Қазір елімізде отпен, яғни оқпен ойнайтын жасөспірімдердің көптігі жиі айтылады. Әрдайым да отандық БАҚ бесіктен белі шықпай жатып жанына тапаншасын серік еткен мектептердегі «мини-бандиттер», колледж қабырғасында жүріп-ақ суық қаруды жастанып жататын «мини-мафия» өкілдері пайда болғанын мәселе етіп көтеріп келеді. Сонда да түрлі шетелдік фильмдердің басбұзар кейіпкерлерінің образына кіріп алған жастар арасында «ствол», «Оса», газды пневматикалық тапанша, газ баллоны сынды қаруларды ұстау сәнге айналып, қалыпты жағдайдай әсер ететін болып барады. Мұның арты неге апарады? Бұл жайттың алдын қалай алуға болады? Бұл сұрақтардың өзектілігін ой таразысына таразылап көрелікші.
АҚШ мысалы...
«Қылыш үстінде серт жүрмейді». Бұлай айтуымыздың себебі – мамандар суық қару психологиялық тұрғыдан азаматтарды қылмысқа итермелейтінін айтады. Оның мысалы ретінде қаруды еркін саудалайтын АҚШ-тағы екі жайтты айтсақ та жетіп жатыр. 2012 жылдың соңғы айларында АҚШ-тың Коннектикут штатында 20 жасар Адам Ланза есімді азамат мектептегі 20 бала мен 6 ересекті ажал құштырған. Екінші жайт та 2012 жылы орын алған. Колорадо штатының Аврора қаласында «Бэтмен» туралы фильмнің премьерасы кезінде бетін бүркеп алған азамат көпшілікке оқ атып, 14 адамды мерт қылып, 50 адамды жаралап кеткен. Осы қылмыстардан кейін АҚШ-тың Нью-Йорк секілді кейбір штаттарының губернаторлары қару сатуды шектейтін заңға қол қойып үлгерді.
Бізде...
Әрине, бұл жайттар бізге де суық қаруды қадағалауды күшейтудің қажеттілігін аңғартатын секілді. Өйткені өткен жылдардағы Тараздағы лаңкестік салдары, Ақсай шатқалындағы қанды қырғын ел есінен шыға қойған жоқ. Мұның сыртында жекелеген қанды оқиғаларды тізбелеп беруге болады. Мысалы, 2012 жылы ОҚО-да 14 жасар бала абайсызда 15 жасар баланы қақ маңдайдан атып өлтірді. Қарағандыда 18 жасар студентті дәмхананың жанында бозбала атып кеткен оқиға да есімізде. Қазір жастар арасындағы қылмыстардан мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Десек те, осы оқиғалардың өзі қарудың кім көрінгеннің қолына түспеуін қолға алу керектігін аңғартса керек. Себебі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2012 жылдың 12 айында еліміздегі тіркелген қылмыстар деңгейі 2011 жылмен салыстырғанда 39,1 пайызға (206 801-ден 287 681-ге) өскен екен. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің есебі бойынша өткен жылға қарағанда тікелей қарумен іске асатын қылмыс түрлері: бұзақылық – 63,1 пайызға, тонау 11,8 пайызға (18 117-ден 20 259-ға) артқан көрінеді.
Жастарға қару не үшін қажет?
Нақты мәліметтерге сүйенсек, жастар көп шоғырланған бір ғана Алматы қаласының өзінде жылына 4 мыңға жуық травматикалық қару сатылады екен. Сонымен қатар Ішкі істер органдарының мәліметінше, Алматыда тікелей жасөспірімдердің қатысуымен орта есеппен әр жыл сайын 1500-ден астам түрлі қылмыс тіркелетін көрінеді. Оны былай қойғанда, елімізде «Оса» тапаншасын кез келген кәмелеттік жасқа толған азамат сатып ала алады. Мәселен, еліміздегі қару дүкендерінде газ баллонының құны 900-2700 теңге аралығында болса, газды пневматикалық тапаншаны бар болғаны 9 мыңнан 27 мың теңгеге дейін алуға болады. Яғни қазір біз жастардың, ел азаматтарының қару ұстауына мүмкіндік туғызып отырмыз. Сөйте тұра ҚР ҚК-ның 257-бабы 3-тармағында аталған қаруларды қылмыстық іске пайдаланған азаматтар қылмыстық жазаға тартылатыны жазылған. Бұл жайт қасқырды қойдың отарына қосып, «мына қойларға тиісетін болсаң, жазалаймын» дегенімен бірдей емес пе?
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Бізді қорғайтын өзіміздің ішкі әскеріміз бар. Мемлекет әр адамның конституциялық құқығын қорғауы үшін олардың қолына қару беріп отыр. Сондықтан да қорғаныс мәселесіне келгенде ішкі істер органдарына сеніммен қарағанымыз жөн. Ал өзімді қорғаймын деп түрлі тапанша түрлерін сатып алып, ішімдік ішкен соң, біреудің өмірін зая ету кімге керек? Мысалы, шекарашылардың өзіне қару-жарақты санаумен береді. Заң бойынша шекараға қауіп төніп, төтенше жағдай орын алса ғана қару қолдана алады. Сөйте тұра ел ішіндегі байшыкештердің балалары, түрлі бұзақы жасөспірімдер мылтықтарын қалталарына салып алып, ресторандарда қолданып, тіпті өзіміздің полицейлерді атып тастап жатыр. Меніңше, осындай жайттардың алдын алудың жолын қарастыруымыз қажет. Оларға қару не үшін қажет? Қарумен жүруіне не себеп? Осы сауалдарға жауап табалық. Мылтық, тапанша, тіпті пышағы бар азаматтың өзі қылмыс жасауға ұмтылып тұрады. Пышақты көрсеттің бе, соңында ол адамды жараламай тоқтамайды. Сондықтан да қару елді қорғайтын азаматта ғана болуы керек деп есептеймін. Бұл орайда заңдық тұрғыда ел азаматтарына ішкі істер органдары қаруды әрдайым да өздерімен алып жүре алмайтыны секілді жүйе жасау қажет сияқты. Мысалы, аң аулауға кетіп бара жатқан адам, ішкі істер орындарына барып, өзінің аң аулайтыны жөнінде мәлімет беретін болса... Бұл жайт бір жағынан азаматтардың жауапкершілігін арттырар еді.
Қару сатып алу талаптарын қатайту қажет
Жалпы, ел азаматтары қаруды «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Заңның 15-бабындағы тәртіпке сәйкес, ҚР азаматтары тұрғылықты мекенжайы бойынша ішкі істер органдарынан азаматтық қару түрін (үш түрі бар: өзін-өзі қорғау, аңшылық, спорттық мақсаттағы) иемдену туралы рұқсат алу арқылы ала алады. Ол азаматтың 18 жасқа толуы міндетті. Осы 18 жасты ұлғайтып, 25 жасқа толғаннан кейін деп өзгерткен жөн дейді мамандар. Себебі 18 жаста жасөспірім жеткіншек ұрыншақ, қызба, намысқой болады. Бұл кезеңде албырт жастар ақылға емес, көбіне сезімге бой алдырып жататын көрінеді. Сонымен қатар заң бойынша психикалық ауруға шалдыққан, қоғамдық тәртiптi өрескел бұзатын, тиiстi есепте тұрған маскүнем немесе нашақор, қасақана қылмыс жасағаны үшiн сотталғандығын өтемеген немесе онысы заңмен белгiленген тәртiпте алынбаған, қылмыс жасағаны үшiн қылмыстық жауапқа тартылған, тұрақты тұратын мекенi жоқ азаматтар қару сатып ала алмайды. Мұнымен қоса, азамат қарулы болғаннан кейін бір аптаның ішінде тұрғылықты мекенжайдағы ішкі істер органдарында тіркеуден өтуі тиіс. Бірақ та барлық азаматтар заң нормаларын мүлтіксіз орындап, заңға сәйкес әрекет етпейтін көрінеді. Сол себепті де қару сатып алған азаматтардың тіркеуге тұрған, тұрмағанын әрдайым тексеріп отыру ісін жүйелеу қажет.
Түйін
Ел келешегіне баланатын бозбалалардың бәрін кінәлаудан аулақпыз. Десек те, «бір мылтықтың аузына мың кісі сыяды» деген ата сөзін ұмытпағанымыз жөн. Ел азаматтарының жаппай қаруға қол жеткізуі түбі жақсылыққа апармайтынын да естен шығармалық. Егер де бұл мәселеге тереңдей үңіле алмасақ, «құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келуі мүмкін. Өйткені қазақта «Оқтаулы мылтық мың күн тұрса, өзі атылады» деген де аталы сөз бар. Біздің айтпағымыз – осы.
Тақырыпқа орай
АҚШ әлемдегі қару-жарақтың – 30, Ресей – 24, Германия – 9, Франция 8 пайызын өндіреді.
БҰҰ сарапшылары Ресей өзі өндірген қару-жарағының тең жартысын сенімсіз елдерге сатып (13,5 млрд доллар), дүниежүзіндегі қауіпсіздікке нұқсан келтіріп отырғанын айтады.
Біріккен Ұлттар Ұйымының екі жылғы бюджетін құрайтын қаржыны әлем елдері қару-жарақ сатып алу үшін бір күнде жұмсайды екен.