Сингапурдың тәжірибесін зерттеп жатырмыз
Қазақстандағы кәсіби-техникалық білім беру жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасады. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі Сингапур елінің тәжірибесін жан-жақты зерттеп келеді. Осы жұмыстарды жүзеге асырып, елімізде жаңа сипаттағы колледждерді құру жоспарланып отыр.
Қазіргі кезде министрлік Сингапур республикасының тәжірибесін зерделеп келеді. Ол үшін осы елдің Политехник институтымен арнайы меморандум рәсімделген болатын. Осы уақытқа дейін оның аясында 200-ге жуық қазақстандық маман Сингапурға барып, кәсіби дайындықтарын шыңдап қайтты. Бірлескен жоба аясында олар электронды оқыту мен тиімді басқарудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп, оқытушылар мен студент-жастардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру тәжірибесін жан-жақты зерттеп шықты. Аталған оқыту бағдарламасына қатысқандарды жатын орынмен Темасек қоры (Temasek Foundation) қамтамасыз етсе, Қазақстан жол шығынын өз мойнына алды.
Го Гео КИМ, «Темасек» қорының төрағасы:
– Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі мен «Темасек» қоры кәсіптік-техникалық білім беру саласының мамандарын Сингапур жерінде оқытуға 590 мың доллар қаржы бөлді. Осы орайда біздің сенімді серіктестерімізді ерекше атап өткен жөн. Жалпы, бүгінде біз 14 елге көмек көрсетуге бағытталған 25 бағдарламаны жүзеге асыруға дайынбыз.
Қадырбек БӨРІБЕКОВ, ҚР Білім және ғылы министрлігі Кәсіптік-техникалық білім беру департаментінің директоры:
– Бүгінде Қазақстанның білім беру жүйесін реформалау жұмысы жүріп жатыр. Оның аясында әлем елдерінің үздік тәжірибесі жан-жақты зерттеліп келеді. Осы орайда біз үшін Сингапурдың тәжірибесі несімен құнды? Бұл елдің білім беру жүйесі өндірістік ортаға барынша жақындастырылған: колледждер өндіріс ошақтарымен тығыз жұмыс жасайды. Осының арқасында оқуды бітірген түлектер бірден жұмысқа орналасып жатады.