Аягүл МАНТАЙ: Жалғыздық биі
Жалғыздық биі
– Үйден жалғыздықтың иісі шыға ма екен?
– Гүлдің және француз әтірінің иісі шығады.
– Жігіттен соңғы рет қашан гүл алғанымды ұмытып қалыппын, –
деп көзіне түскен кекілін қайтарып, суық жымиды.
– Бәлкім, сұлулық жігіт сезімін құрбан еткен болар?
Оның өз сұлулығын мақтан ететінін сезем.
– Жігіттердің жабайы сезімін салқынқандылығым үркітсе керек.
– Жаңбыр астында жалаңаяқ жүгіреміз бе?
– Жылы жаңбыр емес. Суықтап қаласыз.
– Түсінесіз бе, көктемнің келгенін сезінбей жазды өткердім.
– Шаршасаңыз, билейік, – деді ол.
– Музыкасыз қалай билейміз?
– Естисіз бе, сіздің де, менің де жүрегімде жалғыздық ән салады, – деп екі қолымнан ұстаған актриса шыр көбелек айналдыра бастады.
– Егер қараңғылық құшағында мүлгіген әр түнде «Жалғыздық биін» билеп жүрген адам сұлбасын байқасаңыз, ол – менмін. Түнді жаңғыртып, біреуді жоқтаған адамдай жылаған қыз даусын естісеңіз – ол да мен.
Оның сөзін ары қарай естімедім. Көз алдым қарауытып, басым айналды.
«Жалғыздық биін» билеуден шаршады білем, қасыма келіп, терезеден жаңбырлы далаға көз салды.
– Өткеннен есімде ештеңе жоқ. Өзіме қол жұмсамақ болғаным, ажалмен бетпе-бет келгенде, адамның бір тамшы да көз жасына тұрмайтын жалған өмірді қия алмай, жанталасқаным еміс-еміс есімде. Сонда не себепті өлгім келгенін де білмеймін.
– Өзіңізді не үшін өлтіргіңіз келгенін білесіз, тек оны іштей болса да мойындау өте ауыр.
– Пәтерден пәтерге көшіп жүрген кезімде жалғызбасты кемпірдің құжырасын паналадым. Қазымыр кемпірдің өлімін мысықтілеумен күттім. Ұйықтап жатқан кемпірді жастықпен тұншықтырып өлтіргім келетін. Кемпірмен бірге дастарқан басында шай ішіп отырғанда да оны өлтіру туралы ой басымнан шыққан емес. Байғұс кемпір өз ажалымен өлді. Сол күні кемпірді емес, өзімді өзім жоқтап жыладым. Америкадан немере қызы мен негр күйеу баласы келіп, пәтерді сатты. Немересі әжесінің зиратының басына да барған жоқ. Сіз болсаңыз, қоқыстан утопия іздеп, қиялмен өмір сүресіз. Шынайы өмірде ойлағаныңыз іске аспай, жаныңыз қиналады, – деп мұңлы жымиды. – Қарапайым өмірді сіз секілділер тым күрделендіріп жібереді. Мұңнан арылғыңыз келсе, өлім жайлы ойлаңыз. Өз ажалыңызбен өлесіз бе, әлде, қастандықпен ажал құшасыз ба, қысқасы, қалай өлетініңіз туралы ойлаңыз.
– Далада аппақ қар жауып тұрған кезде ұйықтап жатып оянбай қалам. Тәнім ұйықтап, жаным аппақ қардың ұлпасына шомылып, рухым мәңгілікпен сұхбаттасып жатады.
Ол сол сәт: – Сіз адамның қолынан ажал табасыз, – деп суық жанарымен маған мүсіркей қарап тұрды.
Арамызда үнсіздік орнады. Ол да, мен де үнсіздікті бұзғымыз келмеді. Оны алғаш көргенде сығанға ұқсатқаным есіме түсті. Көздері ойнап тұратын, көзінің жасын сүртіп отырып, сиқырланып күле салатын, бетіңе жымиып қарап, сені жек көріп тұратын, қатар отырған екі адамды бес минөттің ішінде бір-біріне өшіктіріп, жауға айналдыратын, көңілі соқса – достастыратын, ішінде шайтан отырған бұл қызды мен ешқашан жақсы да, жек те көре алмаймын. Қорқыныштысы, менің бүкіл жан-дүнием оған тәуелді, ол – менің көлеңкем секілді, жо-жоқ, мен оның көлеңкесі секілдімін. Ол бұрын қанша рет кездесуге шақырса да, түрлі-сылтау айтып қашып жүретінім: мойныма қарғыбаудың тағылуынан қорқады екенмін.
– Мен сіздің кезекті құрбандығыңызбын ба? – дедім. Даусымның қорыққан адамдай сыбырлап шыққанына ызам келді.
– Сіз бе? Жоқ, сіз менің тіпті құрбандығым болуға да жарамайсыз. Сіз миллионердің ақымақ қызы болсаңыз, сізге ғана емес, әкеңізге де бұл дүниенің «жұмағы» мен «тозағын» қатар көрсетер едім.
- Мен пәтерге ешқашан ақша төлеген емеспін. Ал сіз пәтер ақысын төлей алмай, өзіңіздің бейшаралыңызға налып, талай рет еңіреп жылаған шығарсыз? – деп мысқылдай күліп, темекісін тұтатты. – Сіздің жүйкеңізбен «психологиялық соғыс ойынын» ойнаған қандай қызық! Сіздің әлсіз жүйкелеріңізді өріп, қайта тарқатқанның рахатын тілмен айтып жеткізе алмаймын.
Темекісін құшырланып сорып, түтінін маған қарай үрледі. Ызам келді.
– Сайқал екенсіз, – дедім тістеніп аузыма басқа сөз түспей.
Ол:
– Бұл сөзді талай адам айтқан, – деп иығын қиқаң еткізді.– Темекі шекпейсіз бе?
Темекісі құрғырға әуестігім болмаса да ол ұсынған бір талын тұтатып, түтінін жай үрлеп тұрдым. Түтінін аузыма толтырып, екі-үш рет жұтып жібергенде қақалып-шашалып, басым айналды.
– Сіз тіпті темекіні қалай ұстауды да білмейсіз ғой. Күрделілікке ұмтылып, қарапайымдылықты ұмыт қалдырыпсыз, – деп мүсіркей қарап, сайқалдана жымиды.
– Өмірде кімнің рөлін ойнауды білмей жүрген адам сахнада ешқашан шынайы образ жасай алмайды. Себебі...
– Себебі, мен рухани мүгедекпін. Сүйгенімді қиялыммен өлтіріп, бетіне мүсіркей қарадым. Бірде бір аяғын тізеден кесіп, мүгедек, мүсәпір етіп, оны аяп, көзіме жас алдым. Түсінесіз бе, ол маған сол мүгедек қалпымен де қымбат еді. Сіздің мөлдір әлеміңізді кірлетіп жібермедім бе? – деді мысқыл араласқан мұңлы үнмен.
– ?..
– Үндемейсіз. Жанарыңызда бір үрей бар, – деп маған жек көре қарады.
– Сіз маған шынайылығыңызбен ұнай бастадыңыз, – дедім.
– Шынайылық? Қайдағы шынайылық? Менің бүкіл болмысым тек қана жасандылықтан тұрады.
Көзінен мөлт-мөлт жас аққан ол ерекше сұлуланып кетті.
– Алғаш рет он алты жасымда әкеме өлім тіледім. Әкем өлсе, біздің отбасы бақытты өмір сүретіндей көрінді. Жиырма жасымда болашаққа деген үмітімді сөндірген анамды жек көрдім. Себебін сұрамайсыз ба? – деп көз жасын сүртті.
– Маған адамдар құпиялығымен ұнайды. Құпиясын ашып қойған адамдардан тез жалығып кетем, – дедім.
– Күнделік жазбаймын. Көзімнен аққан жас күнделігімді сарғайтып жібергеннен кейін жазуды доғарғам. «Бүгін әкем өлердей мас болып, шешемді тепкіледі» деп басталатын менің күнделігімнің әр беті. Күнделігімнің «Бүгін әкем анама гүл сыйлады. Біз бүгін кешкі асымызды өте көңілді іштік» деген беті де бар. Бірақ бұл – менің бар болғаны қиялым еді. Сол күні де біздің үйде «дәстүрлі спектакль» жүріп жатқан. Жүрегіме сурет салған қасірет пен үміттің айқасы күнделігімде бейнеленді. Бала кездегі армандарым тізілген тырналарға айналып, биікке қарай қанат қаққанымен, әлі күнге дейін жылы мекендерін таба алмай адасып жүр, – деп күрсінді.
– Балаға ең алғашқы әділетсіздік ата-анасы тарапынан жасалады, – дедім.
– Уақытты айтпайсыз ба?
Сағат тақпайтын болған соң сөмкемнен ұялы телефонымды іздедім.
– Сіз де мен секілді уақытты сағынасыз, білем ғой. Уақытпен бет-бет келсеңіз, оны үркітіп алмаңызшы, – деді сыбырлай сөйлеп.
Онсызда күңгірт бөлме ішін қараңғылық құшағына орады.
Пальтомды киіп, қолшатырымды алып, онымен қоштастым.
– Қайда асығасыз?
– Автобус тоқтап қалады.
–Уақытпен жүріп, уақыттан бәрібір қалып қойдық. Кафеге барайықшы, еңсемізді басқан мұңнан сергіп қайтамыз.
Ол менің келісімімді алмастан, киіне бастады.
Оның ұсынысынан бас тарта алмадым. Бүгін жалақымды алғанмын. Мардымсыз ақша. Қарыздарымды қайтардым. Ертең пәтерақысын төлейтін күн.
Актриса секілді мен де күнделік жазбаймын. Егер күнделік жазып, құпиямды ішіне бүккен дәптер әлдекімнің қолына түсе қалса, «ақшадан қиналдым» деген жазуды көзі жиі шалар еді.
– Біздің әрқайсымыздың тағдырымыз «Жоғарыдан» жазылып қойғаны рас болса, онда біздің әрқайсымыз «өз нотамызды» еркімізден тыс жаттап алғанбыз. Байдың еркетотайларының өмірі рэпке ұқсайды, – деп күлді ол.
Екеуміз кафеге кіріп, терезеге таяу орынға жайғастық.
Актриса:
– Шарап ішесіз бе? – деп бетіме сұраулы жүзбен қарады.
– Қызыл шараптан ұрттап отыруға қарсы емеспін.
Ол қызыл шарапты қанағат тұтпай, коньякқа тапсырыс берді.
–Табиғатымнан жезөкшемен ұқсастық байқаған ба, кинорежиссер «түнгі көбелектің» рөлін ұсынды. Мен жезөкшеге ұқсаймын ба? – деп қол айнасына өзін жаңа көргендей үңілді.
– Голливудтық әйгілі актриса Джулия Робертс те «Сұлу бикеш» фильмінде жезөкшенің образын сомдайды.
– Біз – күнә мен қателіктің жемісіміз. Біздің әрқайсысымыздың болмысымыз – жалаңаш. Тек жалаңаш болмысымызды «киіндіргіміз» келетіні күлкілі.
Күлгенде көзінің астындағы ұсақ әжімдер тіпті қалыңдап кетеді екен.
– Сізге болмысыңызды ақ түспен киіндірген ұнайды екен, – деді сайқал күлкі иесі.
Бойымды мұң басып, әңгімеге зауқым соқпады.
– Билейік, – деді ол.
– Билегім келмейді.
– Өзімді тобырдың ортасында ғана бақытты сезінем, – деді ол шаттанып.
Ол жеңіл ырғақты ағылшын әніне иықтарын жұлқылап билеп жүрген топқа барып қосылды. Қас-қағым сәтте қысқа қызыл көйлекті актрисадан көз жазып қалдым.
Терезені жаңбыр сүйіп жатты. Өзімнің сезімсіз жүрегімді аяп, жылағым келді. Жалғыздық мұңына қамалып, торыққан жанымды тек қана жаңбыр түсінетіндей.
– Көп күттің бе?
Қылымсыған актриса тақырбас жігітіне төрден орын ұсынып, өзі қатар отырды. Қысық көз жігіт сөзге тым сараң екен. Есесіне қомағайлау. Кәуапты тауысып, балықтан жасалған салатты сүйсініп жеп отырған тақырбас айналасында адам барын ұмытқан секілді.
– Сіз бизнеспен айналысамын дедіңіз бе?
– Иә.
– Құпия болмаса, қандай бизнес?
– Көтерме бағамен жеміс-жейдек сатамын.
Актриса сызданып, үнсіз қалды.
Бизнесмен балық салаты салынған ыдысты босатып, қызанақ салатына қол салды.
Актриса тақырбасқа қарап:
– Тағам мен салатқа тапсырыс берейік пе? – деді.
– Қалауларыңыз білсін, – деген ол актрисаның алдындағы қарыннан жасалған салатқа қол созды.
– Сіздің кететін уақытыңыз болмады ма? – деді актриса тақырбастың жанарына жанарын қадап.
– Сізді үйіңізге шығарып саламын, – деді тақырбас еш абыржымастан.
– Рақмет! Үйімді сізсіз де таба аламын.
Тақырбас орнынан тұнжырай тұрып, көңілсіз езу тартып, қоштасты.
Тақырбасты көзімен шығарып салған актриса: – Ұятсыз! – деді тістеніп. – «Бизнесменмін» дейді ғой. Өтірікші. Қалтасында көк тиыны жоқ. Жеміс-жейдек сатушы.
– Болмысыңызды қара түспен киіндіргенде өзіңіз ғана жапа шегесіз.
– Театрға оралып, Қаралы сұлудың бейнесін сомдауды армандаймын, – деді ол. – Қаралы сұлу күйеуі өліп жесір қалса, мен сүйгенімді қиялымда көміп тастап, өзімнің ар-ұятыммен арпалысып келемін.
–?..
– Сізді жалықтырып жібердім бе? Кешіріңіз, менің өмірім – сіздің өміріңіз емес екенін ұмытып кетіппін. Біздер бір-біріміздің өмірімізге соншалықты немқұрайлы қарайтындықтан бақытсызбыз, – деді ол зілді үнмен.
– Керісінше, біздер бір-біріміздің өмірімізге жиі араласатын себепті көп-көп қателікке жол беріп жатамыз.
– Әр адамның болашағын өткені қалыптастырады. Өмір де құрақ көрпе секілді, өзіңнің қайғың мен қуанышыңды үйлесімді етіп, құрастыруың керек.
– Бұл кафеде бал қосылған көк шай бар ма екен? – дедім.
– Мен даяшы емеспін, – деп жасанды жымиды. – Кинорежиссермен кездесетінімді ұмытып кетіппін. Кешір, кетуім керек.
Ол асығыс жиналып, кафеден шығып кетті. Даяшымен есеп айырысып, қалтамдағы тиын-тебенімді санасам, сексен бес теңге ғана қалыпты. Такси ұстауға ақшам жоқ. Үйге қарай жаяу аяңдадым.
Көңілім құлазулы. Бірақ мені ренжіткен күз емес еді...
БӨРТЕ
«Апа, Болатбек неге көзін ашпайды?». Жалғыздық мұңы кеп қамағанда өндірдей қыздың жалынышты даусын естимін. Көкпеңбек болып ісіп-кеуіп кеткен кішкентай інісін «Тұр! Неге көзіңді ашпайсың? Жүр ойнаймыз» деп жұлқылап жатқан жалбыр шашты қызды аяймын. Күнде бірге ойнап жүрген тентек інісін оята алмай, жұдырықтай жүрегі әлдебір жаманшылықты сезіп, анасы мен әкесіне жаутаңдап қарайды. Әкесі бетін терезеге бұрып, үнсіз тұр. Шешесінің көзінен аққан жас тырс-тырс етіп омырауына тамып жатыр. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қараған қыз жылап жіберді. Менің де көзіме жас үйірілді. Балалық шағыммен қосылып жылап отырып, көңілімді тәтті мұң тербейді. Болатбек інімнің өлімінен кейін әке-шешем «бұл бала қорқып қалды» деген сөзді жиі айта бастады. Олардың бұл баласы – менмін. Баяғыдай үлкен інім Өмірмен алысып-жұлыспаймын. Көршінің еріккен ересек балалары «төбелесіңдер, қайсысың жеңсең, сыртында қоянның суреті бар, үрлесең үлкен шар болатын сағыз аласың» деп қанша көзімді қызықтырса да алданбаймын. Байқаймын, баяғыдай інім де менімен күреске түсуге құштарлық танытпайды. Шешемнің көзінің айналасындағы әжім қалыңдап, самайына ақ қырау түсіпті. Бұдан үш жыл бұрын бірінен соң бірі екі ағам дүние салған. Шешемнің қарсы алдында отырып, ақ шаштарын санай бастап едім, шатасып кеттім. Одан соң төрде отырған шүйкедей қара кемпір мен шешемнің әжімін салыстырдым. «Отыз екідегі шешемнің кескіні алпыс төрттегі нағашы әжемнің жасына жеткенде қандай болады екен» деген ой басымнан шықпай қойды.
Үйіне қайтуға жиналған әжемді шешем жібергісі келмеді.
– Неге асығасыз? – деген жабырқаулы шешем.
– Қызым, тірі адам тіршілігін жасайды. Ит тіршілікпен арпалысып жүріп, бір күні өмірдің қалай өтіп кеткенін білмей де қаламыз, – деп әжем терең күрсінді. – Құдай немерелерімнің алдында алсын. Үйде шал екеумізден басқа малға қарайтын адам жоқ. Үйге барайын, қызым. Айкоштың көзі кіртиіп, жүнжіп кетіпті. Бұл жаманды менімен бірге жіберсең қайтеді? Біздің үйдің шөпжелкелерімен ойнап, ағарған ішіп, сергіп қайтсын.
Шешем: – Суға түсуге жібермеңіз. Үсті-басын жара басып, әзер жазылды, – деп сөйлеп жүріп, киімдерімді сөмкеге сала бастады.
Нағашымның үйінде күн ұясына батып бара жатқанда бойымда бір қорқыныш пайда болатын. Бұл уақытта нағашы ағамның ескі тракторының гүрілдеген дауысы естілетін. Сол гүрілді нағашымның екі қызы да жаратпайтын. Нағашым қатал кісі. Обалы не керек, маған дауыс көтеріп ұрыспайтын, оның жауар бұлттай қабарған қабағынан сескенсем керек. Дастархан басында нағашым отырғанда балалар асымызды үнсіз ішеміз. Біріміз кесемізге салынған сүйекке көңіліміз толмай, басқалардың сүйегімен салыстыра бастасақ, нағашым көзін алартады. Содан кейін кесеңе не түссе де, соған қанағат етуге тура келеді.
Кешке қарай нағашымның тракторының дауысы «мен келе жатырмын» деп берілген дабыл секілді.
Бөрте: – Әкем келе жатыр. Тауық қора тазаланған жоқ. Қыт-қыттарға жем шашылмады. Қарабасып су да бермеппіз, – деп әжемнің мақамына салып, сөйлей бастайды.
Бөрте тауық қора сыпыратын ескі сыпырғышты лақтырып тастап, қолына ауланы сыпыратын өзінің бойымен бірдей сыпырғышты алады. Көркем есік алдында тұрған құманды алып, тауық қораға қарай жүгіреді. Құманның ішіндегі су суық па, жылы ма, әлде ыстық па, оған қарайтын Көркем жоқ. Менің жұмысым – жем шашу.
Әжем: – Бір жеті беретін жемді бір-ақ күнде шашып, рәсуа етіп жатырсың, – деп күнде ескерту жасайды.
Кейде әжемнің тауықтарға тары шашып жатқанын көрем ғой, тіпті мен беретін жемнен екі есе көп. Бұл туралы өзіне айтсам: – Менің қолым сенің қолыңнан үлкен. Үлкен қолда береке болады, – деп әжімді бетін жиырып күледі.
Егер әжем актриса болғанда ол кісіге режиссерлер комедиялық рөлдерді беруші еді. Бізді әжемнің ертегісі тәрбиеледі. Әжемнің ертегілерінің кем дегенде төрт-бес нұсқасы болатын. Кеше ғана айтып берген «Жалғыз көзді батыр» туралы ертегісі бүгін баяндайтын «Жалғыз көзді батырға» мүлдем ұқсамайтын.
– Әже, кеше айтқаныңда жалғыз көзді батыр өлмеуші еді ғой, – дейді ренжіп Бөрте.
– Әже, жалғыз көзді батырдың қарлығаштың балапандарын құтқаратын жерін тастап кеттіңіз ғой, – деймін мен.
– Әже, жалғыз көзді батырдың жалғыз өзінің үш өгіздің етін жейтінін неге айтпай кеттің? – деп аузын бұртитады Көркем.
– Әже, Көлкем өтілік айтады, ол өгіжді емес, түйені жейтін, – дейді Ботабай.
– Қазанбас, мен емес, сен өтірік айтып отырсың, – деген Көркемнің сөзінен кейін екеуінің арасында кезекті ұрыс басталып кетеді. Қазанбас Ботабай Көркемнің қалқанқұлағын тартып, «Маймыл» деп жылатады. Әжемнің ертегісінен басталған екеуінің ұрысы төбелеспен аяқталады.
Бөрте екеуміз «Жалғыз көзді батыр» ертегісінің әжем айтқан әртүрлі нұсқаларын талқылағанмен, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін біле алмай дал боламыз. Әлден соң:
– Әже, «Патшаның үш қызын» айтып берші, – дейміз жан-жақтан қолқа сап. Бұл ертегі бізді әдемі армандарға жетелейтін.
Мызғып кеткен әжем: – Мазамды алмай жеңешелеріңе барыңдар. Алпыстан асқан менде қандай ми бар дейсіңдер? Жалғыз көзді батыр кеше қарлығаштың балаларын жыланнан құтқарса, құтқарған шығар, үш өгіздің етін жесе, жеген шығар. Әй, сендер мені тегі тергеп қоймадыңдар ғой. Бүгін батырдың қарны тоқ, тамақ жейтін жері жоқ, – дейді ашуланып.
Бөрте: – Ой, біздің жеңешем ертегі білмейді, сенің мамаң біле ме? – деп сұрайды. Әжелерінің бауырында өскен олар аналарын жеңеше дейтін.
– Біледі, – деймін даусымнан мақтаныш лебі есіп.
Менің шешемнің білетін екі ертегісі бар: «Мақта қыз» және «Жеті лақ». Екі ертегіні қайта-қайта ести берген соң жадымда жатталып қалған. Бөртелерге айтып берер едім, әжелерінің таңғажайып ертегісін тыңдап өскен олар «мектеп оқулығынан оқығанбыз» деп тыңдамай қоя ма деп ұяламын.
– Әже, ертегі айтып берші, – деп әжемізді қайта мазалаймыз.
Әжем де қу ғой: – Басым ауырып жатыр. Оған қоса аяқ-қолым қақсап, тіпті сөйлеуге шамам жоқ, – деп орамалын шекесіне түсіре тартады. Біріміз әжемнің ауырған басын, біріміз аяқ-қолын уқалай бастағанда: «Ертеде бір патшаның үш қызы болыпты. Ай десе – аузы, күн десе – көзі бар кіші қызының шашы алтын екен» деп ертегісін бастайды. Бұл жолы ешкім «Әже, өте сұлу сіңлілерін көре алмайтын әпкелері кіші қыздың алтын шашын қырқып тастаушы еді ғой», «әже, кіші қызды аю орманға алып қашып кетпейтін бе еді» деп түзету енгізбейді. Біз де қумыз ғой, әжем ашуланса, ертегісін жалғастырмай қоятынын білеміз. Ертегіні тыңдап жатып ұйықтап кететінбіз. Түсімде мен де патшаның қызы екенмін. Әсем шаһарда қыздармен серуендеп жүргенде аспаннан ақ құс келіп, алып кетіпті.
Әжем: – Басыңа бақ қонады. Түсінде ақ құстың қанатына мініп, аспанда ұшып жүрген адамның арманы орындалады, – деп жорып берді.
Ертеңіне Бөрте де, Көркем де өздерін ақ құстың аспанға көтеріп алып кеткенін айтқан.
Әжем: – Бәріңнің де армандарың орындалып, байлыққа кенеліп, бақытты өмір сүресіңдер. Өздерің бірдей түс көреді екенсіңдер, – деп жымиған.
***
Таңертең шай үстінде нағашы ағам: – Ертеңнен бастап сиырларды өріске апарып бағасыңдар, – деп өткір көзімен Бөрте, Көркем үшеумізге жағалай қарап шықты. Бізде үн жоқ. Келіскен түріміз ғой.
Әжем құдды біз әскерге кетіп бара жатқандай күйбеңдеп жүріп: – Балалар өрісте қарындары ашқанда жейді, – деп шоққа таба нан пісірді.
– Апа-ау, неге сонша әуреленесіз. Үйде нан бар ғой. Жұрттың осы сияқты қыздары қысы-жазы малдың соңында жүреді. Үшеуіне төрт сиырды бағу қиын дейсіз бе?! Өздері секілді балалармен ойнап, қайта бойлары сергіп келеді, – деп жеңешем күйіп-пісті.
Әжемнің жұмыртқаға илеп, шұжықтың майын қосып пісірген нанын сол кеште-ақ «пирог» деп соғып алдық.
Бөрте: – Печенье болса, күнде өріске «торт» апарар едік, – деп жымың етті. Оның аузының суы құрып айтып отырған «торты» – екі печеньенің арасына тосап жағылып, дайындалатын «торт». Үлкендер біздің бұл ұсынысымызды бір ауыздан қабылдады. «Үкімет» біздерді алдады ма, әлде сол кезде дүкенде печенье болмады ма, «торт» жеу кейінге шегеріле берді.
Әжемнің айтатыны шындық: біздің «қарасан келгір сиырлар» жұрттың сиырларындай жуас емес қой. Өріске жеткенше, өрістен қайтқанша, көше бойындағы үйлердің шарбағын бұзып-жарып, шөптеріне ауыз салады. Бөрте, Көркем үшеуміз үш жақтан қуып шаршаймыз. Сиыр бағудың қиыншылығымен қоса қызығы да жоқ емес. Доп тебеміз, «Ақ серек, көк серек» ойнаймыз, одан қалса, әртүрлі ойындар ұйымдастырамыз.
Бізбен бірге сиыр бағатын Аман есімді таңқы мұрын қара бала түсте үйіне туған күніне шақырды. Үйде атам да, нағашым да, жеңешем де жоқ болатын.
– Әже, бір сом берші, – деп қиылды Бөрте.
– Әже, маған да бір сом берші, – дедім мен де қосарланып.
Көркем де әжемнен бір сом сұрады.
Бөрте екеуміз екі жақтан: – Сен бармайсың, әлі саған туған күнге баруға ерте, – деп көз аларттық.
– Мені де шақырған, – деді ол жыламсырап.
Әжем: – Ақшасы құрғырды қай көрпенің астына тығып едім, – деп ұзақ іздеді. Киіздің астын қарады, таппады.
– Жер жұтып кеткен бе, таба алмадым. Менде қайбір ес қалды дейсіңдер, қартайдық қой. Жарқынай әпкелерің маған сыйға тартқан ақ шашақты орамалды апарыңдар, – деді «ақшасы құрғырды» іздеп шаршаған әжем.
