Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Испания Корольдігі үкіметінің төрағасы Хосе Луис Сапатеромен кездесті.
Ақордада өткен кездесудің ресми рәсімінен кейін келіссөздер жүргізілді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Испания Корольдігі үкіметінің төрағасы Хосе Луис Сапатеро екіжақты ынтымақтастық мәселесін, сондай-ақ аймақтық және халықаралық күн тәртібін талқылады.
– Премьер-министр мырза, мен Сізді, Сіз бастап келген делегацияны көргеніме шын жүректен қуаныштымын. Біз Сіздің келуіңізді көптен күттік. Біз білетін барлық күрделі жағдайға қарамастан келдіңіз. Бұл сапарыңыз біз үшін қымбат. Біз достармыз. Өміріміздің кез келген сәтінде біз дос болып қалуымыз керек. Қазіргі әлемде ешкімге оңай емес. Жалпы алғанда, Еуропада не болып жатқанын білу мен үшін қызық. Сіз іскер адамдар тобын бастап келдіңіз. Біздің Премьер-министрде болып, жеке- меншік компаниялармен кездескеніңізді білемін. Бүгін олар жұмыс істейтін болады. Келісімге келіп, келісімшарт жасасады деп ойлаймын. Биыл біз Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығын атап өтеміз. Осы жылдар ішінде өте жақсы қарым-қатынастар орнықты. Енді экономикалық ынтымақтастықты көтеру керек. Сізден кейін Жоғары мәртебелі Король келеді деп сенемін. Ол өзін жақсы сезінеді деген сенімдемін. Біз оның сапарын күтудеміз. Ал Сіздің келгеніңізге қуаныштымыз, – деді Мемлекет басшысы.
– Президент мырза, ықыласты қабылдауыңыз бен шын ниетті сөзіңіз үшін Сізге рақмет! Бұл сапарымның мақсаты – Орталық Азия елдерінің лидері – Сіздің елмен және Испания арасындағы қарым-қатынастарды кеңейту және нығайту. Біздің арамызда соңғы 20 жыл ішінде өте жақсы саяси қатынастар орнықты. Енді біз едәуір тиімді болып табылатын энергетикалық секторда, инженерлік, инфрақұрылым, телекоммуникация салаларында бірлескен кәсіпорындар ашып, экономика, сауда байланысы, инвестиция салаларын кеңейтуіміз керек. Екі ел де болып өткен жағдайлардан өте жақсы сабақ алды. Сондықтан өнімді экономикалық өсім, инновациялық экономика үшін қызмет жасап, өсімнің тек қаржылық өсімге қарай ауытқуына жол бермеу керек. Жоғары мәртебелі өз тарапынан Сізге шын жүректен шыққан сәлемін жеткізуімді өтініш етті. Ол Сіздің еліңіздің жақсы досы. Әрине, менің бұл сапарымда жетекші испаниялық компаниялардың басшылары бірге келді. Бұл сапарым жаңа мүмкіндіктер үшін жаңа терезе ашады. Мен Сізді еліңіз қабылдаған қадамдармен, Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен, әсем астаналарыңызбен құттықтаймын! Астана – мені зор әсерге бөлеген қала. Қысқа мерзімде осындай қала салу – таңданарлық оқиға. Бұл сіздердің елдің күш-жігері мен қуатын білдіреді, – деді Хосе Луис Сапатеро.
– Он жыл ішінде қаланың экономикасы 50 есе өсті. Егер осы жылдар ішінде жалпы өсім бізде 8-10 пайыз болса, оның ішінде 2 пайызды қала экономикасы берді. Ол уақытта көп ешнәрсе жоқ еді. Ақордаға 2004 жылы көштім. 2002 жылы ашық дала болатын. Біздің өзіміз де Астанамен мақтанамыз. Басқа қалалар да қазір дамып келеді. Астанаға қарап дамуда, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан-Испания достық байланысы нығая береді
Последние статьи автора