Жуырда Өзбекстан Президенті И.Каримов өз халқына үндеу тастап, террорлық ұйымдар мен әскери қақтығыстарға қатысты әлде де қырағылық танытуға шақырды. «Көршілес аймақтардағы қауіпсіздіктің өршуі территориямызға әртүрлі диверсанттық топтар мен террорлық ұйымдардың жайлап енуіне жол ашуы мүмкін. Осы тұрғыдан, әскери құрылымымызды мықтап күшейтуіміз керек», — деп, алаңдаушылығын білдірген ол Өзбекстанның бейбітсүйгіш саясатты ұстану арқылы өз таңдауын жасаған ел екендігін әрі ешқандай да әскери-саяси одақтар мен коалицияларға кірмеген, өз территориясына шетелдік әскери база мен нысандарды қабылдамайтын, қандай да бір шетелдік бітімгерлік операцияларына қатыспайтын ел екендігін тілге тиек етті.
Ол рас. Өзбекстанның қандай да бір әскери-саяси одақтарға мүшелікке ниетсіз ұстанымы, жалпы оқшау саясаты әлемнің алпауыт елдері үшін де, көрші елдер үшін де жұмбаққа толы. Бір қызығы, Збигнев Бжезинский атты Американың мемлекет қайраткері, саясаттанушысы Өзбекстанды Орталық Азиядағы ұлттардың «жаны» деп атаса, Қазақстанды «қалқаны» деп санаған. Біздің географиялық масштабымыз бен Ресей және Қытаймен шекаралық қонысымыз Орта Азияның өзге елдерін осы алпауыт мемлекеттердің «физикалық қысымынан» қорғауы мүмкін. Расында да, посткеңестік өзге елдер үшін «қалқан» іспеттеспіз, ал өзгелердің көзінде Өзбекстанның Орта Азияның «жаны» ретінде бағалануы түсініксіздеу. Керісінше, сырт қарағанда өз-ағамыз дейтін көршіміздің бүгінгі сыртқы болмысы «шикізатқа тәуелділіктен ада, сыртқы саясатта да белсенділік таныта қоймайтын, демографиялық өсімі жоғары, жер асты байлығы мол, соған қарамастан, әлеуметтік жағдайы төмен, экономикалық әрі саяси дамуы кенже қалған ел». Сонымен қатар, Каримовтың әлгіндей қырағылық саясатының бір көрінісі ретінде бұл елде көптеген ел үшін визалық режим енгізуін де атауға болатын шығар. Осы тұрғыдан, саясаттанушы Сафулла Сапанов Өзбекстанға қатысты өз пікірімен бөлісті.
И.Каримов ауғандардан да, «Ислам мемлекетінен» де қауіптенеді
— Шекарасына онсыз да қатты мән беретін, оқшау Өзбекстан президентінің қауіпсіздік мәселесіне ерекше шүйлігіп, «әскери құрылымымызды күшейтуіміз керек» деп, дабыл қағуына не себеп? Бұның астарында не бар?
— Каримовтың шекара мәселесіне мұнша алаңдауына негіз жоқ емес, тіпті, солай істеуге мүдделі. Қазіргі уақытта олар шекараны делимитациялауға үлкен көңіл бөлуде. Сол арқылы қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге тырысады. Олар Ауғанстанмен шекаралас болғандықтан, шекарашылар өте маңызды құрылым болып есептеледі. Қазақстанмен арадағы шекара дауларынан да олардың бұл мәселеге қатты көңіл бөлетінін байқауға болады. Жалпы, Өзбекстан лаңкестікпен күресті ерте бастады. Мысалы, Ауғанстанда Өзбекстанның «Ислам қозғалысы» («Исламское движение Узбекстана», бұдан әрі ИДУ — ред.) деген ұйым бар.узбеки бедностьОлар талибандармен бірге соғысты әрі талибтердің бір құрылымы болып есептеледі. Қазір де олардың Талибан қозғалысымен байланысы күшті. Бұлардан бөлек, Өзбекстан «Ислам мемлекетінен» қауіптенеді. Сондықтан да Таяу Шығыстағы коалициялық күштердің жеңісі көптеген радикалды исламдық күштердің Ауғанстанға, Ауғанстан арқылы Өзбекстанға, одан Орталық Азияға өтулеріне мүмкіндік береді деген қауіп бар. Әсіресе радикалды ислам қозғалыстарынан бұларға өте үлкен қауіп бар. Сонымен қатар, ИДУ сияқты үлкен орталық, ұйымдасқан оппозициялық күш Өзбекстан үшін қауіп ошағы. Мәселен, бізде ұйғырлардың қозғалысы сияқты күштер болғанмен, Өзбекстандағы секілді басым күшке ие, үкіметке қарсы ондай ошақ жоқ. Сондықтан да Каримовтың негізгі ұстанымы радикалды исламды Өзбекстанға жеңілдіру.
