Саясаткерлердің шешендік өнер мектебі неге жоқ?

Саясаткерлердің шешендік өнер мектебі неге жоқ?

Қазақстандағы саясаткерлер мен шен-шекпенділер қарапайым жұртшылыққа жабық, құпия болып көрінеді. Саяси-әкімшілік, қаржылық және ақпараттық ықпалымен ықтырып жүргені болмаса, артында «пәленшекең айтқан екен» деп жұрт сүйсінер нақыл сөз емес, гу-гу жел сөз ере жүретіні содан емес пе деген ой келеді кейде. Бәлкім, бұл демократиялық қоғам құруға ұмтылған еліміздің саяси ортасында шешендік өнер дәстүрінің, мектебінің кенже қалуынан, тіпті оның жоқтығынан емес пе?

Риторика һәм дәстүрлі шешендік өнер
Перикл, Коракс, Лисий, Горгий, Аристократ, Платон, Сократ, Цицерондар өмір сүрген ежелгі антикалық дәуірде ритори­калық мектептер деп аталған шешендік өнер мектептеріне 13-19 жастағы ұлдар қабылданып, онда гуманитарлық білім берумен қатар мемлекет үшін қызмет ететін шенеуніктерді шыңдады. Цицерон айтқандай, «адамды даңққа бөлейтін екі қасиетті өнер бар: бірі — қолбасылық, екіншісі — шешендік». Антикалық заманнан бас­тау алған демократия — шешендік өнер­дің анасы іспетті.
Қазақтың ілкі тарихында сөз құдіретіне бас идірген «түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» атанған Майқы би, Аяз би, Жиренше шешен, Асан қайғы, Шалкиіз, Бұхар жырау, Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер заманындағы шешендік өнер мектебінің бүгінгі дәстүрі, сөздің киесі қайда кетті, елді басқарушылардың, халық қалаулы­ларының бойынан көріп жүрміз бе? Әрине, ділмарлар жоқ деген сөз емес, ділмарлық дәстүрден қол үзіп қалғанымыз жасырын емес. «Айтпарк», «Азамат» пікірсайыс клубы болмаса, жүйелі әрі кәсіби түрде жұмыс істейтін, болашақ саясаткерлерді, ел басқарушыларды шешен сөзге шыңдайтын алаңқай, орталықтар жоқтың қасы. Саяси ортада шешендік өнер мектебінің өткір қажеттілігі мемлекеттік тілді қолдауға сеп болар еді. Қазақтың аса бай, шұрайлы тілінің елдегі барлық ұлттарды біріктіруші потенциалына шүбә жоқ. Мысалы, журналист Жолымбет Мәкішевтің «Шенеунік тіл сындыратын шешендік мектеп керек» деген мақаласында «билік тұтқасындағы­лардың қазақ тілінде жатық сөйлеуі мемлекеттік идеологияның өзегіне айналуы тиіс... Қазақтілді басшыларды қалыптас­тыру үшін Астанада арнайы шешендік мектебі ашылуы керек. Бұл мектеп ұлтымыздың шешендік дәстүрін оқытатын, ойды қазақ­ша ұтымды жеткізе білудің әдіс-амалдарын үйрететін үлкен білім ошағына айналуы тиіс. Себебі жұрттың көбісі ел басқарып отырған адамдарға қарап сөз түзейді. Қазақ тілінің жатық тілге айналуы ең алдымен осы басшылықтағыларға байланысты» деген ойы көңілге қонымды дер едік.
Қазіргі шешендік өнер мектебі қандай болуы керек?
Зерттеушілер шешендік өнердің туабітті қасиет ретінде және кәсіби тұрғыда қалыптасатынын айтады. Рас, бірлі-жарым тумысынан сөзге ұста саясаткерлерді көріп жүрміз, бірақ саяси ортада, билікте қазақтың төл шешендік өнерінің дамуына қажетті орта қалыптаспай келеді. Сон­дықтан жастардың, шенеуніктердің шешендік қабілет-қарымын ұштайтын ділмарлық мектеп керек-ақ. Бұл үшін не істеу керек?
Біріншіден, облыстық, қалалық әкімдіктер, министрліктер, ЖОО жанынан шешендік өнер мектебін ұйымдастыру керек. Бұл бір жағынан, қазақ тілін меңгеру, екіншіден, қазақ салт-дәстүрімен етене жақын болуы себін тигізеді.
Екіншіден, заманауи негізде қазақтың дәстүрлі шешендік өнерінің бағытын, үлгі­сін, өзіндік ерекшелігін айқындау керек;
Үшіншіден, сөзсайыс мәдениетін қа­лып­тастыру мақсатында тұрақты түрде қарсыласушы тараптар, тұлғалар арасында телесаяси айтыс өткізіп, белсенділік танытқандарды марапаттап отырсақ.

