Семейдегі белсенді студенттер «Семей – болашақ көшбасшылар қаласы» атты жастар жобасының тұсауын кесіп, патриоттық акция ұйымдастырды. Форум Семейдің белсенді студенттері мен оқушыларының басын қосты. Оған қалалық, республикалық, халықаралық деңгейдегі білім сындарында топ жарғандар, спорттық айқастарда жүлделі болғандар қатысты.
Акция барысында қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолы, егемендіктің мән-маңызы жайлы баяндалды. Мерекелік концерт қойылды. «Осындай акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат, жастардың бойындағы патриоттық сезімді дамыту, ел, туған жер деген ұғымдардың қасиетін өскелең ұрпаққа сіңіру», – дейді Семей қалалық «Жас өрен» көшбасшылар одағының үйлестірушісі Сәуле Қожабекова. Акцияны ұйымдастырушылар «Елдің ертеңі – жастар. Сондықтан біз елдің қамын қазірден ойлап, келелі мәселелерді шешуге ұмтылыс жасауымыз қажет» деген ұстанымда. Патриоттық акцияға қатысқандардың бірі – Жанәділ Талдыбаев. Ол 9-сыныпта оқиды. Жас та болса, беткеұстар қазақтың жас спортшысы ретінде танылып жүр. Шығыс жекпе-жегінен АҚШ, Біріккен Араб әмірліктері мен Ресей астанасы Мәскеуде өткен жарыстарда ел намысын абыроймен қорғады. Ол білім сындарында да алғы шепте. Осы жылы Грекияда физика-математика пәндерінен өткен халықаралық білім сайысында екінші орын иеленді.
Жанәділ ТАЛДЫБАЕВ, «Интеллектуалды марафон-2010» халықаралық олимпиадасының жүлдегері:
– Қай салада болмасын, жетістіктерден қалғым келмейді. Заман ағысына сай өз елімнің лайықты азаматы болуды әрқашан жадымда ұстаймын. Жоғары жарыстарда мықтылармен айқасу оңай емес, елімнің намысын асқақ ұстап, өзіме жүктелген сенімді абыроймен ақтау – басты міндетім. «Қазақ азаматы» деген атқа лайық болып, соңымнан ерген іні-қарындастарыма үлгі көрсеткім келеді.
«Семей – болашақ көшбасшылар қаласы»
Последние статьи автора