– Әже, ол қыз емес, ұл ғой. Аманның туған күніне орамалды қалай апарамыз? – дедік мына ұсыныстан шошып кеткен Бөрте екеуміз.
– Сендер орамалды Таңқымұрынға емес, сол неменің шешесі – Қатыш келінге апарасыңдар. Ол Таңқымұрын Қатыш келін болмаса, дүниеге келер ме еді?! – деді әжем.
Бөрте: – Әже, сен ақ шашақты орамалыңды Бүбіш әжемнің үйіндегі шілдеханаға тартып барып, үйге келгесін басыңнан бір жеті шешпегенсің, – деді.
Әжем: – Әй, жүгермек, ол орамалды екі-ақ тойға тартып бардым, – деп зілі жоқ дауыспен күңк етті. – Апаруға қомсынсаңдар өздерің біліңдер.
– Әже, сандықта жаңа орамалдарың көп қой, – дейміз біріміз.
– Әже, сандықтағы неге жаңа камзолдарыңды кимейсің? Әдемі болып киініп жүрсеңші, – дейміз екіншіміз әжемізге ақыл үйретіп.
– Әй, боқмұрындар, сендер маған не кию керектігін үйрете бастадыңдар ма? – дейді жорта ашуланған әжем. – Ондағы жаңа камзолдарды көзім тіріде кимеймін. Сүйегіме жинап жатырмын.
– Әже, сүйек деген не? – дейміз құлағымызға тосын естілген сөзді қызық көріп.
– Әй, сендер өзі туған күнге барасыңдар ма, жоқ па? Тіпті ол орамалды да бермей қойсам, қайтесіңдер? – деп әжем шындап ашулана бастаған соң орамалды жуып, күн көзіне кептірдік. Қатыш апай жаңа орамал деп ойласын деп нағашымның иіс суын септік.
Әжем: – Үйде қант таусылыпты. Барған жерлеріңнен қалталарыңа бір уыс кәмпит сала келіңдер. Тәттісіз шай ішсем, басым ауырады, – деп бізге тапсырма берді.
– Әже, мен де балайыншы, төлт қалтамды толтылып саған кәмпит әкелем, – деді Ботабай.
– Құлыным, бара ғой. Көркемжан, сен де бар. Ботабай мен Көркемді ертпесеңдер, екеуің де бармайсыңдар, – деп бізді қорқытып қойды әжем: – Тек онша сұғанақтық жасамаңдар, бір уыс қана кәмпит әкелсеңдер жетеді, – деп ескерту айтуды да ұмытпады.
Біздерді туған күн иесі Аман көшеден күтіп алды. Жолда газетке оралған орамалды Бөрте екеуміз бір-бірімізге «мен бермеймін, сен бер» деп біраз айтысқанбыз.
Бөрте қу: – Менде торғайдың үш жұмыртқасы бар. Өткенде торғайдың жұмыртқасын жағып едім, бетімдегі секпілдерім кете бастады, сен де жағып көрсеңші, – деп мені өзіне тәуелді етіп қойды.
Оның бетінен секпілінің азайғанын байқай алмадым. Кім біледі, жағып көрсем, бетімнің секпілі кететін шығар. Орамалды ұяла-ұяла Аманға мен бердім.
– Әй, мыналарың орамал ғой, – деді ол таңданып.
– Әжем апаңа беріп жіберді.
Даусым естілер-естілмес шықты.
– Бүгін апамның емес, менің туған күнім емес пе? Әжелерің маған ештеңе беріп жіберген жоқ па? – деді ол жыларман болып.
Үндемедік. Аманның соңынан шұбап, үйге кірдік. Дастарханда шөкімдей ғана сары май, бір тәрелке шақпақ қант қалыпты. Сарымайды нанға жағып жеп, бір бұрышта Керім отыр.
– Төрт кесе айран іштім, – деп кір-қожалақ қолымен қарнын сипалап төрде Сапар жатыр.
Самат кәмпиттің жылтырақ қағаздарымен машина жасап, дастархан шетіне тізіп тастапты.
– Кәмпит таушылып қалған ба? Әжеме кәмпит апалмашақ, оның башы ауырады, – деп Ботабай жылап жіберді.
– Жылама, әжеме мына қанттардың бәрін апарамыз, – деп тәрелкедегі қантты қалтама салып алдым. Самат пен Сапар алысып ойнай бастады. Бір уақытта Саматтың «ойбай, аяғым» деген жан даусы шықты. Ескі еден сынып, оң аяғы екі тақтайдың арасына қыстырылып қалыпты. Сырттан жүгіріп кірген Қатыш апай Саматтың аяғын тақтайдың арасынан босатып жатып, біраз шерін шығарды.
– Бұл ескі үйдің барлық бөлмесінің едені сықыр-сықыр етіп ән салады. Үйге қонақ келсе, бетімнің оты шығады. Біздің әлгі маскүнемге бәрібір.
Үйінің ескілігіне, шешесінің бізбен сыр бөліскеніне намыстанған Аманның жүзі лезде мұңдана қалды. Біз ол кезде біреуді аяу не мүсіркеу дегенді білмейтінбіз. Аман бізге «енді үйлеріңе қайтыңдар» деп бұйыра сөйледі де, бүк түсіп жатып қалды.
***
Бір күні сиыр бағып жүргенде мұрным қанап, үйге қайттым.
Әжем: – Біздің үйдің қыздары секілді емес, әлжуаз, – деп мені ертесіне сиыр бағуға жібермеді.
Жеңешем: – Басынан күн өткен ғой, – деді.
Әжемнің мені «әлжуаз» дегенін ұнатпадым. Бір күн үйде болып, сиыр бағуға қайта шықтым. Мұрным тағы қанады. Әжем мен жеңешем сиыр бағуға жібермей қойды. Екі-үш күннен кейін Бөртенің де мұрны қанап, сиыр бағудан құтылдық.
Түсте үйдегілер ұйқыға жатқанда Бөрте екеуміз басымызға газеттен қалпақ жасап киіп, көрші ауылдағы Нұрдан нағашымның үйіне қарай құстай ұшамыз. Нұрдан нағашым дүкенші болатын. Өзі де, әйелі де ысырапшыл еді. Ауладағы бөшке-бөшке пісте май, қап-қап ұн, күріш, қантты түгендеп жатқан жан жоқ. Көршілері көзді ала бере шелектеп үйлеріне таситын. Ит пен құсқа жем боп жатқан дүниелерін біз барғанда нағашымның әйелі қызғыштай қори қалатын. Көршісінің жетіншіде оқитын ұзын сирақ баласы «неге келдіңдер?» деп бізді тергей жөнелетін. Біз Нұрдан нағашымның қалтасынан ақша ұрлап жүретін оның қалайша бұл үйге күзетші бола қалғанын түсінбей, тісімізді қайраймыз. Күзетшілікте ұзын сирақ бала жоқ күндері ебін тауып, қалтамызға толтырып вазелин салып аламыз. Үйге келген соң бетімізге, аяқ-қолымызға, сосын шашымызға гель орнына жағамыз.
