«ҚОЛДЫ» БОЛҒАН ҚОШҚАРМҮЙІЗ

Демалыста теледидардан «Властелин колец» фильмін көріп отырғанмын. Кенет көзіме таныс өрнек оттай басылды. Сөйтсе, фильмдегі негізгі кейіпкер Эомердің сауытында қазақтың қошқармүйіз оюы бейнеленіпті.

Эомер деген – Рохан Теоден патшаның немересі. Нақтырақ айтқанда, Джон Рональд Толкиннің «Властелин колец» романының кейіпкері. Кейін осы шығарманың желісінде режиссер Питер Джексон кинотрилогия түсірді. Міне, осы фильмдегі Эомердің үстінде қазақтың қошқармүйіз оюы жүр. Шетелдік фильмдер қошқармүйізге құда түсе бастаған ба әлде соған ұқсас өрнек оларда да бар ма?
Шетелдік фильмдер дегеннен шығады, қазақтың оюларын кәрістер де қолды қылып жүр. «Қазақстан» телеарнасынан берілген «Жумоң» көпсериялы фильмі естеріңізде шығар. Міне, сол Жумоңның жағасында да қазақтың қошқармүйіз оюы бар. Қошқармүйіз көшпенділерге тән өрнек екені даусыз.
Олай болса, бұл ою Хан әулетіне қарсы шапқан қолбасшының киімінде қайдан жүр? Осы арнадан берілген «Қайсар ханша» көпсериялы киносындағы актерлердің киімдерінен де қазақ оюларын байқап қалдық. Соған қарағанда, кәрістің тарихи кинолары қазақ оюын біртіндеп меншіктеп жатқанға ұқсайды.
Киносын айтамыз-ау, қазақтың қошқармүйізі кәріс әншілерінің гардеробына да еніпті. Кореялық «Super Junior», «2ne1» топтарының киімдерін көрсеңіздер ғой. Жігіттерден құралған «Super Junior» әншілерінің киімінде, әсіресе, жеңдері мен балақтарында қазақтың қошқармүйізі бар. Сол сияқты «2ne1» квартеті қыздарының да үстіндегі киімі қазақтың камзолына ұқсайды. Өзгешелігі сол, камзолдары ашық-шашық, алайда киімнің өңіріндегі өрнектер сол баяғы қошқармүйіз. Сонда қалай болғаны, кәрістерде де мұндай өрнек бар ма?
Кореядағы Ханяң университетінің түлегі, бүгінде ҚазҰУ-дың Шығыстану факультеті Корейтану және жапонтану кафедрасында кәріс тілінен сабақ беретін досым Данияр Әнуарұлынан осы жайлы сұрағанымда ойланбастан «кәрістерде қошқармүйіз жоқ» деді. «Кореяда оқып жүргенде кәрістің талай жігітінен осы ою туралы сұрадым. Тіпті мұражайларына барып, ерте замандағы киімдерін де көрдім. Тарихи кітаптарын да ақтарып шықтым. Тіпті кәріс тіліндегі сайттардан да осыған қатысты ақпарат іздедім. Алайда еш жерден қошқармүйізге қатысты дерек таппадым. Сондықтан бұл ою-өрнектерді кәрістер бізден ұрлаған деп айтуға толық негіз бар» дейді Данияр.
Қошқармүйіз қазаққа ғана тән ою ма? Осы сұрақты тарих ғылымдарының кандидаты, қазақтың ою-өрнектерін зерттеп жүрген тарихшы Қарлығаш Ерғазыға қойдық.
«Қошқармүйіз – қазаққа тән ою. Себебі қазақ – мал шаруашылығымен айналысқан көшпенді халық. Қошқармүйіз – байлықтың белгісі. Бұдан бөлек бұл ою тепе-теңдікті білдіреді. Оң жағы мен сол жағы тең, яғни симметрияға бағынады. Себебі қошқардың өзінің де жаратылысынан екі мүйізі тең. Осы тұрғыдан келгенде, көшпенді қазақтың бұл оюды табиғаттан алғаны анық.
Қошқармүйіз жайлы академик Әлкей Марғұлан көп ізденген, қазаққа тән ою екенін дәлелдеген. Ал басқа халықтарда қошқармүйізге ұқсас өрнек бар болса, олар бізден ұрлап жатқан болуы мүмкін. Әсіресе, Еуропаның фильмдеріндегі киімдерде қазақтың қошқармүйізінің бейнеленуін солай қабылдаса болады. Себебі олардың шаруашылығында, өмір тіршілігінде мұндай өрнек жоқ. Оюды былай қойғанда, шетелдік фильмдер біздің қазақ үйімізді, керегемізді ұрлайтынын байқап жүрмін. Әрине, түркітілдес халықтар болса түсінер едім, бірақ шыққан тегі мүлдем басқа Еуропа халықтарында ата-дәстүрінде жоқ қазақ үй қайдан жүр? Фильмдерінде қошқармүйізді көрсеткісі келсе қарсы емеспін, бірақ қазақтың ою-өрнегі деп көрсетуі керек» дейді Қарлығаш Ерғазы.
Қарлығаш апайдың сөзінің жаны бар. Себебі шетелдік фильмдерден қара үй деп аталатын киіз үйді жиі көретін болып жүрміз. Мысалы, Гомердің «Илиада» поэмасының желісімен түсірілген «Троя» тарихи фильмін алайық. Сондағы Ахилестің ауылы естеріңізде ме? Қаз-қатар қараша үйлер тігіліп тұрушы еді ғой, тіпті солардың бірінде Ахилестің өзі тұратын. Сонда қазақ үйді де бізден көшірген бе? Алайда «Трояның» киіз үйді көрсетуі бекер емес екен. Өйткені ежелгі грек мифтерінің қаһарманы Ахилестің шыққан тегі скиф, яғни сақ тайпасы деген дерек бар. Бұл туралы X ғасырдағы византиялық тарихшы Лев Диакон «Ахилдің шыққан тегі скифтер мекендеген Меотид көлінің (қазіргі Азау теңізі) маңындағы Мирмидон қаласы» деп жазыпты.
