Қазақстанға қандай жалпыұлттық жобалар керек?
Әлемдік тәжірибеге бойлап қарасақ, алға қойылған өте сауатты ойластырылған жалпыұлттық жобалар, ұлттық саяси науқандар мемлекеттік құрылысты нығайтып, елдің өркениетке айналуына зор серпін беріп келгені туралы ондаған мысалдарды келтіруге болады. Керісінше, өрісі тар кейбір келте жобалар мен науқаншылдықтың орны толмас зардаптарынан келер ұрпаққа ауыр мұра болып қалған трагедиялық жайларды санап тауыса алмайсыз. Задында, жалпыұлттық жобалар мен науқандар мемлекеттің саясаттың құрамдас бөлігі ретінде жоспарланып, идеологиялық тұрғыдан жүйеленіп, бүкіл елдің ғылыми-техникалық, адами еңбек ресурсын жұмылдыру арқылы жүзеге асырылады. Басқаны айтпағанда, осыдан жарты ғасыр бұрын артта қалған бірқатар Азия елдері «Азия жолбарыстарына» айналды, Түркияда танзимат саясаты жүргізілді. Өткен-кеткенді саралай отырып, қазіргі Қазақстанға мемлекеттігімізді нығайту үшін қандай жалпыұлттық жобалар мен науқандарды жүзеге асыру керек?
Жалпыұлттық науқандардың игіліктері һәм трагедиялары
Адам баласының жасампаздығы мен құдіретті ақыл-ой еңбегінің жемісіндей болған Мысыр пирамидалары, Александрия шамы, Зевс статуясы, Галикарнастағы мавзолей, Семирамида бағы секілді әлемнің жеті кереметі өз заманында перғауындар мен патшалардың атақ-даңқын қалдыру мақсатында бүкіл елдің күшін жұмылдыру арқасында жүзеге асқан, жалпыхалықтық жобалар болғаны мәлім. Әрине, бұл орасан зор атышулы жобалар құрбандықтармен іске асты. Әріге бармай-ақ КСРО-дағы тың игеру, Әму мен Сырдағы суармашылық «ұлы жобасының» пайдасынан зардабы зор болып шықты. Патшалық Ресей және КСРО тұсындағы Қазақстан еріксіз түрде орыстандыру, шоқындыру, отырықшыландыру, ұжымдастыру, тың игеру секілді отарлық науқандарды бастан кешірді. Мұндай күштеп жүзеге асырылған жалпыхалықтық науқандар қазақ ұлтына игілік емес, орны толмас трагедия әкелді.
Бүгіндері БАМ, Теміртау магниткасы, бүкілодақтық комсомол құрылыс жасақтарын айтпағанда КСРО-ның өне бойы Американы қуып жетіп, басып озу науқанынан түк те шықпағанының куәгері болып отырмыз. Кейбіреулер жоғарыдан жоспарланып, жүзеге асырылатын жалпыұлттық жобалар мен үлкен науқандық шаралар тоталитарлық және авторитарлық елдерге тән деуі мүмкін. Бірақ АҚШ-тың әлемдегі өз үстемдігін сақтап қалу мақсатындағы мондиализммен астасқан «демократиялық жорығын» қайда қоярсың? АҚШ-тың әлемді игеру жалпыұлттық науқанының аясында жастар Ауғанстан мен Иракта Америка мүддесі үшін басын бәйгеге тігуге тәрбиеленеді. Бүкіл әлемді, әуелі теріскейдегі далиған Сібір жерін жаулап алуды мақсат тұтқан қытайлықтар қазірдің өзінде «солтүстікті игеру» дейтін жалпыұлттық науқанын аяқтап қалды десек те болар. 90-шы жылдарға дейін ГФР мен ГДР болып екіге бөлінген неміс жұртының бірігуі ұзақ мерзімді жалпыұлттық жоба болғаны даусыз. Бір қызығы, қос неміс елінің бірігуінің басында жол бастап, сөз саптаған саясаткерлер емес, қалың халықтың өзі тұрды.
Қарқыны шабан Ресей ғарыш пен нанотехнология саласын және демографиялық өсуді жалпыұлттық басымдыққа айналдырып отыр. Ата-бабамыз ғұндардан қорғану үшін салынған «Қытай қорғаны» жұңғо жұртының мемлекеттік күш-қуатының, ерен еңбек күшінің рәмізіндей дәріптелуде. Әлемдік тәжірибені шола отырып, мемлекет құрылысын қалыптастыру үстіндегі Қазақстанға алысты көздейтін, сұңғыла саясатқа негізделген жалпыұлттық жобалар ауадай қажет екендігіне көз жеткіземіз. Тіпті ұлт тарихындағы пассионар тұлғалардың бір өзі бүкіл мемлекеттің, ұлттың мәселесін шешіп бергеніне қалай тәнті болмассыз? Орта ғасырларда әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи, Жүсіп Баласағұни, Махмұт Қашғари т.б. дала исламына соны жол салды, мұсылман ренессансын тудырды. Затаевич қазақтың мың әнін жинады, Ахмет Жұбанов Затаевич жиған-терген әндерді операға, пьесаға айналдырды. Ахмет Байтұрсынов төте жазу ғарпін құрастырды. Өзбекәлі Жәнібеков қазақ даласындағы тарихи-мәдени орындарды қайта қалпына келтіру үшін бүкіл мұражайлардың жобасын жасады. Осы Өзекеңнің ұлттық жобаға татырлық қыруар еңбегінің арқасында Қазақстанда 40-тан астам мұражай ашылған екен.
Жалпыұлттық жобаларға зәруміз
Қазақстанның ғылыми-интеллектуалдық, еңбек ресурсы мол болғанына қарамастан қоғамдық күшіміз тым шашыраңқы. Сондықтан қоғамдық қозғаушы күшті жоспарлы жалпыұлттық жобаларға бір кісідей жұмылдыру арқылы айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге болады. Тәуелсіздігіміздің 18 жылдық белесінде мемлекеттіліктің басты атрибуттарын, елдіктің тұғырын нығайтуға себін тигізерлік жалпыұлттық жобалар жоқ емес. Отарсыздануға бағытталған рухани, мәдени жалпыұлттық жобалар тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде кең өріс алды. Өкінішке орай, отарсыздануды тірек еткен жалпыұлттық бетбұрыс аяғына дейін жеткізілмей қалды. Ұлттық саясат тереңдетіле қоймады. Жалпыұлттық жобалар көбінесе экономикалық бағытта жүзеге асырылуда десек болар. «Қазақстан -2030» даму стратегиясына сай индустриалды-инновациялық дамуды мақсат етіп отырмыз. «Ауыл жылы» үш жылға созылғанымен, қаймана қазақ отырған ауылға бәлендей өзгеріс әкелмеді. Біраз жыл бұрын қолға алынған «Мәдени мұра», «Нұрлы көш» бағдарламаларын жалпыұлттық деңгейге көтеріп, стратегиялық маңызына үлкен мән берген жөн. Елге керек «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға» жобалары көзбояушылыққа айналмаса игі. Ару Астана – тәуелсіздік белесіндегі орны алабөтен жалпыұлттық жоба. Астана арқылы солтүстік өңір қазақыланды, жастар ресурсы ортақ мақсатқа жұмылдырылды. Дегенмен орасан зор пайдалы қазбаларға бай Қазақстан өзінің ғылыми-техникалық потенциалын толық негізде жүзеге асыруы үшін жалпыұлттық жобаларға зәру. Ендеше, Қазақстанға мемлекеттік құрылысты бекемдеу үшін қандай жалпыұлттық жобалар керек?
Қазақстанға аса қажет жалпыұлттық жобалар:
1. Толыққанды ғарыштық елге айналу;
2. Ұлттық тарихқа түбегейлі бетбұрыс;
3. Экотуризм, яғни экологиялық таза өнімдер шығару;
4. Шет мемлекеттердегі қандастарымызды жаппай көшіру;
5. Ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді қоғамдық қатынастарға енгізу;
6. Мемлекеттік идеология ретінде ұлттық идеяға басымдық беру.
7. Мемлекеттік тілді жаппай меңгеріп, барлық салада қолдану.
Ой-тұжырым
Әсілінде, миллиондаған еңбек күші қатысатын жалпыұлттық жобаларды жүзеге асыру үшін тыңғылықты дайындық қажет. Бұған халықтың өзі сақадай сай болмағы керек. Жоспарланған жалпыұлттық қалың жұртшылықтың талап-тілегінен туындағаны ләзім. Сонда ғана ұлттық шеңбердегі жобалардың игілігін біз ғана емес, келер ұрпақ көрері анық.