Бүгінде бергісі түрікшілдік, арғысы тұраншылдық идеясы өлген жоқ, қайта жаңа сапаға көтеріліп келеді. Отаршылдар таңба басып, қаралаған тұраншылдық ұғымына жаңа көзқарас керек, соны соқпақ салу керек. Тұран әртүрлі символикалық мағынада қолданылып қана қоймай, түркілерге ұран болар өміршең идея ретінде өмір сүруі керек. Саяси лексиконда мүлде қолданылмай жүрген бұл идея әлі күнге дейін біз үшін ескіліктің, артта қалушылықтың, жалаң ұлтшылдықтың көрінісі ретінде қабылданатыны өкінішті. Біздіңше, тұраншылдық пен түрікшілдік идеясы исі түркі баласын ұлы мақсаттар мен үкілі үміттерге жетелеуі тиіс.
Ертеде Түркістанды Тұран дескен...
«Ертеде Түркістанды Тұран дескен, Тұранда ер түрігім туып-өскен...» – деп ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, тур деп аталған көшпелі бабалар ен жайлаған Тұран – Түркістан өлкесінің көне атауы болған. «Авеста» мен Фирдоусидің «Шахнамасында» бұрын бір болған Иран мен Тұран елінің өзара байланысы мен тайталасы айтылады. Тұрандықтар деп сақ, массагет, кушан, оңтүстік эфталиттер, солтүстік ирандық халықтар аталған.
Әр алуан сипатына қарамастан, тұраншылдық – түрікшілдікпен өзектес, бірақ одан әлдеқайда ауқымды ұғым. Сарапшылар Түркия түркі бірлігі жолында «Ұлы Тұран» жобасы шеңберінде белсенді жұмыс істеп келе жатқанын айтады. «Ұлы Тұранның» аумағы Балқаннан Тынық мұхитына дейін, Оралдан Таяу Шығысқа дейінгі алапқа созылып жатыр. Тұран кеңістігіне Албания, Косово, Босния және Герцеговина, Қырым, Поволжье, Солтүстік Кавказ республикалары, бүкіл Орталық Азия, Закавказьенің шығысы, Ирак пен Иранның солтүстігі, Ауғанстанның бір бөлігі, Қытайдың солтүстік-батысы кіреді. Тұранға түркі жұрты ғана емес, фин-угор, моңғол, тунгус-маньчжурлік ұлыстар енеді. Тұраншыл Ахмед Ағаевтың есебінше, Балқан, Кіші Азия, Қырым, Кавказ, Дағыстан, Астрахань, Поволжье, Саратов, Самара, Қазан, Уфа, Орынбор, Сібір, Моңғолияны Тұран аймағына жатқызса, Качен-заде Тұран аймағын сонау Иркут, Амурға дейін кеңейтіп қарастырады. Османлы мемлекеті мен Орта Азияда біраз жылдар өмір сүрген мажар түркологі Арминий Вамбери: «ағылшын-саксон, славян және латын ұлттары бар болғаны сынды, ұлы Тұран қауымы өркениеті де бар және ол қауымның өзегі – түріктер. Түріктердің болашағы көптеген ұлттарға қарағанда берік» деп бағалаған. Леон Каэн 1896 жылы Парижде «Азия тарихына кіріспе» (Introductional Histoire de l’Asie) еңбегінде «Батысқа өркениетті алып келген — Тұран ұрпағы» деп жазды.
«Ұлы Тұран» – геосаяси тұғырнама
Түркілер XVI ғасырға дейін ат тұяғы жетер жерлерді шарлап, Тұран аймағын ен жайлап жатты. Отаршылдық дәуірде ұлан-ғайыр Тұран кеңістігі тарылды, түркілердің саны азайды. ХІХ-ХХ ғасырларда тұраншылдық немесе түрікшілдік қозғалысы Ресей отаршылдығына ымырасыз қарсы күресті. Мұстафа Шоқай, Исмаил Гаспринский, Зия Көкалып, Мехмет Эмин Юрдакул, Юсуф Ақшора, Нихал Атсыз, Зәки Уәлиди Тоған, Әли-Мардан Топчибашев, Мирсаид Сұлтанғалиевтер түрікшілдіктің негізін қалап, күрескерлік ғұмырын сарп етті. М.Шоқай «Тұран дәулеті хақында» атты мақаласында: «Біз – тұрандықпыз. Біздің ортақ Отанымыз – Түркістан... Біздің барлығымыз осы атамекен-бесігіміздің империализмнің бұғауынан босауы үшін күресіп жүрміз», — деп жазуы тұрандық геосаяси тұғырнаманың болуы қажеттігін меңзесе керек. Демек, «Ұлы Тұран» жобасы тек Түркияның ғана емес, түркі елдеріне ортақ жоба болуы қажет, әйтпесе Түркия мүддесіне қызмет етуі мүмкін. Сондықтан көпвекторлы саясатта «Тұран» жобасы басым бағыт болуы қажет сияқты. Айта кету керек, әр кездегі түркілік қозғалыстардың ошағы Түркия болғаны және болып келе жатқаны рас. Тұран идеясын Мұстафа Кемал Ататүрік іске асыруға күш салды. 1992 жылы Анкарада түркі ынтымақтастығы мен даму агенттігі (TIKA) құрылды. Осы бағытта көптеген ұйымдар мен қорлар белсенді жұмыс істеп келеді. Түркітілдес елдердің арнайы қызметтерінің үйлестіру кеңесі құрылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Әзірбайжан депутаты Низами Джафаров түркітілдес халықтарға бірыңғай түркі парламентін құруды ұсынған болатын. Бұл идея шындыққа айналып, 2008 жылы Түркі парламенттік Ассамблеясы, кейін Елбасы Н.Назарбаев ұсынысымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, сондай-ақ Астанада Түркі академиясы құрылды. Тұран аясында түркі бірлігі жолында атқарылар қыруар жұмыстар күтіп тұр. Тілдік, дін-конфессиялық айырмашылықтар, шекаралық бөліністер – түркі бірлігіне кедергі келтіретін факторлар. Мысалы, якуттар, долғандар, хакастар, алтайлықтар, тывалықтар шаманизмге басымдық беріп отырса, ғағауыздар және чуваштардың бір бөлігі православ дінін қабылдаған. Түркі халықтарының көбінің тәуелсіз мемлекеті жоқ.
Сен біл, сенің қалауыңмен күресте
Түріктің жаңа азат әлемін құратын,
Соң ғасырда Тұранды қайта тірілтер,
Сенің ғана ұрпағыңнан күтілер...
(Мехмет Емин Йурдақұл, «Әй, Түрік, оян!» жинағынан, 1914 жыл)
Ежелгі Тұран платформасын қайта жаңғырту үшін не істеу керек?
Біріншіден, Түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесінің жұмысын ширатып, одақ деңгейіне дейін интеграциялау;
Екіншіден, ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру (телеарналар, радио, баспасөз). Өкінішке қарай, кейбір түркілік басылымдарды халық білмейді және бұқаралық таралымға жеткен жоқ).
Үшіншіден, ШЫҰ жастар ұйымдары секілді Түркі елдері жастарының одағын құру керек. Осындай ұсыныстар көтерілген, енді іске асыру қажет.
Төртіншіден, Түрксой-дың қызметін жандандырып, салалық іс-шараларын кеңейту керек.