Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық энергияны қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелері жөніндегі Киев саммитінің пленарлық отырысында сөз сөйледі.
Биыл 26 сәуірде Чернобыль атом электр стансысында әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апат орын алғанына 25 жыл толатынына тоқталып өткен Президент Н.Назарбаев: «Асырып айтқандық емес, Чернобыль апаты бүкіл әлемді атомды бейбіт мақсатта пайдаланудағы қауіпсіздік мәселесімен шындап айналысуға мәжбүр еткен әрекеттің бастауына айналды. Чернобыль апатын жоюға жүз мыңдаған адам қатысты, олардың арасында 32 мыңнан астам қазақстандық жұмыс істеді. Олардың көбі денсаулықтарынан айырылды, біразы өмірімен қоштасты. Чернобыль қасіреті ядролық радиация әсерінің жағымсыз салдарларын естіп-білген қазақстандықтар арасында әлі күнге дейін ауыр қабылданады. Қазақстан жерінде әлемдегі ең үлкен Семей ядролық сынақ полигоны әрекет еткен. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы онда 456 ядролық жарылыс жасалды, бұл 116 Чернобыль апатының зардабына тең. Әлемдік қоғамдастық осы қорқынышты трагедияға әлі күнге дейін бағасын берген жоқ. Бұл сынақтардың салдарлары әлі де ұзақ уақыт сезілетін болады», – деп, Қазақстан Президенті ретінде қол қойған алғашқы Жарлықтардың бірі Семей ядролық полигонын жабу туралы құжат болғанын айтып өтті. Президент мүдделі барлық халықаралық ұйымдар мен мемлекеттерді 2011 жылдың қазан айында Қазақстанда Семей полигонының жабылғанына 20 жыл толуына орай өтетін «Ядролық қарусыз әлем форумы» атты халықаралық форумға шақырды.
Елбасы атап өткендей, АЭС пен басқа да азаматтық атомдық нысандардың қауіпсіздігі жаһандық ядролық қауіпсіздіктің маңызды құрамдасы ретінде мойындалуы керек. Атом энергиясы нысандары қауіпсіздігінің бірыңғай, қатаң және халықаралық деңгейде мойындалған стандарттары мен белгілерін жасап шығару керек, олар қатаң түрде сақталмаған жағдайда әлемдегі бірде-бір АЭС пайдалануға берілмеуі тиіс. «Бүгін тағы да, бұдан 25 жыл бұрынғы тәрізді әлем алдында атом энергиясының қауіпсіздігі мәселесі өткір тұр. Жапондық «Фукусима» АЭС-індегі төтенше жағдай мұның қайғылы мысалы болып табылады. Ол атом энергетикасын дамыту саласында жаһандық тәуекелдерді басқарудың жалпыпланеталық механизмдері тапшы екенін айқын көрсетті. Сірә, АЭС құрылысының алдағы жоспарында принципті түрде жаңа көзқарастар қажет шығар. Бұл әсіресе осы салада бұл уақытқа дейін тәжірибесі болмаған, атом энергиясын дамыту ниетіндегі елдер ескеру үшін керек. Үстіміздегі ғасырдың ортасында әлемнің 50-ге жуық елі атом стансыларын орналастыруды ойластыруда. Кез келген АЭС-тегі ядролық апаттың жағымсыз салдарлары міндетті түрде трансшекаралық өлшемдерге ие болады. Осыған байланысты АЭС-тің және өзге азаматтық атомдық нысандардың қауіпсіздігі жаһандық ядролық қауіпсіздіктің маңызды құраушысының бірі ретінде танылуы керек», – деді Елбасы.
АЭС пайдаланушы мемлекеттер мен компанияларды толық көлемде өз халқын және халықаралық қоғамдастықты кез келген, тіпті өздерінің ядролық объектілеріндегі ең елеусіз оқиға туралы тез арада хабардар етуге міндеттеу қажет. Осы заңды талапты бұзған жағдайда қатаң санкция қарастыру керек. Атом энергетикасын дамытушы елдің үкіметі өзге мемлекеттердің экономикалық мүдделеріне және жаһандық экологияға нұқсан келтіргені үшін толық жауапкершілікті алуға дайын болулары керек. Қазақстан Чернобыль АЭС-іне арналған халықаралық жобаны аяқтау үшін қаржы бөлетін болады.
Киев саммиті аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Еуропалық комиссияның президенті Жозе Мануэль Баррозумен, БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Украина Президенті Виктор Януковичпен кездесті.
Кеше Президент Н.Назарбаев Эстонияға ресми сапары барысында Эстония Президенті Томас Ильвеспен, Эстония премьер-министрі Андрус Ансиппен және парламент спикері Эне Эргмамен кездесіп, үкіметаралық, мекемеаралық және коммерциялық компаниялар деңгейінде екіжақты құжаттарға қол қойылды.
Кадриорг сарайында Эстония Республикасына мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қарсы алудың ресми рәсімі өтті. Президенттер Н.Назарбаев пен Т.Ильвес бірге суретке түсіп, сыйлықтар алмасты. Н.Назарбаев Құрметті қонақтар кітабына өз қолтаңбасын қалдырды.
Елбасы Н.Назарбаев Эстония Республикасының Президентімен болған келіссөздерден кейін Кадриорг сарайында өткен баспасөз мәслихатында Эстония Президенті Т.Ильвесті Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
«Саяси тұрғыда біздің өзара қарым-қатынасымыз қарқынды деңгейде. Еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезеңде қолдау білдіргені үшін біз Эстонияға алғыс айтамыз», – деді Президент. Елбасы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру керектігін айта келіп, бүгін қол қойылған келісімдер алдағы уақытта Қазақстан мен Эстония арасындағы қарым-қатынастың нығаюына және оны қолдауға көмектеседі деген сенімін білдірді. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаев Эстония кәсіпкерлерін Қазақстандағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуына қатысуға шақырды. «Біз Еуроодақпен көбірек сауда жасауға деген талпынысымызды қолдағаны үшін Эстонияға алғыс айтамыз және осы негізде қазір небәрі 74 миллион долларды құрап тұрған сауда-экономикалық байланыстарымызды көтеруіміз керек. Бұл – өте төмен көрсеткіш, ал өзара инвестиция бүгінгі таңда жоқ», – деді Н.Назарбаев. Оның атап өтуінше, Қазақстан әртүрлі жүктерді, соның ішінде энергия тасымалдаушыларды тиеу үшін эстон порттарын пайдалануға мүдделілік танытып отыр.
Сонымен бірге Қазақстан мен Эстония Президенттері студент алмасу туралы уағдаласты. Бұл туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Эстония Президенті Томас Ильвеспен болған кездесуден кейін Кадриорг сарайында өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті. «Біз жоғары технологиялар саласында, әсіресе Эстониядағы «электронды үкіметтің» дамуы, ай-ти технология мен студенттер алмасу жөніндегі оқыту бағдарламасы саласында тәжірибе алмасуға мүдделілік білдіреміз», – деді Н.Назарбаев. Енді үкіметаралық комиссия аталмыш уағдаластыққа сәйкес осы бағытта жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ Қазақстан мен Эстония арасында инвестицияларды өзара қолдау мен қорғау туралы келісімге қол қойылды. Бұл келісім Қазақстан Республикасы мен Эстония Республикасы арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін өзара тиімді капитал құюды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жасалып отыр.
Семейдегі жарты ғасырлық жарылыс зардабы 116 Чернобыль апатына тең
Последние статьи автора