Жарқын із қалдырған азамат
Сұрапыл соғыс жылдары еліміздің ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек сіңіріп, майдан даласына қажетті азық-түлікті бекітілген жоспардан артық жеткізуге мұрындық болған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Фазыл Кәрібжановтың есімі көпшілікке мәлім. Биыл асқарбел азаматтың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, абзал ағаның артында қалған ұрпақтары, еліміздің зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері Астанада жиналып, Фазыл Кәрібжанов туралы толғана еске алды.
Қазақта «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген аталы сөз бар. Еске алу кешіне жиналғандар абзал ағаның ел экономикасын еселеуде атқарған жемісті еңбектерін, азаматтық болмысына, кісілік келбетіне қатысты естеліктер айтты. Еңбек жолын қатардағы агроном қызметінен бастаған Фазыл Кәрібжанов көрнекті мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді. Өз дәуренінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ауылшаруашылық бөлімі меңгерушісі, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған. «Фазыл Кәрібжанов небәрі 48 жас өмір сүрді. Осы қысқа ғұмырында еліміздің экономикалық дамуына қосқан үлесі зор. Соғыс жылдарындағы үздік қызметі үшін ол екі рет «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Оның талмас еңбегінің нәтижесінде еліміздің егіс алқабының көлемі 30 млн гектарға жетті. Ал үш жылдан кейін Қазақ елі мемлекетке 1 млрд 340 млн пұт астық өткізді. Бұл көрсеткіш соңғы 11 жылды қоса есептеген көрсеткіштерден де асып түсті. Осындай жетістіктері үшін Фазыл Кәрібжанов «Ленин» орденімен марапатталды», – деді ҚР мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед. Кеш барысында министр мырза ел Президентінің Фазыл Кәрібжановтың 100 жылдығына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР мәдениет және ақпарат министрі:
– Өмірдің заңдылығы солай, біреулер көп жасағанымен, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе тындырмайды, ал енді біреулері қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырында артында жарқын із қалдырады. Сондай тұлғалардың бірі – Фазыл Кәрібжанов. Биыл қазақтың ардақты ұлының дүниеге келгеніне – 100 жыл. Мерейлі датаға орай, ардақты ағамыздың абыройлы да жемісті еңбектерін кеңірек танып-білу үшін еліміздің бірқатар облыстарында игі шаралар өтетін болады. Атап айтқанда, Көкшетау, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облысында, сондай-ақ Ф.Кәрібжанов қызмет атқарған өңірлерде мерейлі той атап өтіледі.