Қылмыскерді экстрадициялау қалай жүзеге асырылады?
Кейінгі кезде қоғам «экстрадиция» терминімен жиі бетпе-бет келіп жүр. Ақпарат құралдары құқық қорғау органдары жас банкирлердің өліміне қатысты қылмысты толық ашқандығын баяндап, қандықол қарақшыларды елге экстрадициялау туралы мәселені көтерсе, ақпараттық кеңістігімізде құлашын еркін сермейтін ресейлік БАҚ-тан да осы терминді жиі естиміз. Экстрадиция дегенді қылмыскерді, жалпы айыптыны бір елдің екінші елге беруі деп түсінеміз. Халықаралық құқықта экстрадиция мемлекеттердің қылмысқа қарсы күрес жолындағы ынтымақтастығының халықаралық формасы деп түсіндіріледі.
Экстрадиция эрасы
Орыстан шыққан құқықтанушы Фёдор Мартенс өзінің еңбектерінде экстрадицияның үш кезеңін бөліп қарастырады. Оның пайымдауынша, ежелден XVII ғасырдың соңына дейін қылмыскерлерді бір елден екінші бір елге беру мүлде сирек болған. Бұл уақытта негізінен саяси сатқындар мен еретиктерге қолданылған. Екінші кезең деп қарастырылатын XVIII ғасыр мен XIX ғасырдың алғашқы жартысында индустриялану кезінде пайда болған темір жол, автомобильдерді тонау үрдісі көбейді. Бір мемлекеттің азаматы екінші бір елдің территориясында қылмыстарға барған жағдайлар болған. Ғалым экстрадицияның үшінші кезеңі деп 1840-1943 жылдар аралығын көрсеткен екен.
Ортақ келісім болмаса, экстрадицияның жыры көп
Экстрадиция туралы айтқанда қандай да бір мемлекет қылмыскер деп танылған азаматты екінші ел оңай қайтара салады деп түсінбегеніміз абзал. Себебі экстрадиция – дипломатияның құндылықтарына сүйене отырып жүзеге асатын үлкен бір процесс. Құқықтық негіздеріне келсек, экстрадиция екі мемлекет арасындағы келісімдерге немесе көпжақты қабылданған конвенцияға сәйкес жүргізіледі. Мысал ретінде 1957 жылы Парижде қабылданған Еуропалық конвенцияны айтуға болады. Егер мемлекеттер арасында қандай да осы салаға қатысты келісімдер болмаса, экстрадициялау болмай қалуы да мүмкін. Ал Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер бір-бірінен қылмыскерлерді оңай экстрадициялап, өзге елдің заңын бұзған өз азаматтарын да тиісті мемлекеттерге тапсырады. Кейінгі кезде біздің қоғамда шетелдегі қылмыскерлерді елге қайтару дегенге сенбейтін болды. Өйткені заңымызды белінен басып, Батысқа қашқан бірде-бір қылмыскер де, қарақшы да қайтарылған жоқ. Неге дейсіз ғой. Себебі қазынаға қол сұққан жемқорлар мен ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтірмек болған пасықтардың көбі Ұлыбританияны сағалады. Естеріңізде болсын, Ұлыбритания – өмірі экстрадиция жасамаған ел. Испания, Нидерланды, Португалия сияқты мемлекеттер тісін басып жүрген Фрэнсис Дрейк бастаған қарақшыларды қамқорлығына алған да – Ұлыбритания, Иран билігі өлім жазасына кескен, ислам елдерінен нон-грата алған жазушы С.Рушдидің басынан сипаған да – осы ел. Сондықтан да Борис Березовский, Мұхтар Әблязов сияқты «түйені түгімен жұтқан» жемқорлар Лондонды паналады. «Нұрбанк» топ-менеджерлерін айуандықпен өлтірді деп айыпталған Әлиев, Кошляк бастаған қылмыстық топты елге экстрадициялау мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Елбасының өзі істі соңына дейін жеткізуді тапсырды. Австрия билігі алғашқы сұрауды кері қайтарыпты. Кеше ІІМ Қалмұханбет Қасымов: «Біз енді қайтадан құжаттарды дайындап жатырмыз», – деп мәлімдеді. Австрия мен Қазақстан арасында барлық жағынан ынтымақтастық орнаған. Саяси, экономикалық, мәдени байланыстар жоғарғы деңгейде. Алайда «Австрияда деп жүрген қылмыскерлер Мальта мемлекетінде жүр» деген де мәлімет бар. Бұл ақпарат шын болса, онда Мальтадан экстрадициялау ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені Қазақстан мен Мальта арасында осы салаға қатысты қабылданған ортақ келісім құжат жоқ. Социалистік елдер экстрадицияны қандай да бір келісімдерсіз жүзеге асыра береді. Мысалы, 1997 жылы кубалық курорттардың бірінде террористік әрекеттер ұйымдастырмақ болған Сальвадор азаматын былтырғы жылы Венесуэла жағы тапсырған болатын.
Экстрадициялау тәртібі
Азаматты табыс ету үрдісі бір мемлекеттің екінші бір мемлекетке сұрау салуы арқылы басталады. Сұрауға жауап жолданған тіл бойынша беріледі немесе ағылшын немесе француз тілдерінде жолдануы тиіс. Сұрау Сыртқы істер министрлігі немесе құқық қорғау органдары (Ішкі істер министрлігі, Әділет министрлігі, прокуратура) арқылы жүзеге асырылады.
Төл тарихтағы экстрадиция
Тарихтағы жүзеге аспай қалған экстрадициялардың бірі ретінде шүршіттер қылмыскер, қазіргі тілмен айтқанда, сепаратист, экстремист деп таныған Әмірсананы Абылайдың Қытайға бермей қоюын айтуға болады. Әрине, ол кезеңде мемлекеттер арасында қылмыскерлерді қайтару туралы ешқандай да халықаралық құжат болмаған. Яғни бұл жерде қазақтың сертіне беріктігі бәрінен жоғары тұр.
Қытай, Жапония, Израиль, Литва сынды мемлекеттер өз азаматтарын өзге елге бермейді. Тіпті Жапония басқа елдің азаматтарын да экстрадицияламайды.