Шекараға темірдей тәртіп қажет

28-29 мамырда Алматы облысының «Арқанкерген» шекаралық бекетінде орын алған оқиға белгілі деңгейде тек қайғылы оқиға ғана емес, қауіпсіздік пен қорғаныс салаларындағы жүйесіздіктің ірі көрінісі болып отыр. Мемлекеттің танылуының бір атрибуты территориялық тұтастық болса, сол тұтастықтың сақшысы шекарадағы қорғаныс күштері екені баршаға мәлім.
Аталмыш оқиға тек отандық сарап­шы­лар үшін, халықаралық сарапшылар үшін, оның ішінде ірі интеллектуалды орта­лық­тардың мамандарына Қазақстанның ұлт­тық қауіпсіздігінің қаншалықты нашар қор­ғалып отырғанын білдіргені анық. Айта ке­тер бұл жағдай тек бір ғана оқиға емес. Қа­зақ-өзбек, қазақ-қырғыз шекараларын­дағы қаншама біз білмейтін заңсыздықтар орын алып жатқаны белгілі. Осының бар­лығының елдің заң шығарушы, оған қоса, халықтың өкілдері ретінде алдын алу ша­раларын өткізуді жөн деп санап, төмен­де­гідей ұсыныстарды айтар едім.
 Парламент Мәжілісінің Халықаралық қа­тынастар, қорғаныс және қауіпсіздік ко­ми­тетінің жанында жабық эксперттік ах­уал­дық кеңес құрылып, оған қауіпсіздік, ха­лықаралық қатынас, делимитация мәсе­ле­лері бойынша ірі мамандардың басы бірік­тіріліп отырса, сол отырысқа құқық қор­ғау органдарының өкілдері келіп, шы­найы ақпаратпен, сараптамамен біздерді, яғни Мәжіліс депутаттарын қамтамасыз етіп отырғаны дұрыс болады. Депутат ре­тін­де аталмыш оқиға туралы азаматтардың аузынан естуім, оған қоса, халықтың қа­бырғасын қайыстырған бұл оқиғада біздің де­мократиялық еркіндіктің кепілі ретінде өз ойымызды уақытылы білдірмеуіміз қо­ғамда бізге деген сенімнің азайғандығын біл­діреді. Азаматтардың барлығы Парла­мент­ті «дәрменсіз» орган деп ойламасын десек, жұмыстар жасауымыз қажет. Осыған бай­ланысты, халықтың сеніміне лайықты болу үшін, оған қоса, мемлекетіміздің ма­ңыз­ды тетіктері – ұлттық қауіпсіздік бо­йынша толық ақпараттарды білу біз үшін не­гізгі сараптамалық жұмыс болуы керек.
Бүкіл мүмкіндіктері мен қаупін қоса қатар ұсынып отырған мына заманда, күн бейбіт, соғыс жоқ десек те, шекарадағы жа­уынгерлердің жауапкершілігін жеңіл­детпеуі тиіс. Біз сияқты қолына қару ұстап, соғыс көрген адамға өз жерімізде, өз елі­мізде тыныштық күндері әрбір шаңырақтың шырағы болып жағылған аптал азамат­та­рымыздан айырылғанымыз – санаға сый­мас, өкінішін тыймас үлкен қайғы. Әрбір жауын­гердің тағдыры – бүкіл ұлттың, мем­лекеттің тағдыры. Сол себептен білікті маман, сарапталған сарбаз, шарболаттай қайралған шекарашылар керек және біздің мемлекетіміздің мақсат-мүддесіне сәйкес, тәуелсіз сана қалыптастырған өзіміздің әс­кери институттардан оқып шыққан шека­ра­шылар болуға тиіс. Ол оқу орындарында пси­хология пәнінің сағатын көбейтіп, пәр­менді, жүйелі түрде дәріс жүргізілуі керек. Бұл жерде ҰҚК–нің арнайы тексерілуінен жә­не бірнеше сынақ, дайындықтардан өткен, нағыз сақа келісімшарттағы шекара­шы­ларды заставаға жіберуді дұрыс деп санаймын. Ал келісімшарттағы сарбаздар­ды шекара шебіне жеке дайындайтын арнайы оқу орындары болғаны абзал.
Ең басты мәселе, шекара қызметінде, бас­қа да әскери қызметтерде болсын, жібе­рілген қателіктер жөнінде алдағы уақыт­та қайталанбауына жүйелі, әрі са­палы түрде әскери тәрбиелер беру жұмыс­тарын жүргізу керек. Бұрынғы әскери қызметтің қай бөлімінде болмасын, оқыс оқиғалардың алдын алу немесе жолын жоюда алдын ала біліп отыратын әскери жедел сыртқы барлау қызметтері жасырын түрде немесе өз бетінше тығыз жұмыстар жасай­тын. Олар әскери бөлімдерде, әрбір сар­баз­дың мінез-құлқын, аяқ астынан әскери соғыс болған жағдайларда өте ма­ңыз­ды деген аймаққа жауапты жауынгер­лердің пси­хологиялық дәрежеде шы­дамдылығы туралы зерттеулер жасап, тапсырмаға (мемлекеттік шекараға және т.б.) жіберілер алдында застава басшыла­ры, осы маман­дардың ұйғарымымен келі­сіле­тін болатын. Осы әскери сыртқы барлау қызметі мамандары, жауынгерлер­мен тығыз өзара қатынастар орнатып, керекті ақпараттарын жедел әрі тез алып отыратын. Бұл сала мамандары ҰҚК және шекара қызметтерін міндетті түрде қамтитын. Застава команди­рі мемлекеттік шекараны күзетуге шығар алдында сол аймақтың бүкіл жер-суын жеделдеткен әскери карталары арқылы және шекара бұзушы­лар немесе қылмыс­к­ер­лер өтетін аймақ­тар­мен толық таныс­тырылып, байланыс құралдарының жұмыс істеу сапасын, қару-жарағы тағы басқа міндетті алып жүретін құралдары толық тек­серілгеннен соң жібе­ріле­тін. Коман­дир­ден бастап, бүкіл сарбаз­дардың әрқай­сысына алдын ала барлау тобының берген ақпаратымен танысты­рылуы болатын. Сонымен қатар устав бойынша байланыс құрал­дары мен әрбір екі сағат сайын бай­ланыста болуы тиіс. Екі сағатта байланысқа шықпаса, әскери дабыл қағылып, төтенше жағдай хабар­ланып, застава басына жедел түрде тік ұшақтармен барып, нақты шара қолданып, орталыққа хабарға шығатын.
Өкініштісі, бұл қанды қырғынды Би-би-си каналы арқылы әлемге мәлім еткен­нен соң, екі-үш күннен кейін ғана шека­рашы сарбаздарымыздың денелерін тап­­қа­ны­мыз қатты қынжылтады. Осындай орын алған оқиғаларды қайта болдырмау үшін сарбаздармен жұмыс істеу, жіберілген құқықбұзушылықтарды, сарбаздың пси­хологиялық жаман ойларын жою мақса­тында, оның әрбір жасаған олқылығына тиісті шара қолданылуы керек. Себебі адам қылмысқа бірден бармайды, ойланады. Үрейін, уайымын жеңіп, қалыптасу үшін, із қалдырады. Демек, дер кезінде соған қарсы жұмыстар жүргізу тікелей командирдің міндеті болуы тиіс. Өкінішке орай, бүгінгі күні мүлдем олай емес. Тек ақпарат құралдары арқылы ғана, «тәртіп бұзған әскери бөлімнің офицерін немесе сарбазын соттадық, жұмыстан шығардық немесе сөгіс жарияладық, жазаладық» деп қағаз жүзінде ақпарат таратуда. Тығырық­тан шығудың осы жолын сарбаздарға тәрбие берудің көзі деп айта алмаймын. Осы орайда кемшіліктерден құтылу жолы мақсатында терең ойлана келе, «шекара қызметкерлерінде кімдер жұмыс істеп жатыр?» деген сұрақ туындайды. Шекара қызметі саласының кадр саясаты төңірегін­де қордаланған мәселелер бар сияқты. Қазіргі заманның тәртібі: адамның кәсіби деңгейінің жоғарылауы арқылы қоғамның да дамуы арта түседі.
Шекарада тау-тасты картадан көру бір бөлек, бірақ оның әрбір аңғарын жаяула­тып кезбей, қиындыққа төзбей, жүрегімен сезбей, түн ұйқысын төрт бөліп, ұйқысынан безбей, кәсіби шекарашы маманы болу мүмкін емес.
Алмағайып, ар тайғақ, оқтан ұңғы, ұят - зар уақытта құлқынымызға құл болмай әр нәрсенің нәсібіне емес, кәсібіне көңіл бөлейік. Ендеше, мемлекетіміздің тер­ри­ториялық тұтас­тығы мен тәуелсіз еліміздің егемендігінің атрибуты ол мемлекеттік шекарамыздың мық­тылығы десек, оны кәсіби шекарашы ма­манның басқаруы абзал.
Бүгінгі күні мемлекет басшысының бас­шылығымен аяғынан тұрып, барлық сала­да жүйелі түрде, өзінің бейбіт өмір жолын ұс­тану жолында, бірқатар көр­ші елдерден алда келе жатыр­ға­нымыз бәрімізге мәлім. Ішкі-сыртқы эко­номикамыз қарыштап даму үстінде. Оның ішінде мелекетіміздің қауіп­сіздігі – қорғаныс саласына да бюд­жет­тен ең көп қыруар қаржы бөлініп, ең соңғы үлгідегі жаңа әске­ри техникалық құралдар сатып алы­ну­да. Оның куәсі ретінде әуе қор­ға­нысы, жаяу әскерлері бөлімдері жә­не тағы басқалары туралы жақын­да ғана Қорғаныс министрлігі бірне­ше мемлекеттермен бірлесіп, Астана қаласында кеңейтілген жәрмеңкеде соңғы әскери техника үлгілерімен халқымызды паш етті. Сонда ҰҚК-нің және шекара қыз­мет­тері ескерусіз қалғаны ма? Не себепті жаңа әскери-техникалық жабдықтармен қамта­ма­сыз етілмеген? Әлемде заманауи технология, компьютеризация қатты да­мы­ған кезде, еліміздің шекара бе­кет­терінің программаландырыл­мауы салдары «Ар­қан­керген» шекара қауіпсіздігіндегі тау шат­­­­қал­дарынан жауыр болған жылқылар­ды іздетіп, әлек етті. Басқа - басқа болсын, ата-бабамыз аңсаған азаттыққа қол жеткіз­ген Тәуелсіздігімізде және дүниежүзіндегі тоғызыншы орынды олжалаған жеріміздің байлығына күні-түні көз тігіп отырған бір­қатар алпауыт елдердің, біздің шекарада әрбір жіберген кемшін тұстарымызға аса мән беретінін ескеруіміз қажет. Олар біздің ше­карашымыздың соңғы үлгідегі заманауи техни­калық құралдармен жабдықталға­нын, сарбаздарымыздың айбынды айба­рын досымыз мақтан тұтса, дұшпанды сақ­­тан­дырып, секем алдыруға жетелеудің жолдарын ой­лас­тырып, шекара қызме­тін жетілдіруіміз қа­жет.
Қанымызды төксек те,
Арымызды төкпей,
Батыр бабалар рухымен сусындап,
Алдияр тақсыр, хан ием,
Алаштың ала туын алып
                                алдыма түскенде,
Артыңа ерген аламандардың бірімін.
Қылша мойным тауша қиылып
                                    түскен жерінде,
Құның жоқ деп,
Намыстың құлы,
                          Алаштың ұлы болсақ. 
Антымызға адалдығымыз 
халқымызға адалдығымыз деп білейік.

Бақытбек СМАҒҰЛ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-сы фракциясының мүшесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымдарының «ҚАЗАҚСТАН АРДАГЕРЛЕРІ» қауымдастығының төрағасы

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста