Шойын шаһардың шырағы сөнбейді
Кеше, шілденің 2-сі күні, Қарағандыға қанаттас Теміртау қаласында Қазақстан магниткасының 50 жылдық мерейтойына орай, бірқатар салтанатты шаралар өткізілді. Елбасы еңбек жолын бастаған Қазақстан Магниткасы қазір «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының металлургия өндірістік ошағы ретінде әлемге кеңінен танымал.
Магнитканың тойы лауазымды қонақтардың қатысуымен металлургиялық зауыттың №4 домна пешінде мерейтойлық шойын балқымасын алумен басталды. Осыдан жарты ғасыр бұрын сол дәуірдің технологиялық мүмкіндіктеріне орай, шағын мартен пештерінен балқып шыққан шойын құймалар өткен жүзжылдықта Қазақстан өндірістік дамуының қарқынын арттырса, қазіргі жаңа технологиялармен жабдықталған зауыттағы алып домна пештерінен мерекелік балқыманы зауыт жұмыскерлері Нұрым Әліпбиев пен Марат Атшабаров Елбасына ұсынды. «Қазақстан Магниткасына – 50 жыл» деп таңбаланған мөртабанды ұмсына ұстаған Елбасы тарихи таңбалы құйманы өзі еңбек еткен цех ұжымына табыстады. Бұдан соң домна цехы ауласында жиылған зауыт ұжымы лауазымды қонақтармен әңгімелесіп, Елбасына тілектерін айтысты.
1960 жылы алғаш шойын ағызған домна пешінің горновойы ретінде Магнитка мерейі тасуына үлес қосқан Елбасы бастаған қонақтар бұдан соң Теміртау қалалық Мәдениет сарайына ат басын бұрып, салтанатты жиналысқа қатысты. Магнитканың жартығасырлық тойына арналған салтанатты жиналысты Елбасы ашып, құттықтау сөз сөйледі.
– Теміртау – менің туған бесігім, Магнитка – менің шыңдалып шыққан жерім, өзім үшін, отбасым үшін өте ыстық орын. Біздің жастығымыздың қаласы, ар-намысымыздың қаласы. Біздің замандастарымызды «Құрыштан туған ұрпақ» деуге толық болады. Жастарға металлург болыңдар дегім келеді. Біздің ұрпақтан үлгі алсаңдар кем болмайсыңдар. Бұл – ерлердің мамандығы... Еліміз индустриалдық дамудың жаңа деңгейіне түсіп отыр. Сіздерді Магнитканың 50 жылдық мерейтойымен құттықтай келе, жақын болашақта аталып өтетін Теміртау қаласының 65 жылдық тойымен де құттықтаймын. Әлбетте, Теміртаудың түлегі ретінде мен сіздерге құр қол келе алмас едім. Бүгінгі мерейтойға орай, бірқатар азаматтарды мемлекетіміздің жоғары наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Әр азаматтың орыны бөлек. Олардың ішінде орыны ерекше Арғын Жүнісов атты азамат ағамыз 82 жылдық ғұмырында осы Теміртауда тұрып келеді. 60 жыл ғұмырын металлургияға арнаған. Ескі зауыттағы шағын мартен пешінде еңбек жолын бастап еді. Осы Арғын ағамызға Қазақстанның Еңбек ері атағын табыстағым келеді, – деді Елбасы тебірене сөйлеп.
Еліміздің өндірістік дамуына қосқан ерен еңбектері үшін Елбасының өз қолынан «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының аға өндірістік шебері В.И.Деркач «Отан» орденін, Ресей федерациясының қаржы-өндірістік топтары қауымдастығының президенті О.Н.Сосковец және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмыскері В.П.Ткаченко ІІ дәрежелі «Барыс» орденін», «АрселорМиттал» металлургиялық компаниясының иесі Лакшми Миттал ІІ дәрежелі «Достық» орденін алды.
Мерекелік жиын соңы үлкен концерттік бағдарламаға ұласты.