Мамандар пікірі
Мадина НҰРҒАЛИЕВА,
саяси ғылым кандидаты:
– Антикалық заманда шешендік өнер ерекше маңызға ие болды. Саяси ділмарлық халықты көтеріліске шақыруға да, соғысты тоқтатуға да қабілетті еді. Шешендік өнерді шыңдау мақсатында арнайы мектептер ашылып, біліммен сусындатты. Әлемдік деңгейдегі университеттерде риторика пәні міндетті түрде оқытылды. Әжептәуір студенттік дебат орталықтары мен алаңқайлардың болғанына қарамастан, елдегі университеттер отандық танымал шешендердің ұстаханасы бола алмай отыр. Жария шешендікті тәжірибе арқылы шыңдау үшін риторика бойынша дәрістер мен курстар өткізу жеткіліксіз. Өкінішке қарай, қазіргі Қазақстанда өз ұстанымы мен көзқарасын табанды қорғайтын саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері азшылық болып отыр. Отандық саясаткерлер көбінесе өз мүмкіндіктерін пайдалану арқылы ықпал етіп, қоғамдық пікір қалыптастыруға дайын емес. Бұл әрине, субъективті және объективті себептерге байланысты. Субъективті себептердің қатарына аудитория алдында көсіліп сөз сөйлеуге қабілет-қарымының болмауы, тосыннан қойылатын сұрақтарға жауап беруге дағдыланбауы, спичрайтерлердің алдын ала дайындаған мәтіндеріне үйреніп қалуын жатқызуға болады. Объективті себептерге орталық қалалардағы диалог алаңдарының жеткіліксіздігі және өзге аймақтарда оның мүлде болмауы, шешендік өнер мәдениетінің қалыптаспауы және оған қоғам тарапынан талаптың болмауы жатады. Қазіргі кезде елдің жария ақпараттық кеңістігі бос тұр. Қоғаммен ашық диалогтың өрістеуіне саяси элитаның өзі ғана серпін бере алады. Ал халық пен сарапшылар қауымы өз пікірін, позициясын нақты дәлелдей білетін саясаткерлердің сөздеріне құлақ асуға дайын.
Әсет ТҰРДЫҚҰЛОВ, Қазақстан Жастар одағының төрағасы:
– Шешендік өнер мектебінің қалыптасуы үшін дәрістер, сабақтар өткізетін үйірмелер саяси партиялардың жанынан құрыла ма, әлде өз алдына қандай да бір орталық болуы керек пе, ол жағын айту қиын. Бірақ бұған бүгін зор қажеттілік туып отыр. Өйткені бұл демократия үрдістері тереңдеген сайын біздің қоғамымызға, өмірімізге дендеп ене беретіні анық. Меніңше, шешендік өнер мектебі арнайы бір орталық болғаннан гөрі, әртүрлі партиялардың жанынан ашылғаны дұрыс па деп ойлаймын. Ал жалпы саяси партиялардың жанында шешендік өнер мектебі бар дегенді өз басым естіген емеспін. Дегенмен бұған нақты қадамдар, алғышарттар жасалуы тиіс. Заманауи шешендік өнер мектебі өркениетті түрде, ешқандай қара пиар, бір-бірінсіз қаралаусыз, сөз мәдениетін, саяси мәдениетті берік ұстана отырып құрылуы керек деп ойламын.

Ой-тұжырым:
Қазақ – болмысынан сөзге шешен, сөз киесін қадір тұтқан, аталы сөзге тоқтаған текті халық. Керек десеңіз, шешендік өнер нағыз қазақтықтың айғағы іспетті. Шешендік өнер – төлтума таланттың көрінісі ғана емес, халық алдын­дағы абырой-атақтың, әділдігінің, елжандылықтың белгісі. Меніңше, төл шешендік қайта жаңғырар болса, мансап биігіндегі көлденең көк аттылардан арылар едік.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста