Doing Business атты рейтингінің «халықаралық сауда» компоненті бойынша Қазақстан 182-орында тұр. 185 елдің арасындағы – 182! Біз соңынан санағандағы төртікке табан тіреппіз. Озық 30-ды бетке ұстаған ел үшін бұл – еш абырой әпермейтін, мүлдем ыңғайсыз көрсеткіш. Doing Business-тің бұл көрсеткішіне қатысты қаржы министрі мәселені жуып-шайғанымен, сауда-саттық пен кеден төңірегінде біраз былықтардың бары байқалды. Кеше Мәжілісте Үкімет сағаты өтіп, бас қаржыгер Болат Жәмішевтің баяндамасын талқылаған қалаулылар біраз жайттың басын қылтитты.
Бас қаржыгер қарымды Қазақстан үшін бұл тым төмен көрсеткіш екенін бірден мойындайды. Doing Business рейтинг агенттігінің бұл бағалауы, шындығында, «халықаралық сауда» көрігі қызбай, кері кетіп тұрғанын көрсетеді. Алайда министр сасқан жоқ. «Рейтинг қалыптасатын көрсеткіштерді мұқият қарастырсақ, онда мынаны аңғарамыз: Қытай портынан Алматы қаласына жеткізілетін бір контейнер үшін 4600 евро шығын кетеді екен. Осының ішіндегі 3000-ға тарта евросы сол Қытай аумағына кететін тасымалға тиесілі. Ал қалған сомасы Қазақстан шекарасынан Алматы қаласына дейінгі тасымал мен барлық құжаттарды әзірлеуге, рәсімдеуге кететін шығын болып табылады. Біздің заңнамамыз бойынша сыртқы экономикалық қызметтерге қатысатындардан сұралатын құжаттар тізбесі көп-ақ», – дейді министр Болат Бидахметұлы. Сосын министр рейтингіде, негізінен, мемлекеттік органдардың қызметі бағаланбайтынын айтып ақталды. Бақсақ, көсегемізді көгертпей, кері тартып тұрған бұл рейтинг сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін жасалған екен және олар дәл осыны есептегенде Қытай портынан Алматы қаласына дейінгі жеткізуге кететін болжамды шығындарды мысалға алған көрінеді. Осыны меңзеген министр «шекарадан Алматыға дейін, әйтпесе Алматыдан ауылдарға дейін есептесе ғой» деген емеурінін танытып, онда жағдайдың мүлдем басқаша болатынын түсіндірмекке тырысты. Қайткенмен, Қазақстан үшін қай рейтинг болса да маңызды. Сондықтан да министр Болат Бидахметұлы үшін алдағы уақыттағы басты міндет сыртқы саудаға қатысатындарды қағазбастылықтан арылтып, электрондық ақпараттық үдеріске барынша бейімдеу болып отыр. Дәл осы Doing Business-2013 рейтингісіндегі жайтты талқылау барысында депутат Гүлжан Қарағұсова да біраз сөз қылып, нақты мысалмен «қағаздан құтылудың» қажеттілігін алға тартқан еді. Бақсақ, шындығында, әлгі рейтинг тауарлар экспорты мен импорты кезіндегі барлық процедуралардан өтуге кететін уақыттан бастап, құжаттардың санына, сол секілді жалпы шығынға негізделеді екен. «Айталық, Doing Business мәліметтеріне қарағанда, Қазақстанда тауар экспорты үшін 9 құжат пен 81 күн керек. Ал Грузияда экспорттаушы 4 құжат көрсетсе, бар-жоғы 9 күннің ішінде сыртқа шығара береді. Импортта да солай: Қазақстанға кіретін тауарға 12 құжат пен 69 күн, ал Грузияда 4 құжат пен 10 күн ғана. Айырма жер мен көктей», – дейді депутат Гүлжан Қарағұсова. Бұдан бөлек, Қазақстанның экспорты мен импортына қажетті рұқсатнамалар жиынтығы 83-ке жетіп жығылады екен. Ендеше, артынан санағанда төрттік болмай қайтеміз?
Қытайға күнара «өзіме киюге» деп 1000 шәркей алып шығатындардың жолы кесіледі
Ендігі бір түйінді мәселе – кеденнен келетін тауар импортының қым-қуыттығына қатысты болып отыр. Әлбетте, бұнда да былық-шылықтар аз емес екенін мойындайтындар бар. Әйгілі «Қорғас ісі» де осыған дәлел. Екіншіден, базар біткеннің бәрі тауарды заңды жолмен әкеліп жатыр ма? Тұтылғаны миллиардты құрайды, ал ұсталмағаны базардың көркін қыздырып жатыр. «Кеден заңнамасының қолданыстағы тұжырымы, негізінен, Қазақстанда жүргізіліп жатқан екі бағыттағы бизнес бойынша қалыптасқан. Оның бірі импорт пен экспортқа қатысты болса, екіншісі елдің ішкі бизнесіне байланысты. Жалпы, Қазақстанға келіп кіретін тауар импортының басым бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі. Ал жеке тұлғалардың тауар импорты дегеннің өзі шым-шытырық. Мәселен, шекара арқылы тауар өтеді, ол бойынша кеден төлемдері жасалады. Ал содан соң жеке тұлға қазақстандық ішкі нарыққа ене салып «жоғалып» кетеді. Өйткені заңнамаға сәйкес, жеке тұлға шекарадан алып өткен заттарын елдің ішкі жағына апарып, кәсіпкерлік үшін сата алмайды. Сондықтан да әлгі шекарадан алынып өтілген бүкіл тауарды бір кәсіпкер немесе кәсіпорын сатып алады да, сөйтіп, түп тарихы импорттан басталған тауар қазақстандық нарыққа шыға келеді», – дейді Болат Жәмішев. Оның айтуынша, мұнда бизнес-үдерістегі әкімшілендірудің алшақтығы бірқатар проблемалар тудырады. Министр мұны «еліміздің ішкі нарығындағы тауар айналымы импорт пен экспорттық айналыммен сәйкеспей тұр» деп түсіндіреді. Осының жолын жеңілдету үшін Қаржы министрлігі алдағы уақытта «өтпелі» бақылауды нақты уыста ұстайтын кедендік және салықтық әкімшілендіруді тұтас жасауды қолға алмақ. Бұл үшін уәкілетті экономикалық операторлар жүйесін дамыту көзделеді. Яғни шекарадан өтетін уақ сауда-саттықтың қызметі де кейіннен бақылауда тұрады. «Бұл қадамның өзі, біздің ойымызша, жеке тұлғалардың сыртқы экономикалық қызметке қатысуын дестимулизациялауды қамтамасыз етуі тиіс. Осы бағытта қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп қалуы мүмкін. Ал оның аясында «тауарлардың коммерциялық топтамасы» термині айқындалуы шарт. Мәселен, қазір шекарадан өтудің қыр-сырын білетіндер «жеке басыма пайдалану үшін» деп күнара мыңдаған шәркейді (тапочка) сырттан дорбалап әкеліп жатыр. Шындығында, «жеке басыма пайдалануға» мыңдаған шәркейдің өзі әбден артық екені дау туғызбас. Ендеше, кеден арқылы кіріп-шығатын жеке тұлға әкелетін затын толықтай, тіпті ол 50 келіге жетпесе де, декларациялауы керек. Біз ешқандай тыйым туралы айтып отырған жоқпыз, экономикалық тәсілдерді ұтымды қолдануды айтып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, «өз басыма пайдаланамын» деп күн сайын дорбалайтындар өздерінің «бет пердесін ашып» кәсіпкер ретінде тіркелсін», – дейді министр Болат Бидахметұлы.
Кедендік одақ оффшор үшін таптырмас тетікке айналып барады
Министр мәлімдемесінен соң, қосымша баяндама жасаған мәжілісмен Гүлжан Қарағұсова қабылданып жатқан шараларға көңіл толмастығын айтып қалды. Айтуынша, қауқарлы істер атқарылып жатқандай көрінгенімен, кеден саласындағы көш ілгері басқан емес. Осыны алға тартқан депутат, бірқатар кем-кетікті тізіп шықты. Кедендік органдарда «бір терезе» қағидатының әлі сөз жүзінде екенін айтып, электронды декларацияның ауылы әлі де алыстығын атап-атап көрсетті. Оған дәлелдің бірін сөз басындағы Doing Business рейтингісінен де көрсеткенбіз. Ал Кедендік одақтағы Қазақстанның қызметі жіті һәм барынша жеке назар аударуды талап ететін көрінеді.
Гүлжан ҚАРАҒҰСОВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Кедендік одақ аумағы аз күннің ішінде-ақ оффшорға қаражат аудару үшін оңтайлы схемаға айналып алды. Өйткені Кедендік одаққа қатысушы-мемлекеттер аумағында шекаралық бақылаудың болмауы осыған барынша жағдай жасап отыр. Сондықтан да дәл осы олқы тұсты пайдаланатын жалған экспортшыларды бақылау аса қиынға соғып тұрғаны айқын. Сол үшін бүгінгі таңда мемлекетүстілік деңгейде, оның ішінде Қазақстан, Ресей мен Беларусь арасындағы кедендік органдардың ақпараттық өзара әрекеттесу қажеттігі аса өзектіге айналып барады. Ал мұндай өзара байланыстың болмауы тауарлар декларациясының сапасына да, шекарадағы тауарды рәсімдеуге кететін уақыттың созылуына да әсер етпей қоймайды.
«Халықаралық сауда» рейтингінде соңынан санағанда төрттікті тіреп тұрмыз
Последние статьи автора