Антуан Фукуаның «Кароль Артур» тарихи фильміндегі қазақ үйдің де тарихы осыған ұқсайды. «Кароль Артур» фильмінде де қазақ үйді бекер көрсетпепті. Өйткені Артурдың арғы тегі Қазақстанның батыс аймағын мекендеген сармат тайпасы екен. Әрине, Ахилестің де, Артурдың да ата-тегі туралы талас көп. Бірақ солай дәлелдеп жүрген тарихшылар бар. Көшпенді өмір сүрген Артурды бала кезінде римдіктер қолға түсіріп, Британияға жеткізген көрінеді. Мұны астаналық зерттеуші Нұрқасым Әбуов та растап жүр. «Британ империясының негізін салған Артур патша жас кезінде көшпенді сармат тайпасынан шыққан Рим империясының боданы болған, нақтырақ айтқанда, оның ұлты қазақ» дейді Нұрқасым Әбуов. Осыған қарағанда, Артурдың тағдыры тура Мысыр сұлтаны болған Бейбарыстың тарихына ұқсайды екен.
Бейбарысты да бекер тілге тиек етпеген сияқтымыз. Бейбарыс билеген Мысыр елінің мешіттерінде де қазақтың қошқармүйізі көптеп кездеседі. Әсіресе, атақты әл-Азһар мешітінің кіреберіс қақпасында қошқармүйіз оюы бар. Сонда мысырлықтар бұл оюды қайдан алған? Бұл жайында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығы исламды зерттеу бөлімінің басшысы Мұқан Исаханнан сұрадық.
«Қаһирадағы (ред. Каир) әл-Азһар университеті фатимидтер дәуірінде салынған. Фатимиттер 909 жылы Тунисте құрылғанымен, 969 жылы Мысырды жаулап алып, Қаһираны өздеріне астана етті. Олар көп ұзамастан 975 жылы Қаһирада әл-Азһар университетін тұрғызады. Бірақ фатимиттер әулеті шиғалық исмайлия мәзһабын ұстанатын еді. Яғни әл-Азһар университеті алғашқыда шиғалық бағытта құрылған оқу орны болатын. Фатимиттерден кейін Мысыр мен Таяу Шығысты өзіне бағындырған аюбийлер әулеті өмір сүрді. Аюбийлер суннилік бағытты ұстанғанымен, әл-Азһар универсиеттінің бағытын өзгерткен жоқ. Тіпті әл-Азһар біршама уақыт өз жұмысын тоқтатты да. Дегенмен, 1250 жылы Мысыр билігін мәмлүктер қолға алды. Олардың бурдж (ред. беріш руы) тайпасынан шыққан Бейбарыс сұлтан 1260 жылы Мәмлүк билігін өз қолына алды. Ол билікке келе салысымен сунниттік ілімнің өркен жаюына күш салды. Әл-Азһар университетінің ғимаратын қайта жөндеуден өткізіп, сунниттік төрт мәзһабтың негізінде білім беру жүйесін құрады. Осы университет кешенінде әл-Азһар мешіті орналасқан.
Бейбарыс 1277 жылы көз жұмып, оның ұрпақтары айтарлықтай билік жүргізе алмайды. Осы кезде 1279 жылы мәмлүктердің шеркеш руынан шыққан Қалауын сұлтан билікке келеді. Ол Бейбарыстың ұлы істерін одан ары жалғастырып, Мысыр халқы үшін көптеген игі істер жасайды. Соның бірі әл-Азһар кешенін ұлғайту жұмысын қолға алады. Осы кезде өзінің түбі түркі екенін паш ету үшін әл-Азһар мешіті қақпасының маңдайшасына қошқармүйіз оюын бедерлеткізеді. Қазір сол ою-өрнегі жеті ғасырдан бермен әл-Азһар мешіті қақпасының маңдайшасында өрнектелген күйі тұр. Мысырда түркі нышандары тек әл-Азһар кешенінде ғана емес, Бейбарыс салдырған әз-Захир мешітінде де, шеркеш билеушісі Қайтпай сұлтанның Александрияда салдырған Қайтпай қорғанында да ұшырасады» дейді Мұқан Исахан.
Қазақтың қошқармүйіз оюы осылайша әлемге жайылады деп кім ойлаған? Мысырдағы қошқармүйіздің тарихын білдік. Ал көшпенділердің өрнегіне Батыс мәдениетінің көз алартуын қалай түсінеміз? Қошқармүйізге кәрістердің ауыз сала бастағаны нені білдіреді?
Кеше қымызды немістер, қымыранды еврейлер патенттеп алды. Енді қошқармүйізді бөтен елдер иеленбей тұрғанда қарекет ету керек. Қазақтың ою-өрнегін басқалардың білгені жақсы, бірақ ертең олардың «бұл – біздің ою» деп біржола тартып алмасына кім кепіл? Сондықтан ою-өрнекті төлтума өнеріміз ретінде заңдастыруды ұсынар едім. Бабаларымыздан мирас болған мұраларымыз өзгелердің иелегінде кетпесін десек, солай жасауымыз керек. Ұлтымызға ғана тән айшықтан айырылып қалмайық, ағайын!

Серікбол ХАСАН
aikyn.kz
 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста