Жаңа жыл жақындаған сәтте келер жыл «иесінің» қасиеттері туралы баяндалып, бұрынғы бірнеше мүшел жыл бұрынғы оқиғалар тізбектеліп айтылып жатады. Тіпті келе жатқан жылы қандай киім сәнге айналатынына дейін белгілеп қойылады. Сонымен, ұлу жылы қандай оқиғаларымен есте қалды? Қазақ бұл жылды қалай өткерген және жаңа жылға жасалған болжамдар қандай? Осы мәселелерге тоқталып, өзімізше жауап іздеп көрсек.
Ұлу жылдарындағы қазақ тарихы
Қояннан кейін кіретін ұлу жылын қазақ халқы ұлу суда өсетіндіктен, бұл жылы астық, шөп мол болады деп оны жайлы жыл санайды. Тұрмыс көзі мал шаруашылығы болған халқымыз бұл болжамдарды ертеректе айтса керек. Сонымен, ұлу жылында қандай оқиғалар болған? Кеңес билігінің алғашқы жылдары ұлу жылы қазақ үшін аса жайлы болды деп айта алмаймыз.1916 жылғы патша жарлығы орысқа бодан болған қазақ ұлтын біріктіре түсті. Жарлық бойынша жұмыстан немесе әкімшілік ережелері мен талаптарын орындаудан бас тартқан жұмысшыларды түрмеге отырғызуға немесе үш ай мерзімге тұтқынға алуға, болмаса айып ретінде ақша өндіріп алуға кесетін болды. Азық-түлік екі-үш есе қымбаттауы да халықтың наразылығын өршіте түсті. Ортақ идея күшейіп, қазақ азаматтарын қара жұмысқа кесу туралы жарлық шығарған патша өкіметіне қарсы ұлт-азаттық көтеріліске ұласты. Бұл көтеріліс қазақ тарихында мәңгі қалды. 1928 жылы экономика саласында үлкен өзгерістер болып, Сталиннің шешімімен мемлекеттік жоспарлау енгізілді. Осы жылы тарихтағы әйгілі кәмпеске науқаны жүргізілді. Дәл осы жылы қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университеті (АлМУ) — Қазақстандағы тұңғыш мемлекеттік жоғары оқу орны ашылды. Алғашқыда тіл-мәдениет, физика, математика, жаратылыстану факультеттері ұйымдастырылды. Оқу орнының бірінші ректоры көрнекті қоғам қайраткері, профессор С.Асфендияров болды. Ғылым индустрияға бет бұрған еліміз үшін ұлу жылы сәтті болатын сыңайлы. Себебі 1940 жылы Қазақстанда 2580 ірі кәсіпорын жұмыс істеп, индустрияның жалпы өнімі 1940 жылы 1913 жылмен салыстырғанда 7,9 есе өсті. 1940 жылы еліміз Одақ бойынша көмірдің – 4,2%-ын; мұнайдың – 2,2%-ын; қорғасынның – 87%-ын; мыстың 21%-ын өндірді. Осы жылы Қазақстанда 57 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істеді. Бұларда 1700-ге жуық қызметкер еңбек еткен. Ұлу дөп келген 1988 жылы шындық ашылып, әділеттілік орнады. Себебі осы жылы Алаш арыстары ақталған болатын.
Тәуелсіз Қазақ елі алғашқы қоян жылын қалай өткерді?
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы өзінің 20 жылдық тарихында бұған дейін бір ғана ұлу жылын өткеріпті. Жаңа мыңжылдықты азат ел ретінде қарсы алған Қазақстанның өмірінде ірі оқиғалар болды. Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан басшыларының мемлекеттік кеңесі өтті. Онда Н.Назарбаевтың ұсынысымен Еуразиялық экономикалық қауымдастық (ЕурАзЭҚ) құру жөнінде құжат қабылданды. 2000 жыл ел тарихында «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде қалды. Бұл жылдың басты оқиғаларының бірі – түркі жұртының рухани орталығы болған Түркістан қаласының 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтуі болды. Рухани кемелдену жылына айналған кезекті ұлу жылында елімізде 757 мәдениет мекемесі ашылған. Деректерге сүйенсек, Қостанайда Ахмет Байтұрсыновтың, Павлодарда Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Атырауда Бейбарыс сұлтан мен күй атасы Құрманғазының, Алматыда Абылай ханның ескерткіштері ашылды. Сәбит Мұқановтың, Бауыржан Момышұлының, Жұбан Молдағалиевтің, Иса Байзақовтың, Елубай Өмірзақовтың мерейтойлары аталып өтті, Ақмола облысында Қабанбай батырдың кесенесі тұрғызылған. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы ұлу жылында спорт жетістіктері де аз болған жоқ. Біз үшін Сидней Олимпиадасы – әзірге ең табысты дода.
Келер жылға жауырыншылардың жорамалы қандай?
Жорамалдары дөп келетін жұлдызшылар мен жауырыншылар ұлудың табиғатына қарап тыныш, бірқалыпты жыл болып өтетінін алға тартуда. Бұрынғы ұлу жылдарына көз жүгіртсек, қоғамда ірі саяси өзгерістердің болмағанын аңғаруға болады. Сарапшы қауым әлемнің ең ірі екі мемлекеті АҚШ пен Ресей (президент сайлауы) ішкі саяси ахуалына көбірек көңіл бөлетіндіктен, әлемдік деңгейде айтарлықтай оқиғалардың болмайтынын болжайды. Еуропа құрлығында Олимпиада ойындары мен футбол біріншілігі өтетіндіктен, дүниежүзі тұрақтылыққа мүдделілік танытады. Ал Қазақстан халқының саны алдағы жылы 17 млн-ға жетеді деген болжам бар. Қазақ топырағында ұлу жылы туған тұлғалар аз емес. Атап айтар болсақ, Әбілхан Қастеев, Әлкей Марғұлан, Жүсіпбек Елебеков, Кәукен Кенжетаев, Хамит Ерғали, Ғафу Қайырбеков, Қалтай Мұхамеджанов, Мұхтар Мағауин, Ербол Сыпатаев сияқты ұлт ұландары ұлу жылдары өмірге келген. Сондай-ақ бұл жылы әлемдік деңгейдегі көшбасшылар да дүниеге келуі мүмкін. Себебі қазіргі Қытайдың іргетасын қалаған Дэн Сяопин (1904), Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев (1940), Ресей лидері Владимир Путин (1952) сияқты көрнекті тұлғалар ұлу жылы туған.
Ұлу жылғы оқиғалар
Последние статьи автора