап алыпты. Жайдан-жай шүйілмейді. Еріккен немелер тыныш жүре ме, әлімжеттік көрсетіп, кішілерге салық салып дегендей... Кейде тіпті ушығып та кететін. Біреудің тісі түскен, біреудің басы жарылған. Көшедегі жініккендердің төбелесінің шуынан тұрғындар ұйықтай алмаған, немесе біреудің ағаш шарбағы сынған. Шағынып келіп жатады әлгінің алдына. «Жұмысыңды дұрыс атқара алмасаң несіне жүрсің?» деп дікеңдейтіндер де бар. Амал жоқ, араласуға, жиналған тобырды көрген жерде таратуға тырысатын бейбақ.
– Бұл не жүріс? – дейді салған жерден.
– Жай. – дейді әлгілер.
– Жеті түнде көшеде нелерің бар, жатпайсыңдар ма тыныш үйлеріңде. – депті, ескертпесіне айылын да жимаған тобырға қарап.
Сол кезде жиналғандардың ішінен біреуі мырс етсе керек. Артынша:
– О, көке, жас болса мың жарымға келді, көшеге шықпаған да, огородта жүріп үйленеміз бе? – деген көрінеді.
Заңды қойылған бұлтартпас сұрақ. Мектеп оқушысы емес, зіңгіттей жігіттің айтып тұрған сөзіне инспектор да тоқтаса керек.
Басын шайқап миығынан күліп қойды. Дұрыс, жүріп қалсын. Көп ұзамай іздегендерін табады да, жатады үйлерінде.
Сұқ саусақ пен ортан қолға қыса ұстаған «Қазақстанды» ерніне апара беріп, бөгеліп қалды. «Тфуй, атаңа нәлет!» – деп лақтырып жіберді. Қашан да осы. Балконға сүйене ойға беріліп тұрып, ұмытып кетіпті. Өздігінен жанып біткен тұқыл бесінші қабаттан төмен қалықтап бара жатты. Сонша тағатсыздана күткен сәтінің әсерсіз өкінішіндей жерге құлдап бара жатқан ағараңдаған нүктеге бір қарады да, бүгіндік міндеті өткерілген, енді оның өтеуіне берілген тымырсық түннің тыныштығына бөге түсіп, пыс-пыстап жатқан өзі сияқты пенделердің қатарын толықтырмаққа теріс айналып кетті. Жұмыр жердің жарығында жан дәрмен тырбанған жұмыр бастардың сапында тыраштанып баққан. Енді ертеңгі күйкі тірлікке сақадай-сай тұру үшін ұйқыны қандыру керек.
*****
Қанша әуреленсе де ұйықтай алмады. Қайдағы көр-жерді ойлап, ары да, бері де аунады. Сықыр-сықыр, сықыр-сықыр... Бітпейтін бір сықыр. Астындағы торлы темірі созыла бастаған ескі кереуеттен емес, ойылып бара жатқан жамбас сүйегінен шығып жатқандай. Соңғы кезде көргені осы. Шала ұйқымен жұмысқа барады. Маужырайды да жүреді. Кеш бата «әй, бір ұйықтамасам ба» деп үйге келеді. «Әй, бір ұйықтамасам ба» деп төсекке жатады. Сол баяғы сықыр-сықыр. Ой дейтін ой да жоқ. Бытысқан, берекесіз бірдеңе. Не ойлағанын өзі де білмейді. Аунақши-аунақши таңға жетеді. Сағатқа қарауға қорқады. Қабағы ауырлап, көзі талып, өлдім-талдым дегенде көз іледі. Іле-шала оятардың сүйкімсіз, сұңқылдақ даусы. Көз аша салып алғашқы ойы: «Қанша сағат ұйықтадым екен?». Есептеуге батпайды. Екі сағатқа жетер-жетпес екенін біледі. Соңғы кезде жабысқан ауру. Ұйқысыздық. Тек, демалыс күндері түске дейін ұйықтайды. Оған да шүкір, әйтпесе жынданып кетер ме еді! Шала ұйқы, қызарған көзбен үйден шығып бара жатады. Шаршаңқы жүз, кіреуке жанармен үйге кіріп келе жатады. Жартылай өмір сүріп жатқандай. Өзі ылғи ұмытып кетіп, өздігінен жанып бітетін темекінің тұқылы сияқты. Еш нәрсе әсерсіз. Күлсе – шын жадырамайды. Ашуланса – жорта мінез көрсетіп, өтірік қабақ түйеді. Адамдық міндетін амалсыз өткеріп жүрген секілді.
Тағы да сықыр-сықыр. Және пыс-пыс. Сықыр-сықыр өзінікі, ал, пыс-пыс... Қасындағы қаперсіз ұйықтап жатқан Бибінікі. Жастыққа басы тиісімен басталатын пыс-пыс таңға дейін миын шағып, бір толастамайды. Неше рет ыңыранды, неше рет ұйқысырап сөйледі, санайды да жатады. «Қандай бақытты!» дейді жек көре тұрып.
Сықыр-сықырға қиқ-шиқ дыбыс қоса орнынан тұрып кетті. Өзі жынданудың аз алдында жатқан адам, басқаның ұйқысын бұзып алам-ау деп абайлап қайтсін, дүңк-дүңк басып терезе алдына келді. Арт жаққа құлақ түрген. Пыс-пыс... Мырс етті басын шайқап. Неткен бақытты жандар! Әйелі жаққа жазғыра қарап қойды. Ол да өзі сияқты азаптану керек сияқты. Ең болмағанда орнынан тұрып, сенделіп жүрген бұған жанашырлық танытуға тиіс тәрізді. Маңдайынан сипап, әлдилеп отырып ұйықтатса... «Еее» деп қойды ыңыранып. Терезеден тысқа көз салған. Қала шамдары сирей түсіпті. Жұрттың бәрі пыс-пыстың астында жатыр, тек бұл ғана... Шіркін, дәл қазір ұйықтай алмай жүрген бір адам... бір-ақ адам болса өзінен бөлек. Бас сап құшақтап, бетінен шөпілдете сүйер еді-ау. Қандай жақсы болар еді. Мұң шағып, бұл азаптан құтылудың жолын қарастырар еді екі жақтап.
– Құдай-ау, адам деген өстіп қартаяды екен ғой.
Қолы терезе жақтауындағы қорап темекіге қалай барып қалғанын байқамай қалды. Бір талын суыра беріп, орнына қайта қойды.
– Жоқ, болмайды. – деді күбірлеп. Бүгінге арналған бір талы жаңа ғана балконнан төмен құлдап кеткен. Сарғыш қорапқа қимай қарап ұзақ тұрып еді.
*****
Егер, сіз осы балконға қарама-қарсы немесе көрші тұрсаңыз, және түнгі сағат он бір жарымда балконыңызға шыға қалсаңыз, әлгі балконға көзіңіз түсер еді. Әрине, шыққан соң құр тұрмайсыз, алдымен қарсы жақты, іле асты-үстіңізді бір шолып шығасыз. Өзіңіздей адам қылтиып тұрған балконға көзіңіз еріксіз аялдайды. Ал, оған қарамауыңыз мүмкін емес. Қараңғыда сұлбасы анық көрінбесе де, шылым шегіп тұрғанын біле аласыз. Және, ойға бөгіп тұрған көршіңіздің шылымын ерніне ара-тұра ғана апаратынын байқайсыз. Әлбетте, жіті бақыласаңыз. Егер, өзіңіз де көк түтінсіз тұра алмайтын пақыр болсаңыз, және дүкен атаулы жабылып қалған уақта, өз темекіңіз таусылып, әлдебір үміт жетегімен балконға шыққан сормаңдай болсаңыз... Әлгі көршіңізден басқа темекіші көзіңізге түспесе, онда шын сормаңдай болғаныңыз. Күдеріңізді үзіңіз. Темекі сұрайсыз. Сөз жоқ, «жоқ» деген жауап күтіп алады. Көңіліңізге қараса, соңғысы еді деп алдарқата салуы мүмкін. Болмаса, үзілді-кесілді – ЖОҚ! Сіз шегісейік дей алмайсыз. Себебі, бөліп тартатындай бірге тұрған жоқсыз, аралық әудем жер, сіз үйіңізден шығып (мұрныңыз жыбырлап, қаңсып барасыз, берем десе тоғызыншы қабатта тұрсаңыз да төменге түсетініңізге бәс тігем), жетем дегенше, қызыл шоқ саусаққа жақындап, тіпті сөніп үлгеруі мүмкін. Оның үстіне ол... Шегіспейді. Ешкіммен. Ешқашан. Сараң болмауы мүмкін. Рас, Шығайбайға жиендігі жоқ. Өзіндік басқа себептері бар. Түсінбейсіз. Соңына дейін оқып көріңіз, түсініп қаларсыз.
*****
Әсіресе, үйіне қонақ келгенде қызғыштай қоритын бір заты бар. Мұндай кезде, сарғыш қорапты «Қазақстан» өзінің үйреншікті орны терезе жақтауынан ауысып, қоңсылас төсектің бас жағына сүңгіп кетеді. Болмаса, жұмыс көстюмінің төс қалтасына. Қайда болса да, әйтеуір ешкім көрмейтін бір жерге. Түнгі сағат он бір жарымда қонақтар кете қоймаса, сол орнынан қозғалмайды. Сопақша шылымның бір талы азаймайды. Қонақтар кетпей – түгел. Сосын, ел аяғы басылған соң, жатар алдында ғана бірін суырып алып, көк түтінге айналдырады. Бір күнге уақыты ауысқанмен, әдетінен жаңылған жоқ. Оның үстіне уақыт маңызды емес. Әйтеуір жатар алдында болса... Бастысы – сол. Түтін түтеу керек. Бұл – басты қағида. Әкеден балаға ауысқан жора.
Бір тәулік – бір тал шылым. Бір тал ғана. Он үш жылдың жүзі болды, бұлжыған емес. Өзіндік ләззаты бар. Таң атқаннан кеш батқанға дейін сарыла ойламаса да, миының әлдебір қатпарында бұғады да жатады. Көшеде, яки жұмыста біреу-міреудің түтіндетіп тұрғанын көрсе еріксіз есіне түседі. Кеш батқан соң ол да... Белгісіз бір қуаныш түнге асықтыра жүр-жүрлеп тұрғандай. Қолы қалт еткенде тұра қалып будақтатып, сыртына шыға иістеніп, ысталған тіспен ысылдай сөйлер ағайындарынша есі кете құнықпады. Жұмыс бөлмесі, үйі көз ашытар көк тұманға толып көрген емес. «Негізі аз шегем, көбіне тамақтан соң ғана татам, кейде бір нәрсеге ашуланғанда, не ерекше толқыныс үстінде ғана үсті-үстіне тарта берем» дейтіндердің қатарынан аулақ. Өзінше жол тапқан. Өзіндік тастай ереже мен міндеті бар. Күніне бір тал. Бұлжымас заң тұрған жерде, көзге ұрар зиянды әрекеттер орын алмағанмен, өзіндік қиындықтар болмай тұрмайды. Кейде өкінетін. Осыған бекер кірістім-ау дейтін. Не жоламау керек еді, – түтін сормай-ақ, жер басып, көштен қалмай жүргендер бар емес пе? Не, ешқандай ережеге салмай-ақ, көңіл-күй ауанымен қалаған кезінде бұрқырата беру керек еді. Жұмыс кезінде, не басқа бір жерлерде елдің темекісіне қарап құлқыны құритыны да ештеңе емес. Төтенше қиындық басқа тараптан туған. Адам болған соң, оның ішінде қазақ болған соң анда, мұнда қонаққа бармай тұрмайды. Аннан, мұннан қонақ келмей тұрмайды. Кеш бата барып, түн ауа оралатын «құтты болсындар» ештеңе емес, қоналқыға тоқтаған, яғни жата-жастана барар, келер қонақтар. Келгенше қонақ, келген соң үй иесі ұялады дегенмен, қонаққа өзі барғаннан, біреудің өзіне қонаққа келгені оңай көріне бастаған. Үйді қойшы, қонағыңды ұйқыға жайғастырған соң, балконға шық та бұрқырата бер, Ал, біреудікіне барып, қонуға бекіндің делік. Сенің ерекше, тіпті, тұрпайы әдет-салтыңнан ешкімнің хабары жоқ. Түн болса түтінсіз тұра алмайтын шылымқор екеніңді білмейді. Жатар алдында сыртқа беттедің. Сөзсіз, үй иесі ере шығады. Өзім шығып келем, отыра бер деудің реті жоқ. Қатты қысылатын. Мұның күтпеген жерден темекіқұмар бола қалғанына таңданысын жасыра алмай жатады көлденең жұрт.
– Ее, аздап... кейде енді... өститініміз бар. – дей салады міңгірге жуық.
Әлгі үй иесі «ааа...» деп қоя салмай, тақ-тақ етіп, тақымдап қоймай бара жатса, күнделікті әдет екенін жайып салуға тура келеді. Кейбірі тіпті, бұл әдеттің сырына үңіліп, тергеуге ала бастайды. Мұндайда аузына түскен әлдебір себепті алға тарта салады. Немесе, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберетін. Сонда да, қызығушылығына тоқтау сала алмаған тергеушісі бұған бір, қызыл шоққа бір қарап, көпке дейін бас шайқаумен болады.
Ақыры, мұның «ерекше қасиетін» алыс-жақын ағайын-туыс, дос-жаран, тамыр-таныс түгел біліп болған. Таңырқаса да түсіністікпен қарауға тырысқанымен, сыртынан сан-саққа жүгіртіп жататын. «Өзіне берген серті бар көрінеді. Бұрын тоқтамай шегеді екен, ақыры ұшынып тыныпты. Содан бері жарықта темекінің түрін көрсе, ауырып қалады екен. Ол – ол ма, таң атқанша бір қорабың түк болмай қалады-мыс, иісі мұрнына бір барса өзін тоқтата алмайтын көрінеді, әйелі байғұс әреңдеп жүріп жатқызады екен».
Бұл дықпыртты естіген аузының желі, құлағының қотыры бар кейбір сумақай әйелдер мұның әйелін айналдырып, сұрақтың астына алған күндер де болған. Қуанарлығы сол, Бибісі аузына берік, бір тоға. Күледі де, қояды екен. «Е, өздерің де біліп болыпсыңдар, енді түнге қарай күйеуімді ұйықтатуға көмекке келіңдер» депті.
Тіпті, бәзбіреулер мұны әулие дәрежесіне жеткізіп, көкке шығарып қойыпты. «Осындай да, осындай, кісісі бар екен дейді. Түнде, тәулік ауысар сәтте (уақытын қалай дәл біліп алған десеңші) әлдебір қара кісі (ақ киімді аруақ, көк түтін сыпатты адам...) келіп, түртіп оятады екен де, тысқа шақырады екен. Сосын, өз қолымен бір тал шылым ұсынатын көрінеді. Қашан тартып біткенше қарап тұрады-мыс. Бәлду-бәлду, бытпырық-бытпырық...
– Оттай береді екен ғой бұ жұрт! Менде не шаруалары бар екен?! Иии... – дейтін бұл қарадай күйініп.
Әйелі күлетін:
– Жақсы емес пе? Тау қопарып, жер оймай-ақ аңызға айналып жатырсың. Алда қаншама өмір бар, әлі даңқың артып, атағың аспандай түседі. Тарихта қаласың. Темекінің жынымен жолдас болған әулие деп... – сықылық-сықылық, сылқ-сылқ. Еріксіз бұл да қосыла күлетін.
Мұның әкесін білетін, көзін көрген көне көздер ғана үнсіз бас шайқасатын. Сонда да, кейбір керауыз кемпірлер пыш-пыштап, көк есекке теріс мінгізіп жататын:
– Қайтсін байғұс, еліктегені де!..
*****
Алматының орталық аудандарының біріндегі көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатында ноқат қызыл шоқ жылтырайды. Тәулік ауысар тұс.
*****
Тырс-тырс. Әлсіз сарын естіледі. Шығын арықтардағы қар суының болмашы ағысының үні. Дәл тұмсығының астында түнгі тұманға бөккен ақ қайыңдар сыбырласа, баяу тербеледі. Бір-біріне көктем келіп қалды деп сүйіншілеп тұрғандай. Қыстағы кір-қоңымыздан, қоқыр-қоқсығымыздан арылайық, тазарайық дейтіндей. Қуанып тұрғандай.
Жаңа өмір басталмақ.
Сарғая қурағанына қарамастан ағаш басында қыстап қалған жапырақтар көктемнің келгеніне қуана қоймайтындай. Жерге әлі де биіктен қарай тұрғысы келетіні анық. Өз орнының кезекті жас жапыраққа бұйыратынын ойлап, бұрынғыдан бетер бүрісе түсетіндей. Он сегіз мың ғаламға ортақ бұлжымас заңдылықтың өзін айналып өтпесін де сезер. Бүгін, болмаса ертең, тіпті арғы күні топырақпен қауышары даусыз. Ұзаққа бармайтын қаусаған кәрі. Жаңа өмірден үмітсіз. Мүмкін, көктемгі күзеу кезінде, жаздағы жаңбырда, ең болмаса қарашадағы қара дауылда үзіліп кетпегеніне налып тұруы да ғажап емес. Әйтеуір, ойы он сақты шарлап, шаршап тұрғаны ақиқат. Ал, ақ қайың ше? Ол құлпыра түсуді көксейді. Қандай жағдайда да жапырақ жлқтыққа айналады. Бұл – нағыз шындық.
Адам тағдырының көшірмесіндей. Алдымен жастық өтеді, ажар тозады. Өмір озады. Ұрпақ алмасады. Буын ауысады. Әр буынның өз заңы, өз заманы бар.
«Қызық, әкем өлерінде өкінді ме екен? Жарық дүниені енді қайтып көрмейтініне қынжылды ма екен? Әлі жап-жас, бар ғұмыры, бар қызығы алда тұрған бұларға, жастарға қызыға, қызғана қараған шығар. Өмір тәтті ғой. Бірақ, армансыз көз жұмды жарықтық. Өзі айтқан».
Ол көңілді еді бүгін. Ұшпаққа шыққан жоқ. Аты бәйгеден келген жоқ. Шіркін-ай дерлік ештеңе болған жоқ. Сонда да. Сергек, қунақы жүрді. Түнде қатып ұйықтапты. Өзінде жоқ әдетпен ұлы мен қызына ертегі айтып берді. Білмесе де, естігендерін жиып-теріп, құрау-құрау қызғылықты оқиғалар тізбегіне өзі де елтіп отырып, ұзақ сөйлеген. Онға кеп қалған қызы сөзді бөле береді. «Ана тілде» олай жазылмаған дейді. Мамам басқаша айтқан дейді. Мейлі, бұған бәрі бір еді. «Ертегілер ұқсай береді, бұл басқа ертегі» деген де, көсіле берген. Есесіне, мектепке биыл ғана барған ұлы аузын ашып тыңдады. Көзі бақырайып, мұның аузына кіріп кетердей емінеді. Өзінен... жоқ, атасынан аумайды. Көзін көрмесе де, «Атамның баласымын» деп жүр. Өзі үйреткен. Алғашқы қыздан кейін араға төрт жыл салып, аса уайымдатпаса да, көңілге алаң ендіріп, жүректі күпті қылып барып туған жалғыз ұл. Қыздың жөні басқа, әлде жаңа отау құрған шақ, онша мән бермеді ме, тұңғышы туғанда бұлай қуанбап еді. Ал, мына бала... Қатты қуанған. Ұл келіп еді өмірге. Ұрпақ жалғасады. Әкесі марқұм көрінде бір аунап түскен шығар сол күні. Сол, «Атасының баласы» үшін айтқан.
Ұзыншақ шылымның ортан белінен өткен қызыл шоққа қарап қойды. Бітпеші, түгесілмеші дегендей. Әлсіз, қараңғыда мүлде өлеусіреген жіңішке, ирек сызықты түтін көзге көрінер-көрінбес болып аспанға жол тартуда. Көктегі аруақтарға жердегі тірілердің тіршілігінен хабар беруге асыққан елші сияқты.
Жұрт жек көреді осы темекіні. Әуестігі жоқтардың жөні бөлек, мұнсыз тұра алмайтындар да, тіпті күніне бір қораптан асыра сілтейтіндер де жек көреді. Жек көре тұрып тартады. Атаңа нәлетті қоя алмай жүргендерін айтады. Қоюға тырысып көрмесе де солай дейді. Атаңа нәлетті...
Бұл жақсы көретін. Ел аузында дықпырт болып жүрген өзінің ерекше әдетіне бола шығар. Әлде басқа. Өзінің де басы жетпейді. Әйтеуір жақсы көретін. Құмарлығы шамалы. Әлі күнге басы айналады. Дың-дың... Рахат күйге ене тұрып, небір ойларға берілетін. Әкесін ойлайтын. Шешесін еске алатын. Бірінің соңынан бірі жүре берген. Жасы келсе де сырғақтап бойдақ жүріп алған мұны әкесінің көзі тайысымен, шешесі асығыс үйлендірді. Бол-болдың астына алған. Мұның өзі әкелмесе, өзі-ақ табатынын айтқан. Өзінің де ойында жүрген, тек әкесінің жылын күтпек еді, оған қаратпады. Сезген ғой. Жетім күйеу атандырмай құдалықты бастан-аяқ тең дәрежеде өткерді. Бибінің қолынан тура бір ай шай ішті. Ақылын айтты. Ауырмай-сырқамай ұшып түсті де, бірден бетін арыға бұрды. Айналасы бір маусымда екеуінен бірдей айрылған. Екеуі де бақытты екен, тіршілігінде шәй деспей өтіп еді, ешқайсысы тұл қалмай қатар кетті.
Балалық шағы есіне түсетін. Тентек болды. Сабақта озат болғанымен, екі күннің бірінде жағасын жыртып келетін. Уызынан жарыған, топ-томпақ бала, үлкен сыныптың балаларымен төбелесетін. Шешесі тәк-тәктағанымен, әкесі бетінен қағып көрмепті. «Ақылсыз емес, ес кіре келе қояды» дейтін, «мына балаңа тәйт демеймісің» деген шешесіне. Біледі екен ғой. Ақыл айтып, жөн сілтеп, басын ауыртып көрмепті. Тек, кейде ғана атасы туралы айтып беретін. Сондай бол дейтін. Қатты әсер ететін еді. Өзін төргі үйдің қақ төріне ілінген суреті арқылы ғана танитын, көкірегіне орнаған Қаһарман атасына еліктеп жүріп ер жетті. Ештеңе тындырып тастамаса да, ешкімнен кем қалған жоқ. Әжептәуір қызметке де жетті. Алыс-жақынға үлкенді-кішілі жақсылығы да өтті. Қатарластары сыйлайтын. Үлкендер де ризашылығын білдіріп жататын. Бірақ, тоғайып, кекірейіп көрмепті. Атасы қарап тұрғандай. Атамның баласымын деп ержетіп еді, ата аруағы назаланбасын деп, қылдан тайып көрмепті.
Әкесінің темекі тартатынын білмейтін. Қалай білсін, бұған көрсеткен емес. алғаш көргенде таңырқаған.
Сол күні ерте ұйықтап қалып еді. Тынымсыз ойын титықтатса керек. Қысқы тоқсандық демалыс кезі. Үшінші сыныпта оқып жүрген. Күні бойы сырғанақ теуіп, аққала жасаған. Ауладағы шұрылдақ бала-шаға түгел атсалысқан. Шыңылтыр аяз сынып, күн жылт еткен шуақты күні жібіскі, жабыспақ қардың үстінде армансыз асыр салған. Қас қарая үйге кіре салып, ашқан қарынды тойдырып алып, буыны кетіп, жып-жылы үйде маужырай берген. Қай уақ екені белгісіз, оянып кетті. Өзіне тиесілі төсегінде, ұйықтағанда киетін киімімен жатыр. Қашан, қалай жатқаны есінде жоқ. Көйлек-дамбалшаң орнынан тұрған. Мамасы жатып қалыпты. Қасында көкесі жоқ. Ұйқылы көзбен іздеп кетті. Балконда тұр екен. Терезеге арқасын бере, теріс қарап тұр. Таңырқай қарап сәл тұрды да, жақындай берді. Сықыр етіп есік ашылғанда, әкесі селт етіп, жалт қараған. Сол кезде көрді, көкесінің оң қолында шоғы жылтыраған темекі. Бұл аңтарыла қарап тұрып қалған. Әкесі де. Ұрлығының ашылып қалғанда қипақтап тұрған сияқты. Жымиып күліп еді сосын.
– Оянып кеттің бе, батыр? Бері кел. – деп қолын соза бауырына тартты. Құшағы сап-салқын. Бірақ жағымды. Танауына темекі түтінінің иісі келді. Ол да жағымды. Басқа ләм-мим тіл қатқан жоқ. Жылдам-жылдам, үзіліссіз үш-төрт мәрте сорды да, қызыл шоқты төменге ытып жіберді. Мұны жетелей үйге кірген.
– Қарның ашты ма? – деді бетіне үңіле.
Бұл үнсіз бас изей салды. Қарны ашпаса да. Тамақ туралы ойламаса да. Екеуі қарама-қарсы отырып шай ішті. Тамағынан түйір өтер емес.
Сол күннен бастап әкесін аңдуды шығарды. Не үшін екенін өзі де білмейді. Кеш қалай батады, солай әкесінің балконға шыққанын күтеді. Әйтсе де, бұл ұйықтамай көкесі ол жаққа аттап баспайды. Әлгі түннен кейін бірде бір рет көре алмаған. Бір күні темекісін тауып алды. Бір қорап тола. Анығында тауып алған дәнеңесі жоқ, әке-шешесінің жатын бөлмесінде керегеге жабыса қойылған шағын кітап сөресінде, мұның қолы жетпейтін биікте тұр. Астына биік орындықтардың бірін қойып, қолына алып көрген. Орнына қайта қойды. Содан бастап белгісіз бір күш сол жаққа тартты да тұрды. Әр күн сайын қолына алып көру әдетке айналған. Тиіспейді, қолына алып көреді де, қайта қояды. Сол ғана. Күн өткен сайын азайып, бітеді де, орнына іші толы жаңа қорап пайда болады. Сөйтіп жүріп... Сәті түскен бір күні бір талын суырып алып, қалтасына салып алды. Енді балконға шығу керек. Сіріңкенің жарасы жеңіл. Ас үйден, газ пешінің жанынан талай көрген. Тек, ыңғайы келсін. Оның орайы бұл күткеннен тіптен оңай келе кетті. Көкесі жұмыста. Бұл сабақтан жаңа келген. Түскі асын ішіп отырғанда аузына еркелете барын тосып отырған мамасы дүкенге баратынын айтып қалды. Бұрын бірге баратын. Ананы әпер, мынаны әпер... Қиғылықты салып бағатын. Мамасы қолын қаға қоймайды. Бұл үшін мерекеден бір де кем емес. Бармаймын деген. Бармайды. Басқа жұмысы бар. Мамасы сәл таңырқаған да, өзі кеткен. Себебін сұрамады. Ақылы кірген ғой десе керек. Ақылы кірген. Яғни, үлкен жігіт болған. Иә, ақыл кіріп еді. Ақыл болғанда қандай!
Үйде бір өзі. Жүрек лүп-лүп. Дегбірі қашып, неше күннен бері қайда барса да қалтасынан тастамай, сары майдай сақтап жүрген темекіні қолына алды. Үйде өзінен басқа ешкім жоқ екенін біліп тұрса да, ұрлана басып ас үйден сіріңке алған. Үйдегі бүкіл мүлік, кереге, төбе, бұрыш..., бәрі мұның әр қимылын төбесінен төне, үнсіз бағып тұрғандай. Қазір ғана әлдебір қалтарыстан көкесі, ия мамасы атып шығатындай. Жан-жағына анталаған үрейлі, қатал, ашулы заттарға жалтақ-жалтақ қарап, балконға шыққан. Көшедегі жұртқа көрінбестей жайланып отырып алды. Қолы дір-дір. Быж етіп сіріңке тұтатқанда селт ете түсті. Абиыр болғанда, қол мен ауыз мұның еркінен тыс, бәрін өздері атқарып жатқан. Алғаш сорғанда ащы көк түтін тамағына кетіп, қиқылдап-шиқылдап қақалды да қалды. Көзінен жас шығып кетсе де көптен көкейіне қонақтаған ісін жалғастыра берген. Келесі сәтте-ақ ебін тауып алды. Абайлап сорады да үрлейді. Сорады. Үрлейді. Сақтықты ұмытқан. Үууп... Пүууу... Үууп-пүууу. Бітті –ау ақыры. Терең күрсіне бір дем алып қойды. Қалдығын әкесіне еліктеп төмен ытып жібермек ниетпен орнынан көтеріле берген. Жер-дүние шыр-көбелек айналып ала жөнелді. Мең-зең. Басы солқылдайтын сияқты. Жүрегі айнитындай. Қалдықты қайткені есінде жоқ, жан-дәрмен үйге жүгірген. Қорқып кетіп еді. Әйтеуір, сіріңкені орнына қойғанын біледі. Төсегіне жете сұлап түскен. Дың-дың, күңгір-күңгір... қалықтап жүргендей. Өлетін шығармын деген тұңғиыққа батып бара жатып.
Мамасы оятты. Қатып ұйықтапты. Таңдайында әлгі... жағымсыз дәм әлі тұр. Жиіркене тыжырынып жүріп, баппен жуынған. Аузын ұзақ шайқаған. Иісін сезіп қоя ма деп сақтық жасағаны. Иісін де сезбеді, ештеңе де демеді. Күндегі мамыражай тірлік. Әйткенмен, қуыстанып отырып, тамақ батпаған. Мұндағы өзгерісте ешкімнің шатағы жоқ.
Ертеңіне өзін жақсы сезініп еді. Жеңісіне масаттанғандай. Ешкімге ештеңе сездірмей, үлкен істі тындырып тастаған өзіне дәе риза. Бірақ, әлгі қорапшаға қайта жақындауға жүрегі дауаламады.
Ши бұл күтпеген күні, ойламаған жерден шықты. Әнеу күнгі қылмысын өзі де ұмытып кетіп еді. Біреудің аяусыз жұлқылағанынан шошып оянды. Не болып жатқанын ұғып та үлгірмеді, көзін ашқанда көргені көкесінің өрт сөндіргендей түрі. Алқынып кетіпті
– Тұр орныңнан! Иттің баласы...
У-шу, берекесіз ырду-дырду, атыс-шабыс болып жатқандай. Мұның керіліп-созылғанын күтпей-ақ, жағасынан жұлқи тартып тұрғызып алды да, дедектеткен күйі өз бөлмелеріне сүйреп әкелді.
– Мынаны танисың ба?
