Турасын айтсақ, әрбір тарихи даму кезеңінде өзіндік идеясы болмайтын ұлт жоқ және де кең ауқымды адамдар тобының санасы мен жүрегін жаулап алуда ешбір идея тиімділігі жағынан ұлттық идеямен теңдесе алмайтыны анық. «Орыс идеясы» ұғымын алғаш рет енгізген Ф.М. Достоевский өзінің «Қылмыс пен жаза» романында «Асқақ идеясыз адам да, ұлт та өмір сүре алмайды» деп жазғаны осы сөзімізге дәлел болса керек.
Қазіргі қазақ ұлттық идеясы – әлеуметтік жаңғыру
Кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық басылымдарда жарық көрген «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» деген мақаласында Табиғат-Ананы бүлдіруді мақсат етіп кеткен тұтынушылық қоғам тұжырымдамасының орнына ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫ идеясын ұсынды. «Бүгін өткен жүзжылдықтың 60-жылдарында кеңінен таралған тұтынушылық қоғам тұжырымдамасының елесі айқын сезіледі. Тұтынудың бұл идеологиясы бүлдіруші болғанына бүгін бүкіл әлем ерекше көз жеткізіп отыр. Ол әлемнің дамыған елдерінде жаппай әлеуметтік масылдық туындатты және жаһандық дағдарыстың басты себептерінің бірі болып табылады. Тек бүкіл әлемде ғана емес, сондай-ақ тіпті дамыған елдерде жүзеге асырылуы мүмкін болмайтын бұл жалған идеяға сындарлы балама табуға болады. Және мұндай балама Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы болып табылады. Бұл жерде ешқандай өзіндік идеология ойлап шығарылмайды. Ақыр аяғында әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады. Сондықтан біздің әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз» деп жазды Елбасы Н.Назарбаев өз мақаласында. Үкіметке 2013 жылдың 1 шілдесіне дейін Әлеуметтік жаңғыртудың 2016 жылға дейінгі кезеңге арналған жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлеу тапсырылды. Шындығында, қазіргі барша қазақстандықты жұмылдыратын идея әлеуметттік жаңғыру болып отыр. Әлеуметтік жаңғыру бар саланы қамтуы тиіс және онсыз мемлекет пен қоғамның алға басуы мүмкін емес. Бұл үшін әлеуметтік жаңғыруды ұлттық идея ретінде қабылдап, бүкіл халық сілкініп, қозғалысқа келуі керек сияқты. Әлеуметтік жаңғыру ұлттық идея ретінде қарастырылғанда ғана жүзеге асады. Ал ұлттық идеяны абстрактілі ұғым ретінде қарастырғанымызбен, санадан берік орын алатын идея өте қуатты біріктіруші, жұмылдырушы құдіретті күшке айналады.
Игі идеялар – алға жетелейтін күш
Тарихта мемлекет пен қоғам көшбасшылары халықтың интеллектуалдық күш-қуаты мен ұлттық ресурсын біріктіріп, ортақ мақсатқа бастайтын жалпыұлттық идея тауып отырған. Қиын-қыстау кезеңнен ұлтты алға сүйреп шығаратын ұлттық идеялар мен ұлттық бірегейліктердің әлемдік тәжірибесін көптеп кездестіруге болады. Ұлы депрессия жылдары АҚШ-ты шыңыраудан алып шыққан Рузвельттің «Жаңа курсы», одан кейін Дж. Кеннедидің «жаңа қоғамы» түптеп келгенде «америкалық арманның» құрамдас бөлігін құрады. Қазіргі кезде америкалықтар өздерін әлемдік көшбасшы, бір полюстік әлемнің орталығы ретінде сезінеді, рухтанады. Екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілген Жапонияның қарыштап дамуына күшті идеологиялық тұғырнама себеп болды. Соғыста тас-талқан болып жеңіліске ұшырау, Перл Харборға шабуыл Күншығыс империясының кеңею арманын жоққа шығарды. Осы кезде «Біз соғыста жеңілсек те, бейбіт өмірде жеңіске жетуіміз керек. Қан майданда жеңілдік, бірақ экономикада жеңу қажет» деген ұлттық идея алға шықты. «Игілікті мемлекет» ұранын көтерген Исибаси үкіметінің, одан кейін Икэда үкіметінің «ұлттық табысты екі еселеу» ұранын жалау еткен жоспарлары жапон жұртынан кең қолдау тауып, соғыстан қалжыраған елдің экономикасы өрлей бастады. Жалпы ішкі өнімі 30 жыл бойы 10 пайыздан өсіп отырған Күншығыс елі ақыр соңында әлемдегі көшбасшы мемлекетке айналды. Жапон ұлттық идеясы мен реформасының жетістікке жетуінің себебі жапон тілі мен жапон менталитетіне негізделгендігінде еді. Түбі бір, саяси жүйесі бөлек Солтүстік Кореядан қауіпсіздігін қамтамасыз етуді басымдық тұтқан Оңтүстік Кореяның ұлттық идеясының мәні – бұрынғы отарлаушы ел – Жапонияны экономикалық даму жағынан қуып жетіп, басып озу болды. Кінәсін мойындау идеясы және оны жалпыеуропалық құндылықтарға қосу соғыстан кейінгі Германияға өзінің ұлтшылдық болмысын жеңіп шығуға жағдай туғызғаны анық. Герман экономикалық ғажайыбының авторы соғыстан кейінгі Эрдхард реформаларының басты жетістігінің құпиясы экономикалықпен қатар, рухани кеңістікте жатыр. Бір кездері генерал Шарль де Голльдің «Ұлы Франция» ұлттық идеясын жүзеге асырғаны белгілі. Өмірінің 27 жылын түрмеде өткізген Нельсон Мандела Оңтүстік Африка Республикасында ақ не қара нәсілге бөлмейтін, яғни апартеидсіз ел саясаты ОАР-дың ұлттық идеясына айналды. Бұл ұлттық идея жүректерге жол тауып, әлемнің қолдауына қол жеткізіп, ОАР-дың өрлеуіне мүмкіндік берді. Осындай әлемдік тәжірибені ескеріп, қазақтың болмысына жақын ұлттық идеологиясын заманға сай жандандыра білу керек сияқты.
Ойтұжырым
Кез келген саясат немесе мемлекеттік бағдарлама жемісті болуы үшін оны ұлттық идея формуласы ретінде қарастыру керек. Әлемдік тәжірибе алдымен ұлттық экономиканы көтеріп, бұған халықтың күш-қуатын жұмылдырып, ұлттық идея ретінде жүзеге асыратындығына көзімізді жеткізді. Яғни ұлттық идеяның игіліктері экономикадан бастау алған. Елбасымыздың бұған дейін ұсынған «Орталық Азия барысы», бәсекеге қабілетті экономика, индустриялық-инновациялық даму бағытындағы саясаты бүгінгі әлеуметтік жаңғыру идеясының баспалдағы һәм алғышарттары болды. Бұл идея әрбір азаматтың әлеуетіне қозғау салып, мемлекеттік ауқымда жүзеге асуы керек. Ондай асқақ идеялар, патша көңілді оқырман, сіздің көкейіңізде тұнып тұр, тек оны өмір шындығына айналдыруға атсалыссақ игі.