Рухани-гуманитарлық дағдарыстан қалай шығамыз?

Қазір бүкіл әлем – экономикалық дағдарыстың шырмауында. Жұмыр жердегі әрбір халық жаһанды жайлаған дағдарыстан құтылудың жолдарын қарастырып, өз қал-қадерінше күресіп бағуда. Елбасы айтқандай, «бұл дағдарыс өтеді, кетеді». Тіпті сарапшылар мен дуалы ауыз мамандардың өзі бұл қиыншылықтың мәңгілік емес екенін және уақыт өте қаржылық қыспақтан да шығатынымызды болжап айтады. Десе де, адамзат дүниежүзілік экономикалық құлдыраумен қатар, мәдени дағдарыстың да шырмауында қалып отыр. Адамзаттың бойындағы гуманизм, рухани құндылықтар да деградацияға ұшырады. Алайда рухани дағдарыстың шығу жолдарымен пәрмен салып күресіп жатқан ешкім жоқ. Біз ғана емес, мәдени саясатты зерттеудің басы-қасында жүрген ғалымдар да осындай пікірде. Ал бұл – Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін қатерлі құбылыс. Жақында ғаламторда саясаттанушы Ерлан Саировтың осы тақілеттес «Гуманитарлық дағдарыс. Не істеу керек?» деген қоғамдық пікір туғызған мақаласы жарық көрді. Автор өз сөзінде адамзаттың материалдық құндылықтарға ғана тәуелді болып қалғанын айта келіп, жер шарын мекендеушілердің мәдени, рухани тұрғыда құлдырап кеткенін сөз етеді.

Шын мәнінде, қазіргі уақытта гуманитарлық дағдарыс белең алып отыр. Осы саладағы жаһанға ортақ ғылыми теориялардың қалыптаспауы мен ғылымның көсегесін көгертетін айтулы есімдердің жоқтығы – бұған дәлел. XVII ғасырдан бастап XIX ғасырдың соңына дейін гуманитарлық салада ұлы есімдер мен олардың ашқан жаңалықтары, мәселен, Ньютонның классикалық механикасы, Декарт әдісі, протестанттық этика құндылықтары біздің қазіргі қоғамдық дамуымызға дейін өз ықпалын тигізіп отыр. Сабақтастық жалғасып, XIX ғасырдың соңында генетика, психоанализ ілімдерінің дамуымен жаһандық деңгейдегі жаңа методологиялар өмірге келді. Осы кезеңде идеология саласында пайда болған либерализм, социализм құндылықтары күні бүгінге дейін адамзаттың игілігі үшін қызмет етті. Тиісінше, XX ғасырда неореализм, неолиберализм идеялары қолданысқа енді. Адамзатқа ортақ осындай құндылықтарды тізбелеп келген саясаттанушы Ерлан Саиров: «Соңғы мыңжылдықта жаһандық деңгейдегі теориялар мен әдіс-тәсілдер жоқтың қасы. Өткен заман құндылықтары қазіргі уақытта өзінің функциясын түгесіп болды, ал жаңа методологиялар туындаған жоқ. Сонымен қатар кейінгі жылдары Маркс, Вебер, Фрейд, Тойнбилердің дәрежесіне көтерілген бірде-бір замануи ойшылдар жарқырап көрінбей қалды. Тоффлер, Эко, Фукуяма деп пір тұтып жүрген философтарымыздың өзі – ойшыл емес, жай ғана публицистер», – деген ой айтады. Соңғы аталған есімдерді футуролог ғалымдар ретінде бағалайтын оқырмандар автормен келіспеуі мүмкін. Шынтуайтына келгенде, аталған есімдер ғылымның саясатпен «уланған» түрімен айналысады. Еуроцентристік көзқарастағы бұл ғалымдардың «либерализм құндылықтары жойылғанда, адамзаттың дамуы тоқтайды» деген пайымдарының өзі бүгінгідей капиталистік дағдарыс кезінде теріске шығарылып отыр.
Еліміздегі гуманитарлық дағдарыстың бір мысалы – ғылымның сапасыз дүниеге айналуы. Кеңестік кезеңдегі ғылыми академиялар мен орталықтардың орнын бүгінде ғылыми әдіс-тәсілдерге көп сүйене бермейтін «сарапшылар» басқан. Сондықтан да болар, гуманитарлық ғылымның өмірде нақты игілікке асу үрдісі мүлде байқалмайды. Осы мәселелерді өз мақаласында көтере білген автор «ғылымның құлдырап кеткендігі соншалық, ғылыми атақтың өзі қаржылық механизмдер арқылы таратылып жатыр» деген ойын ортаға салады. Мақала авторы: «Бұл дағдарыс мемлекетіміздің болашағы үшін қатерлі. Шикізатқа ғана тәуелді болып отыруымызды болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуымыз деп түсінуіміз керек. Сондықтан бүкіл адамзаттың санасына сіңіп кеткен тұтыну мәдениетін өзгертуіміз қажет. Егер біз төл мәдениетімізді халықаралық дәрежеде насихаттай алсақ, одан көретін пайда мұнайдан түсетін қаржыдан да көп. Алдымен ұлттық мәдениетімізді ұлттық экономикаға сәйкес етуіміз қажет. Ұлттық киімдері мен бұйымдарын экономикалық категорияға айналдырған ұлттар қазір шаш етектен пайдаға кенеліп отыр. Сонымен қатар қазақтар тұтыну мәдениетін дұрыс жолға қоя білуі керек. Міне, осы мәселенің барлығы біздің гуманитарлық тұрғыда азып-тозып бара жатқанымызды айғақтайды», – дейді.

