Қазақстан медицинадағы жасуша технологияларымен емдеуде әлемді мойындатты
Дің жасушаларын қолданып емдеу тәсілінде Қазақстанның тәжірибесін әлем мойындап отыр. Сөйтіп, дүние елдерінің білгір медицина ғалымдары қазақ мамандарының тәжірибесіне қайран қалуда. Бұл туралы кеше Астанадағы Ұлттық ғылыми медицина орталығы «Ғаламдық көшбасшылыққа жету» жобасының жүзеге асу барысын қорытындылап, жеткен жетістіктерін саралауда мәлім болды.
Білікті дәрігер Абай Байгенжин бастаған қазақстандық мамандар дің жасушаларын (стволды клеткаларды) қолдану технологияларына сонау 2000 жылдардың басында ден қойып, терең зерттеулерді сол кезден жүзеге асыра бастаған болатын. Кейіннен Мемлекет басшысының қолдауы арқасында 2003 жылдың басында Астанадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықта алғашқы клиникалық сынақтар жасалып, зерттеулер үздіксіз жүріпті. Соны жіті қадағалаған әрі сала мамандарының жеткен жетістіктеріне әлем құлақ түре бастаған тұста алғашқылардың бірі болып америкалық Stemedica компаниясы «Ғаламдық көшбасшылыққа жету» жобасына тең серіктес ретінде қатысуға ұсыныс жасаған болатын.
«2010 жылдың 1 шілдесінде Елбасының жолдауын жүзеге асыру шеңберінде Ұлттық ғылыми медициналық орталықта жасуша технологиялар, оларды медицинада қолдану және «FDA» (АҚШ) сертификаттаған «Дің жасушаларының мастер қоры» зертханасын ашу саласындағы қазақстандық-америкалық жобаның тұсаукесері болған еді. Ел басшылығының зор қолдауы арқасында көптеген елдерде әлі күнге тәуекел бағытында саналатын жасуша технологияларын қолданудың қаржылық және технологиялық мүмкіндігі Қазақстанда пайда болды. Расын айтайық, қазірдің өзінде түрлі себептерге, оның ішінде тәжірибелік жеткіліксіздіктерге байланысты көптеген елдерде ресми рұқсат берілмей келеді, ал Қазақстанда бұны сынақтан өткізуден бөлек, осы бағытта емдеуге де жол ашылып отыр», – дейді «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басшысы Абай Байгенжин. Оның айтуынша, 2003 жылдан бері қазақстандық мамандар аса ауыр саналатын ауру түрлеріне бір-бірінен бөлек, әртүрлі жеті бағыт бойынша зерттеулер жасады. «Расында, бұған дейін ресми медицина игере алмай келген бағытта жұмыстар өрбіді. Мәселен, бұл бауыр ауруымен, екі типтегі қант диабеті ауруларымен, сондай-ақ орталық жүйке жүйесімен байланысты, созылмалы бүйрек аурулары, буын ауруларына қатысты болатын. Бүгінгі күні біз бұл қызметтің ауқымын кеңейтіп, жүрек-қан айналымы ауруларын, иммунды ауруларды да емдеуді қолға ала бастадық. Соның арқасында біз халықаралық деңгейге шықтық. Әлем медицинасы да бізді мойындайды», – дейді Абай Байгенжин.
Мойындағанның бір көрінісі дің жасушаларын қолданып емдеуге қатысты АҚШ-тың «FDA» департаментінің Астанадағы Ұлттық медициналық орталықпен келісімге өздері ұмтылған. Қытай, Жапония, Ресей, Сингапур секілді елдерден өтініш жасалғанына қарамастан, АҚШ компаниясы Астанаға ғана таңдау жасаған. Соған сәйкес, орталықта қолданылатын жасуша технологиялары өзімізде және АҚШ-та ғана шығарылатын болып отыр. Ал мойындаудың екінші бір көрінісі 2009 жылдан бері осы тәсілмен шетелдерден көптеген пациенттерді емдеу сәтті жүзеге асып келеді. Астанада ем алған шетелдік пациенттер арасында Кувейттің, Араб Әмірліктері, АҚШ, Тайвань, Гонконг, Корея, Ресей, Жапон және басқа да ел азаматтары бар екен. Олардың барлығын дерлік аталмыш елдердегі ресми медицина науқастың аса ауыр санатына жатқызып қойған. Ал сондай санаттағы науқастардың Қазақстанға келіп шипа тауып, «көзі ашылып» жатқаны шындығында да сенсациялық жағдай деуге келеді. Дегенмен біз үшін үлкен сенсация саналатын дүниені Ұлттық орталық басшысы Абай Байгенжин командасы кәдімгі күнделікті талмай талаптанған еңбектің жемісі деп қана бағамдайтынын аңғартты. «Бұл үлкен жетістік болуы мүмкін, дегенмен медицина саласында біз «сенсация» сөзін қолданудан қашқақтайтынымызды айтқым келеді. Ең бастысы, пациентке нақты көмек болса, әрі одан нәтиже шықса, сол бізге керегі. Сондықтан да, бұл – аса шыдамдылықты талап ететін қажырлы жұмыс. Дегенмен оң нәтижелерді бағындырғанымызға қуанамын», – дейді Абай Байгенжин. Ал әріптесінің сөзін құптаған америкалық Stemedica компаниясы президенті Дэвид Хоу қазақ мамандарының тәжірибесіне тәнтілігін жасыра алмады. «Биыл Қазақстан мамандарының осылай емдеу тәсіліндегі жетістігі туралы Швейцарияда, АҚШ-тың Колумбия университетінде, Анталияда, Токиода, Мәскеуде, Египетте, Женевада және әлемнің әр түкпіріндегі медицина жаңалықтары сөз болған конференцияларда айтылды. Қазақстанның зерттеулері құпия емес, ашық. Көптеген халықаралық стандарттарды да өздері жасап шықты, әрі ендігіде бұл барлық жерлерде бірдей қолданылатын болады. Бұл ауқымды жүйелі кешенді жұмыстың нәтижесі және ол бүгіннің өзінде өз жемісін беріп те жатыр. Оның үстіне, қазақ мамандары өз білімдерін коммерцияландырған емес, біз сол үшін Астана Ұлттық ғылыми медициналық орталығына таңдау жасадық», – деп мәлімдеді Д. Хоу.
Айпақшы, бүгінгі күні Астанадағы орталықта неврологиялық ауруларына шалдыққан мұхиттың арғы жағынан келген 11 азамат пен басқа да пациенттер өздерінің кезекті ем-домын алуда екен. Түрлі жарақаттар, ушыққан аурулардан қимыл-қозғалыссыз қалып, кейіннен өз елінде медицинаның дәрмені болмай, шет қалған осындай азаматтар Астанадағы Орталық қызметкерлеріне дән риза. Ең бастысы, олардың әрқайсысында ертеңіне деген сенімі артып, үміттері ояна бастаған. «2010 жылдан бері біздің қолданып келген тәсілімізді медицина аса тиімді деп бағалап, мойындады. Мінеки, 2009 жылдан бері алыс-жақын шетелдерден келіп емделгендер, қазіргі таңда АҚШ-тан келіп жатқан пациенттердің өзі осыны аңғартады. Жалпылама алсақ, егерде сол жылдары Елбасының тарапынан қолдау болып, денсаулық сақтау министрлігі тарапынан оншақты жылдар бойы үздіксіз жүргізілген қаржыландырулар болмаса, онда біздің де жетістігіміз бұл деңгейге шықпасы анық еді. Министрлік ресми стратегия ретінде бағалағандықтан ғана біздің жетістігімізді әлем мойындап отыр», – дейді Орталық басшысы Абай Байгенжин.