Жеңешем: – Көрпе-жастықтың барлығын май қылдыңдар, – деп ұрсады. Әшейінде үнемшіл әжем неге екені үндемейді.
Бір күні әжем төркін жұртына баратын болып, бізді «көп вазелин, айна-тарақ әкеліңдер» деп Нұрдан нағашымның үйіне жұмсады. Жұмсады дегенім, жұмсартып айтқаным ғой. Әрине, ұрлап алмасаң, бізге көп вазелин мен айна-тарақты ешкім бермейді.
Бөрте: – Әжемнің төркінінің алдындағы аптортетін көтерейік, – деп құлшынды.
Мен де әжеммен бірге шешемнің нағашы жұртына баруға іштей дайындалдым. Бірақ ойымды Бөртеге айтпадым. Оның да бір ойлағаны барын сезіп жүрмін.
– Тағы не ұрлауға келдіңдер? – деп ұзын сирақ бала Нұрдан нағашымның үйіне барғаннан алқымымыздан алды.
Амал қанша, үйге құр қол қайттық.
– Әже, енді сенің төркініңнің алдында аптортетің түсетін болды, – деді қапаланып Бөрте.
– Әй, сол жаман айна-тарақтарың болмаса, мені інілерім үйіне кіргізбейді дейсіңдер ме? – деп әжем қабағын түйді. – Әптөт деген не өзі?
– Әже, әптөт емес, аптортет, – деп Бөрте әжемнің қатесін түзеді.
– Әй, сен жаман неме маған кәпірдің тілін үйретейін дедің бе? – деп әжем жүре күңкілдеді.
– Дұрысы авторитет, – дедім мен. Қатесін түзегеніме Бөрте ренжіп қалды.
***
Нұрдан нағашымның үлкен ұлы үйленіп, ұлан-асыр той жасады. Жеңгеміз аққұба, өңі жылы, мінезі ашық-жарқын сүйкімді жан екен.
– Үйде ертелі-кеш жалғыз боламын. Дастан ертелі-кеш жұмыста. Қатты зерігемін. Үйге жиі келіңдерші, – дейді жас жеңгеміз.
Ұрқия апамыз алакөзденіп қарамаса, күзетші ұзынсирақ бала болмаса, жиі келіп тұрамыз ғой. Бір күні баяғы кеткен есемізді қайтарып, Бөрте екеуміз қалтамызға толтырып қызыл-жасыл тоқыма жіптерді салып алдық. Үйде ешкім тоқыма тоқымайтын. Алтын жеңешем әдеттегідей сабырлы қалпымен: – Сендер үйге келіп-кеткен сайын енем «олар ұрлық жасайды, үйге көп жолата берме!» дейді. Ол кісінің көп сөзіне сене бермеймін. Сонда да қалталарыңды қарап көрейінші, – деді күлімсіреп.
Ұрлығымыз ашылатын болды. Ұяттан қызарып, аяқтарым дірілдей бастады.
– Ренжімеші, айналайын, – деп Бөртенің қалтасына қолын салды да: – Қалтаңда ештеңе жоқ. Енем де қызық қой, – деп маған қарап көзін қысты.
Уф, менің қалтамды тексермеді. Кеткенше тексеріп қала ма деп зәрем ұшты.
Осы оқиғадан кейін Нұрдан нағашымның үйіне баруға ар-ұятымыз жібермеді.
– Жас келін жұқпа нанға жерік екен. Жұқпа дайын болған соң апарып беріп келіңдер, – деп әжем жеңешемнің жерік асын дайындауға кірісті.
Бөрте маған, мен оған қарадым.
– Бармаймын, – деді селқос қана Бөрте. – Сабаққа дайындалуым керек.
– Жазғы демалыста қандай сабақты айтасың? Оқу кезінде сабаққа дайындалам деген сөзіңді естімеуші едім? – деді әжем.
– Әже, менің басқа сабағым бар.
– Ол тағы қандай сабақ? Прәпестрдің оқуын оқиын деп пе едің? Әлде міністірдің оқуын оқиын деп пе едің?
– Әже, қазір айтқаныммен сен оның қандай сабақ екенін түсінбейсің?
Ашуланған әжем: – Әй, сенің маған бір нәрсені түсіндіретін ойың бар ма әлі, жүгермек. Әй, біз де молданың алдын көргенбіз, – деп Бөртенің емес, менің көзімді шұқып ала жаздады.
Бармауға тағы басқа сылтау тауып, көнбесе екен деп Бөртенің тілеуін тілеп мен тұрмын.
Бөрте: – Әже, менің басым ауырып тұр, – деп басқа қулыққа көше бастады.
– Жас адамның басы ауыра ма? – деді әжем.
– Әже, жас адам да адам ғой. Неге оның басы ауырмауы керек? – деп Бөртеге жақтаса бастадым.
Осы кезде қазан басына келген жеңешем: – Көп сөзді қойыңдар. Жұқпаны келінге апарып бересіңдер! – деп бұйыра сөйледі.
– Бөртежанның басы ауырып тұр, – деп әжем әп-сәтте өзгере қалды.
– Жай сылтауы ғой, – деді жеңешем қабағын түйіп.
Амал жоқ, басымыз салбырап өзімізге жақсы таныс жолға түстік. Жеңешем: – Сағындырдыңдар ғой, келмей кеттіңдер, – деп бетімізден сүйіп, наз білдірді.
Жеңешем Бөрте екеумізге бірдей етіп шарф тоқып беруге уәде берді.
Сол күзде Алтын жеңешем Дастан нағашыммен ренжісіп, төркініне кетті. Содан кейін Алтын жеңешемді көрмедім. Шіркін, өзі де Алтын десе алтын еді ғой. Ұлын төркін жұртында босанды.
Қалада менің анаммен кездесіп қалғанда: – Екінші рет тұрмысқа шықтым, ұлым өзіммен бірге. Күйеуім өзімді сүйетін, баламды жат көрмейтін адам. Өткен өкініш болып қалды ғой. Дастанды көп күттім, келмеді. Оның үйленіп кеткенін естігенде ол мен ойлағаннан әлдеқайда басқа адам екенін түсіндім, – деп мұң шағыпты.
Дастан нағашым Алтын жеңешем төркініне кеткен соң көп ұзамай екінші рет үйленді. Ол жарымен де ұзақ отандаса алмады. Жұмыс іздеп Ақтауға кетті. Үшінші рет өзінен он жас үлкен үш баласы бар әйелмен көңіл қосып, сол қалада тұрақтап қалды.
***
Алтын жеңешем төркініне кетіп қалған соң Нұрдан нағашымның үйіне мүлдем барғымыз келмей қалды. Бір күні түсте каналға шомылуға барсақ, су лайланып ағып жатыр екен. Енді не істеу керек? Бөрте де, мен де түсте ұйықтау дегенді білмейміз. Екеуміз каналдың жағасында жүрген екі есекті ұстап міндік.
Бір-бірімізге қарап: – Жарысайық, – дедік.
Жарыстық. Мен мінген көк есек тоңқып-тоңқып үстінен лақтырып тастады. Үлкен тастың үстіне құладым.
Өзім жаныммен қайғы болып жатсам, Бөрте: – Аттан да, түйеден де құламай, есектен құлағаның ұят болды. Әлгінде сен құлаған кезде шатырдың үстінде жүрген Жылан ысқырып жіберді. Ол өсекші енді балалардың бәріне жаяды. Балалардың алдында аптортетің түсетін болды, – деп менің беделімді ойлап уайым жеді.
– Жыланның сағыз деп алдап, тікенек шөптің тамырын бақандай үш сомға сатып, өзіңді өлтіріп қоя жаздағаны есіңнен шықты ма? – дедім ызаланып. Бөрте мұрнын тыржитты. Бау-бақшаға қаулап шығып, атам отап тауыса алмайтын тікенек шөптің тамырын ақшаға сатып алып, оны сағыз орнына шайнап, үш күн ауырғанын бәлемнің есіне түсірдім.
Сол күні кешкісін Бөртенің сыныптасы Қызтумас велосипед айдап біздің көшеден қайта-қайта өте берді.
– Мақтаншақты қарашы. Шамасы, есектен құлаған сені мазақтап жүр-ау деймін. Шошаңдаған бәленің (бұл енді әжемнің сөзі) сазайын беру керек. Ол бөшке мазақтағанның не екенін сонда түсінеді, – деп Бөрте от тастап, мені қайрай бастады.
Аңқаулық қой, бір қатты ағашты алдым да Қызтумастың велосипедінің дөңгелегіне тығып қалдым. Қызтумастың жандаусы шыққанда барып, қателігімді түсіндім. Балалық арандатудың құрбаны болған жазған басым шифонердің ішіне барып тығылдым. Біреу қонақ бөлмеге кіріп, жарықты жағып, шифонердің есігін ашқанда қоянның көжегі секілді бүрсіп, дір-дір етіп, басымды көтере алмадым. Біреу мойнымды қылқындыра бастады. Мойынсұна бердім. Көзім қолына түскенде бір қуанып, бір қорландым. Кір-кір Бөртенің қолы. Ызаланып қолын артқа қайырдым.
– Мен жай ойнағанмын, кешірші, – деп қанша жалынса да қасарысып жібермедім. Айқайлап көмекке әжемді шақырды.
– Әй-әй, сенен бе, сенен көп нәрсе шығады. Біреудің қызының аяғын сындырып, енді Бөртежанның қолын сындырайын деп пе едің, – деп менің тыриған арық, бірақ қатты қолдарымнан сүйікті немересін арашалап алды. Шошып кеттім. «Қызтумастың аяғы үзіліп, түсіп қалған екен» деген ой санамда жарқ етті. Жылап жібердім.
Әжем:
– Мені ештеңе білмейді дейсің бе, осының бәрін бастап жүрген – сен. Сенің бе, сенің жүрген жеріңе шөп шықпайды, – деп енді Бөртеге ұрса бастады.
Содан қойшы, әжем: – Басың жарылып, көзің шықпай тұрғанда әке-шешеңнің қолына тапсырайын, – деп мені үйіме әкеліп тастады.
***
Өз үйіме келгеннен кейін бір қымбат затымды жоғалтып алып, соны іздеген адамдай аласұра бастадым. Алғаш рет таңға дейін ұйықтай алмай жатқаным әлі күнге дейін есімде. Жұлдыздар біртіндеп сөніп бара жатқан кезде жоғалтқанымды енді ешқашан таппайтынымды сезіп, жанарыма жас іркілген. Таң арайы жер әлемге нұрын шашқанда Таңшолпанды көрдім. Көңілімді түсініксіз қуаныш билеген. Жоғалтқаныңды таппай, іздегеніңе жетпей өмірде адасуың мүмкін, бірақ оның орнын күндердің күнінде қуаныш пен ізгілік толықтыратынын білмесем де тым-тым қиялшыл едім. Таңшолпанды тамашалап жатып ұйықтап кетіппін. Түсімде Ай мен Жұлдыз көрдім. Апамның: «Түс болды, бұл қыз ертең таңертең тұра ма?» деген айқайын да естімегендей, көзімді жұмып жата бердім...
ЖАУҺАР
Біз ол кезде құрбым Жауһар екеуміз қаланың шетінде пәтер жалдап тұратынбыз. Түнгі клубқа, таныс жігіттер шақырған кештерге бармай, үйде кітапқа көміліп жатып, болашақ ханзадамыз туралы қиялдаймыз. Кафеде танысқысы келген жігіттерге мойын бұрмай екеуден екеу отырамыз.
– Өмір өтіп барады. Ал біз түк те тындырған жоқпыз. Сонда өмірге не үшін келдік? – дейді ол бетіме сұраулы жүзбен қарап.
– Өлу үшін.
– Жоқ, мен өмірге өмір сүру үшін келдім. Бірақ... Білесің бе, мен ылғи да өзімнің бейітімнің басында жылап отырамын. Әлден соң үйде отырғанымды сезінем де қорқыныштан селк етемін.
– ?..
– Неге үндемейсің?
– Мен өзімді ұйықтап жатып, ояу жатқандай, ояу жатып, ұйықтап жатқандай сезінем. Күн суық күні ыстықтап жүремін, ал ыстық күні тоңып жүремін.
Жауһар: – Кеше көпке дейін ұйықтай алмай жаттым. Әкем туралы ойладым. Ол өзін өзі жоғалтып алған адам. Бір уақытта көз алдыма аппақ кебінге оранып жатқан әкем келді. Өксігімді баса алмай ұзақ жыладым. Жарықты жағып, айнаға көз салдым. Айнадан сыртқы кескін-келбетімді көрдім, ал көзімнің қарашығынан ішкі жан-дүниемді байқадым. Сол сәтте тірі әкемді өлімге қимай ұзақ жыладым. Бала кезімде әкемді жек көруші едім. Бірде анам аурухананың ауласын сыпырып тапқан жалақысын «сұрағанда бересің» деп қолыма ұстатты. Әкем анамның әлгі ақшасын мен жасырған жерден ұрлап, ішіп қойды. Бала кезімде анамнан қатты қорқатынмын. Жүйкесі шаршаған, ашуланшақ жан. Анамды, өзімді, бауырларымды аяп жыладым. Бір қызығы, анам күс-күс қолымен маңдайымнан сипап, тіл қатпай ұзақ отырды. Әлден соң: «Шаршадым. Құр сүлдерім жүр. Сендер үшін өмір сүріп жүрмін. Әйтпесе, мен өлген адаммын ғой» деді бар болғаны, – деп үнсіз қалды.
Жауһардың көзінен бір тамшы жас үзіліп түсті.
– Сен мені түсінесің ғой, – деді.
– Адамды адам түсінбейді, түсінуге ғана ұмтылады.
– Менің шарап ішкім келеді.
– Қызық.
– Әкем ішімдікке үйір болған соң ба, бұл пәлені ұнатпаушы едім. Ал бүгін ішем.
Ол даяшыға шарап алдыртты. Шарапты тыжырынып ұрттап отыр.
– Мен кеше жыладым. Себепсіз... – деп күрсінді.
– Себепсіз жылай алмайсың. Бәлкім, көз жасыңды төгуіңе себепкер болған оқиға осыдан біраз жыл бұрын өтуі мүмкін. Бәлкім, күндердің күнінде өлетініңді ойлап, жалған өмірді қимауың мүмкін. Қуану мен жылаудың себебі болмай қоймайды.
– Мүмкін...
Ол мұңдана күліп: – Мен оны жақсы да көрмеймін, жек те көрмеймін, – деді.
– Кімді?
– ...
– Ә-ә... Ол жігітті менің суқаным сүймейді. Жасанды күлкісінен жиіркенемін. Көздері де өтірік күліп тұрады.
– Менің шынайы өмір сүргім келмейді. Біздің қоғамда шынайылық күлкі шақырады. Жасанды да өмір сүргім келмейді, жасандылық жиіркеніш туғызады. Оның жасандылығы менің және сенің шынайылығыңнан әлдеқайда әдемі. Ол сені жақсы көреді, – деп мұңлы жымиды.
Жауһарға жаратпай қарадым.
– Кетейік.
– Естисің бе, ол саған ғашық.
Ол қолымен басын сүйеп, жанарын төмен салды.
– Мен оны сүйіп қалған секілдімін.
– Мен ондай адамды сүймек түгілі, жай адам ретінде ұната да алмаймын.
– Адам адамды түсінбейді, бірақ түсінуге ұмтылады деген сен емессің бе? – деп көңілсіз езу тартты.
* * *
Жауһар күннен күнге менен алыстап барады. Ол маған, мен оған бөтен адам секілдімін. Сол күндері әлемде жалғыз қалғандай бойымды зілдей мұң басқан. Ол сенбі, жексенбі үйге келмеді. Себебін сұрап едім, жауапсыз қалдырды. Әлден соң жастыққа бетін басып, өксіп-өксіп жылады. Жұбатпадым.
– Кешір. Мен өзімді өзім қазір шынымен жоқтап жылап отырмын.
Үндемедім.
Одан кейін оның көз жасын көргенім жоқ. Жауһардың көз жасын маған көрсетпей жылайтынын сезем. Ол махаббаттың емес, жалған сезімнің құрбаны болғанын білмеді. Айнадағы өз бейнесінен көз алмай қарап тұрған Жауһар:
– Өмірге ешқандай ұрпақ әкелгім келмейді. Қайғы, мұң арқалап, ол да өмірден өтеді. Бір бақытсыз жанды өмірге әкелмей, сауап іс жасағым келеді, – деп бет-алды күле берді.
Шошыдым.
Екі жұдырығымен қабырғаны ұрғылап, басын соқты. Ернін тістелеп, жыламады.
– Неге қорқып тұрсың? Қорықпай-ақ қой, есім әлі ауысқан жоқ – деді маған мағынасыз көзқараспен қарап. – Сен адам таниды екенсің. Ол – өте қорқынышты адам.
Шашын артына жылмита қайырып жүретін, шегір көз, төртпақ сары жігіт пәтерін жалға беріп, басқа жаққа кетіп қалған болатын. Шегір көз жігіт бізбен көрші тұрғанда да оны тым сирек көретінмін. Көре қалсам, бойымды үрей ме, әлде жиіркену ме, әйтеуір әлдеқандай бір түсініксіз сезім билейтін. Ол мені көргенде баяғыдай жалған жымимай, басын изеп өте шығатын. Шегір көз жігіттен жүкті болып қалған Жауһар ауылына кетіп, қалаға қайтып оралмады.
* * *
Арада бес жыл өткен. Пәтер іздеп жүріп, баяғы Жауһар екеуміз тұрған үйге бардым. Күннің шуағына шомылып отырған, мүгедектер арбасына таңылған жас жігіт менен көзін алмай қарады. Таныс бейне. Баяғы шашын артқа жылмитып тарап алатын шегір көз, төртпақ сары жігіт. Менің қадала қарағанымды жаратпады білем.
– Бүгін менімен би кешіне бармайсыз ба? – деді кекесінді үнмен.
– Уақытым жоқ. Пәтер іздеуім керек.
– Онда менің жарым болыңыз. Пәтер мәселеңіз бір сәтте шешіледі.
«Не деген парықсыз жан еді».
– «Мүгедектің әйелі болам ба?» деп қорықпаңыз. Дәрігерлерге сенсем, көп ұзамай жүріп кетемін. Сосын екеуміз үйлену тойымызда басымыз айналғанша шыр айналып вальс билейміз. Бал айымызды Еуропада өткіземіз. – Мен сізді жек көрем.
Мысқылдап күлді.
– Мен де сізді жек көрем. Менің қандай адам екенімді біле тұрып, құрбыңызды қорғамағаныңыз үшін жек көрем. Оның өліміне мен ғана емес, сіз де кінәлісіз. Соқыр сезімнің құлы болған құрбыңызды сүйген емеспін. Ол шырпы тиген қу шөптің тез жанып кететінін білмеді. Бірақ сіз құрбыңызға қарағанда ақылды екенсіз.
– Сіз оның өлгенін біледі екенсіз ғой?
Даусым сыбырлай шықты.
Сөзімді естімегендей аспанға үмітсіз көз тікті.
– Кейде ойға батып отырып, не ойлағанымды ұмытып қаламын. Себебі, мен ештеңе де ойламаған едім. Кейде күліп тұрып, жылағым келеді, мұңайып тұрып, күлкім келеді. Себебі, мен өмірдің қарапайым екенін, тек оны өзіміз күрделендіретінімізді түсінем. Өмірді түсінуге ұмтылған сайын өмірім күрделене түседі. Бойымда бір үрей бар. Бетпе-бет келуден қорқатын сауалдар жанымды жегі құрттай жейді, – деді ол қамығыңқы үнмен.
Үшінші қабаттағы бұрынғы пәтеріміздің терезесін көзіммен іздедім. Бұл үйде Жауһар екеуміз ешқашан тұрмаған секілдіміз. Жауһар көрінетіндей терезеге соңғы рет көз тастадым.
– Мені тастап кетпеңізші. Мен сізді сүйем ғой, – деген жалынышты дауыс құлағыма талып естілді.
– Мен де сізді сүйемін.
Шындығымды өзге түгілі, күні бүгінге дейін өзімнен жасырып келіппін. Әрине, ол менің даусымды естіген жоқ. Мен ол кезде ұзап кеткенмін.