Десе де Қазақстанның мәдени-гуманитарлық дағдарыспен күресуге қауқарлы екенін айтып өткен автор өз кезегінде Ахмет Йассауи, Қорқыт ата, Асан қайғы, Бұқар жыраулар тек теориялық философия жасап қана қоймай, олардың ұлттың өркендеуіне қосқан орасан зор үлестері туралы да баяндай кеткен. Басқа халықтардың ойшылдарының кітаптар арқылы қалдырған рухани мұраларын тобықтай ғана мақалмен жеткізген қазақ философтары ұлтымыздың ілгерілеуіне күні бүгінге дейін игі ықпал етіп келгені жасырын емес. «Қазақстанның гуманитарлық дағдарысты еңсеруіне тамаша мүмкіндігі бар», – деп мақаласын түйіндеген автордан нақты мысалдар келтіруді сұраған едік.

Ерлан САИРОВ, Мәдени саясат және өнертану институтының директоры:
– Қазақстан мәдени-гуманитарлық сала бойынша дамуда бүкіл Еуразия құрлығының локомотиві бола алады. Себебі Ресейдің өзі гуманитарлық сала бойынша ақсап қалды. Өткен тарихи мұраларымызды зерделей отыра, көшпенділердің гуманитарлық ілімінің мектебін қалыптастыра аламыз. Ол үшін арнайы ғылыми орталықтардың базасын құруымыз керек. Мұндай дағдарыстар 500-600 жылда айналып келіп отырады. Мысалы, Рим империясы құлағанда, Еуропаны инквизиция жайлады. Еуропа жұртын сол қара түнектен мәдениет, Қайта өрлеу мәдениеті құтқарып алып шықты ғой. Микеланджело, Леонардо да Винчилер өшпес із қалдырған Қайта өрлеу мәдениеті кәрі құрлықтың қара түнек мәдениетін жаңа сапаға көтеріп жіберді.

Бір пікір:

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымының докторы:
– Автордың ойымен толық келісуге болады. Қазір адамзат азғындалып, гуманитарлық құндылықтар әбден құнсызданып кетті. Бірақ мен бұл құлдырауды рухани даму мен өрлеудің алдындағы уақытша құбылыс деп ойлаймын. Себебі қазіргі біз сияқты орташа деңгейдегі адамдардың рухани азғындық әрекеттері Карл Маркс пен Макс Вебер сияқты ұлы адамдардың шығуына әсер етуші фактор бола алады. Сонымен қатар «философ» деген ұғымды біздің қоғам дұрыс түсінбей келеді. Мен сияқты философия пәнінің мұғлімдерін философ деп атап жүр. Бұл – қате түсінік. Себебі нағыз философ мың жылда бір-ақ рет туады. Аристотель, әл-Фараби сияқты ұлы ойшылдар қазір, шын мәнінде, жоқтың қасы.

Ой-тұжырым

Қазақстанның өткен тарихы  ауыз толтырып айтарлықтай өте бай, ал келешегімізді даму жолымызда кездесіп отырған рухани-гуманитарлық дағдарысты жеңгенде ғана қалыптастыра алмақпыз. Ол үшін, біріншіден, қонақжай халық болғандықтан, әлемдегі әртүрлі қалыптасқан мектептермен диалог орнатуымыз қажет. Екіншіден, ұлтқа ұйытқы болатын ғылыми орталықтар құру аса маңызды болып қала бермек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста