Қалың қазақ жұрты біршама күткен екінші жасанды жерсерігі «ҚазСат-2» өткен сенбі, 16 шілде күні Астана уақыты бойынша таңғы сағат 5-тен 16 минут өткенде Байқоңыр ғарыш айлағындағы №200 ұшыру алаңынан көкке самғап, ғарыш орбитасына сәтті көтерілді. «Протон-М» зымырантасығышы арқылы «ҚазСат-2» спутнигімен қатар, ғарыш кеңістігіне америкалық «ОС-2» телекоммуникациялық жерсерігі де жеткізілді.
Салтанатты әм тарихи шараға қатысу үшін Үкіметбасы Кәрім Мәсімов бастаған делегация алдымен монтаж-сынақ алаңында болып, «Протон-М» зымырантасығышының тас-түйін дайындығын көрген болатын. Сосын ұшырылымға дейін Қазақстан мен Ресей арасында байланыс пен хабар тарататын «ҚазСат-2» жерсерігін жасау және ұшыру саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Бұл келісім аталған жерсерігін жасау мен ұшыруда ғана емес, жердегі ғарыш инфрақұрылымда да ұйымдастырушылық және құқықтық ынтымақтастыққа негіз болып, жобаға мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді әрі оған екі елдің үкіметтері деңгейіндегі мәртебе береді. Құжатқа Қазақстан тарапынан – Талғат Мұсабаев, Ресей жағынан Владимир Поповкин қол қойды.
Түн жарымында «Протонға» жағармай құйылып, шамамен таңғы сағат 3-ке қарай ғарыш айлағы дайындыққа сақадай-сай болған соң, Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Қазақстан мен Ресей ұлттық ғарыш ведомстволарының басшылары Талғат Мұсабаев пен Владимир Поповкин ұшыру алаңына аттанды. Үкіметбасымен бірге болған делегация тарихи сәтті ғарыш айлағынан тамашаласа, «ҚазСаттың» самғау шағын көпшілік жұрт алғаш рет Twitter әлеуметтік желісі арқылы он-лайн режимінде бақылады. Байқоңырдан ғарышты бетке алып көтерілген «Протон-М» өз сапарының 600-секундында орбитальды блок зымырантасығыштың үшінші сатысынан штаттық режимде ажырады. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың хабарлауынша, орбитаға жеткізілген қазақстандық жерсерігімен жұмыс штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Ғарыш аппараты бір айдың ішінде шығыс бойлық бойынша ғарыш кеңістігін кезе жүріп 86,5 градустық өз орбитальдық нүктесіне жетуі тиіс. Содан кейін барып аппарат жүйесі екі ай бойына сынақтан өткізіледі. Ал 2011 жылдың қазан айында ресейлік мамандар жерсерікті Қазақстанның ғарыш байланысы республикалық орталығының мамандарына тапсырады.
«ҚазСат-2»-нің берер пайдасы қандай?
Ең алдымен Қазақстан аумағында сапалы ақпараттық әм телекоммуникациялық қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін табады. Бұл ретте қазақстандық аппарат Қазақстан, Орталық Азия мен Ресейдің біршама аумағына арзан әрі сапалы байланыс түрлеріне өз пайдасын тигізбек. Мәселен, бүгінгі күні елдегі хабар тарататын телеарналар мен байланыс операторлары бағасы жағынан айтарлықтай қымбат шетелдік жерсеріктеріне жүгініп келеді. Тұңғыш «ҚазСат-1» жерсерігі сәтсіздікке ұшырғаннан кейін отандық операторлар шетелдік спутниктік қызметті пайдалануға мәжбүр болған. Ендігі күні отандық әм шеттегі операторлар біртіндеп өзіміздің спутниктің жемісін көре бастайды. Ендеше, «ҚазСат-2» сәтті самғауы, айналып келгенде, жергілікті халыққа да тиімді. Бұл ретте отандық ғарыш кемесі елдің барлық тұрғындарына көрсетілетін ақпараттық қызмет түрлерін кеңейтуге мүмкіндік береді. Яғни интернет, желілі телефон, телехабар тарату сияқты байланыс түрлерінде технологиялық әм сапалы қадам жасалады, тариф төмендейді. Ұлан-ғайыр қазақ даласында бір-бірінен қашық орналасқан елді мекендерге сапалы хабар таратудың бірден-бір кепілі спутниктік байланыс екенін ғалымдар бұған дейін де айтып келген болатын. Ғарыштық аппарат осы мәселені реттеп бермек. Кабельдік таратуға қолы жетпейтін жұрт ғарыштық аппараттың сауабын алады. Техникалық сипатына келсек, «ҚазСат-2»-де қабылдап-жіберетін 20 сигнал жұмыс істесе, оның 16-сы – негізгі, төртеуі қосалқы телехабар таратуға арналады. Қалғандары әртүрлі байланыс жұмыстарына арналған транспондерлер болып отыр.
Сонымен қоса, бұған дейін мыңдаған аппарат қазақ жерінен көтеріліп, ғаламның төріне озып жатса, сол ұлы даланың иесі, Байқоңырдай жер кіндігін ұстаған қазақ неге өзінің жеке жерсерігін ұшырмауы керек?! Оның үстіне Қазақстан үшін өзінің жеке жерсерігінің ғарышта болуы көп айтылып жүрген инновациялық бағыттың бір секірісі іспеттес. Осы арқылы еліміз заманға сай ғарыштық-спутниктік технологияларды игеріп, телекоммуникациялық әм байланыстық аппаратты басқару саласында жоғары білімді кәсіби мамандарды даярлауды да жолға қояды. Ендеше, «ҚазСат» – технологиялық тыңғылығы да, заманауи сұранысы да келіскен дүние. Тоқ етері, сериялы «ҚазСат» арқылы Қазақстанның ғарыштық державаға айналуына қарай ойысқан үлкен қадам жасалмақ.
Алғашқының кебін кимесін...
Алғашқы «ҚазСат-1»-дің жеті қат көкке самғап, содан қайтпай, ғарышты кезе қаңғырып кетуінен кейін жұртшылықтың жүрегінде «біз осы жерсерігін басқара аламыз ба?» деген күдік тұрғаны жасырын емес. Сондықтан да бұл жолы айтулы оқиғаға қобалжыған жұрттың бәрі қайраңға кеткен «ҚазСат-1» секілді тағдыры белгісіз болып, ғарыштың тұңғиығына жұтылып кетпесе деп тіледі. Қобалжитын жайымыз да жоқ емес. Өйткені тұңғыш жерсерікті жасап шыққан ресейлік Хруничев зауытына «ҚазСат-2» де сеніп тапсырылды. Алғашқысының сақтандыру қаржысы қайтарылмай жатып, қазынадан қыруар қаржы қайта құйылды. Бірақ бұған дейінгі сәтсіздіктен сабақ алған болсақ, қазақстандық тараптың Хруничевке қоятын талабы да зор болуы керек. Сол зор талаптың айғағы деп есептейміз: «ҚазСат-2»-ні ұшыру төрт мәрте кейінге шегеріліп келді. Тұңғыш жерсерікті пайдалану кезінде кеткен кемшіліктер ескеріле отырып, екінші спутникті жан-жақты жетілдіру үшін жоба бірнеше дүркін қайта өңделген. Ақыр аяғы аппаратты жасаумен айналысқан Хруничев атындағы орталық спутниктің кемінде 12 жыл қызмет ететініне кепілдік беріп отыр. Сосын жетілдіру барысында «ҚазСат-2» элементтік базамен толықтырылды, жаңа үлгідегі басқару алгоритміне де ие болды. Мұнымен қоса, ғарыш кемесінің күш-қуаты да артты. Мысалға транспондерлерінің жиынтық қуаты 4,5 киловатқа дейін ұлғайған.
Тоқтала кететін жайт – белгіленген нүктеге жеткенге дейін «ҚазСат-2» алты тәулік бойы ұшу кезінде де сынақтан өтеді. Әзірше сыр бермейтінге ұқсайды.
Сынақ уақытында ғарышта жүрген зымыран өз міндеттерін ойдағыдай атқарып шықса, спутник көп ұзамай геостационарлық орбитаға ойысады. Ал Қазақстан жағы жерсерігінің жұмыс істейтініне әбден көзі жеткенде барып басқару тізгінін өз қолына алады. Сондықтан толық басқаруға дейінгі қазіргі уақытша жұмыстармен Ресейдің Хруничев атындағы ғарыштық байланыс орталығы айналысып келеді. Дегенмен, мамандардың пікірінше, жасанды жерсеріктің пайдалы қызмет ауқымын тексеру үшін де біршама уақыт қажеттігін алға тартады. Соған қарағанда, спутник қазақ операторына кемінде үш айдан соң барып тапсырылатын тәрізді.
Ғарыштық сапары сәтті болса, 2013 жылдың желтоқсан айына қарай «ҚазСат-3» жерсерігін ұшыру да жоспарлануда. Мәліметтерге сүйенсек, үшінші қазақстандық жерсерігін құрастыру мен жасау туралы келісімшартқа Францияның «ле Бурже» аэроғарыш салонында қол қойылған. Әйтсе де «ҚазСаттың» үшіншісі Ресейдің Красноярск қаласындағы академик Решетнев атындағы ғылыми-өндірістік бірлестікте жасалатын сыңайлы. Жер шарынан жырақтағы ғаламның ғарыштық кеңістігін игеруде Қазақстанның мүмкіндігі басқасынан гөрі анағұрлым зор болуы керек секілді. Өйткені барша адамзатқа қызмет етіп жатқан Байқоңыр – қазақтікі.
Техникалық сипаты :
Массасы – 215 келі;
Орбитадағы массасы – 1330 келі;
Орбитасы – геостационарлық орбита;
Орналасу нүктесі – 86,50 шығыс бойлық;
Жиілік диапазоны – Кu у диапазоны (107 ГГц пен 12,7 ГГц аралығы);
Қызметтік мерзімі – 12-14,5 жыл;
Сигнал қабылдағыш-жібергіштер саны – 20 (16 негізгі, 4 қосалқы);
оның ішінде: спутниктік байланыс – 12, телехабар тарату - 4.
Алаш анықтамасы
«ҚазСат-2» қазақстандық жасанды жерсерігі – Қазақстанның «ҚазСат» сериялы спутниктерінің екіншісі, коммуникациялық жасанды жерсерігі. Ғарыш аппараты Қазақстанның аумағындағы спутниктік байланыс (интернет, желілі телефон және ұялы байланыс) пен телехабар тарату, ақпарат пен деректер алмасу жұмыстарына пайдаланылады. Жасанды жерсерігін жасауды Ресейдің М.В.Хруничев атындағы ғарыштық-ғылыми өндірістік орталығы мойнына алған болатын. «ҚазСат-2»-ге қатысты келісімшарт 2006 жылы жасалып, ол бойынша қазақстандық жасанды жерсерігі 2009 жылдың желтоқсан айында ұшырылуы көзделген еді. Алайда техникалық жағынан жақсы жарақталмаған және біраз өзгерістерді қажет еткен ғарыш аппаратын ұшыру кейінге шегеріліп, «ҚазСаттың» сәтті күні 16 шілдеге дөп келді. Құрдымға кеткен «ҚазСат-1»-дің құны 65 млн доллар болса, «ҚазСат-2»-ге мемлекет қазынасынан 115 млн доллар бөлінді.