Бүгін дүниежүзі қазақтарының көптен күткен IV құрылтайы өз жұмысын бастайды. Көптен күткен дегеніміз – былтыр күзге жоспарланған құрылтай елімізде өтетін халықаралық маңызы бар саммит, форумдармен қабаттастырылмай, сегіз айдан кейін шақырылып отыр. «Ештен кеш жақсы» демекші, маңыздысы құрылтайдың уақыты емес, жиында көтерілетін мәселелер болмақ. Жалпы, демографиялық саясат туралы айтылғанда, шетелдегі қандастарын еліне көшіріп жатқан Германия, Израиль және Қазақстан алдымен ауызға алынады. Бірақ кейінгі жылдары Ресей де осы бағытта батыл қимылдап жатыр. Қандастарын өз еліне ресми түрде шақырмаса да, жер бетінде демографиялық саясаттан жырақтап кеткен мемлекет жоқ.
Атқарылған іс аз емес
Тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері жүргізіліп отырған демографиялық саясатты ешкім «дұрыс емес» деп жоққа шығара алмас. 1997 жылдың желтоқсанында Елбасы қол қойған «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы осы уақытқа дейін жүргізілген саясаттың картасы іспеттес болды. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Динар Нөкетаева келтірген деректерге сүйенсек, 20 жылдың ішінде елімізге алыс және жақын шетелдерден 824 170 этникалық қазақ көшіп келген екен. Тиісінше, Өзбекстаннан – 494 565 адам, Қытайдан – 85 487, Моңғолиядан 110 856 жан көшіп келген. Барлық қоныс аударушылардың ішінде еңбекке жарамды жастағылар 54,4 пайызды құрайды екен. Яғни неғұрлым көбірек көшіріп әкелсек, соғұрлым еңбекке жарамды күшті көбейтіп, өндіріске бет бұрған еліміздің экономикалық дамуына септігін тигізбек. Демограф ғалымдардың айтуынша, еліміздегі халық саны, негізінен, табиғи өсімнен емес, шеттен келген қазақтардың есебінен өсіп отыр. Қандастарымыз атажұртына оралып жатқанмен, шет мемлекеттерде тұратын қазақтардың саны әлі де біршама. Атап айтар болсақ, қазірдің өзінде қазақтар дүниежүзінің 40-тан астам елінде тұратын көрінеді.
Қандастарымыздың келуіне кедергі көп
Қазір өзге мемлекеттердегі қазақтарды елге көшіру алғашқы жылдардағыдай емес, бәсеңдеп қалды. Бәсеңдікті көтермейтін бәсекелестік заманда стратегиялық мақсаттар үшін қашан да уақыт тапшы. Сондықтан да бұл мәселені бір сәт те елеусіз қалдыруға болмайды. Құрылтай тек той сипатында ғана өтпеуі тиіс. Біздіңше, күн тәртібіне осы көші-қонға қатысты барлық мәселе шығарылуы тиіс. Себебі қазір көші-қонға көлденең кедергілер көп. Ілгеріде Көші-қон полициясы басқармасы шеттен келген қазақтарға виза созу, тұрақты тіркеу, азаматтыққа құжат өткізу сияқты жеңілдіктер қарастырса, қазір бұл жеңілдіктер тоқтап қалған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев өзінің бір сұхбатында: «Ағайынның атажұртқа келуінің азаюындағы бір себеп көші-қон саласындағы жалған мәліметтер мен жемқорлықтың асқындауы болып отыр. Тағы бір себебі – көші-қонды ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығы», – дейді.
Құрылтайда қандай мәселе қаралуы керек?
Міне, осындай жағдайларды ескере келе, құрылтайда және құрылтайдан кейін бірнеше мәселе қолға алыну керек деп есептейміз. Біріншіден, шетел қазақтарының елімізге виза алып келуі біршама қиындап кетті. Келген қандастарымыздың тұрақты тіркелуі, азаматтық алуы, жұмысқа орналасуы қамтамасыз етілуі керек. Екіншіден, Қазақстанға қалай көшіп келіп, қай облыстарға орналасуы тиімді екендігін алдын ала түсіндіру жұмыстары да жеткіліксіз. Осындай жағдайдың салдарынан елімізге келуші оралмандар қатарының сиреуі байқала бастады. Біздіңше, осы құрылтайдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және оның Көші-қон комитетімен, Сыртқы істер министрлігі және оның Консулдық қызмет департаментімен, Ішкі істер министрлігі және оның Көші-қон полициясы бас басқармасымен бірлесе отырып, көші-қонға қатысты ұйымдастыру жұмыстарын талқылап, осы жөніндегі міндеттерді анықтап, нақты бағыт-бағдарды белгілеуі тиіс. Үшіншіден, негізгі мәселелердің тағы бірі – білім алу жайын естен шығармауымыз қажет. Себебі оқу іздеп келген шеттегі қандастарымыздың көбі елден жұмыс тауып, азаматтық алып, орнығып қалады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев бұл жайында:
– Кезінде қауымдастықтың қолға алуымен дайындық бөліміне қабылданатын шетелдік қазақ жастарының саны 1500-ге дейін жетті. Шетелдегі қазақ жастарына білім грантынан арнайы квота бөлу, шетелдегі қазақ мектептеріне оқулықтар жіберу сияқты іс-шаралар да қолға алынған еді. Қазір мұндай жұмыстар біраз саябырсыған. Міне, осыған байланысты қауымдастық құрылтай кезінде Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп осы мәселені талдап-талқылап, болашақтағы жұмыс жоспарын бір жүйеге түсіріп, ортақ мәмілеге келуді көздеп отыр, – деген болатын.
