- Жолдаудың қандай тұсы көңіліңізден шықты?
- Бүгінгі мемлекет басшысының Жолдауында 7 үлкен басты басымдық айтылды. Оның алғашқы тарауларында елдің экономикасына, әлеуметтік дамуына, орта және шағын бизнестің дамуына назар аударылған болса соңғы бөлімдерінде құқық қорғау органдарына, заңнамаларды дамытуға байланысты Президентіміз өз пікірін білдірді. Соның ішінде менің өзіме азамат ретінде, жеке тұлға ретінде «Әділетті мемлекет адамдардың құқығын қорғаудағы басты темірқазық» идеясы ұнады. Өйткені бұл бөлімде мемлекет басшысы мемлекеттің адамға, адамзатқа қызмет ететіні туралы кеңінен айтып өтті. Осыған дейін «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» деген тұжырымдамасында да халықтың мемлекет үшін маңызды екеніне қатысты біршама ұсыныстар айтылып, шешімін тапқан болатын. Осы орайда құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметіне жіті назар аударғаны байқалады. Қазір полиция қызметкерлерінің халыққа қызмет етуі Кеңестік форматтың қалыбынан шығып, заманға сай өзгере түсті. Сонымен қатар полиция, прокуратура, сот органдары деп үш негізгі қызмет ететін бағыттарын айқындап берді. Оның ішінде полиция адам өміріне қауіп төндіретін қылмыстардың алдын алу, оларды дер кезінде ашумен айналысатын болса, прокуратура сол қылмыстық іске байланысты жиналған деректердің, мәліметтердің құқықтық бағасын береді. Сот органдары адамдардың шағымдарын, өтініштерін қарап, таразылап өздерінің құқықтық шешімдерін шығаратын орын болуы керектігін атап өтті. Жолдаудағы ең басты түйін әділеттілік принцпі. Мемлекеттік орган болсын, онда қызмет ететін мемлекеттік қызметкер болсын ең басты қызметіндегі функциясы әділеттілік принцпін ұстануы, мемлекетке әділ, адал қызмет етіп, Қазақстан еліне, азаматтарына адал қызмет етуі деуге болады. Жалпы Жолдау осындай кезеңде халықтың көкейіне сенім ұялатқан, жақсы бастама болды еуге болады. Жолдаудан күтер үміт көп болып отыр.
- Бұл Жолдаудың бұрынғы Жолдаулардан басты айырмашылығы неде?
- Басты айырмашалық дәл қазіргі таңдағы өзекті деп танылған дүниелердің көтерілуін айтар едім. Мәселен әлемді жайлаған коронавирус инфекциясына орай, еліміздің медицина саласындағы мәселелерінің қамтылуы, саланы реформалауға көңіл бөлінуі, бюджетті уақыт талабына қарай қайта жоспарлауы дер едім. Ешқандай пайдасы жоқ, тек атаулары бар жобаларға көңіл бөлмей, мемлекеттің дәл қазіргі таңдағы қажеттілігіне, халықтың қалауына орай әрекет етілуі, тек халыққа қазір пайдасы тиетін нәрселерді қаржыландыруға көңіл бөлінуі бұл Жолдаудың жаңашылдығын көрсетеді.
- Мемлекет басшысына тікелей бағынатын Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін, Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құру туралы ұсыныстар айтылды. Әлеуметтік желілерде халық «бұрыннан бар агенттіктердің жұмысы қаншылықты нәтижелі болып жатқанына талдау жасап алу керек ау алдымен» деп агенттіктердің қоғамға қаншалықты пайдасы барына күмәнмен қарап отыр. Осы орайда Сіздің ойыңызша жаңадан құрылатын агенттіктер қоғамымымызға қаншалықты керек деп ойлайсыз?
- Кез келген мемлекеттік орган құрылған кезде осыған дейін құрылған құзырлы орындардың функциясы қайта қаралып, бір бірін қайталамауына көңіл бөлініп, жаңадан құрылған мемлекеттік органға жаңаша құзірет беріледі. Мемлекет айтарлықтай дамыды. Цифрлы өркениетке қадам басып бара жатырмыз. Өмірге жаңадан келген агенттіктер жаңаша бір стратегияларды өмірге әкеліп, жаңа бір бағдарламаларды бекітіп қоғамымыздың дамуына атсалысуы бек мүмкін. Егер салихалы, сарабдал идеяларды өмірге әкеліп, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосатын болса неге жаңа органды құрмасқа?!
- 2021 жылы 700 мың қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алатыны айтылды. Мемлекет басшысы бұл туралы «Тапсырмамның аясында тұрғындар өз зейнетақы жинағының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинағының бөлімін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», - деді. Осы орайда зейнетақы қорындағы қаржысын қоғамымыздың қандай топтары алғанын қалар едіңіз?
- Зейнетақы қорындағы қаржыны пайдалану мәселесінің айтылып келе жатқанына біршама уақыт болды. Бүгін мемлекет басшысы бұл туралы өзінің нақты көзқарасын жеткізді. Менің ойымша бұл мәселе жөнінде мемлекеттік органдар әлі де болса жұмыс жасауы керек. Бүгінгі күні мұқтаж, әлеуметтік жағдайы нашар, әл-ауқаты төмен қоғам мүшелерінің бұл бөлістен қалыс қалмауын қалаймын. Бұл ұзақ уақыт қарастырылып, әділ түрде іске асатын бастама болса екен деп тілеймін. Ұлттық банк, зейнетақы қоры секілді мемлекеттік органдар ұзақ уақыт сараптамадан өткізіп барып, шешім шығарар деген ойдамын. Сарапшы мамандардың, экономистердің, сол саланы терең білетін мамандардың жан жақты ойластырып шешім шығаруы маңызды деп санаймын. Ертеңгі күні «қаптың түбінің бос болып қалмауын» да қарастырып, мемлекетіміз үшін де қолайлы бір шешім шығарылса дұрыс болар еді.
Қуаныш Ермекова
Жамаладин Ибрагимов, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заң факультетінің деканы:"Жолдаудан күтер үміт көп"
Последние статьи автора