Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында
Әрбір мемлекеттің келешегі мектебінде шыңдалады. Болашақта ел тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» дегені бізге жарқын істерге апарар жолды меңзеп тұрғандай. Шын мәнінде, бүгінгі жас – ертеңгі елдің мызғымас тірегі, келешек келбеті. Сол себепті олардың білімді, алғыр, бәсекеге қабілетті болып өсуі ел дамуындағы аса маңызды фактор болып табылатыны анық.
Қазақтың атақты ақыны Әбділдә Тәжібаев атамыз «Бүгін үйрен жалаңаяқ шоқ басып, Ертең өртке лақтырса да күймеуге» деп жырға қосқандай, қазіргі таңда уақыт талабынан туындаған замана сұранысына сай ұрпақ тәрбиелеу – ұстаздар мен ата-ананың басты міндеті. Бүгінде жан-жақты білім аламын дейтін жасөспірімге мемлекет барынша жағдай жасап отыр. Кез келген ата-ана өз баласының бірнеше тіл меңгеріп, болашақта жан-жақты, бәсекеге қабілетті білікті маман болғанын қалайды. Ал мұндай жетістікке жетер жолдың бастау бұлағы – мектеп, сол мектепте берілген білім жеткіншектің бар тірлігінің қайнар бастауы болып табылады.
Білім және ғылым министрлігінің мектеп табалдырығын аттаған балаларға келесі жылдан бастап ағылшын тілін оқыту реформасы құптарлық іс екені даусыз. Өйткені аталмыш реформа уақыт талабына сай шара, болашаққа батыл қадам жасауға негізделген бірден-бір оңтайлы шешім екенін бүгінде ата-аналар қауымы мойындап отыр. Себебі бүгінгі күні кез келген халықаралық деңгейдегі мектептерде, Назарбаев зияткерлік мектептеріне, Назарбаев университетіне, Гарвард, Кембридж, Оксфорд сияқты оқу орындарына түсу үшін негізгі бағыттық пәндермен бірге басты кезекте ағылшын тілі талап етілетіндігі белгілі. Сол талапқа сай болу үшін оқушы да қажетті деңгейде білім алуға барынша талпынуы керек. Қай ата-ана өз баласының ең таңдаулы мектепте оқып, өз уақыты, заманы талап етіп отырған білім нәрімен сусындап, қажетті тілдерді меңгеріп, биіктен жарқырап көрінгенін қаламасын? Сондықтан болашақта балаларымыз көп тіл біліп, еліміздің намысын қорғап, биіктен көрініп жатса, ата-ананың мұраты, елдің сенімі ақталғаны деп білейік.