— Демек, Өзбекстан үшін әлгі сіз айтып кеткен ИДУ-дың қаупі басымырақ па?
— Иә, солай. Кейбір сарапшылар сол ИДУ мен ДАИШ-тың байланысы бар деген болжам айтады. Бұл байланыс қаншалықты күшті, ДАИШ ИДУ-ды қаншалықты қаржыландырады, ол жағы белгісіз. Дегенмен, Талибан қозғалысы мен (ДАИШ Талибан қозғалысынан кейін пайда болды ғой) ИДУ-дың Өзбекстандағы байланысы айдан анық. Талибандар қозғалысы мен ИДУ-дың байланысы бар деген сөз, логикалық түрде ДАИШ өзінің кейбір күштерін, кейбір идеологиясын осы Орталық Азияға ығыстырып, сіңдіріп жатқандығын аңғартады. Әсіресе Ауғанстан, Ауғанстан арқылы Орталық Азия елдеріне қауіп бар. КСРО тарағаннан кейінгі 25 жылдың ішінде, өкінішке орай, Қазақстанды болсын, Өзбекстанды, Тәжікстанды болсын, радикалды исламдық топтардың астыртын жайлағаны жасырын емес. Мысалы, біздің елімізде де уахабистік, сәләфилік сияқты діни жат ағымдардың тасқыны болды, әлі де бар. Біз бұған көп уақыт бойы көңіл аудармай келдік. Олардың белсенділіктері соңғы 5-6 жылдың ішінде анық байқала бастады ғой.
— Бірер сөзді Өзбекстан саясатына бұрсақ. Өзбекстанның бүгінгі таңдағы ұстанып отырған саясаты туралы сын көп. Оларда не экономикалық, не саяси өсу жоқ деп, әрі Каримовты диктатор деп те атап жүр. Жалпы, Өзбекстанның бүгінгі саясаты туралы не айтуға болады?
— Өзбекстан Орталық Азиядағы ішкі ресурстарға бай, халқы жағынан да ірі мемлекеттердің бірі болып табылады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін Өзбекстанның таңдап алған жолы сәл өзгешелеу болды. Біріншіден, олар толықтай нарықтық экономиканы қабылдамады. Екіншіден, КСРО ыдырағаннан кейін өзбектер шетелден инвестиция тарту ісіне өте қатал қарады. Шетел инвестициясын тартуға өте мүдделі болмады. Олардың реформалары өз күштеріне, өз ресурстарына сенумен ғана шектелді. Бұл бір жағынан дұрыс болғанымен, екінші қырынан алғанда, қазіргідей жаһандану жағдайында, Өзбекстанның экономикалық, ауылшаруашылық салаларында біраз проблемалар туындатты. Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Қазақстанмен салыстырғанда Өзбекстан біраз кенже қалған мемлекет. Бұны Өзбекстан сарапшылары да мойындайды. Реформаларды жасауға байланысты, саяси жүйесін трансформациялауға байланысты да Өзбекстанның өзіндік ұстанымы бар. Мысалы, өзбектер Орталық Азияны интеграциялау мәселесіне де өзіндік ұстаныммен келді. Олар негізі Орталық Азияда интеграцияға түсуге қарсы емес. Бірақ осы арқылы өзіне тиісті ерекше жағдайларды қажет етеді. Сондықтан да бұл ел Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістердің дамуының бір кедергісі болды деп есептеймін. Өйткені осы интеграцияны дамыту үшін Өзбекстанның саясаты ашық болуы керек. Сондықтан қазіргі уақытта Орталық Азияға интеграция ауадай қажет болғанымен, ол кенже дамуда. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Орталық Азиядағы интеграцияның дамуы Орталық Азияның мемлекеттеріне тиімді әрі оның дамуына АҚШ та, Қытай да, Ресей де мүдделі. Осы тұрғыдан, Өзбекстанның саясаты кейбір мемлекеттерге, мысалы, Қытай мен Ресейге тиімді болып отыр. Себебі бұл екі алып мемлекет те осы аймақтағы интеграциялық үрдістерге жетекшілік жасағысы келеді. Сондықтан да бұл мәселелерде Өзбекстан өзіне ерекше жағдайлар жасап алғысы келеді. Егер болашақта Орталық Азиялық интеграция дамитын болса, бұл интеграция өзбектерсіз болмайды.узбеки безнаботники
Ал енді экономикалық жағдайына келер болсақ, Өзбекстанның экономикасы, негізінен, жабық экономика болып есептеледі. Себебі шеттен инвестиция тартуға, ішкі тауарларын экспорттауға өте қатал шектеулер жасады. Оларда өздерінің ресурстарын өздеріне пайдалану, яғни натуралдық шаруашылық дамыту үрдісі басымдау. Дегенмен, қазіргідей жаһандану заманында ол ешқандай да жетістік бермейді. Сондықтан да Өзбекстан экономикасы қазіргі уақытта Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда, мәселен, бізден де кейбір мәселелерде әлдеқайда төмен деңгейде. Макроэкономикалы деңгейге келгенде, оларда көптеген нарықтық экономиканың заңдарына қайшы келетін үрдістер, өкінішке қарай, орын алуда. Бірақ Өзбекстанның географиялық табиғи ерекшелігі сол, олар өз-өздерін қамтамасыз етуге толық қауқарлы.
