Кеше Алматы қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Лауха» ғылыми-зерттеу орталығы қоғамдық қоры «ИЫҰ Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Жиынға қатысқан отандық тарихшылар, саясаттанушы, экономист, халықаралық қатынастар мамандары және қоғам қайраткерлері Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасының өзекті мәселелерін талқылап, Қазақстанның ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде (ИЫҰ СІМК) төрағалық етуінің келелі мәселелерін сөз етті. «Лауха» қоғамдық қорының президенті Тимур Жұманның атап өткеніндей, соңғы 10 жыл бедерінде Орталық Азия елдерінің сыртқы саясатында де исламдық вектордың күшейгені байқалады. «Бұл елдер ислам әлемімен саяси-экономикалық және мәдени қарым-қатынастарын саналы түрде нығайтып отыр. Әрине, біздің посткеңестік қоғамның белгілі бір бөлігінде исламға қатыстының барлығын дін, саясат және идеологияға жатады деген қате түсінік пайда болады. Бұл біздің ИЫҰ-ға төрағалық етуге де қатысты. Бұл ұйымды саяси, діни немесе мәдени ұйым деп біржақты бағалау дұрыс емес. ИЫҰ орасан зор байлыққа ие, экономикалық және қаржылық мүмкіншіліктері жылдам өсіп келе жатқан үлкен нарығы бар елдерді біріктіреді. Бұл дегеніміз – ИЫҰ Орталық Азия елдері, соның ішінде Қазақстан үшін сауда-саттықты дамытып, инвестициялар тартудың маңызды мүмкіндіктерінің бірі болып табылады», – деді Т.Жұманов.
Әлемде БҰҰ-дан кейінгі екінші үлкен ұйым саналатын 57 елді біріктірген «Исламдық БҰҰ» – ИЫҰ-ның құрамы дамуы әр алуан елдерден тұрады. Тарих ғылымының докторы, профессор Заур Жалилов ИЫҰ елдерін үш топқа бөліп қарастырады. Бірінші топқа саяси-экономикалық тұрақты елдер жатады, ал соғыс жағдайында тұрған, діни-экстремистік топтардың ықпалы бар (мәселен, Пәкістан), әлеуметтік шиеленіс ахуалы орнаған, сыртқы саяси қызметке араласуға құлықсыз (мысалы, Түрікменстан) сипаты жағынан бейтарап елдер екінші топты құрайды. Үшінші экономикалық дамуы төмен, саяси топтар арасындағы алауыздық ушыққан, билігі легитимді емес, сыртқы күштерге тәуелді тұрақсыз елдерді (Албания, Ирак, Сомали, Сенегал) жатқызуға болады. Жиында сөйлеген Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің халықаралық қатынастар факультетінің деканы, философия ғылымының докторы, профессор Д.Раевтың пікірінше, Ислам ынтымақтастығы ұйымының атауы айтып тұрғандай, ынтымақтастық әлемдегі басты құндылық болуы қажет. Әркім Құдайды әрқалай жолмен таниды, діни сенімдері әртүрлі, адам баласы бір-бірінің сенімін сыйлауы керек. Бұл үшін ынтымақтастық керек.
Ынтымақтастық – әлемдік құндылық
Последние статьи автора