Атажұртын аңсаған ағайынға ақпараттық байланыс қажет
Кез келген сынақтан сүрінбей келе жатқан елімізге шеттегі келуге ниетті қандастарымызды көшіріп алуға мүмкіндік мол. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық жағдайымыз бүгінгіден әлдеқайда төмен кезде басталған көшті тоқтатпауымыз қажет. Әлбетте, көш – үлкен процесс. Осы аралықта қандастардың елге оралғысы келетін үмітін өшіріп алмас үшін тығыз қарым-қатынас орнатып, ақпараттық байланыстарды нығайту қажет. Өзінің дәстүрі мен тілінің, әдет-ғұрпы мен ата дінінің жойылып кетпеуін қадағалап, шетелдегі қандастарына ерекше көңіл бөлуі бізге сабақ болсын деп кейбір елдерді мысал етейік. Бұл тәжірибе бойынша Ресейдің ұпайы түгел десек болады. Орыстар әлемнің әрбір мемлекетіне әлеуметтік желі орнатып қойған. Кез келген орыс қай елде жүрсін өзінің ана тілінде керекті ақпаратын алып, өзінің мемлекеті туралы тың мәліметтерге қол жеткізе алады. «Русский мир» аясында қыруар шаруа атқарылуда. Интернет-телеарна да ашылған, ал «Орыс әлемі ТВ» деп аталатын арнаны ғаламшардың түкпір-түкпірінде көруге мүмкіндік бар екен. Тіпті сол Ресейдің қол астындағы Татарстан да шетелдердегі татарлардың мүддесін қорғауды ұмыт қалдырмаған. Осы елдің Конституциясының 14-бабында «Татарстан Республикасы шетелдерде тұратын татарлардың ұлттық мәдениетін, тілін сақтап, одан әрі дамытуға жағдай жасайды» деп жазылған екен. Әлемде шетелдегі қандастарымен тығыз байланыс орнату жағынан Израиль бірінші орында тұр. Таяу Шығыстағы осы бір кішкентай мемлекет бұл мәселені ортақ идеология арқылы реттеп отыр. Израиль аумағынан жырақта тұратын тұтас еврейді біріктіретін – бір ғана сионизм идеясы. Еврей агенттігі мен әлемдік сионистік ұйымы Израиль мен өзге елдердегі еврейлердің арасындағы көпір қызметін атқарып келеді. Осындай тәжірибелерді пайдалансақ, Қазақстан туралы мәліметтерге сусап отырған шетелдегі қазақтардың әсіресе өзге ұлттың бесігінде тербеліп өскен балаларының атажұртқа деген махаббатын оятар еді. Атамекеніне аңсары ауған адам ұсақ-түйек кедергілерді де елемейтіні белгілі.
Өзбекстан мен Қытайда 1,5 млн-нан, Ресейде 1 млн, Түрікменстанда – 100 мың, Моңғолияда – 80 мың, Қырғызстанда – 45 мың. Еуропаның 12 елінде шамамен 10 мыңға жуық қазақ тұрады. Түркия, Иран, Ауғанстан сияқты елдерде де қандастарымыз күнелтіп жатыр.
Түйін
Мұны неге айтып отырмыз? Зерттеулерге жүгінсек, 1956-1963 жылдары көршілес Қытай Халық Республикасынан 100 мың отбасы Қазақстанға қоныс аударған екен. Бүгінде олардың ұрпақтарының саны 1,5 миллионға жеткен екен. Басынан небір зұлматты заманды, нәубетті кезеңді өткізген қазақтың бүгінде қарасы көбейіп отырса, сол қандастарымыздың да арқасы. Демек, демографиялық дүмпу үшін көші-қонды тоқтатпауымыз қажет. Әр кез адам капиталына басымдық беру керектігін айтатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да ұстанған саясаты осыған саяды. 1949 жылы 400 миллион халқы болған шығыстағы көршіміздің демографиялық әлеуетіне көңілі толмаған Мао Цзэдун халықтың ішкі өсіміне барынша қолдау көрсеткен-ді. Соның нәтижесінде 30 жылда халқының саны 1 млрд 100 миллионнан асып жығылған.