Дана қазақта «әкім бол, халқыңа жақын бол» деген керемет сөз бар. «Ұлық болсаң, кішік бол» деп те жатамыз. Дегенмен әкімді жақын етудің тамаша тетігі – оны халықтың пікірін ескере отырып, сайлауға салу. Мұндай қағидалы қадамның бастауын Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында жасап, кейін бұл заңдық негізбен құпталған. Сөйтіп, тамыздың 5-інен ел өңірлерінде аудандық маңызы бар қала, ауыл һәм кент әкімдерін сайлау басталады. Кеше Орталық сайлау комиссиясы осы саяси науқанға қатысты брифинг өткізіп, әзірліктің мәнін айтқан еді.
Әкімдерді сайлау қажеттігі туралы айтқанда Елбасы мұнда ең алдымен басқаруды орталықсыздандыру қаперде болатынын, ал ондай қадам сауаттылықты талап ететінін жеткізіп: «Орталықсыздандыру идеясының мәні – шешім қабылдау үшін құқықтар мен қажетті ресурстарды орталықтан өңірлік билік органдарына беру», – деген еді. Ауылдың һәм аудандық маңызы бар қаланың әкімін сайлау осы идеяның тікелей жүзеге асуына ықпалын тигізері хақ. Өйткені көзіқарақтылар болса білер, бұған дейін ел Парламенті жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңды қабылдады. Оған сәйкес, ендігәрі ауыл әкімдерінің қолына өкілеттіктің бір парасы, оның ішінде ауылдық деңгейде өзін-өзі басқару арқылы қаржы қалыптастыру, оны жұмсау тетіктері өткен еді. Ендеше, алдағы сайланатын ауыл әкімі, бір жағынан, жұртшылыққа жақындай түсуі үшін мәслихатпен таңдалса, екінші жағынан, ондай әкімдерде өз қабілеттерін көрсету үшін өзіндік қаржылық ресурстарға да иелену құқығы болады. Ендеше, тамызда өтетін «әкімдер сайлауы» атты саяси науқанның маңызы зор. Ал одан кейінгісін одан кейінгі жағдай ғана көрсетеді. Мұнда да айтпағымыз: ендігіде сайланбалы әкім жоғарыға жаутаңдап қызмет етпей, жұртшылыққа жағу үшін қызмет етуі керек. Дәл осы ретте «жұртшылықтың пікірі қалай ескеріледі?», «көпшілік сайлауға қалай әсер етеді?» деген маңызды мәселе де тұр. Өйткені ауыл әкімдері негізінен мәслихаттармен сайланады емес пе? Ал сол мәслихаттарға ауыл әкімінің кандидатурасын баламалы негізде аудан әкімі ұсынады. Аудан әкімі мәслихатқа үміткер ұсынғанда да, ең алдымен сол ауылға барып, ауыл халқының пікірін естіп, сосын сайлауға түсетін кандидаттар туралы қалың жұртшылықпен кеңесіп барып ұсынысын жасайды. Сөйтіп, бұған дейін ауыл басшысы тікелей аудан әкімінің өкімімен тағайындалып келсе, енді аудан әкімінің өзі кандидат ұсыну үшін ауылға барып, халықпен кеңесіп, елдің ойын елегінен өткізеді. Лайықтысын түртіп, елеп-екшеп барып таңдау жасау үшін мәслихаттардың сайлауына лайықты кандидаттар ұсынылады. Сөйтіп, бұйыртса, қалың жұртшылық «тағайындалатын» мен «сайланатынның» қандай болатынына да көз жеткізіп қалар. Дегенмен демократия қағидатына салсақ, осы екеуінің айырмашылығы бізге де бесенеден белгілі деп айтуға болады. Осы тұста кейбір сарапшылардың әкім сайлауының мәслихат аясында өтетініне налитыны бар. Әйтсе де сол мәслихатты кезінде халық сайлаған. Ендеше, мәслихат халық атынан һәм халық пікірі ескеріле ұсынылған кандидаттарды әкімдікке сайлайтын болады.
2457 әкім сайланады
Орталық сайлау комиссиясынның мәліметіне қарағанда, тамызда өтетін сайлауда барлығы 2457 әкім сайланатын болады. Олардың 47-сі – аудандық маңызы бар қалалардың әкімдері, 2101-і – ауылдық округ әкімдері, 119-ы – кенттер әкімдері және 190-ы – ауыл әкімдері. «Қоғамдық бақылауды және жергілікті жерлердегі ахуалға азаматтардың ықпалын күшейту мақсатында Президент Н.Назарбаев 2013 жылғы қыркүйектен кешіктірмей, елімізде мәслихаттар арқылы аудандық маңызы бар қалалар, ауыл әкімдерін, ауылдық округтер құрамына енбейтін кенттер әкімдерін сайлау туралы шешім қабылдаған болатын. Осы мақсатта сайлауды өткізу тәртібі анықталды. Соған сәйкес, ауыл әкімдерінің сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге құрамында 1 316 мүшесі бар 14 облыстық, 28 қалалық және 160 аудандық-аумақтық сайлау комиссиялары тартылатын болады», – дейді Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекова. Оның сөзіне қарағанда, саяси науқан сайлау тағайындалғаннан бастап, оның қорытындылары анықталғанға дейін әрбір өңірде бір ай бойы өтеді. Соған орай, қазірдің өзінде аудан әкімдері ауыл аралап, кандидаттарды ұсынуға белсенді кірісіп кеткенге ұқсайды. Мысалы, кешеге дейін аудан басшылары ел өңірлерінде ауылдағы ағайынмен мыңнан астам кездесу ұйымдастырған. Сындарлы кездесулер нәтижесінде 895 кандидат әкім сайлауына ұсынылыпты.
Айта кетейік, ауыл әкімдеріне жасы 25-ке толған, «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстанның заңында қойылған талаптарға сәйкес келетін, белсенді сайлау құқығына ие, жоғары білімі бар және тиісті облыстың аумағында тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары кандидат бола алады.
«Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатқан кандидаттарды ұсыну сайлау күніне 25 күн қалғанда аяқталады. Ал кандидаттарды тіркеу сайлау күніне 15 күн қалғанда бітеді. Бұдан бөлек, сайлау алдындағы үгіт жұмыстары сайлауға 15 күн қалғанда басталып, сайлауға бір күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 24:00-де аяқталады», – деді Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекова.
Тоқтала кететін жайт, сайлау бүкіл республикада бір күнде, бір мезетте бола салмайды. Мәселен, аудандық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының шешімдеріне сәйкес, әкімдерді сайлайтын мәслихат отырыстары Оңтүстік Қазақстан облысында – 5 тамызда, Атырау облысында – 6 тамызда, Ақтөбе, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында – 7 тамызда, Шығыс Қазақстан облысында – 7 және 8 тамызда, Батыс Қазақстан облысында – 7 және 9 тамызда, Ақмола және Қарағанды облыстарында – 8 тамызда, Жамбыл облысында 9 тамызда өтетін болады.
Сөйтіп, Қазақстанның саяси өміріндегі тағы бір маңызы зор науқан басталмақ. Оның маңызды болатын себебі – науқан нәтижесінде көпшіліктің көңілінде жүрген біршама сұрақтардың жауабы шешімін таппақ.
Сайланатын әкім халыққа қаншалықты жақындайды?
Последние статьи автора