Мемлекеттік қызметке қабылдау ісінде полиграфты — шындық детекторын пайдалану қажет. Осындай ұсынысты өткен жылы «Нұр Отан» ХДП өзінің жемқорлыққа қарсы бағдарламасына енгізген болатын. Мұндай ұсынысқа биылғы жыл басында Елбасы да қолдауын жеткізді. Мемлекет басшысының пікірінше, шындық детекторы арқылы жемқорлықпен тиімді күрес жүргізуге болады. Шындық детекторы құныққан шенеуніктердің қарқынын тежеп, ішкі пиғылын анықтай ала ма?
Шындық детекторы дегеніміз – әлдебір тылсым күшке ие сиқырлы асатаяқ емес, ол – адам ағзасындағы қалыпты құбылыстарды анықтап отыратын медициналық құрылғы. Оның логикасы да қарапайым, жалған сөйлеп отырған адам міз бақпастан сыртқы келбетін өзгертпей сақтап қала алса да, іш құрылысында, жүрек қағысында, қан айналымында, дем алуында және тағы басқа ағза мүшелерінің жұмысында міндетті түрде өзгерістер мен ауытқулар пайда болады. Яғни шындық детекторына отырған адамның бет қалыңдығы неше қабаттан тұрса да, ішкі жан дүниесіндегі физиологиялық құбылыстарды жасыру оңай іс емес. Әсіресе ақиқат анықталған жағдайда жұмысынан айырылатын, ісі сотта қаралатын немесе тағы басқа үрей тудырарлық жағдайларда шындықты жасырып қалу тіпті мүмкін емес болып қалады. Бұл, әрине, полиграф мамандарының пікірі. Дегенмен адамдардың полиграфтық тексерістің қорытындысы сынақ жүргізуші маманның сауаттылығына көп байланысты болады екен. Яғни полиграфты кең қолданысқа енгізбес бұрын бұл істің шеберлерін дайындап алу қажет.
Сенат депутаты Оралбай Әбдікәрімовтің пікірінше, барлық қызметкерлерді полиграфқа жөнелту міндетті емес, тек белгілі бір қызметтегі шенеуніктер ғана тексеруден өтсе болғаны. Партияның ұсынысы бойынша, әсіресе қаржы мәселесімен айналысатын, материалдық мүлікке жауап беретін мекемелердің қызметкерлері назарға алынуы керек.
Алайда жемқорлықтың түбіне жетуді армандайтын көпшілік қауымның барлығы бірдей полиграфтық тексерісті қолдай бермейді. Мәселен, Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының директоры Сергей Злотников «шындық детекторын алдап соғуды үйрететін арнайы үйірмелер де болады, одан да азаматтардың пара ұсыну мүмкіндігін барынша жоятын жағдай қалыптастыру керек» дегенді айтады.
Полиграф қорытындылары қылмысқа тікелей куәлік бола алмайтындығына қарамастан, мұндай сынақтан АҚШ-та барлық әскери жауынгерлер, Орталық барлау басқармасының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер, әсіресе жоғары шенді шенеуніктер, тіпті президент әкімшілігінің қызметкерлері де толық өтеді. Бірқатар батыс елдерінде полиграфқа қатысты қабылданған арнайы заң да бар. Мәселен, Литва мемлекетіндегі полиграфты қолдануға міндеттеуге қатысты заң 2000 жылға дейін тек әскери мамандарға қатысты болса, кейіннен заң жобасы қайта қаралуы барысында сынақтан өтушілердің категориялары барынша кеңейді. Полиграф сынағы АҚШ, Канада, Жапония, Үндістан, бірқатар Батыс Еуропа елдері, тіпті көрші отырған Ресей мен Қырғыз Республикасында енгізілген. Сондай-ақ Мексика, Бразилия, Аргентина, Пуэрто-Рико, Иран, Таиланд, Тайвань және Филиппин сынды мемлекеттерде ол қылмыстық тергеулерде пайдаланылады. Шындық детекторын мемлекеттік міндеттеу тәжірибесі барлық елдерде бірдей қабылданбағанымен, әлемдегі ірі компаниялар, фирмалар полиграф қызметін тұрақты түрде пайдаланып келеді. Тіпті өз еліміздегі кейбір жекеменшік мекемелер мен компаниялар өздеріне ұжым жинақтау барысында полиграф мамандарын арнайы тапсырыспен шақырады.
Мамандар пікірі
Сергей АЛЕСКОВСКИЙ, Алматы полиграфологтер қауымдастығы кеңесінің төрағасы, заң ғылымының кандидаты:
– Шындық детекторының қызметі кәдімгі фильтр секілді. Ол мемлекеттік қызметке табиғаты қылмысқа, айла-амалға, жеңіл жолмен табыс іздеуге бейім тұратын адамдарды жолатпас еді. Оны тіпті Мемлекет басшысы да қолдайды. Әрине, оны қолданысқа енгізе салу — бір күндік жұмыс емес. Оған дайындық керек, мамандар тобын қалыптастыру керек. Мұндай заманауи құрылғының бағалары аса қымбат емес. Қысқасын айтқанда, бұл бастама жемқорлыққа үлкен соққы болар еді. Ең бастысы, осындай бастаманы іске асыруға ниетіміз болса...
Рамазан СӘРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты:
– Жалпы, мемлекеттік қызметкерлердің барлығын шындық детекторына отырғызу керек деп айта алмаймын. Себебі олардың саны өте көп. Бірақ мемлекеттік қызметтегі жауапты, маңызды орында отырғандарды, олардың орынбасарларын, шенеуніктерді осындай полиграфтық сынақтан өткізуді қолдаймын. Меніңше, оны тездетіп қолданысқа енгізу керек. Бізде мұндай сынақ тәжірибесін ең алдымен Жол полициясы қызметкерлеріне міндеттеу айтылып жүр. Мен де мұны қолдаймын. Әсіресе қаржыға жауапты құзырлы орындарды қалыс қалдыруға боламайды.