Хош! Сайлау өтті. Парламентке өкіл жіберетін партиялар қорытындыға орайластырып кандидаттарын тізуге кірісіп те жатыр. Мәжілісте халық сөзін сөйлеп, ұлыстың жолын жаңғыртатын, заң қабылдайтын қайраткерлер кім? Әм бесінші Парламенттің негізгі міндеті қандай?
Тәуелсіздіктен бергі екі Жоғарғы кеңесті қоспағанда, 2012 жылы сайланған Парламент бесінші шақырылымға жатады. Бұған дейінгі парламентаризм тарихына көз салсақ, алғаш рет заң шығарушы кәсіби органға сайлау 1995 жылы 9 желтоқсанда өтіп, 67 депутат тұңғыш рет мәжілісмен атаныпты. Екінші Мәжіліс 1999 жылдың күзінде енгізілген конституциялық өзгерістерге сәйкес алғаш рет Орталық Азия өңірінде аралас схема бойынша сайланып, онда саяси партияларға тең өкілдік негізінде партиялық тізім бойынша мүмкіндік қамтылған болатын. Осындай жаңалықтың нәтижесінде сол жылғы сайлау парламенттік үлгідегі саяси партиялар құру процесін ынталандыра отырып, жоғары саяси мәнімен және баламалы түрде өтуімен ерекшеленді. Сайлауға 10 саяси партия қатысып, 7 пайыздық барьерді еңсерген «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері Мәжіліске енді. Үшінші Парламентті сайлау 2004 жылғы қыркүйекте өтті. Сайлауға 12 саяси партия қатысса, олардың 4-еуі екі сайлауалды блогтың құрамында болды. Сол кездегі Мәжілістің 77 депутатының 59-ын саяси партиялар ұсынды. Төртінші сайланған Парламенттің жаңа құрамы Конституцияға 2007 жылғы мамырда енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес қалыптасты. Жаңартылған Конституцияға сәйкес, Мәжіліс 107 депутаттан құралатын болып, 98 депутат партиялық тізімдер бойынша сайланды. Тарихтағы «бір партиялы Парламенттің» алғашқы һәм соңғысы осы. Өзін-өзі таратқан екі Жоғарғы кеңесті қоспағанда, кәсіби Парламенттің соңғы екі шақырылымы да мерзімінен бұрын өздерін құрбандыққа шалған болатын.
Заң шығару тармағына билікке келмекке белін бекем буынып отырған бесінші Парламенттің басты міндетін былтыр тарқаған төртінші Парламент-ақ айқындап қойған. Яғни «келемін, еліңе енемін» десе, қашып құтыла алмайтын дағдарысқа лайықты тойтарыс беру. Тарқаудың басты себебі де осы болатын: «уақытты құр қаза жібермей, болуы мүмкін дағдарысқа қарсы пәрменді Парламент келсін» деген. Расында, қазіргі әлем жұртшылығы айтпай келетін алай-дүлейге өз қамынша қарекеттеніп жатқаны байқалады. Ендеше, бесінші Парламенттің басты әуселесі антидағдарыстық шаралармен байқалмақ. Бұл тұрғыда қазақ буржуазиясын қолдап, ұлттық кәсіпкерлікке қосымша дем беруді міндет санаған «ақ жолдықтардың» Мәжіліске өтуі де құптарлық десе болады. Жаңа құрамдағы депутаттардың тағы бір маңызды міндеті ел тыныштығын сақтайтын заңдарды қамтамасыз ету болып табылады. Былтырғы жылдың есте қалған басты оқиғаларынан тұрақтылықты сақтауға қатысты біршама мысалдар келтіруге болады. Бұл тұрғыда лаңкестікпен күресті заңнамалық қамтамасыз ету аса өзекті. Оның үстіне, сарапшылар Орталық Азияда алдағы жағдайдың күрделілігін болжайды. Сондықтан билік лаңкестік қатерлерге тиімді әрі шұғыл шараларды жан-жақты қамдағаны ләзім. Жаңа құрамды Парламент үшін үшінші маңызды міндет – этникааралық, конфессияаралық тұрақтылықты сақтай отырып, ұлт мәселесін тереңдете түсу. Ұлтшылдық ұранды көтеріп жүрген партияластардың Парламентке өтпеуі ұлттық ұпайдың түгелін білдірмейді. Оның үстіне, ұлтшылдар көтерген мәселелердің оң әрі уақтылы шешіліп отыруын тұрақтылықтың басты тетігі ретінде санауға да болады. Мәжілістен ұлтшылдардың шеттеп, коммунистердің жолы болғаны бір төбе азаматтардың көңіліне мүлдем кері әсер етпес үшін ұлтқа қажетті деп саналатын зәру заңдар қабылданғаны жөн. Оның ішінде тілге қатысты мәселе де ендігі күні кейінге ысырылмауы шарт. Айтқандай, заң жобалау жұмыстары өзгеріске ұшырап кетпесе, Үкімет «Тіл туралы» Заңды осы жылы Мәжіліске жөнелтуі керек болатын. Ендеше, жаңа құралатын депутаттық корпус тіл мәселесін қалай бағдарлайтынын алдағы уақытта байқап қалуымыз ғажап емес.
Осындай әлеуетті жүкті арқалайтын, әлеуметтің ауқаттылығын арттыруға қызмет ететін депутаттар кімдер болмақ? Былайша айтқанда, жаңаша құрамдалатын Мәжілістен қандай қайраткерді көргіміз келеді? Дәл осы мәселе төңірегінде халықаралық байқаушылардан бір тілек естігенбіз. Литва Сеймінің депутаты Юлиус Сабатаускасты депутаттық тізімнің сайлаудан кейін ғана белгілі болатыны таңғалдырыпты. «Халық дауыс беру барысында өзінің таңдауы нәтижесінде кімнің депутат болатынын біле алмайтын көрінеді. Яғни сайлау қорытындылары жарияланып, қай партиядан неше депутат өтетіні белгілі болғанда ғана депутаттар тізімі жасалады екен. Бұл біз үшін біртүрлі оғаш секілді, бірақ қазақстандық дәстүрдің өзіндік ерекшелігі бар шығар, мен оны біле алмадым», – дейді қайранын жасыра алмаған Сейм депутаты Юлиус.
Бақсақ, байқаушы жөн айтатын тәрізді. 7 пайызды еңсерсе, партиядан кім өтетіні алдын ала белгілі болса, жұрттың соған қарап дауыс саралауға мүмкіндігі қамтылса, одан ұпайымыз кемімейтіні, қайта бүгінгідей бақай есеппен бал ашпай, әуел бастан дұрыс таңдау жасалатыны анық. Өркениетті елдерде де осы тәжірибе қолданылады. Ендеше, Юлиус Сабатаускастың тілегін ескеретін екен. Ал, жалпы, депутат кім болмақтан бұрын, ол қандай болуы керек деген мәселені осыдан ғасыр бұрын Алаштың арысы Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде көтеріп кеткені белгілі. Ресей Думасына қазақтан депутат сайлану мүмкіндігіне орай жазған мақаласында ол депутаттардың қазаққа шын пайдалы болуы керектігін айтады. Пайдалы депутат қандай болады? «Ақ жүрек, таза болса. Жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ержүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді шешен, оқыған көсем болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне, депутат болуға осындай адамдар лайық. Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат болған кісі абыройлы, жақсы болса, жұрттың алдына Алла бергендер түседі. Бірақ Алла берген пенделердің бәрі бірдей депутат болуға жарамайтынын бірінші Дума көрсеткен», – деп жазады Міржақып Дулатов. Қайраткердің бұл арнауы Тәуелсіз Қазақстанның депутатын сайлаушыларға да қаратып айтылған өсиет іспеттес өзекті дүние екені даусыз.
«Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт»
Последние статьи автора