Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Назарбаев университетінде оқыған «Қазақстан – білім қоғамы жолында» лекциясында жастарға арнап тағылымды ойларын айтты. Елбасы жастарды инженерлік мамандықтарды игеруге, терең білім алып, ерен еңбек етуге шақырды. «Сендер Қазақстанның өз ғылымы мен технологиясын, өзіндік ұстанымын жасайтын ғылым иесі болуларың керек. Кез келген кәсіп иесі өз шаруасын тың тәсілмен, жаңа әдіспен істеуге ұмтылса ғана ешкім жетпеген табысқа жете алады. Өзгелер салған сүрлеуге түсіп, бөтен іздің шаңын жұту Қазақстан жастарының таңдауы емес. Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім! Ол – еңбек! Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты», – деген болатын Мемлекет басшысы өз дәрісінде.
Жастар ісі жөніндегі комитеттің құрылуы мемлекеттің жастар мәселесіне үлкен мән беріп отырғанын аңғартады. Жастар саясатының жауапкершілігі де осы органға жүктеледі. Алайда Білім және ғылым министрлігіне қарасты Жастар комитетінің пәрмені күшті, құзыреті зор болады деу қиын. Сондықтан бұл орган Денсаулық сақтау, Қорғаныс, Мәдениет және ақпарат, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Спорт және дене шынықтыру ісі агенттігі, Дін істері агенттігі, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі, сонымен бірге Астана, Алматы қаласы, облыс әкімдіктері арасындағы белсенді үйлестірушілік қызметті қолға алуы қажет. Себебі жастар мәселесі – кешенді мәселе. Егер қордаланып қалған жастар мәселесін шешсек, жұмыссыздық, демографиялық, әлеуметтік, діни, идеологиялық-тәрбиелік мәселелердің өзінен-өзі шешімін табары сөзсіз. Бізде Елбасы атаған екі темірқазық – білім мен еңбектің екеуінің түп-негізі бар, тек соны кәдеге жарату қажет. Салыстырмалы түрде қазақ жастарының көбі жоғары білімге ие. Жалпы, білім деңгейі бойынша 4,7 млн жастың 16 пайызының, яғни 718 мың жастың жоғары білімі бар. Ал 306 мың жастың аяқталмаған жоғары білімі бар (6,8%), 728 мың жастың білімі – арнайы орта білім (16,2%). Соңғы 11 жыл ішінде жастар ұйымының саны жеті есеге артты (2000 жылы – 150 жастар ұйымы, 2011 жылы – 1043), ал жастар саясатын қаржыландыру жеті жыл ішінде 10 есеге өскен екен. Германия елінде жасөспірімдер мен жастардың 40 пайызы әртүрлі жастар ұйымдарына тартылғанын, жастар жұмысты жемісті жолға қойғанын ескерсек, 4,7 млн жастың атынан шығатын 1043 жастар ұйымы аздық етеді. Әрбір мектеп, әрбір ЖОО жанынан белсенді әрекет ететін жастар ұйымдары жұмыс істесе, оған бірде-бір жас қалыс қалмай атсалысса, сыртқы идеологиялық-діни ықпалға тосқауыл қоя алар едік. Жастар жұмыссыздығының деңгейі 2001 жылмен салыстырғанда төрт есеге азайып, ТМД елдері мен Еуропаның дәл сондай көрсеткіштерінен төмендепті. Алайда шынайы өмірде қаракөз жастарымыз арба сүйреп, заманауи мамандықтарды игере алмай жатқанда бұл цифрларға көңіл тоғайта алмаймыз. Сондықтан Елбасы жастар мәселесіне концептуалдық тұрғыдан назар салып отыр. Жастар мәселесін заңға тіреп қоюға болмайды, бұл – ауқымды мәселе. Бұл арада жастар саясатын жүргізудің теориялық-концептуалдық үлгісін, философиялық тұрпатын әу бастан зерделеп алған жөн сияқты. Мәселен, әлемдік тәжірибеде жастар саясатын іске асырудың екі тәсілі бар: мемлекет жастар қозғалыстары ісіне араласпайтын англо-саксондық және мемлекет жастар ұйымын құрып, қадағалайтын континенталдық немесе кеңестік әдіс. Бұл екі тәсілді, өзге де әлемдегі үлгілерді зерделеу қажет. Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы талқыланып жатыр. Бұл тұжырымдаманы қызу талқылау үшін жастарды көбірек тартудың механизмі қарастырылуы керек.
Сонымен бірге «біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билеген постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз» деген Елбасы жастарды озық білім алуға шақырды. Инновациялық жаңалықтар ашуда бәсекелес орта құру үшін жастардың инновациялық орталығын ашу керек шығар. Білім мен еңбексіз жастар жігерлі болмайтынын есте сақтау ләзім.
Әлемдік тәжірибедегі жастар саясатын жүзеге асыру үлгілері:
1. Консерваторлық (қорғау-бейімдеу үлгісі, мәселен, АҚШ, онда жастарды үлкен өмірге бейімдеуге назар аударылады).
2. Патерналистік (әлеуметтік-мемлекеттік, мысалы, Еуропа елдері, онда жастарды әлеуметтік қолдауға мән беріледі).
3. Идеологиялық (қоғамдық-мемлекеттік, мысалы, КСРО, социалистік елдер, онда жастарды мемлекеттік рухта тәрбиелеуге ден қойылады).
БІР ПІКІР:
Шолпан ЖАНДОСОВА, ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану бөлімінің ғылыми қызметкері:
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Назарбаев университетінде өткізген интерактивті дәрісі қазіргі күннің өзекті де, ауқымды мәселелерін талқылап, талдауға арналған болатын. Еліміздегі маңызды шешімдерді қажет ететін мәселелердің ішінен білім және ғылым саласындағы ғылыми-техникалық үдерістер мен инновацияның жаңа үрдістерін насихаттау, сонымен қатар адамгершілік нормалары, отансүйгіштік, ұлтаралық келісім, толеранттылық, дене тәрбиесі мен рухани саулық, жастар саясаты және т.б. атап өтуге болады. Баршамызға мәлім, қазіргі заманауи қоғамның қозғаушы күші де, негізгі тетігі де – жас буын өкілдері, яғни мемлекетіміздің жастары. Сондықтан жастарға қатысты барлық мәселеге атүсті қарамай, қабылданғалы отырған заңдар мен заңнамалық актілерді терең саяси және әлеуметтік талдау жасай отырып қабылдау қажет. Соның ішінде, менің ойымша, жастарға сапалы білім беру, жастарды жұмыспен, сондай-ақ тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері, жастарды әлеуметтік қорғау сынды проблемалар өз деңгейінде шешімдерін табуы керек деп ойлаймын. Бұл Үкімет тарапынан жастар саясатына, жастардың өсіп-өркендеуіне қамқор болса, өз кезегінде жастарымыздың қолда бар мүмкіндіктерін пайдаланып, сапалы білім алып, өзін-өзі дамытуға, тұғырлы үш тіл мен заманауи инновацияларды еркін меңгеруге деген құлшыныстары арта түсуі керек. Бүкіл әлемдегі экономикасы, жалпы әлеуеті озық, дамыған мемлекеттермен тереземіз тең болуы үшін бүгінгі жастарымызға білім, ғылым, инновацияны, жаңа техника мен технологияларды еркін меңгеру азшылық етеді. Ең бастысы, жастарымыз отансүйгіштік рухта тәрбиеленуі қажет. Өйткені жастар – біздің болашағымыз.