Алматы облысындағы Райымбек ауданының орналасқан жері ерекше: бір жағы сонау Ойқарағайдан басталып, Қытаймен шекарада орналасқан таулы аймақ. Шекара сызығының бойында орналасқан Сүмбе, Қызылшекара, Қостөбе, Нарынқол, Жамбыл және Қаратоған халқының күнделікті жұмыстары мен тыныс-тіршілігі сол шекарамен тығыз байланысты. Шекарада орналасқан аудан болғандықтан, оны күзетуді аудан тұрғындары өз жауапкершіліктері деп түсініп, оны бүкіл аудан халқы болып күзеттік десем, артық айтқандық болмас еді. Шекараны бұзған талай адамды қарапайым ауыл тұрғындары ұстап берген мысалдар да жетіп-артылады. Ауданға сырттан бір-ақ жол кіреді және шағын аудан болғандықтан, келген-кеткен бейтаныс адамдарды қадағалап отыру – біздің қанымызға сіңген қырағылық. Кезінде мектептерде «Шекарашылардың жас достары» деген үйірмелер жұмыс істейтін. Әр шаруашылық бір-бір заставаны қамқорлыққа алатын...
1997 жылдың мамыр айында Кеген ауданы таратылып, Райымбек ауданына қосылды. Орналасқан жерінің ыңғайына байланысты Кеген ауылы аудан орталығы болды. Халықтың әрдайым орталыққа қарай қоныстанатыны белгілі. Сол кезден бастап нарынқолдықтар аудан орталығына, қалаға, қала төңірегіне көше бастады. Нәтижесінде бұрынғы аудан ойсырап қалды. Қазір қосылған екі ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері бұрынғы бір Нарынқол ауданының көрсеткішіне де жетпей қалды.
Қазіргі жайды салыстыруда өткенімізге көз жіберетініміз бар. Оған сүйенсек, кезінде Нарынқол ауданы бойынша 3000 гектар жерге картоп егіліп, оның гектарынан 100-120 центнерден өнім алынатын. Жекелеген звено жетекшілері 210-220 центнерге дейін картоп алып жатушы еді. Мал басы жыл соңына қарай 500 мың қой-ешкі, 17 мың ірі қара, 10 мыңға жуық жылқы малын құрайтын. Ол жылдары аудан мемлекетке 900 мың тонна ет, 6 мың тонна сүт, 850 тонна биязы жүн, жүздеген мың тонна картоп өткізетін. Әрине, бұл көрсеткіштердің өздігінен келмейтіні белгілі. Бұл сол кездегі аудан, шаруашылық жетекшілері мен қарапайым еңбек адамдарының жетістігі еді. Адал еңбектерімен көзге түскен Күлән Әбдібаева, Санақ Далабаев, Аманкелді Ботанбеков, Қажымұқан Диқанбаев сияқты еңбек майталмандарының есім-дері – бүгінде ел жадында. Шаруашылық жетекшілері Нүсіпбек Әшімбаев, Сәрсенбай Байғұлов, Қанатай Қамыров, Динамжан Дауытов, Кеңесбай Байқанов, Тұрсын Шорманов, Ғазиз Көтшібаев тәрізді ел басқарған азаматтардың есімдерін де ұмыта қойған жоқ. Бүгіндері олардың атын қайталап жаңғыртып отырсақ, бұл елі мен жерінен еңбегін аямаған ер-азаматтарды бүгінгі ұрпақ есіне салып қою деп білген жөн...
Ал ауданның бүгінгі жағдайына ден қойсақ, талай нәрсеге куә болар едік. Тү-зеле бастаған халық тіршілігіне қаншалықты тәубә айтқанмен, бүгінгі көрсеткіштер басқаша сөйлейді: баяғы Нарынқолдың танымал, сапалы картобы көзден бұлбұл ұшты. Бұрынғы аудан орталығындағы арнайы картоп сақтайтын ірі қойма қирап, тоналған. Кезіндегі Сарбастау мен Қайнардағы асыл тұқымды қой фермаларының жұмысы жоқтың қасы. Жалпы, аудандағы малды асылдандыру жұмыстары тоқтатылған. Мал бордақылайтын кешендер толық тоналып біткен. Ауыспалы егістік жүйесі қағаз жүзінде болмаса, жүзеге асудан қалған. Аудан орталығындағы балабақша, орталық дүкен тоналып, қирап біткен. Бұзылған, босап қалған үйлерде есеп жоқ, халық ескі үйін бұзып алып, шекара аймағындағы туған жерін тастап көшіп жатыр.
Кезінде көрші Қытай елі барлық жұмыстарын қолмен атқаратын. Сүмбе өзенінің басынан тартылған тоғанды күрекпен қазып, биіктегі егістік жеріне су шығарғанын көзімізбен көргенбіз. Сол жылдары бізге қызыға қарайтын көршіміз бүгіндері бізді азық-түлік пен киім-кешектің барлық түрімен қамтамасыз етіп отыр. Біраз жыл бұрын жолым түсіп, сол Қытайға, Сүмбенің арғы жағындағы Түргенбұлақ ауылына барғаным бар. Шаруалары мықты, біз бидайдан гектарына 25 центнерді зорға алып жатқанда, олар 50 центнерден өнім алып отыр. Байқағаным, шекаралық аудандарда қытайлықтар диви-зиондарға бірігетін «жұмысшы полкын» орналастырып қойған. Жай кездері ауыл шаруашылық жұмыстарымен айналысады, ал шын мәнінде, олар – әскери тәртіппен өмір сүретін, жыл сайын арнаулы дайындықтан өтетін дайын жауынгерлер сияқты. Сонда көрші елге тыныш жатқан қазақ шекара-сына сонша жауынгер ұстау неге керек? Оның арғы жағында қандай мақсат жатыр, оны зерттеп-біліп отырған арнаулы орындар бар ма? Қазір баспасөздегі ақпараттарға көз салып, Қытайға барып-келіп жатқандардың және онда тұрып жатқан қандастарымыздың сөздеріне құлақ ассақ, олар шекараға жақын орналасқан жерлерге өз ұлт өкілдерін, яғни ханзуларды топ-тастыруда екен. Сондай-ақ басқа ұлт өкілдерін қытайландыру саясаты ашық түрде жүргізілуде. Қытайдың осындай әрекеттерін көріп-біле тұра, халқы ауып, жалаңаштанып қалған шекаралық аудандарды неге күшейтпейміз? Мықтап ойланатын жағдай.
Меніңше, біз де еренсіз болмауымыз керек, бұрынғы Нарынқол ауданын қал-пына келтіріп, қайтадан құруымыз қажет. Егер аудан қайта құрылса оның экономикасы жанданып, жұмыс іздеп жан-жаққа көшіп кеткен халқы қайта оралатыны сөзсіз. Ал ауданымыздың керемет ауыл шаруашылық әлеуетін айтпағанда, оның жұмақтай табиғаты экологиялық туризмді дамытуға тап-тырмайтын жер. Оның сыртында шекара күзеті де жақсара түсер еді. Қытай жағы да қазақ жерінің қаңырап бос жатқанын емес, халқы жиылып, өз атамекенінде нық отырғанын көрер еді. Ауданды қайта құру, шекара бойындағы елді мекендерді, ауылды, ауданды күшейту, ондағы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесінің осындай үлкен мемлекеттік маңызы бар, ауқымды жұмыс екенін ескеріп, оған аса жауапкершілікпен қарасақ. Мәслихат депутаттары осы мәселені қолға алса, қанеки!
Біздер, осы қара шаңырақты күзетіп қалған аз ғана тұрғындар, бабамыз Райымбек батырды тербетіп, Бердібек, Мұқағали, Сағат, Еркін, Баққожа сияқты ақын-жазушыларды дүниеге әкелген қасиетті жеріміздің келешегі кемел болатынына кәміл сенгіміз келеді.
Мұқағали Мақатаев
«Ұят болды-ау»
Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау,
Ұят болды-ау, қауымнан!
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау,
Ұят болды-ау, бауырлар!
Редакциядан: ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының назарына!
Жоғарыда айтылған барлық мәселе – ащы да болса шындық. Бұл тек қана Алматы облысының бір ғана шекаралас елді мекеніндегі жағдай емес. Мемлекеттік шекара төңірегінде еліміздің он екі облысындағы бірнеше аудан, ауылдарында да осы тақылеттес мәселе бар. Кез келген елдің шекаралық елді мекендері сол елдің ішкі ахуалынан ха-бар береді. Мысалы, жоғарыдағы мақалада автор Қытайдың бір ғана шекаралас ауданындағы жағдайды айтып отыр. Дәл сол сияқты шекараның арғы бетіндегі мемлекеттердің халқы да біз туралы ой түйеді. Ойсырап тұрған олқылықтарымызға қарап Қазақ елі туралы бөгде бір ойда қалмасына кім кепіл? Сондықтан шекараны тек мұздай қаруланған әскермен ғана емес, көп қоныстанған халықтың қарасымен де қорғауға болатынын естен шығармағанымыз абзал. Мақалаға өзек болған Нарынқол жерінде ғана емес, дәл сол сияқты өзге облыстардың да елді мекендерінде де осындай жағдай қалыптасқан. Ресеймен шекаралас Павлодардың Железинка (26 мың), Успенка (22 мың) аудандарының халқы бір аудан тұрғындарының санына жетпейді. Солтүстіктің Ақжар ауданында да халық селдір қоныстанған. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов өзінің бір сұхбатында «Президентіміздің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі аумақтық даму стратегиясында көрсетілгендей, болашақта елдің шекара маңындағы бұрын таратылған ауылдық аудандарды демография және көші-қон жағдайына байланысты қайта қалпына келтіруді жүзеге асыру керек. Шығыс Қазақстан облысында халықпен кездесулер өткізген кезде, бұрын таратылған шекара маңындағы Мақаншы, Марқакөл, орталығы Ақжар ауылы болған Тарбағатай аудандарын қалпына келтіру мәселесі жиі көтерілді. Бұл бір жағынан, шекара маңындағы ауылдарды сақтап, тұрғындардың шекара маңынан көшуін тоқтатар еді. Шекара маңында халықтың көп болуы, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсы болуы ел қауіпсіздігі үшін маңызды екені сөзсіз» деген екен. Яғни бұл ұлттық деңгейдегі мәселеге айналған. Біздіңше, бұл проблеманың шешілу жолы – «Нұрлы көш» сияқты бағдарламалар аясында көшіп келіп жатқан қандастарымызды шекаралас елді мекендерге шоғырландыру; Үкі-меттің индустриялық-инновациялық бағдарламасы аясында өндіріс ошақтарын салу; Ресеймен арада қалыптасқан шекаралық форум ұйымдастыруды қолға алу.
«Алаш айнасы» мұрағатынан