Сайлау комиссияларының 1,5 мыңға жуық мүшесі жұмыстан шеттетілді
Партиялық тізімге енген кейбір адамдар учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің жақын туыстары немесе тікелей басшылары екені анықталды
Учаскелік сайлау комиссияларының мың жарымға жуық мүшесі мүдделер қақтығысына байланысты жұмысынан шеттетілді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров мәлімдеді, деп хабарлайды Spunik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, бұл жолғы сайлау науқанына 10 060 сайлау учаскесі жұмылдырылған, олардың құрамында учаскелік сайлау комиссияларының 70 856 мүшесі бар.
"Заң талаптарына сәйкес, сайлау комиссияларының мүшелігіне кандидаттар тіркелді. Соның барысында партиялық тізімге енген кейбір адамдар бірқатар учаскелік сайлау комиссиясы мүшелерінің жақын туыстары немесе тікелей басшылары екені анықталды", - деді Петров орталық сайлау комиссиясының отырысында.
Осыған байланысты мүдделлер қақтығысына жол бермес үшін учаскелік сайлау комиссияларының 1 490 мүшесі өз міндетінен босатылды.
Бұдан бөлек, Петровтың айтуынша, сайлау комиссияларының 21 500 мүшесі коронавирусқа ПТР тест тапсырған. Оның 232-сінде тест оң нәтиже көрсетті.
Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихаттар сайлауы 2021 жылы 10 қаңтарда өтеді. Ертең, 9 қаңтар &ndash тыныштық күні. Бұл күні кез келген үгітке тыйым салынған.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне сәйкес, алдағы сайлауда 216 мәслихатқа 3 276 депутат сайланады. Соның ішінде республикалық маңызы бар қалалар мен астананың мәслихаттары (589 мандат), 36 облыстық мәслихат (596) және 163 аудандық мәслихат (2 091 мандат) бар.
Мәжілістің 98 депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. Бұдан бөлек, тағы 9 депутат Қазақстан халқы ассамблеясының атынан мәжіліске келеді.