Ұлт болашағы – жастар. Әрбір халық өзінің жас буынына қалай сенсе, жастар өзінің қарым-қабілетіне солай сенуі керек. Бұл – дәл бүгінгідей озық заманның өміршең талабы.
Форумда сөз алған Мәулен Сағатұлы Тәуелсіз Қазақстан елінің баянды болашақ пен кемелді келешекке иек артуының жастарға тікелей байланысты екенін атап өтті. «Сондықтан ел де, Елбасы да жастарға зор үмітпен қарайды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен-ақ жастар болашағына баса мән беріп келеді. Жастарға қажетті жағдайлар жасалып жатыр», – деді М.Әшімбаев. Бүгінгі күні Қазақстандағы жастар саясаты жаңаша даму кезеңіне қадам басу үстінде. Десе де, жеткен жетістікке қанағаттанып қалмай, даму деңгейін әлі де жоғары сапаға көтере беруге тиіспіз. «Өйткені жаһандану дәуірі жастардың барынша қабілетті болуын талап етеді», – дейді Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары.
Еліміздің ертеңі үшін бүгінгі жас толқынның азаматтық позициялары, қажымас ерік-жігерлері ауадай қажет екендігі талассыз шындық. Форумда М. Әшімбаев Тәуелсіздіктен бері мемлекеттік жастар саясаты бойынша атқарылған шараларға тоқтала келе, алдағы уақытта еліміздің шығар биігі мен асар асуы да зор екендігін тілге тиек етті.
Бәсекеге толы қоғамда ең әуелі жастардың қажыр-қайраты мен біліміне үміт артылмақ. Жас буынның мойнына түсер осы жүкті Мәулен Әшімбаев өз сөзінде сәтті түйіндеді: «Тәуелсіздіктің тамырын тереңге бойлатып, Қазақстанды мықты, іргелі елге айналдыру – жастардың қолында, солардың жауапкершілігінде. Сондықтан да жастар қауымы бүгінгі уақыттың кез келген сынағына әзір болып, қандай бәсекеге де төтеп беруі шарт», – деді ол.
Шара соңында форумға қатысушы жастар «Біз жаңа идеяларды жүзеге асырып, әрдайым өміршең істердің бастауында тұратын боламыз» деген тақырыпта жас отандастарына үндеу жасады.