Президент Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды бүгінгі Конститутция күнімен құттықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақорда сайтына сілтеп.
"Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!
Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан.
Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады", - деді құттықтау сөзінде Тоқаев.
Сонымен қатар, келесі жылы Ата заңымыздың 25 жылдығы екенін, осы уақыт аралығында заңымыз жасампаздық пен ілгерілеудің кепіліне айналғанын баса айтты.
"Қазақстан тұтас құқықтық және әлеуметтік-экономикалық жүйені қалыптастырып, жан-жақты жаңғыру жолына түсті. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған Ұлт жоспары мен институционалдық реформалар соның негізін құрайды.
Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру.
Ата заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді.
Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!" - деп жүрекжарды тілегін білдірді.