Не болғанын сонда ғана ұққан. Хәлінің тым мүшкіл екенін де ойлап өтті. Іші қалтырап кетті. Аяғынан әл кетіп қалған, дір-дір етеді.
Көкесі көз алдына темекінің бос қорабын тосып еді.
– Танисың ба деймін?!
Бұда үн жоқ. Жәутеңдеп мамасына қараған. Араша түсер деген. Ол да үнсіз, сазарып алыпты.
– Иттің баласы! Неғып тиісесің а? Ұрлық дасауды кім үйретті саған а? Қашан, қашшан алдың дейм мен саған? Бедіреюін иттің баласының...
Оң жақ құлақ шекені шыңылдата, көзінің отын жарқ еткізе шапалақпен осып өтті. Сонда ғана мелшиіп тұрған бұл шырр ете түскен. Сонда ғана сазарып отырған мамасына тіл біткен:
– Алдымен сұрасаңшы... – деп еді батылсыз.
– Ашып қалсам бос тұр. Кеше бітіп қалғанын да байқамаппын. Бүгін бітеді, ертең алам ғой деп жүрсем – деген дауыстарын естіген өз өксігінің арасынан.
– Дұрыстап есептеп пе едің? Мүмкін кеше біту керек болған шығар? – Мамасының күмілжіңкі даусы.
– Әәй, сен де! Мені алжыды деп пе ең? Бүгін соңғы күн болған. – Бұған қайта шүйілген. – Қашан алдың? Айт жаныңның барында.
Бұл дір-дір етеді. Көз жасы тарам-тарам. Көз жасын сүртпекке қос жұдырығын апара беріп еді, көкесі сілкіп тастады. Білегін ауырта қысып алыпты. Мұндай қатал екенін кім білген?
– Қашан алдың деймін? Қашшшан?!
– А... ан...
– А?!
– Анн анада... – деген міңгір етіп.
– Анада? Неғып аласың? Оны қайда қойдың?
Бұл көзімен жер сүзе, төмен тұқыра береді.
– Ейй, сен де! – Амалы таусылғандай бетіне қарап сәл тұрды да: – Тарттың ба? – деді баяу ғана. Шарасы таусылған адам осылай сөйлейтін.
Жерге кірердей болып тұрып, білінер-білінбес бас изеген бұл.
Көкесі ызалана мырс етті. Тағы ұрар деген, – ұрмады. Ұрысқан да жоқ. Тек:
– Енді қайталанады екен... – Тістене,ысылдай сөйлегені қандай қорқынышты. Сол сәт сұмдық қорқынышты еді. Білегін босатты да: – Жоғалт көзіңді! –деді.
Бұл жасқана шегіншектеп барды да, батылы қалай барғанын Құдай білсін:
– Кеш-шір, көк-е... – деген үзіп-үзіп естілер-естілмес.
Ешкім ештеңе демеді. Мамасы да, көкесі де. Күнде айғайлай кіріп, дабырлай шығатын есіктен салбырай басып шығып кетті. Келе өз төсегіне етпеттей жығылған. Бүк түсіп алып, үнсіз, тістене ұзақ жылады. Солқ-солқ... Әлдеқайдан көкесі мен мамасының күбір-күбір дауыстары естіледі. Көкесінің даусы өктем шығады. Кейде тіпті қатты шығып кеткен сайын бұл дір ете түседі.
Солығы басылған сияқты еді. Ұйқылы-ояу хәлде жатқан. Сол құлаған қалпы. Жастыққа бетін баса, жарыққа қарай аунап түсуге дәті шыдамай...
Басынан сипағандай болды. Жұп-жұмсақ алақан. Көрмей-ақ таныды. Мамасы. Бетін бұрып, өзіне қаратпақ болып еді, бұл басын көтерместен мамасының жуан белінен орай құшақтап, бауырына тығыла түсіп, еңкілдей жөнелген. Ып-ыстық құшақта ып-ыстық жас толассыз ағып жатыр, ағып жатыр.
– Ақымағым-ай. – Еңкейіп келіп, желке тұсына ернін басқанын сезді. Ып-ыстық. – Ақымағым менің. Ақыл қашан кірер екен саған?
Мамасының құшағында жатып көп нәрсе айтқысы келген. Ендігәрі ондайды қайталамауға, тәртіпті, ақылды болуға, балалармен төбелеспеуге уәде бергісі келген. Айтқан жоқ. Ешқандай уәде берген жоқ. Екеуі де тіл қатпаған. Үнсіз ұғысқан екен-ау.
...Қызыл шоқ бағана сөніпті. Жылап тұр екен.
*****
Сол оқиғадан кейін шынында өзгеріп еді. Баяғыдай шексіз еркелік жоқ, тентектік жасамайды. Кітап сөресіне қарай аттап баспайды. Үлкендерше сөйлейтін болған. Мамасына қолғабыс жасайды. Дүкенге барып келеді, ананы-мынаны әперіп жібереді. Елгезек балаға бәрі сүйсіне қарайтын. Ойын да күрт азайған. Бас алмай сабақ қарайтын. Мамасының нұсқауымен түрлі кітаптар оқитын болған. Көкесінің қалауымен күрес секциясына жазылған. Берекелі, шуақты күндер орнап еді.
Санасына қатты әсер еткен, щолжаң мінезі мен балаң түсінігін мүлде басқа, тың бағытқа бұрып жіберген темекі оқиғасын бала кезінде де талай еске алған. Естелігінің өзінен тітіреп кететін. Содан кейін аузына алмаған. Ақыл тоқтатып, азамат жасына жеткенде күле отырып еске алатын. Расында, бір тал темекінің кемдігін байқамай, білмей қалуы мүмкін емес екен. Күніне бір тал ғана. Есебінен жаңылуы мүмкін емес. Үйде бұдан өзге күдікке ілінер ешкім жоқ. Із жасыру жайлы ойлаудың өзі ақымақшылық екен ғой.
Неге бір тал ғана? Неге одан көп емес? Неге мүлде жоқ емес? Күніне бір талдан шекпей-ақ қойса қайтер еді? Университет қабырғасында жүргенде күмілжи отырып осыны сұраған көкесінен. Бұл ойлағандай терең мәні жоқ болып шықты. Бар болғаны көкесі бұрынырақта темекіні көп тартады екен. Сосын өкпе сыр берген. Темекіден ғана емес, суық тиген. Ажалдан әрең қалдым дейді. Дәрігер темекіге тоқтау салған көрінеді. Көкесі ең болмаса күніне бір тал шегуге рұқсат сұрапты. Бірден тастап кетуге жүрегі дауаламаса керек, бастапқыда уақыт созып, өзін бір талмен алдарқата тұрып, қойып кетпек болған екен, кейіндеп әдетке айналып кетіпті. Өкпесі де қайта мазаламапты.
– Бар болғаны сол. – деген күліп.
*****
– Үйлен балам, – деген бұл университет бітірер-бітірместе. – Біз әкеден ерте айрылдық. Шешемді көрген емеспін. Мен жасқа толғанда обадан кетіпті. Әкем мен мектеп бітіріп, партия қатарына өткен күннің ертеңіне сұлап түсті. «Сенің ат жалын тартып мінгеніңді көрдім, арманым жоқ. Ессіз емессің, отымды, атымды өшірме!» – деді де жүре берді. Одан кейін қала жағалап, жалаң аяқ, жалаң бас жүріп жұмыс істедік, тиіп-қашып оқыған болдық. Баспанасыз қайда асығам, біреудің қызын аштан өлтіріп алармын деп отызға дейін салт жүрдік. Енді міне, немере сүйіп, иісінен мастанып, ертегі шертіп отырар елуден асқанда сол бос жүрісіме өкініп отырмын. Қиқаңдайтын жөнің жоқ, үйің бар, жағдайың жаман емес, үйлен енді. – деп еді бір оңашада.
Бұл онша құнттай қоймаған. Әкесі де қаузамады. Тек содан төрт жыл өткенде сол әңгімеге тағы бір айналып соққан. Жиырма жетіге аяқ басса да, әне-мінемен жүріп алған баласына ренжіген де. Бұл биылдан қалмауға уәде берген. Үлгере алмады.
Соңғы кезде ескі сырқаты қайта қозып, төсек тартып жатып қалып жүруші еді. Ақыры алып ұрды. Көп жатқан жоқ. Ақыл-есі орнында, түзге өзі шығып келер қауқарынан айрылмаған күйі кетті. Абыроймен, өз отының басында, аманатын айтып, өсиетін қалдырып кетті. Жақсы өлім деуші еді үлкендер. Сол. Жүрерінен бір күн бұрын шақырып алған.
– Атаң туралы көп айтқам. Жөргегіңнен қанықсың. Сол кісінің басты аманаты сен едің. «Артыңда жолыңды ұстап қалар ұрпақ қалдырмай – өлме» – деп еді, марқұм. Адамға соңында қалар тұяғын көріп, ұрпағы бар екеніне сеніп көз жұмудан асқан бақыт жоқ екенін біледі екен ғой жарықтық. Армансызбын деп еді. Шын армансыз екен. Енді міне сол атаңның жолымен кетіп барам. Мен де армансызбын. Сен барсың. Атаңның әулетін жалғар сен барсың. Атаңның аманатын орындадым, саған жеткіздім. Ата жолынан тайған кезім жоқ. Осалдығымды көрсеткем жоқ алдыңда. Азамат болдың ғой, айтпағымды түсінуге тиіссің. Әлгі атаңның аманатын балаңның баласына айтып кет, көрімде тыныш жатайын. Алқымын басып сәл бөгелді. Қыстыға дем алып сәл жатқан соң: – Біраз жүрдің, жетеді! Бас құра! Адамша тірлік қыл. Одан асқан бақыт жоқ. Адам ұрпағымен мың жасайды дегенді атаң қазақ еріккенен айтты деймісің. Біз болған адамбыз. Ендігі кезек сенікі. Түтінімді өшірме, балам! – Сеп-сергек, сап-сау қалыпта солай деген. – Түтінімді өшірме!
«Бара бер» дегендей басын изеген. Дәл қазір бірдеңе деу артық екенін іштей түйген. Іші жидіп бара жатса да, күрсіне дем алып, көзі боталый теріс айналған.
Көкесін жер қойнына табыстап келген күннің кешінде баяғы кітап сөресіне келген. Ешкімнен тығылмай-ақ. Еркін. Жартылай ашық қорапты қолына алған. Бір талы кем. Әкесі тартқан. Қалғанын түгесуге ғұмыры жетпепті. Әкеден қалған мұраны киелі заттай аялай ұстап аз тұрды да, біреуін суырып алды. Оттығына дейін қасында тұр. Әкесінің көзі. Екеуі де. Балконға беттеген.
– Түтінің өшпейді, әке! – деді күбірлеп. Не ойлағанын кім білсін, күлімсіреп қойды.
*****
Алматының орталық аудандарындағы көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатында ноқат қызыл шоқ жылтырайды. Тәулік ауысар тұс.
Ұрпақ жалғасып жатыр. Әкелердің жаққан оты мен аты өшпек емес. Бабалар аманаты да – сол!
27.01.2012
Алматы, Шаңырақ-2.
Кандидат
Жұмыс уақыты бітіп, дәлізден көршілес кеңсе есіктерінің жабылған дыбысы мен сырт-сырт бұралған кілттерінің сыңғыры естіле бастаған шақта қалта телефоныма жан бітті. Белгісіз нөмір. Беймезгіл уақта кім болды екен...
Мен Ғалыммын ғой, – дейді бір жұмсақ дауыс. Алқынып тұрған сияқты.
Ғалым... Ғалым... Өзім көрген Ғалым атаулы бастан-аяқ түгенделді. Ауыл, қала, көше.., өзім аяқ басқан жердің бәрі әп-сәтте көз алдымнан бір өтіп шықты. Есіме түсер емес. Кім болды екен?
Біздің үйде болғансың, екі жыл бұрын. Жайлауда. Көккемерде...
Жайлау... Көккемер... Бірнеше рет болғам. Қайсыбірі еске түссін. Сондағы қымыз ішуге түскен көп қазақтың бірі шығар дедім де, тани салдым.
А, Ғалеке сіз бе? Қалайсыздар?
Жақсы ғой жақсы. Саған ауылдан звондап тұрмын. Кеше таудан түскеміз. Сосын саған бір хабарласып қояйын деп...
Әә, дұрыс болған екен. Ауыл-аймақ орнында ғой? Үй іш, бала-шаға тегіс аман? Кішкентайлар өсіп жатыр ма? – Айналайын сөзуар қазақтың аман-саулығы біткен бе, шұбыртып бердім. Сонша сұраққа берілген жауаптың ішінен кім екені есіме түсе кетердей бірдеңе айтылып қалар деген үміт. Даусынан орта жасқа ілінбеген, қайткенде де қырықтың ар жақ, бер жағындағы отағасы екені байқалады, «бала-шағасы бар шығар әйтеуір» деген жобамен соғып жатырмын.
Иә, аман-есен. Жүр ғой. Сенің жұмысыңа кедергі келтіргем жоқ па?
Жо-жоқ Ғалеке. – деймін, танымай тұрғанымды біліп қоярдай атын қайта-қайта атап. – Иә, Ғалеке, не бұйымтай? Амандық қой әйтеуір?
Аманшылық қорықпа. Жеңгең босанған бүгін. Осы қазір ғана. Ести сала бірінші саған хабарласып жатырмын. Інілі болдың. Атыңыз қызық екен деп кезінде өзің сонша күліп едің, енді сол жаман кейін ренжімейтіндей ат қойып бер деп...
Атыңыз қызық екен...
Сонда ғана есіме түсті. Иә, шынында атына сонша күлгем. Көзінше ыңғайсыздансам да қыстығып, жарылып кете жаздағам. Жап-жасыл жайлаудың тап-таза, салқын ауасына қарамай борша-борша терім аққан. Үй иесі ренжиді екен деп есім шығып еді. Бірақ, Ғалекең кең кісі екен, ырқ-ырқ күліп қойып, отыра берді. Ренжу қайда, тіпті «інілі болдың», – деп сүйінші сұрап тұр.
Қай жерде? – Кейде нақтылау былай тұрсын, ымның өзінен сыр түйген елдің баласымыз ғой, перзентхананы сұрап жатырмын. Ол да «не қай жерде?» – демей-ақ бірден ұққан.
Аудандықта. Сол біреу ғана ғой.
Қанша жататын сияқтысыздар?
Бәрі жақсы деп жатқан. Ертең шығарып қалар. Елдікі сияқты апталап, айлап жатпайды біздің қатынның бір жақсы жері... Сомен, келесің ғой?
*****
Жиыны үш-төрт адам жолға шыққанбыз. Осыдан екі жыл бұрынғы құрамға осыдан аз ғана бұрын біреу қосылған. Яғни, арамыздағы бір жігіт үйленген. Ұлды болып жатқан ескі танысымызды құттықтап қайтпақпыз. Ғалекең маған ғана емес, балдызына да хабарласыпты. Іле-шала шұрқыраса табысып, тарттық та кеттік. Қаладан жырақ аудан ғой, жол ортасына әлі жеткен жоқпыз.
Мұндай ұзақ жолдың алғашқы ширегінде даурығысқанмен, орта жолға жетпей әңгіменің бітіп қалатыны болады. Тербете түскен көліктің жайлы жүрісі адамды тыныштыққа, оңашалыққа шақырып, ұйқыға тарта түсетін. Көрмеген аз уақыт ішіндегі өзгерістер мен жаңалықтарымызды түгесіп тастаған соң, әркім өз ойымен әуре болып кеткен. Асфальт пен дөңгелектер арасынан шыққан уілден өзге үн жоқ. Менің ойым бүгінгі біз түспек үйдің иесі төңірегіне тоқтап еді.
Ғалеке... Ғалым...
Мен Ғалыммын ғой...
Осы сөзді айтқанда қандай күйде болар екен деп ойлап қоям. Өз аты емес қой. Жаңа танысқан адамының бұған қатысты тарихтан хабары жоқ болса да, қуыстанып бітеді-ау. Өтірік айтқан адам да жасырынбақ ойнаған бала сияқты ғой...
О баста аңғармағам, кейін мән-жайға толық қаныққан соң өз атын аздап ыңғайсызданып, тез-тез айта салатындай көрінген әлгі кездесуімізде.
Өз атын айту үшін осынша азапқа түсіріп қойған қазақтың ғана емес күллі адамзаттың ат қою салтына ренжіген шығар. Әйгілі «Менің атым Қожаны» оқығанда, Қожаның атына қызыққан шығар. Қожа деген әйтеуір ел арасында бар ат қой. Автор айтқандай құлаққа ерсі естілсе де, кемшін тұстары болса да, неге олай деген сұрақ қойып, тергеуге алмайды. Алғаш естігенде көзінше жыртылып күлмесе де, дымын ішіне жұтып, көзі бағжаң ете қалмайды. Ол – Қожа. Ал, мұның аты... Қожа «айта бастасам тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады», – деп шағынады. Сол да сөз болып па! Есімі сондай болғанда ғой құрығанда, саңқ етіп мақтанышпен айтар еді. Иә, Қожаның күні көш ілгері. Қолдағы алтынның қадірін білмей жүрген тәубасыз бала... Өзі оңбай қалған соң, біреудің қаңсығын таңсық көріп, тамсанып отырған мұны көрсе... Өз күнімен жылап көрісер. Ал, бұл ойлай бастағанда-ақ іші тұз құйғандай болады. Бала кезде мән бермейтін. Кейін, шындығында қысыла бастаған. Ақыры, атын ауыстырып алды. Ауыстырған түгі жоқ. Құжатта тұр ғой баттиып. Оның үстіне тым кеш қимылдаған сыңайлы. Отыз тісінен екі ауыз сөзі шықса, күллі әлем біліп болды деп есептейтін, сымсыз телефонның тірі нұсқасы, қарға тамырлы деп сипаттаған бытысқан байланысының арқасында сөзім желге ұшты деп ренжи алмайтын жер бетіндегі жалғыз ел – қазақтар мекендейтін ауылға белгілі болған жайт алыс-жақынға тегіс жетіп болған кезде ғана ақыл кіріп, түс ауа маңырағанының пайдасынан зияны көп па деп қалды. Өз атын өзі өзгертіп айтып жүргенін естіген кейбір у тілді немелер сыртынан сан саққа жүгіртіп жатты.
Кейде бұл да тәубаға келетін өзінше. Салыстырады ғой. Қазақтың арғы-бергі өткенін қотарып кеп жібергенде, бұрқыраған шаңның астынан не бір құдай атқан есімдер кездескен...
*****
Итжемес... Сұмдық-ай! Осы атты арқалап та жер бетінен көшті-ау біреулер. Рас болса адамның аты тағдырына тікелей әсер ететін көрінеді. Демек, ең болмаса иттің өзі жеуге жарамсыз адам болғаны ғой. Әлде, «итке жем болмаса екен осы сорлы», – деп ырымдап қойды ма екен? Демек, сол атты қойып жүргендердің өздері оңбай тұр ғой. Бірқатары итке жем болған да...
Қадірсіз... Мұндай атты шаң жұтып, тау қопармай-ақ естіген. Кәдімгі әже. Салиқалы. Бала-шағасы түгіл, ауыл-үй алдынан қия өтпейді. Қадірі де бар сияқты. Үбірлі-шүбірлі кісі, шалынан жетпіске толар-толмаста, ерте айрылдым демесе, басқа қайғысы жоқ. Сүп-сүйкімді, томпаң қаққан қаптаған немере-шөберенің ортасында отырудан асқан қандай бақыт керек?!
Көтібар... Алла-ай! Ауызға байқамай алып қойсаң ұятсыз атандырар сөзді елге жар салып... Менің атым... Құдай-ай, қайтіп айтты екен? Қыздармен қалай танысты екен?.. А, айтпақшы ол баяғыда жасаған кісі. Өзі батыр болған деседі. Демек, атақты болған. Қыздарға атын айттпай-ақ, шырқ иіре берген шығар. Туһ! – дейді сосын өзінен-өзі түңіліп. – Құлқыны қыздан арғыға жетпей қалғандай сорлы басым, қайдағыны ойлап. – Ондай ұятты мүшесі бар екенін ат қойып әйгілемей-ақ қойса да біледі ғой бұ жұрт. Әлде, күмән келтірді ме екен? Мүмкін, жүрегінің түгі бар дегеннің анайы нұсқасы үшін осылай қабылдаған болар? «Е, ол қолдан келмейді біздің. Ол үшін де к... керек», – деп күнде айтады ғой өздері де. Сөйтіп, ауыспалы мағынасында бірдеңе қылмаса, мүшесін түгендеу үшін бұлай жасады деу, қалай болғанда да ешқандай ақылдың ауылына сыймайды. Қайткенде де мұның басы жетпейді. Сол атты қоярда қандай оқиғалар болды екен ә? Не көрініпті, қарсы шыққандар болған шығар-ау. Қарсы шыққаны бар болсын, осындай ат қоям деп көкіп жүрген әуейінің не ойлағаны болды екен? Нағыз тістеген жерінен тісі жағымен қосып бөлініп қалғанша ажырамайтын шақардың өзі болып тұр-ау. Әйтпесе, мынадай сұмдық болып жатқанда түк жазығы жоқ сәбидің обалына қалатындай ауыл тегістей теріс кеткендер емес шығар. «Қырық кісіні қыңыр кісі жеңеді» дегенді осындайда айтса керек қазақ та.
Майкөт... Бұл кісі де сұмдық ақын болыпты дейді білетіндер. Ақын яки батыр болу үшін осындай ат қойылу шарт болса, жер бетінде оңған есім қалмайтын еді ғой. Осыған қатысты естіп қалған бір оқиғаны естіп, сонша тамсанғаны бар.
Қазақтың қыз-келіншегі орамал таға ма, жоқ па деген сұрақ төңірегінде қара қазақ пен жаңа қазақтың арасында тартыс болыпты. Қара қазақтың не дейтіні, жаңа қазақтың не көкитіні белгілі. Әңгіме орамал туралы болған соң жаңашыл неме:
Тақпасын! – депті кесіп айтып. – Керегі жоқ. Қазір ол заман өткен. Кемпірлер тақса таға берсін, қыз-келіншектер жайнап жүрсін. Барды көрсету керек қой. Айтыңдаршы, қазақтың қыздары кімнен кем? Әлемдік аренаға жарқыратып алып шықсақ, атты түсіп, жаяу жатып қарайтындай бар. Ал, біз соншама сұлулықты тұншықтырып, тұмшалап... – Мынадай сөз өз-өзінен ақтарылып жатқасын, пенде шіркінде тоқтау бар ма? Тамағын кенеп қойып қайта шабыныпты. – Әй, тіпті бар ғой, қазақта Сұлушаш, Қарашаш, Ақтамақ деген аттар болған. Соған қарағанда, баяғы қазақ та орамал тақты дегенге сену қиын. Себебі, орамалға оранып жүрсе, оның шашы мен мойнының қандай екенін қайдан біліп жүр? – депті жерден жеті қоян тапқандай өзеуреп.
Қара қазақ қойсын ба, шаласы мұндай шешен қазақтың қарасының жайын айтпай білмеймісің.
Сіз, – депті жаңа жаққа кекей қарап. – Қазақтың өткенін қайтесіз, өзіңізге қиындау болады-ау. Оның үстіне дауласып отырған адамыңыз тарихты біршама оқыған кісі. Кейінгі жаңалықты сіз сияқты біле қоймаспыз, бірақ өткеннің иісі мұрнымызға баратыны анық. Мысалды дұрыстап келтіріп үйреніңіз алдымен. Содан кейін «қазақ!» деп ұрандайсыз. Егер, көрініп тұрған жерді негіздеп ат қою керек болса қазақта Майкөт деген ақын, Көтібар деген батыр өткен, – депті-міс.
Дүр екен кім болса да. Шіркін-ай, ойната білсе сөз шіркіннің алмас қамалы жоқ-ау, – деп тамсанып біраз отырды. Ойына тағы қаншама аттар оралған. Бір бүгін емес, күндегісі осы. Ойламай қайтсін, адам өз атын күн құрғатпай ең құрығанда бір мәрте айтады ғой. Тіпті, қойын қайырып қойып, қырда жатқан мұның өзін елсізде жүріп кезіккен қазақ та құр жібермейді. Жоқ қараған қазақтың өзі ішіңді кептіріп, төренің баласындай керіліп бағады. Мүлгіп тұрған атына бір жамбастай қисайып отырып алып, қамшысын бүктей ұстап ап ыңырси сөйлегенде жоғалған бір құнажынның соңынан сандалып жүрген адамға тіпті де ұқсата алмайсың. Тақ бір, серілік құрып, сәні жарасып тұрғандай асықпайды өздері.
Ныспың кім? Қай туған боласың? Кімнің басласысың?.. – осылай шұбырып кете береді. Кезегімен қоймайды, ақтарып бірақ тастайды. Тіпті жауап беріп біткенше сұрақтың санынан жаңыласың. Бұған салса, ең бірінші сұрақты аттап өтіп кете салар еді. Бір атым насыбай үшін ат құйрығын кесісіп, көш басын теріске бұруға бар кергіме немелер бір ауыз сөзінің далада қалғанына өлсе көнсін бе, сүйегін қазып, өлген-тірілгенін түгендеп шыққанда, сығырая қарап: – Атың кім дедің? – дейді қайта. Осы бір сұрақтан жек көретіні жоқ шығар. Ат, есім, ныспы... Аттың өзіне бірнеше ат қойып тастағанда, соншама азандаған соң дұрыс есім жамай салса ғой, түге! Қайдағы бір...
Күлшашар, Кәріпжан, Қойбағар, Жылқайдар, Текебай, Дәметкен, Қойсана, Күнсана, Итемген, Малбақ... Кете береді. Тәкілбек дегенді естігенде, мағынасын таппай қор болғаны бар. Сонда, балам өскенде қой бақсын деп ырымдағаны ма сорлының? Күл шашып отырар салақ қатын болсын дей ме екен? Кәріпжанына не жорық? Кәрібі – ғаріп дегені емес пе, кінә мен күнәдан ада сәбиді осынша қорлап... – Осылай ойлап-ойлап келетін де, жерге бір түкіріп, тып-тыныш жайлылып жүрген қойына айғай салатын. «Қайт ей, итттің малы!» – деп қояды, ешқайда бұра тартпаса да. Сосын қайта ойланатын. – Хангелді мен Қойгелді... Алғашқысы қандай бақытты десеңші, анау-мынау емес хан келгенде туған. Тіпті, хан үйіне түстенуге түсе қалмаған шығар, айшылық алыста сайлауы болып, билікке жаңа патша, таққа жаңа хан отырғанда, түк таппай отырған қазақ үшін тағы бір есім табыла кетпей ме?! Ділмарлығын көргенде еріксіз сілекейің шұбырады. «Сенен асқан кім бар екен, шіркін», – дегізіп, сүйіндіргені сонша атыңды ұмыттырады. Ал, маңырап, жамырап кеш бата күнде-ақ келіп жүрген қайдағы бір отар үшін Қойгелді деп... Дүниеге адам, ұрпақ кеп жатқанымен шатағы жоқ, қой келгенде туды деген де, молданың құлағына сыбырлай салған. Азанын шақырып, өрістен қайтқан семіз тоқтының майлы сүбесіне сақалын армансыз малып отырған молдекең ойланып қайтсін, оның үстіне «мұның қалай?» – деп езіп тұратын уақыт емес, алланың аты аталған жерде көлденең кеңес құру молда атына сын, азан жаңа ғана шақырылды, бөгелер қисын жоқ. Оны бір заман өткенде таң ата туған баласына қойған біреулер, «ойбай, сондай да сондай, Қойгелді атасындай болса жаман болмайды, ешкімде шатағы жоқ, қой аузынан шөп алмас момын еді жарықтық, сол кісінің жолын берсін!» – деп тағы құртқан. – Әәәй, бұл қазақ шіркінге дауа жоқ қой, дауа жоқ! – деп екінші жамбасына аунап түседі. Қазақ шіркінге айтқызсаң, адамның бәрі қойын құрттап, айранын ұрттап қойып, ешкімде шаруасы жоқ пәңгіп жүретін сасық ауыз, сопақ бас болу керек сияқты.
Қолына іліккен әлдебір шидің талын талмап ауызға салып, тілімен айналдыра ойнап, көкке қарап біраз жатады. Жатады, жатады да, есіне әлдене түскендей атып тұрады. Не үшін тұрғанын өзі де ұмытып, мәнсіз тұра бергенше деп қой жақты бір көздеп қояды. Сосын қайтадан жамбастайды. Жамбас жерге тиісімен басын ой қамай бастайды. Соңғы кездегі ойы есектің миын жегендей адам аттарының айналасынан шықпайды шыр айналып...
Айбынды естілер қаншама ат бар. Солармен қол алысып тұрып, өзіңді қараптан-қарап қор сезінесің. Хандардың аты қандай шіркін. Сірә, естігенді елең еткізетін елеулі есімді ойлап табу үшін де тектілік керек шығар-ақ. Ел басқаратын асыл ұрықтың ұрпағы бұл жораға ерекше мән берген болуға тиіс. Бірақ, өзі төре болса, «балам қой бақса да жетеді, әйтеуір жер басып сопиып жүрсе болды», – деп қайдан армандасын. Көргені көгендегі қозы мен жайылымдағы қой емес, төрдегі шіренген хан-сұлтандар мен асқақ шаңырақ болған соң ұсақтап қайтсін?! Атыңа сай адам болмасаң, жаман итке теңеп, итіңді шығаратын қабаған қазақтың екеуі бас қосса үшінші қылып сені отырғызып қойып, дүрсе қоя беретіні тағы бар. Қаншама Шыңғыс пен Абылайды көрді. Тіпті, ханын қосып қоятынын қайтерсің! Соның талайы аттың қай жағынан міну керек екенін ажырата алмай, көзің қайсы десе аузын көрсетіп есеңгіреп жүр. Соған қарағанда, адамның атының тағдырға әсер ететіні жел сөз болар. Әлде, жаратушы да ашуланып, «түріне қарамай ат қойғышын, менің сүйікті құлдарымның есімін иемденгенді көрсетейін», – деп сондай күйге түсіріп қоя ма екен? Демек, әділетсіздіктің өзі жоғарғы жақтан басталып отыр екен ғой. – Әйтеуір, басы жетпейтін.
Кінәліні іздеп отырып, тікелей құдайдың үстінен іс қозғамақ болып отырғанда, есін жиятын. Тәубаға келіп, қойын көзбен түгендей отырып, кешірім сұрайтын. Сосын қайта бас қатырады. Күн ұзақ әлі, қой мен ойды қатар бақпасаң, күнің өтпейді иенде. – Егер, әлгі сөз рас болса, бұл мына тауда талтиып жатпай, мінбелерде қол сілтей сөйлеп, біреулермен тартысып қалада жүрмес пе еді? Ій сасыған қой жоқ, қи сасыған қора жоқ. Ыңырана тыныстап, дүниені тіреп тұрғандай мүйізін шайқап қойып, күйсеп жатқан сиыр жоқ. Он салсаң бір баспайтын жабы – қойторы жоқ. Әлгі теледидардан көріп қалатын кілең ығай мен сығайдың, игі жақсының ортасында сайрап тұратын бірдеме ғылымдарының докторы, профессор дегендерде де арман бар ма екен.
Атына заты сай болмағасын, жаңбыр жаумай су болып, қысыласың да жүресің.
Сөйтіп, кешті батыратын. Бұрын соңды көп ойланбайтын, жас қырыққа таяған соң-ақ ой құрғыр иектеп алды. Не түнде тыным жоқ, не күндіз тыным жоқ. Ұйықтаса да түсінде атын әдемілеп өзгерткелі жүреді. Қазір, осы балаларымның аты қандай деп ойланатын болып жүр. Бай мен бекті, хан мен тайды қоспай-ақ қойып шығыпты. Бары үшеу. Үшеуі де ұл. Төртіншісі қыз болады деп үміттеніп жүр әйелі. Айтпақшы, әйелінің аты қалай осы? – дейді жерден жеті қоян тапқандай. – Әйтеуір, бұған күлгенде, болмаса ат туралы лекция оқығанда құдайдай. Әлгі тағдыр мен атты байланыстырып, пәлсапа соғып жүрген де сол. Тіпті, жаман ат қоюды – «бала тұрмағасын амал жоқ істеген іс», – деп ақтап, ділмарсыйтынын қайтерсің! Қалай ойына келмеген, ол да оңып тұрған жоқ екен-ау. Ұлбосын. Иә, тілеу тілеп қойған деп отыратын. Қайын жұртының тілегін берген-ақ екен ендеше. Үш қыздан кейін-ақ, топырлатып үш ұл туған енесі әлі тың. Қызы мынау, қызға зар боп жүрген. Былай, балаларының аты тәуірлеу сияқты. Арман, Ержан, Нұржан. Елең еткізер есім емес, бірақ, бұл қалай дегізе қоймайтын көптің бірі. Оған да шүкір десін бәтшағарлар, аталары тірі болғанда, азанды қай қыбылаға қарап шақыратынын құдай білсін! Ендігісі қыз болса да, ұл болса да, әй бір кереметтей ат ойлап тапаса ма осыдан.
Одан ары қарай ат түгендеу басталады. Жақсы аттар. Бірақ, осы уаққа дейін асқақ көрініп жүрген есімдердің түбіне үңіліп кеп жіберсе, қайдағы бір болымсыз мағынасы мардымсыз бірдеңе сығалайды да тұрады. Біржан деген ат қатты ұнайтын. Біртуар перзенті ғой қазақтың. Әндері қандай, сай-сүйегіңді сырқыратады. Құлаққа кәдімгідей естілгенмен, екіге бөліп қалсаң, қайдағы біреу дегенге жуықтап кетеді. Аруақ назаланып жүрер деп, одан ары ойлауға қорқады. Кәрібоз деген аты бар адам кездестірмесе де, біреулердің сондай атасы болғанын білетін. Жағымды естіледі әйтеуір. Елең ете қалардайсың. Ойламаған бір күні, аңтарылды да қалды. Жылқы ғой. Жай жылқы емес, кәрі жылқы. «Қартайғанда кәрі боз жорға шықты» деп мақалдатып жататын. Сол. Ақыры, «қартайғанда көрген қызығы болғасын, солай атаған шығар», – деген де қойған. Айбас деген атты ұнатқан. Сөйтсе... Одан да күдер үзді. Жұмағали деген бар. Басқаны қайдам, өзіне ұнайтын. Соңында, күдерін үзді. Жұма күні туылыпты да, қоя салыпты. Бұл қазақ шіркінге дауа бар ма! Аптаның жеті күніне қаратып ат қойып жүрген... Бар жоғы жеті күн болса, сол күннің бірінде тумағанда, сегізінші күнді кімнен сұрап алады? Одан беріде орыстың аузын бағып жүріп Октябрь, Совет, Май... Ой, сұмдық-ай!
Айы-күні жақындаған Ұлбосынның шермиген ішіне қарайды да, қайта ойланады. Өз аты аз еді, енді әлі тумаған баласына ат іздеймін деп жүріп-ақ тентек болатын болды. Таң атқаннан күн батқанға дейін. Ат, есім, ныспы...
Мағынасы бір осы үш сөзді иттің етінен жек көріп кетті.
– Иттің етін күнде жеп, ұшынып жүргендей қазақ та айта береді-ау, – деп қоятын сосын, көк майсаға тұмсығын құныға тығып, өріп бара жатқан отардың соңынан қарап отырып.
*****
Ғалым, – деп танысты. Менің бір досымның жездесі екен. Қойшы, малшы деп жүрміз ғой, азғантай жандығын өргізіп, көшпенді тірлік кешіп жатқан ағайынның бірі. Қысты күні мұндай ағайынның ауылына ат ізін салу былай тұрсын, сүйресе аттап баспайтының беп-белгілі, – жазғы жайлауына түскенбіз. Шаруақор адамның қызыл шырайлы күн қақты жүзі. Етті-жеңді екен. Сүйегі де ірі. Қарны ғана салбырап, аяқтары салмағын көтере алмай тұрғандай көрінетін әлжуаз іркілдектердің қатарынан емес, толықтығының өзі шымырлық пен ептілікті аңғартатындай. Күлімсіреп сөйлейтін сияқты. Әлде, қалжыңы жарасқан балдызын көргенде сондай күйге түсті, болмаса көптен көптің ортасын көрмей, иегі қышып жүрген жанның әдетімен қонақ келгенге қуанып қалды.
Жап-жасыл әлеммен астасқан мынадай пейіл жадыратып-ақ жіберген. Кеу-кеулеп әңгіме соғып отырмыз. Дөңгелек шаңырақты қазақтың киіз үйінде қазақша малдас құрып ұзақ отыра алмасақ та, «қандай ыңғайлы», – деп қойып шоқиысып бағамыз. Сыздықтата ұрттайтын бал қымыз «әңгімені менсіз қалай айтар екенсіңдер» дегендей тостаған ішінде мөлт-мөлт. Соңғы кезде шыққан әзіл, қымыздың өзін сүтпен бе, сүтсіз бе (орыстың с молоком, без молокасы) деп барып сатып алып үйреніп қалған біз үшін таза қымызды күбіден қотарып ішу мерекеден кем емес.
Осы кезде айтып қалды. Балдызы жездесіне:
Сомен, Кәндеке, он бір бие байлап отырмын деп шіреп отырсың, қаншауы өзіңдікі? Жоқ, бәрі қоспа ма?
Елдің малын санамай отыра алмайсың ба, ал қайтесің, бәрі өзімдікі.
Жоқ, Кәндеке, мен білем ғой сені, елдің көңіліне қарап, бар малын алдыңа жиып ап, атаңнан қалғандай ардақтап бағып отырған шығарсың...
Екінші мәрте Кәндеке... Ғалым деп еді, к-мен ұйқастыра алмай отырмыз. Еке-ні қосып айту үшін соңғы екі әріп қысқаруға тиіс. Яғни, Ғалеке болса керек еді. Бірақ, Кандеке деді. Екі мәрте, қағыс есту мүмкін емес. Арамыздағы Қасым деген жігітіміз алаңғасарлау еді, төтесінен килікті.
Қалай Кәндеке? Итке теңеп отырсың ба сонда? Жездең болса, жездең шығар, бірақ, қалжың айту үшін де уәж табу керек қой. Мынадай бойлы-сойлы жігітті кәнденге теңеп...
Көкейімізді тап басып отырса да, ыңғайсызданған боп, «қойсаңшы», – деп қоямыз. Балдыз бір әңгіменің шетін шығарды. Кәндекең... Ой, Ғалекең кәнден иттен өлердей қорқатын көрінеді.
Кішкене кезінде тұрқы тәуірлеу қазақы төбет құрып қалғандай, кәнденге таланыпты. Содан солай атап кеткен...
Ақылға қонымсыз. Жобаға келмейді. Жан-жақтан «қой әрі» десіп, жамырап жатырмыз. Тағы бір кепті қылтитты.
Сәби күнінде кәнден емген. Аңыз бен мифте айтылатын қасқыр еметін бала бар ғой, сол сияқты...
Қисынсыз. Көп қыртпа сөзінің бірі. Отағасына қараймыз аңтарылып.
Күліп қойып отыра берді. Айтып болдың ба дегендей балдызына қарап алды.
Ал, жігіттер қымыз алып отырыңдар. Оо, біздің Көккемердің қымызы... Оның үстіне әпкелеріңнің қолының күтімін көрген соң... Күнде кеп жатқан жоқсыңдар, – деп аз бөгелді. – Ал, мынаның айтып отырғаны, – балдызына қарамаған да. Ең болмаса иекпен нұсқаушы еді, ондай жоқ. Жоқ қарап отырғандай жерден бас алмай сөйлейді екен. Ішімізде не жатқанын, құмартып өліп бара жатқанымызды біліп отыр, «тыңдамай көріңдер» – дейтіндей. – Біздің шал қызық кісі еді. Аздап әпенделігі болатын. Тыныш тұрмай қойған мініс атын жығып сап тағалапты. Алдыңғы екі аяғын бітіріп, көлденең бір шаруалармен айналысып кетіпті. Сол кеткеннен мол кетіп, біраз уақыт өткен соң ғана есіне түсіп, артқы аяғын тағалап бітіріпті. Аттың аяғын босатып, «ал енді тұра ғой», – десе, жылқы қозғалмайды дейді. Сөйтсе, ұзақ жатқан жылқы ауа жетпей үзіліп кеткен көрінеді. Әкеміз басына бір шығып, аяғына бір шығып, қарап тұрып-тұрып айғай сапты:
Бағила, әй Бағила, мына атаңа нәлет жыққанда тірі ме еді өзі?
Құрттап кеткен қойға «таза жүрмейсің, құрттамай қайтесің!» – деп ренжіген де сол кісі.
Сыпыртқыны тұрғызып қоюға болмайтын ырым бар ғой қазақта. Бір үйге бара қалған көрінеді. Босағаға сүйеніп тікесінен тұрған сыпыртқыны көріп:
Әй, мынаны кім бұлай шошайтып қойған, түге! Әй, көгермегірлер-ау, дұшпан өрлейді, – деп қолына алып, жатқызып қоятын жер іздеп жан-жағына қараса – қонақ күтіп жатқан үй, – ыңғайлы жер табыла қоймапты. Қолына ұстап ары айналып, бері айналып, күйбеңдеп біраз тұрыпты да, сол орнына қайтадан тікесінен сүйей салыпты.
Сол әкем балаларының атын шатастырып жүріп өмірден өтті. Тек, менікін ғана ұмытпайтын. Өміріндегі жасаған бір тапқырлығым деп масаттанатын болу керек, әйтеуір мені жұмсарда, ерекше екпінмен атайтын. Менен үлкендерін Мако, Жако, Бұлатай деп еркелетіп жататын кейде. Тек, менің атымды тура атайтын.
Мен туардан бір күн бұрын үйге бір құдайы қонақ кепті. Жаз кезі, қымыз іше келген көп қыдырмаштың бірі болу керек. Қонып, таң ертең аттанып кетіпті. Ол кете салып, шешемізді толғақ қысқан. Көп ұзамай, түс әлетінде мен келіппін өмірге. Бала туған соң ат қою керек. Әкеміз ойланбастан, «әлгі құдайы қонақтың аяғы құтты болды, соның атын қоям», – депті. Бар бәле де осы жерден басталған. Әлгі құдайы қонақтың атын ешкім білмейді. Жете жөн сұраспаса керек, сұраса да мән бермеген, – ұмытыпты. Әкеміз кәдімгідей бас қатырыпты. Ақыры, мұрты тікірейіп орнынан атып тұрыпты. Қатыны ұл тапқанда мұнша қуанбаған шығар. «Таптым!» – депті.
Баламның атын Кандидат қоям!
Ел-жұрт аң-таң. Мәнісін сұрастыра келгенде, әкемнің сөзінен ұққаны, әлгі аты жоқ құдай атқыр ғылым кандидаты екен. Қазір бар ғой анау, бірдеңе ғылымдарының кандидаты деген, – сондай. Ол кезде бүгінгідей емес, «қағаз кеміріп жүрмін» деген адамды құдайдай көретін кез. «Балама соның жолын берсін!» – деген де:
Аты Кандидат болсын! – дей салған. Біреулер күмілжіп, қарсы уәж айтпақ екен, кесіп тастапты.
Кенжемнің атын Кандидат деп қоям!
Болғаны сол, мына жаманның қалжыңға сүйеп отырғаны осы. Кейде, ұялғанымнан Ғалым деп қоятыным бар. Бірақ, жұрттың үйреніп кеткен аузы Ғалым дегенге көнбей-ақ қойды.
*****
Осымен тоқтаймын деп жатыр әпкелерің. Төрт ұл. Қыз бола ма деп едік... Е, жарайды, бұйырғаны. Жетіп қалар. Оның бәрін топырлатып туа бергенде, ұшпаққа шығарар дейсің бе деп, мен де келістім. Кейін айнып қалып жатсақ, көрерміз. Әзірге сүт кенжеміз осы деп отырмыз. Атын өздерің қойып беріп кетіңдер. Мен біраз бас қатырып едім, балам өскенде ренжитіндей көрінеді де тұрады. Жассыңдар ғой, бізге қарағанда көргендерің көп. Үлкен жерде жүрсіңдер, тілектерің қабыл болар-ақ, – деген ат терлетіп, шілдеханаға асығып жеткен бізге қарап.
Ұзақ жол бойы сыртқа шығармасақ та іштей толғатып келгенбіз бәріміз. Сонда да ұзағырақ ақылдасуға тура келген. Ақыры жөн шешім таптық деп ойлаймын.
Сізді ғалым болсын деп әкеңіз ырымдаған екен, онысы енді орындалмайтын сияқты ма, қалай? – дедік күліп. – Өзім жетпеген ұшпаққа ұрпағым жетсін деп тілейтін қазақпыз ғой, әкейдің арманын осы жігіт орындасын. Сіз жетпеген ғылымға осы ұл жетсін деп отырмыз... Қазақ ғылымы сөз болғанда, Қаныштан асқан кім бар дейсіз, сол кісідей халқы сүйген азамат болсын деп ырымдап отырмыз. Аты – Қаныш болсын!
Бәрекелді! Айтқандарың келсін! Мә, құлағына сыбырлай сал енді, – деп қолымызға ұстатты.
Азан шақырмасақ та, бисмилләні үш қайтара айтып, құлағына:
Сенің атың Қаныш! – деп үш мәрте сыбырладық. – Атыңа затың сай азамат бол! – дегенді қосып, әпкемізге ұстаттық. Жездеміз мәз.
Сөзіңнің соңына жеткенше, мына иттер ұлымның атын профессор деп па, доктор деп па қойып жіберер ме екен деп жаным мұрнымның ұшына келді-ау. Рахмет! – деп қояды.
Профессорың түк емес жездеке, бұл әлі академик болады! – деді әлгі балдызы көзін күннен жасқана сығырайта ашып, манаурап жатқан қызыл шақа жиенінің танауын түртіп.
10.07.2012
Талдықорған
Рахмет, Мұқа!
Мұқағалидың «Қош, махаббаты». Алдымда жатыр. Алдымда жатқаны – оқылып біткені.
Бұрын да талай оқығам. Сондай ауруым бар. Тіпті, жатқа білем десе де болғандай қаншама шығарма қайта ақтарылды екен! Кенеттен есіме түсе кетеді де, үйге жеткенше асықтырады.
Қызыммен ренжісіп қалдым. Кәдімгі жүріп жүрген қызым. Бұл – бүгінгі сөз. Әдеби тілге, қазақы түсінікке салсақ – қалыңдық. Иә, болашақ жар. Қыбын тауып – қағып түсер, оңай жолығысып – қиналмай айырылысар жолбикелерден жөні бөлек, жолы үлкен. Сегіз қызым бір төбе, Сары қызым бір төбе! Шындығында, үлкен сегіздік қаңбақ сияқты. Үп еткен желге дөңгелей жөнелгелі тұр. Ал, жалғыз қыз – жер қозғалса мызғымас дәу қара тас. Қайсысының бәсі жоғары тұрғандығы жайлы әңгіме осымен тәмам.
Рас, қызым сұлу еді. Сегіз қызды бұйым құрлы көрмей жүрген соң-ақ түсінікті ғой. Сары қыз дедім ғой. Сондай «светной» қыз еді. Ақылына көркі сай, сұңғақ бойлының нақ өзі. Өз бойыма шақ емес, әйтсе де бойдан мен көрген қорлықты ұрпағым көрмесін деп, ол киер биік өкшелерді құрбанға шалып, арланбай ертіп (әлде еріп пе?) жүруге бел байлағам. Сенсеңіз сеніңіз, сенбесеңіз де... сеніңіз, көлденең ұшырасқан жұрт қол ұстасып кетіп бара жатқан бізге қызыға да, қызғана да қарайтын. Қызыға қарайтыны – қызықтап қарайтыны. Сұңғақ қыз бен тапал жігітке басқалай қалай қарауға болады өзі? Қызғанып қарайтыны: «...мына жаман неменің (мені айтады!) бір тұтам болып ап, мынадай қызды қағып түскенін қарай гөр...» – деген таңданыстың төңірегі. Әне, жұрт, жұрт болғанда, әсіресе ауылдағы кемпір-сампырдың аузынан түспейтін көлденең көз «қызыға да, қызғана да қарайтын әулет» біз едік. Көз өтіп кетті-ау. Сірә, қалалықтар ауылдағы апаларым айтатын «тіпә, тіпә, тіл-көзім тасқа» дегенді білмейтін болса керек.
Қош, көз өтсе де, сөз өтсе де – кетті әйтеуір. Қайран күндер өте шықты. Себебін білгіңіз келеді ғой? Айтайын. Бастан қан шықты ғой, соңына дейін төбелесеміз енді. Жаным шығып кетсе де, құрметті оқырман, сізге түсіндіріп бермей, қайтпаймын. «Өлуім бар, қайтуым жоқ», – деуші едік, бала кезде намысқа тырысып. Сол ашуыма бір мінбесем, бойым өсіп кетсін!
Сіздің не ойлап отырғаныңызды жобалап отырмын. Жоқ, бойдың қатысы жоқ. Қызым ақылды еді деп айттым ғой. Ол бәтшағар да сорайған бойға тіреліп қалған ештеңе жоқ екенін біледі. Оның үстіне, мен де өз саясатыма бәлемін. Шамам жеткенше дөңес жерлерде жүруге тырысам. Сондықтан да, көк тіреп жүргендердің өзі көріне алмас жерде көзге түскішпін. Көзге көп түскен соң-ақ, сенен жақсы адам жоқ. Атақты болудан асқан бақыт бар ма?! Атақты болсаң... Кемшілігіңді – қасиетке балай қоятын қазекемнің осы бір қасиеті-ай. Садағасы кетейін! Бойына сеніп жылдан құр қалған түйенің трагедиясынан артығымен хабарым бар, – сене қоярдай бой әу баста болмаған, – ойға күш салып бағам. Ол әрекетім нәтижесіз де емес. «Ой, шіркін, Пәленшенің баласы-ай», – дегізіп, ауылдағы шал-шауқанды бір шулаттым. «Жанып тұр-ау, жанып тұр», – дегізіп көк сақалдарды мойындаттым. «Жігіт болсаң жомарт бол деген, менің Түгенше қайныма тиген қыздың арманы жоқ-ау», – дегізіп, жеңгелерімнің аузын алдым. «Ауылы мойындағанды – әлем мойындайды» деп еді ғой Қадыр. Дуалы ауыз ағамның айтқаны рас болса, біздің ауылдың аузынан шыққан дықпырт жақын арада әлемдік деңгейге көтеріліп те қалуға тиіс. Иә, иә, үміт бар. Мұндайда қазақ «Ел мақтаған жігітті – қыз жақтаған» дей ме? «Бой бергенше ой бер» деп жатар алдында бір ыңыранып барып ұйықтайтындығым өзіме аян, өзім кемшілік санамаған бойды ол қайтсін, бұл тақырыпта жақ ашуды қойғанбыз. Тек, кейде ғана «ни че, төсек теңестіреді», – деп қоятын басымнан сипап. Шымбайыма батып кетсе де, қоразданып шыға келем. Әзірге, бұл шақарлығымнан көрген зияным жоқ. Бір қызды ықтыруға кеңінен жетіп тұр. Сонымен, сөздің түйіні – айырылысқан аққулар оқиғасының бас себепкері бой емес. Сондықтан, жаңағы ойыңызды қалтаңызға сала тұрасыз-ау. Ал, мен төбелес... құдай-ау, түсіндірмені жалғастырайын. Ол үшін біраз жерге шегініс жасауға тура келеді.
Танысканым туралы айтпай-ақ қояйын. Мықты саясаткер екенімді айттым ғой, бұл тараптағы сәтті қадамдарымның қайсы бірін түгендеп отырармын! Осыдан екі жыл бұрын сәті түскен. Содан бері ол менің қызым. Жиырма күн болып қалды, бақытын басқа тепті. Құдай сақтасын, менің басым емес, өз бақытының басы. Оған дейін де талай қызбен араға жораға жүріп үлгерген, еңбегі сіңген «дежурный» өлеңдерімді жолдап жүріп, құрығыма іліндіргем. Аса қиын болды деп айта алмаймын. Соған қарағанда, жомарт құдай бойдан қысса да, ой ғана емес түр-әлпеттен де соншалық қаға қоймағанға ұқсайды. Қысқасы кездестік. Алғашқы кездесуге тән сыр-сипатты да тәптіштеп жату артық. Өзіңіз білетіндей аздаған жатырқасу бар, әңгімеміз үзіліп-жалғанып, құшақтаған қайда, қолынан ұстауға батпай, біраз әбігерге түстім. Мұндай сәтте бойдың сәйкеспеуі де бірден бой үйретіп кетуге айтарлықтай зардабын тигізетінін ескерте кетуді парыз санаймын.
Оның бойынан байқаған алғашқы қасиет – тым ұяңдығы. Тесіле келіп қараймын. Қарамауымды өтінеді. Бір есептен оның бұл ұялшақтығы маған көптеген жаңа мүмкіндіктер ашты. Қатар отырған адамың үндемес болғанының бір жақсы, бір жаман жері бар. Мәселе оның неге үндемей отыруында. Егер, сізді бойына тоғытқысы келмей, қашқақтап сөйлемей қойса, онда есегіңізді басқа жақтан суарғаныңыз жөн. Ал, сізге мөлдіреп бір қарап, еркімді сізге бердім, не істесеңіз де ердім соңыңыздан дегенді ұқтырса... Онда, құдайыңыз берді дей беріңіз. Міне, менің де алғашқы кездесуімнің беті бері қарап тұр. Батылданбас жөнің жоқ...
Сөйтіп, біз бақытты болдық!
Көрменің затындай қылып, қасымнан тастамай ертіп жүрем. Көрменің заты дейтінім, барған жерде ел-жұртқа арнайы таныстырып, бір сынатып алам. Артынан, оңашалана беріп, пікірін сұраймын. Итің жаман деген адамның ит терісін басына қаптайтын қазаққа «қатының жаман», – дей қояр қай әңгүдік?! Оның үстіне «қызым қалай екен?» – деп өзім сұрап тұрсам. Оған қосымша, бұл жағдай кез келген адамның басында бар жағдай. Елден таңдап сүйгенің жайлы жағымды пікір айтқан адамнан айналып қана кетпеймісің?! Мен білгенді ел біледі. Әйтеуір, қалыңдығымның бұл тараптағы бағасы «бестен» түсіп көрген емес.
Ұяң қызымның қылығы шыққаны кейіндеу. Бала кезімде «жаман адамның өзінің бойында бір жақсы қасиет болады» дегенге беріле сеніп өссем керек, оның бойындағы кішкене қасиеттің өзін үлкейтіп көруге тырысатын болыппын. Қарға баласын аппағым деп сүймеуші ме еді, менің байқағыштығым осы тарапта көп еңбек сіңірді. Мен сырт қарап отырғанда маған көз айырмай қарап отырғанын аңғарам да, асықпай зерттеуіне мүмкіндікті молынан берем.
Кинотеатрға барамыз. Фильм жайына қалады. Басқа жер табылмай қалғандай, осы жерде отырып сүйісеміз келіп. Өз бақыты өзінде жүрген адамға басқаның басындағы романтиканың керегі болмайтынын сол кездерде ұғып едім.
Мынадай жолдарды жазып отырған адамның сөзуарлау келетінін өзіңіз де біліп отырсыз. Онымен оңашалана бергеннен-ақ аузым-аузыма жұқпай, сарнап бағам. Махаббат текті романдардан оқып алған сөздерді аяусыз қолданам. Сөйлей берем, сөйлей берем. Романтикаға белшесінен батқан аңғал ақылымның идеалы болған кейіпкер жігіттің қалыбына көшем де, оның сөздерін айна қатесіз, кейде артығымен жетілдіріп көсілемін-ай. Ол әдеттегідей үнсіз тыңдап бағады. Таңданып отырғанын сезем. Сабазың, онысын да көп білдірмеуге тырысады. Өз аңғарымпаздығым жайлы аңғарттым ғой деймін. Таңданғанмен тамсана қоймайтынын ішім сезеді. Сөзің өзің ойлағандай әсер етпегенін білген соң қоя-ақ қою керек қой. Бірақ, анау-мынау емес, болашақ классиктің әйелі болуға тиіс қыздың бұл бейғамдығы жыныма тиеді. Өлермендене түсем. Құрығанда, «мыжи бермеші», – деген жазғырынды жауап естіп барып, тыншығым келеді. Өкінішке орай, ол тарап әзірге үнсіз.
Ғашық адам үнсіздікті неге жоруға тиіс? Әрине, жақсыға. Әйтеуір, мылжыңым далаға кетіп жатқан жоқ шығар дегенге өзімді сендіріп бағам. Менің пайымымша, ол – ақылды қыз. Ал, ақылды көрсету үшін қысыр сөздің қажеті жоқ. Мақұл, үндемегені жақсы.
Өстіп, бақытты болып жүріп жаттық.
Соңғы кезде жетістіктерім аз көріне бастаған. «Ол мені сүйеді». Бұл байлам – мен бағындырмақ биіктің шыңы. Тек, тағы да нақталай түсу керек. Қиыла қарайтыны, үнсіз ғана еркелейтіні, мені кәдімгідей арқа тұтатыны бұл кезде қатардағы қарапайым пайымдар. Үлкен бір дәлел керек. Менсіз өмір сүре алмайтынына көз жеткізсе... Ойлана келе тоқтам жасадым. Білмейтіні бит астында жатқан ұлы стратегтің басын бекер арқалап жүрмегеніме тағы бір мәрте көз жеткізіп, бүйректен сирақ тауып берер ақылым бірдеңе ойлап тапты-ау.
Түк қиындығы жоқ екен.
Екеуміз кездесіп жүргелі жылға жуықтады, – дедім арыдан орағытып. Жалпы, айтарымның негізгі бөліміне көшпес бұрын, жұқалап бастайтын кіріспе құрауға шеберлігіме өзім де тәнтімін. – Солай ғой?
Ммм... – дейді менің не бықсытып келе жатқаныммен шаруасы жоқ.
Иә, бір жыл оңай уақыт емееес, – деп қойдым ыңыранып. Бұдан ары сізге «осылай дедім» деп айтудың өзі артық қаншама сөздер ағытылды. Бір жылың не, бір секундта шешіліп жататын тағдырлар төңірегінде біраз пәлсапа соқтым. Баяғы қосыла алмай кеткен ғашықтардың бір-бірін соңғы рет бір көруге зар боп, құса шегіп, арманда кеткені жайлы жеткілікті мысалдар келтірілді. – Оған қарағанда, – өткенді қойып өзімізге ойысқан тұсым бұл, – біз бір жыл бойы ешқандай кедергісіз, ешкімнен теперіш, тепкі көрмей, – мұндай сөздерді ол түсінбейді. Сонда да бұл қадамға өзі түсінбейтін сөзді еш қиналыссыз айтып отырған жігіттің шешендігі мен білімділігі, қала берді, біліктілігіне балап, менің өзінен артықшылығымды мойындай түссін деп саналы түрде баруды әдетке айналдырғам. – осы күнге жеттік. Құштық, сүйдік. Нағыз махаббат – махаббат күйінде қалғаны жөн сияқты. ...Қалай ойлайсың?
Ммм...
Тағы да сол емеурін ғана. Ашулана бастадым. Бірақ, дәл қазір ашуға жол жоқ. Өзімді зорлап, сабырға келуге бекіндім.
Осы күнге дейін өмірдің өзі ғана емес, ғылыми тұрғыда дәлелденгендей, – ғылымды қосудың өзіндік саяси астары бар, – бір-бірін қанша жерден шын сүйсе де, екі адам бірге өмір сүрсе, яғни, бірге жатып, бірге өріп, өне бойы бірге бола берсе... – жалығып кетеді екен. Демек, бір кездегі жалынмен құшқан ғашықтық күйкі тірліктің астында тұншығып қалатын көрінеді... Көрінеді емес, менің бұған көзім жетіп болған. Қаншама аға-жеңгелерім бар, көріп те жүрміз. – Осы тұста бір-екі нақты мысал келтірілді. Кешіріңіз, оның бәрін сізге айта алмаймын. Болашақта жазылуға тиіс шығармаларымның біріне шикізат ретінде керек болады. Мен өзім сондай сараң адаммын. – Көзіңе елестетші, екеуміздің бір-бірімізден жерініп, өз-өзімізді алдап, тиесілі міндетімізді атқару үшін ғана бірге күн кешіп жатсақ... Не болар еді? Өкінішті емес пе?! Сондықтан... – деп бетіне тағы бір қарап қойдым. Сөзді түйіндер алдындағы сүйіктімнің түр-әлпеті мен соңғы сөзді естігеннен соңғы келбетінің айырмашылықтарын байқағым келді. Қандай қайғы, қуаныш үстінде отырған адамның өзін өзім де байқамай тәжірибе жандығына айналдырып жіберетінім бар. Енді... түсінесіз ғой, жазушы болу оңай деймісің, қарағым!
Сары қыз ұйқылы-ояу отырғандай. Селт етер емес. Менің соншама уақыт ызыңдағанымнан ештеңе ұға қоймағаны, тіпті, құлақ салып та отырмағаны байқалады.
Сондықтан... – Ашулана бастасам да, қазіргі тапқан образыма сай даусымды шамам келгенше төмендетіп, қоңыр дауыспен (негізі, менің даусым – қоңыр дауыс. Ашуланғанда ғана жіңішкеріп кетеді. Шәңкілдей сөйлеп тұрғанымды көре қалсаңыз, абай болыңыз дегенім ғой) аз-маз дірілдетуге тырысып, сыбырға жақын үнге салып, жалғастырдым. – Сондықтан, екеуміз осымен бәрін қойсақ... Менің есімде осы сары қыз күйіңде қалсаң, сендік естелік мен тоңғанда жылу, жылағанда жұбаныш болып жүрсе болғаны. Өмірімде махаббат таптым. Енді сол махаббатты күйбең тірлікке айырбастағым келмей отыр... Түсінесің бе?! – Соңғы сөзді айтқанда өзім де беріліп кетіппін.
Жалт қарады. Тамағын кенеп, сөйлемек болса да, ештеңе айта алмады. Мен де үндемеуге бекіндім. Басымды ұстап, шашымды салалап, ойлана қалдым. Тура сол сәттегі қиналған түрімді суреттей алмайтын секілдімін, өзіңіз көрсеңіз ғой. Меніңше, керемет сенімді шықты.
Ұзақ отырдық. Әлден уақта барып, құшақтай алды. Мен де құшақтадым. Арқасынан аялай сипап, құлағының астына тұмсығымды тыға түсіп отырдым да, сыбырлап:
Кешір, күнім. Екеуміз үшін де сол дұрыс. Күндердің күнінде мені жек көріп кеткеніңді қаламаймын... Қоштасайық...
Жоооқ, – деді жұлып алғандай. Мойнымнан «өлсем де жібермеймін» дегендей қыса құшақтап алыпты.
Қысқасы, сол күні мені жібермеді. Айтсам, мақтанғандай болам-ау, керек десеңіз, менсіз өмір сүре алмайтынын айтты.
Сен мені тастап кетсең... Маған бәрі бір. Ешкіммен жүрмеймін де, сөйлеспеймін де. Күйеуге де шықпаймын...
Бұдан ары өз тіліне салып құсадан өлетінін түсіндірді.
Мынадай сөзден кейін – өзіңіз де түсінесіз, – қоштасу қиындааау. Оның үстіне менің мақсатым да кетісу емес, бекісу. Бекісу болғанда қандай!
Сөйтіп, бекісе түсіп жүріп жаттық.
Осы бекісуден кейін менің өзімшілдігім шектен шықты. Сүйетініне, кете алмайтынына көзім жетіп болған, сонда да жаңа бір құрбандық сұраймын. Болымсыз нәрсеге ашуланып шыға келем. Кейде белгілі себептермен қоңырауыма жауап бере алмай қалады. Енді, адам болған соң, ондай болады. Бірақ, оған тоқтай қояр мен бе, «дәретханаға кірсең де қолыңа ұстап кір, әйтеуір маған жауап беретін бол», – деп шақылдаймын дейсің. Мен ұрлықшы адаммын. Плагиат дей көрмеңіз. Менің ұрлығым да сөздікі болғанмен, хатқа түскен, ертең бетіме басатын дәлелі бар сөздерге жоламаймын. Ал, ауыз екі тілде көп айтылып жүретін сөздердің ішінен нағыз қасқа маңдай, кере қарыс азулысын таңдап алам да, өз сөзімдей қолданып бағам. Бұл қасиетім, құдайға шүкір деп айтайын, қатарластарымның арасында «айтқыш» деген атаққа іліндіріп жүр соңғы кезде. «Дәретханада отырсаң да тұтқаны көтеретін бол» деген сөз менің университеттегі профессор ұстазымның айтқаны. Көрдіңіз бе, мұндайдың астарын айналдырып, қалпағын теріс қаратып жіберу үшін де менікі сияқты әккі, көреген бас керек.
Қызық болды, бір күні көңілді сөйлесіп отырғамыз. Телефонмен. Кенет, оның даусы үзік-үзік, естілмей кетті. Бұл да мен үшін таптырмас мүмкіндік.
Не бәле, сеть ұстайтын жерге тұрып сөйлессеңші! – деймін зіркілдеп.
Оой, ұстап тұр.
Енді не, даусың естілмейді, ыңқ-ыңқ етіп...
Телефоным қуып жүр.
Қалай қуады, жақында ғана алып едің ғой. Дұрыстап қарап алуың керек еді, енді келіп...
Жоооқ, дұрыстап қарап алғам. Кеше суға түсіп кетті.
Немене? Суға неғып түсіріп жүрсің?
Душқа түсіп жатқам. Сол кезде құлап кетті.
Қалай сонда?
Шын айтам, өзің айттың ғой, туалетте болсаң да жауап бер деп...
Іі?
Сосын, душқа түсіп жатқанда сен звондап қалып, көрмей қалам ба деп... Сөйтіп суға түсірім алдым...
Күліп тұр. Демек, қалжыңы. Жарықтығым-ай, қалай қиыстырады десеңші. Сөзден жеңілу оңай емес, ұзақ уақыт тамағыма кетпек тығылғандай, тұншығып қалдым. Анау мәз.
Менің сөзімді келемеж қылайын деген екенсің ғой. Жетіскен екем. Еркекті тәлкек қылған әйелдің оңғанын көргенім жоқ. Көрейін, сенің қарық болғаныңды. Жолың ашық шырағым. Еркелігіңе көнетін басқа біреу тауып ал! – дедім де тұтқаны тастай салдым.
Күткенімдей азар да безер, қайта қоңырау шалды. Мұндайда жауап бере қоярдай емес, ақылым орнында. Қызыл батырманы бір басып тастап, қарап отырмын. Тағы қоңырау. Тағы сол. Тағы... Тағы... Ақыры хат келді. Оқыдым. Қалжыңдағанын айтады. Болмай ма депті. Сосын, маған ұнамаса бұдан былай мұндайдың қайталанбайтынына сенуімді өтініпті. Өзімнің де бұйда үзе қояр ойым жоқ, әйтсе де, ақыр бастаған соң біраз уақыт шыдаған жөн. Жауап жаздым.
«Болды, мазамды алма!»
Ой, ақымағым-ай, содан кейін де қоңырау шалды-ау. Хат жазды. Өтінеді. Кешірім сұрайды. Бірақ, мен жақ үнсіз. Ақыры қалта телефонымды сөндіріп тастадым.
Жарты сағат өтпей қайта қостым. Шынымды айтсам шыдамадым ғой деймін. Қаншама мәрте қоңырау соққан. Менің қазақшаға тілі келмейтін телефонымның смс-і «Абонент +7701... звонил вам 47 раз...» дейді құрметпен. Және, бірнеше хат. Бастапқыда кешірім сұрап бастапты. Ақыры, шыдамы біткен болу керек, қоштасыпты. Менің ызама дәл бүгін, қазір көшеге шығып, клубқа барып, алғаш көңіл білдірген жігітпен кездесіп, жүріп алатынын айтыпты.
Мені ыза қылу үшін, ашумен жазғанын тұспалдап-ақ тұрмын. Бірақ, жүрегім өрекпіп, басым солқылдап кетті. Аяғымнан әл кетіп барады...
Демек, бітті! Байғұс қыздың төзімінің түбіне дәл бүгін жетіп тыныппын. Ішім ашиды-ақ. Қазір қайта қоңырау шалсам жауап беретінін, ұрыссам да үнсіз көтеретінін білем, бірақ, болмайды. Еркек басыммен қыздың алдында жалынышты болып тұрар не жөнім бар? Ешкімнің алдында салбырап көрмеген өр басымды (өзім солай есептеймін) қорлайтын жайым жоқ. Мейлі, барсын.
Бір нәрсе жетіспейді. Үйге сыймадым. Кірем, – телефоным жаққа қарап қоям. Үнсіз. Шығам, – арт жағыма құлақ түрем. Дыбыс жоқ.
Біткен екен. Эмоцияға беріліп, ақымақтыққа ұрынар мен бе екем, ақыры шешім қабылдадым. Хат жазып жібердім. Оның қимастық сезімін оятатындай, жақсы адам кейпінде қалуды негізгі бағытым етіп, өзімнің құдай сүйер қылығым жоқ екенін айтып салдым. Тіпті, сөз соңына қарай: «...Мына түріммен сені бақытсыз етіп, жылата беретін сияқтымын. Қиналсам да, өліп кетсем де, сені енді мазаламаймын. Сен де сөйт. Біраз уақыт шыдасақ, ұмытып кетеміз. Маған сенің бақытты болғаныңнан артық ештеңе керек емес. Ол үшін осыдан артық шешім жоқ. Қош...» –деп кеп жібердім.
Хе-хе, бүйтпесем Мен болармын ба, күткенімдей-ақ, қайта қоңыраулатты. Тағы жауап бермеймін. Хат жазды. Мазмұны жоғарыдағыдан да асып түсер адамгершіл жауап жолдадым.
Миыңызды ашытып қайтейін, сөйтіп, бұл жолғы (алғашқы) қоштасуымыз сәтсіз аяқталды. Татуластық. Бұдан былай мұндай қателік жасамауға серт байласып, жырғадық та қалдық.
Уһ, берекем кіріп қалды ғой, – деп қояды ерке үнмен.
Берекең бар болсын сенің! Қыз деген ұстамды болмай ма екен. Еркектің ашуы шоқ болғанда, әйелдің ақылы су емес пе. Ал, сен су емес жел болғың келеді. Бұдан былай мен ашулана бастағанда сөйлемей қой немесе сабама түсіретіндей бірдеңе ойлап табуға тырыс, – деймін ұялмай. – Баяғыда айтпап па едім, екеуміздің болашағымыздың 99,9 пайызы саған байланысты деп... – дедім. Сеніңіз, осылай деп едім деп айтудың өзі ыңғайсыздау екенін қазір ғана байқап отырмын.
Тоқсан тоғыз да тоғыз әңгімесі де менің әккі, зымиян саясатымның жемісі. Идеологияның күшті жүргендігі сондай, әу баста қарсы болғандай болғанмен, қуана-қуана келіскен. Сірә, бүкіл билік өз қолына өтеді деп ойлап қалса керек. Осы жолы билік емес, азап қана өзіне тиесілі екенін ұққан:
Мәә, соны кішкене азайтуға болмай ма?.. – дейді күмілжіп.
Болмайды. «Қолың көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деген. Қиналып жүрсең, айттым ғой...
Жоооқ, болды. Мен-ақ тоқсан тоғыз болайын...
Іі... – деп қоям қайта жібіп.
Сөйтіп, екі күннің бірінде өкпелессек те, қайта жарасып, әйтеуір жүріп жаттық.
Міне, жақында екі жылға жуықтайды біздің отау құрудың кіріспесінде малтығып жүргенімізге. Біздің орнымызда басқа біреулер болса, осы күнде үйленіп тынар еді. Дайындықтары болмаса да. Қалай екенін ішіңіз сезіп отырған шығар. Сонда да, аңғал оқырмандарым үшін айтайын. Қазір заманның дамыған кезі ғой. Бұрынғылар үйленген күннен есептегенде тоғыз ай, он күнін өтеп барып, бала сүйіп жататын дейді білетіндер. Қазір, құдайға шүкір, бала да тез жетіледі. Апыр-топыр той өтеді. Араға төрт-бес ай салып, шілдехана! Тойың – тойға тез ұласады. Керемет емес пе?! Бірақ, біз сол кереметке асықпадық. Ол жағынан арымыз таза. Менің осы ұстамдылығым үшін сүйеді-ау сол қыз мені.
Қай бір оңғаннан ұстамды болып жүр дейсіз, алда ағам бар, әлі бойдақ. Оның үстіне біздің шал-кемпір өте қатал адамдар. Мұндайыңды естісе, төбеңде әңгір таяқ ойнатары сөзсіз. «Бізді бағатын кенжеміз осы», – деп қоятын кейде. Яғни, басқаларында шаруам жоқ, дәл менің пәтер сағаламайтыным белгілі болған бұ күні. Әкем соңғы малын сатып, қаладан даңғарадай үй салып, көшіп келген. Демек, менің үйім сол. Мұндай мүмкіндіктен айрылып, қаңғып кетуден асқан абыройсыздық бола ма? Болары болып, бояуы сіңген соң, амал жоқ, елдің пыш-пышынан қашып, үйлендіргенмен, ағамның алдына шығып кетсем, кенжелік статусымнан айрылуым мүмкін. Бұл дегеніңіз – «өлдің, Мамай – қор болдыңның» кері.
Екі жыл. Қазір баяғыдай емес, кино көретін болдық. Сірә, сүйісудің жоспарын артығымен орындап тастаған болуымыз керек. Бұрын мен көп сүюші едім, қазір бұл міндет оған ауысқан.
Иә, екі жыл оңай уақыт емес. Қанша рет ренжістік екен... Санынан жаңылдым өзім де. Қазір рахат. Ол маған әбден үйреніп алған. Яғни, менің мінезіме көндіккен. Үндемей құтылуды қолай көреді. Өкпелесеміз. Қоштасамыз. Бірақ, алғашқыдағыдай аяқтан әл кетіп, қаным басыма шаппайды. Көңіл-күйің аздап түскенмен, соншалық таусыла қоймайсың. Ол да осыған үйреніп алды. Араға бір күн салып, сағынғанын айтып хат жазады. Тағы жарты сағат күтеді де, қоңырау шалады. Болды! Қасқыр – тоқ, қой – аман.
Оған мен мойындата алмаған бір шындық бар. Тануым – капысыз. Ол байлықты жақсы көретін. Әке-шешесі бақуатты кісілер. Біз де жерге қарап тұрғанымыз жоқ. Дегенмен, біздің аяққа тұрып, есімізді жиғанымыз кейіндеу. Кеңес үкіметінде бай болыпты менің әкем. Өкініштісі сол, коммунизмге өлердей сеніп қалған байғұс, қасиетті Қағба... құдай кешірсін, Мәскеу күтпеген жерден қағынан жеріп, өз қотырыңды өзің қасы деп, лақтырып тастаған Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүруге икемсіз болып шықты. Дегенмен, ер екен. Ұл-қызы бой түзеп қалғанын көріп, ананың басын бір шалып, мынаның басын бір шалып жүріп, қатарға қосылды. Топтың төрінде отыратын баяғы байлығы қазіргі өлшемге салсақ, бүгінгінің байының қолына су құюға да жарамайды. Ал, біздің қазіргі азғантай дәулет бұрынғымыздың қасында жетім қыздың жасауындай ғана. Мен мұны шешемнің өткен күнге аузының суы құрып отыратынына қарап, бағамдағам. Қайын жұрт... – о, болмайды екен, әлі ертелеу сияқты, – қалыңдығым жақ анау айтқандай олигарх емес, дегенмен, елдің есі кеткен кезеңдерде де туырлығы желкілдеп тұрған, қазір де орта дәулетінің шып-шырғасы шықпай отырған әулет. Қызымның артықшылығы – бала кезінде мен көрген жоқшылықты көрмегені. Ерке өскен. Бір үйдің жалғыз қызы – еркелетпес жөні жоқ. Содан да болар, мен аялап ұстайтын аяулы заттарға немқұрайлы қарайды. «Соғып тастасаң – менен жақсылық күтпе! Жаяу қалдым деп біл», – деп, әкем алып берген арзан көлігімнің есігін тарс еткізіп жабады. Менің төбе құйқам шымырлап кетеді. Бірдеңесі сынып кетердей, жаным шығып кете жаздайды. Жаңа киім алсам, бағасын сұрайды. Өзімше өсіріп айтсам да, қоңылтақсып қалады. Соның кесірінен соңғы кездері тапқан-таянғаным қымбат киім алуға кететін болып жүр. О, оның киімінің бағасы... Өсіріңкіреп айтқан шығар деген күннің өзінде, нағыз бағасын шамалауға болады. Айтқым келмейді. Қасымыздан жүйткіп өте шығатын «джип» тұқымдастардың соңынан қызыға қарап қалады. Адам болған соң, оның ішінде тіршілігі қайнап, адамдары соқтығысып, сығылысып жүретін Алматының тұрғыны болған соң, жөн сұрасып жатады біреулер. Егер, киімі жұпынылау біреу-міреу сұрау салса, шекесі тырысып, дұрыс жауап бермейді. Мен қасақана, асықпай тұрып, білгенімді айтам. Қызым ол кезде анадай жерге барып, тағатсыздана, кіржие қарап, күтіп тұрады.
Осының бәрін байқай тұра, қашанғы жүре берейін, бетіне басып, бұл түсініктен арылуы керек екенін ескерткім келді. Әй, мен де тегін емеспін-ау, ойланып отырып, бір күні соғып қалдым.
Менің банкте жатқан үш жарым миллионым бар.
Жай ғана, әңгімеден әңгіме шығып кеткен сияқтыға келтіріп, елеусіз айта салдым. Оһ, сол кездегі оның көзіне қарасаңыздар ғой. Аңтарылып сәл отырды да:
Оны жайша сақтап жүрсің бе?
Енді, екеуміздің қамымыз ғой. Тойды қымбат бір жерде жасағым келеді. Әйтпесе, көріп жүрміз ғой, басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпей, қарызданып жасаған той – той емес, азап. Өйтіп той жасамай-ақ қойдым.
Өзіміз де құшағымыз айқасып отырғамыз. – Жалпы, біз жай отыра алмаймыз. – Мені қатты құшақтап алды. Оллаһи, егер арамыз алшақ отырсақ, осы сөзден кейін мойныма асыла кетер еді.
Құшақтамай-ақ қой, бұл – өтірік. Сен не дер екен, не істер екен деп оттай салғаным ғой... Бірақ, сені қуанту үшін екеуміздің тойымызға дейін, сол үш жарым миллионды жинап қоям, так что, көңілің түспесін...
Шегіне беріп, бетіме анықтап қарап, аз отырды да:
Менімен ойнағаныңды қойшы, а?!
Даусы зілді шықты.
Бірақ, оның бұл зілін құлақ түбінен өткізіп жіберіп, шешендігіме тағы бастым. Бұл жолы шындап ширықтым ғой деймін. Бірақ, ол да сабаз-ау, мойындау қайда, бет бақтырмады. Сценарий бойынша ақыл айтуға көштім. Не айтсам да, бас шұлғып отырған қыздың көзіне қарап отырып, егер өзімнің матери жағдайым қазіргімнен сәл төмендеу болса, о баста-ақ мені маңайынан жүргізбес еді деген қорытынды шығардым.
Сонда да, жүріп жаттық.
Бір жеңгемнің айтқаны бар еді. Егер біреумен бір жыл жүрсең, онымен айрылысу туралы ойламай-ақ қойсаң да болады. Қандай жағдай болса да, бауыр басып қалған адамыңнан қол үзу мүмкін емес көрінеді. Рас па деймін. Мен мұндалап тұрған, менің өмірлік ұстанымыма қайшы келетін, тіпті өзім иттің етінен жек көретін кемшілігін көре тұра, бас тарта алмадым.
Өткенде қызық болды. Қызық болғанда... тағы араздастық.
Сол күні тойладық. Сыралатып дегендей... Бала кезден бірге өскен досымның туған күнін атап өткенбіз. Қыз-қырқынды қоса ертуге қалтаның көңіл-күйі келіспей, кіл жігіттер ортаға мал тастап, буға түсіп қайтуға бекіндік. Мұндай жерде о баста қасқалдақтың қанынан қадірлі ақшаның уақыт өте, іш қыза келе суға айналатыны болады. Бізде де дәл солай болды. Сау кезінде соқыр тиыны жоқтар күтпеген жерден ақ түйенің қарнын жарып, қуырдаққа қарық болдық та қалдық. Кеш бата жиналып, таң ата шығып, күн көтеріле бір-бірімізді қимай, сағаттап сүйісіп, әрең қоштастық.
Қызық содан кейін болды.
Есімді шала-шарпы білем. Сары қызға қоңырау соғып тұрмын. Түнде менің досым бір әңгімесін айтып, бәрімізді шалқамыздан түсірген. Қысқаша мазмұны былай: Қалтасына артық ақша бітсе, көкке аузы тиген көтеремдей құтыратын пәтшағар, соңғы тиыны қалғанша жүре берген, машинамен келе жатып, бензині бітіп, жолда қалады ғой. Бізге хабарласады. Ешкімнен қайыр болмапты. Сосын, амал жоқ, қызына айтқан көрінеді. Жақын арада жанар май бекеті жоқ, жолдан бензин ала келуін тапсырыпты. Тапсырманы бұлжытпай орындаған әлгі қыз, таксилетіп келіп тұр дейді.
Еркек адам істей алмағанды істеген қызға қалай риза болмайсың!
Ойлашы, қолында бес литр бензин, анау-мынау емес, қыз келе жатыр. Ал, сен баратын ба едің?.. Сен ше?.. Сен сөйтіп жүрер ме едің? – Кезек-кезек саусақ безеп, отырғандарды түгендеп шықтық. – Астымызда бір-бір мәшинеміз бола тұра, бармадық қой. Ал, мына қыз... Сөз жоқ! – десіп, екі сағаттан аса тамсанысқанбыз.
Қызу адам көңілшек келеді, түннің бір уағында тып-тыныш ұйықтап жатқан құрбымызға жан-жақтан шуылдап, телефон арқылы алғыс жарияладық. Енді міне, ұйқы көрмеген қызыл көзім жұмылып кетуге шақ тұрса да, теңселе тұрып, өз қызыммен сөйлесіп тұрмын. Не айтатыным түсінікті.
Әкелер ме едің?
Қумашы.
Жоқ, айтшы, мен далада қалсам, сондай ерлік істей алар ма едің?
Ой қойшы, сен ондай жағдайға түспейсің. Білем ғой сені.
Ал, түстім делік, қайтер едің?
Бәрібір, маған айтпайсың сен. Достарың көп қой...
Айтсам ше?
...
...Түсінікті, – дедім, ұзақ үнсіздіктен кейін. – Біліп едім. Е, шіркін-ай, Мерей досым қандай бақытты еді. Ал, мен шыннында, түкке тұрғысыз болғаным ғой. – Рас айтам осылай айттым. Бұл сапар ешқандай саясатсыз, шын көңілмен таусылдым. – Боссың, айналайын. Жай ғана сұрай салып едім... Білгім келгенін білдім, жолың ашық, шырағым. Қош бол, ардағым! – дедім ақыры. «Шырағым», «қарағым» дегенмен ағайындас сөздер осындай кезде тіліме көптеп ілігетін әдеті.
Есімді жиып, өзіме келген соң түндегі оқиғаларды сау бастың елегінен өткізіп, ойланып отырмын. Сап ете түсті.
Қорытынды жаңалықтар! Менің басым бос еді-ау. Сары қызбен не жайлы сөйлескенім көңілімде сайрап тұр. Мырс етіп қойып отырмын. Тіпті, Мерейдің қызына қоңырау шалып, алғыс жаудырғанымыздың өзі сөкет көріне бастаған. Ақымақ екенбіз-ау... Не ойлады екен?..
Жуынып-шайынып, таранып дегендей, ретке келіп, кеш батып кетпей, таңғы асымды ішіп алмақ ниетпен дастархан басына беттедім. Осы кезде телефоныма жан бітті. Әрине, сол. Түк білмегендей, дым болмағандай тұтқаны көтердім.
Түнде не болғаны есімде жоқ, – деп қоям.
Ой, күшті болды. Маған звондадың да, екі сағат әңгіме айттың.
Не айттым? – Мастығы тарқаған адамның алғашқы қоятын сұрақтарының бірі бұл. Абайлап жауап беру керек екен. Шынымен есінде түк қалмай ма деуші едім, мен сияқтылар ішсе де ақылын, есін қоса ішпейді екен. Сынап тұрғанымды қайдан білсін, соғып жатыр.
Мені жақсы көрем дедің.
Тағы?
Тағы... Сүйем дедің.
Болды ма?
Иә... А, сосын, үйленгің келіп, әрең шыдап жүргеніңді айттың.
Ох, дігідік! Басқа ештеңе айтпадым ба? Сонда екі сағат бойы осыны ғана қайталап тұра бердім бе?
Жоға, айттың ғой тағы. Есімде жоқ, негізгілерін айтып жатырмын.
Жарықтығымның айтпаған сөзді аузыма салып, дей салғанына күлкім келіп тұрса да, бір есептен осынысы дұрыс болды деп, түндегі бензин әңгімесін есіне салмай-ақ қоюды жөн көргем. Адам алжасам десе оңай ғой, бәрін өзі бүлдірді.
А, айтпақшы, бензин дедің бе, бірдеңе деп, миымды әбден ашыттың. Неге олай сұрадың?
Не сұрадым? – деп қоям «түк ұқпай».
Тәптіштеп айтып берді. Қызығы да сол, екеуміздің араз болғанымыз жайлы ләм-мим жақ ашпайды. Қанша көнтерлі болсам да, көзімді бақырайтып қойып, сілтеп отырған қызға қарап, көтеріле бастадым.
Сонымен, не болды, не дедің? Әкелетін болдың ба? – дедім шындап.
Ииии... – деді кейісті үнмен.
Әкелмеймін деген шығарсың?
Иә, әкелмеймін дедім.
Неге?
Жынды мааа... Жүрейін енді, ұялмай...
А, ұят па?
Ұят. – Өзіне сенімді адамның даусы.
Түсінікті... – дедім де, таң ертеңгі соңғы сөзімді айна-қатесіз қайталап шықтым.
Жоооқ, олай емес... – деді асығыс, қоштасу жайлы сөзімнің соңын айтқызбай. – Енді, түсінсеңші, қалай барам? Ұят қой.
Сонда, жігітің жолда қалғанда көмектесу ұят па? Әлде... Меніңше, көмектеспеу ұят сияқты.
Қойшы енді а?
Жарайды, қойдым. Демек, саған сенуіме, арқа сүйеуіме болмайды екен ғой... Тура бүгін айтып қойғаның дұрыс болды. Әйтпесе... Кейіндеу өкініп қалар ма едім... Ал, қоштасайық...
Жоқ, сене бер. Барам... То-есть, саған керекті көмек әйтеуір жетеді. Өзім бармасам да, біреулерді жіберем.
Кімдерді?
Көп қой.
О, маған сен айтқан көптеріңнің көмегі керек емес. Басыма іс түссе, басқаларға аударып беріп, қызығына қарап отырмақ екенсің ғой. Рахмет, алтыным, рахмет! Ниетіңе рахмет. Далада қалмаспын, біреу-міреуге керек шығармын, өліп бара жатсам, аузыма су тамызатын біреу қалай да табылады. Әуре болмаңыз. Давай, аман бол...
Дыңк-тыңк-тыңк-тыыыың...
Менен бұрын тұтқаны тастап үлгерді. Бұл тарихта болмаған уақиға. Аң-таң кейіпте біраз тұрдым да, қолды бір сілтедім.
Ақылым орнына келгенде ары ойлап, бері ойлап, менен күдерін үзген екен деген тоқтам жасадым.
Содан бері аразбыз. Айға жуықтапты. Бұл да бұрын-соңды кездеспеген жайт. Көп дегенде, төрт-бес күнге созылушы еді. Осы жолғымыз шын кетіскендік сияқты.
Соншама уақыт арамыз суысып жүрдік, сағына бастағандаймын. Бірақ, қайта қауышуға соншалық құлшына қоймаймын. Соған қарағанда, мен де жалықсам керек, тегі.
Бүгін жұмыста отыр едім, кенеттен есіме түсті. Қыз емес, – ол қай кезде де ойымда, – Мұқағали. Бір-ақ жол өлең. «Жыла, Бану, мен сені жұбатпаймын!» Бұған қарап, Сары қыздың аты Бану екен деп қалмаңыз. Оның аты... Айтпай-ақ қояйын, қалай дегенде де түбі белгісіз ғой, «жаман сырын айтам деп – шынын айтады» дегеннің кебін киюден сақтануды ұмытсам, саясаткерлігім қайда!
Содан бастап үйге асықтым да отырдым. Үйге жету үшін кешкі сағат алтыны күтуге тура келеді. Шыдай алмадым. Өзімде жоқ әдетпен уақытынан бұрын үйге қарай құстай ұштым (негізі, мен өте тәртіпті қызметкермін).
Ендігі отырысым мынау. Әлгі өлеңді қайта-қайта оқимын. «Қош, махаббат!» – дедім күрсіне күбірлеп. Қайталап айттым. Қаттырақ күрсініп тағы айттым. Бірақ, қоштаса алмадым. Аузым ғана айтады, ар жағымның көнгісі жоқ. Кіріп-шығып, тар үйде табанымнан таусылдым. Иә, әлгі... не... мен оны әлгі... – Бұрын айтып көрмеген сөзді айтудың қиыны-ай, – әңгіменің ашығы – сүйеді екем. Солай болып шықты.
Хат жаздым. Екі-ақ ауыз.
«Сары қыз, Мұқағалидың «Қош, махаббатын» оқышы. Екеуміздің махаббатымыздың жаназасы болсын!»
Бір минут өтпей жауап келді.
«Жарайды. Бірақ, ол кітап менде жоқ. Қайдан алуға болады?»
«Іздеген адам табады».
«Мақұл. Таппай жатсам сенен ала тұрсам бола ма?»
«Болады».
«Кешке хабарласам».
Міне, «Мұқағалиды» алдыма жайып қойып, әлі отырмын. Ол міндетті түрде хабарласады. Кітапты таппайтынын білем. Сосын, мен апарып беруге тиіспін. Бұл дегеніңіз – кездесу деген сөз. Кітап – сылтау ғана. Кездескен соң-ақ, айрылысу мүмкін емес. Көріп тұрып, көзім қиып тастап кете алмайтынымды іштей мойындайтын сияқтымын. Татуласқым келеді екен. Ол да әрең шыдап жүр екен-ау... Қазір...
Алло?
Қалайсың?
Таптың ба?
Таппадыыым...
Енді?
... Келші...
Үйдесің бе?
Иәәә...
...Қазір барам.
...Кешіріңіз, әңгімемізді үзе тұруға тура келеді. Көріп тұрсыз өзіңіз де. «Келші» деді ғой. Әй, осы маған дәл бүгін «Қош, Махаббаттың» керегі жоқ-ау. Апармай-ақ қояйын. Кейіндеу өзі тауып оқи жатар. Рахмет, Мұқа! «Менің құрдастарым – ХХІ ғасырда туады» деп едің, біліп айтыпсың. Сенің арқаңда...
Түсінікті ғой. Мен кеттім. Соңы не болады деп күтпей-ақ қойыңыз, қадірменді оқырман. Не болатынын айттым. Бақыт тілесеңіз болғаны.
P.S.: Айтпақшы, біздің ренжісуімізге себеп болған жанармай оқиғасы орын алған досымның туған күні – 9-ақпан болатын.
11.03.2013
Алматы.