Саяси жүйесіне келетін болсақ, Өзбекстанның саяси жүйесі өте күрделі жағдайда. Оларда этникалық мәселелер өте қатты күрделенген. Мәселен, бізде жүзге бөлінушілікті алға тартатын болсақ, оларда жершілдік қатты үдеген. Мысалы, Хиуаның өзбегі, Қоқанның өзбегі, Ташкенттің өзбегі және басқалары болып бөлінеді. Бұл дәстүр әлі де сақталған. Сондықтан да Өзбекстанда клан арасындағы күрес астыртын түрде жүріп жатыр. Тек Ислам Каримов тегеуріні мықты саясаты арқылы ғана оны тежеп отыр. Бірақ бұл экономикалық еркіндік бермеуде. Егер өзбектерге экономикалық еркіндік берілетін болса, ол, біріншіден, саяси бостандықты талап етеді. Бұл деген сөз, Өзбекстанның саяси жүйесіне өте күрделі өзгерістер әкелуі мүмкін.
Жиырма жылда он миллионға көбейген олар тілін де қадірлейді
— Ал сыртқы саясатта әріптестікті таңдауда тұрақсыздығы байқалады. Бұл олардың әлі күнге дейін өзінің даму жолын анықтай алмай отырғандығын көрсетеді ме?
— Сұрағыңызды түсіндім. Расын айтқанда, Өзбекстан өз тәуелсіздігін алғаннан бері сыртқы саяси әріптесін ұдайы өзгертумен келеді. 1990 жылдардың басында тәуелсіздігін алғаннан кейін өзінің сыртқы стратегиялық әріптесі ретінде АҚШ-ты таңдаған болатын. Біз көршілік байланысымыз бар, шекарамыз ортақ деген сияқты себептермен Ресейді таңдадық. Өзбектердің бұл таңдауы онша дұрыс болмады. Себебі АҚШ-тың стратегиялық әріптестік деген түсінігі мен посткеңестік елдердің, соның ішінде өзбектердің түсініктері сәйкес келмейді. Мысалы, АҚШ адам құқығы мәселесіне қатты мән береді. Ал, негізінен, Ресей де, біз де адам құқығына онша мән бере бермейміз де, экономикалық, әскери және тағы басқа стратегиялық әріптестікті дамытамыз. Сондықтан да АҚШ Өзбекстанда 2005 жылы орын алған Әндіжан оқиғасынан кейін адам құқығы бұзылды деп есептеді. Осыдан кейін Өзбекстан мен АҚШ-тың саяси қатынасы үзілді десе де болады. АҚШ пен Өзбекстанның арасындағы күрделі жағдайдан кейін, Каримов енді өзіне жаңа әріптес іздей бастады. Ол әріптестікті Ресей мен Қытайдан тапты. Сыртқы саясаттағы тұрақсыздығы осындай кейбір мәселелерге байланысты. Мысалы, ҰҚШҰ-на біресе кіреді, біресе шығады, немесе барады да ГУАМ (Грузия — Украина — Әзірбайжан — Молдавия) ұйымына кіреді. Міне, осындай сыртқы саясаттағы тұрақсыздығы оның стратегиялық әріптестікті о баста дұрыс таңдай алмауының салдары деп түсіну керек. Әрине, ашықтан-ашық болмаса да, бүгінгі таңда АҚШ Ауғанстандағы оқиғаларға байланысты Өзбекстаннан қол үзгісі келмейді, өзбектермен стратегиялық әріптестікті жалғастыруға мүдделі.
— Өзбектің автократ президенті И.Каримов саясатының артықшылығы неде?
— Каримов саясатының 25 жылдық билігінің артықшылығы — Өзбекстан — сыртқы қарыздардан таза ел. Бұл елдің тәуелсіз саясат жүргізуіне мүмкіндік береді. Ал біз ондай еркіндік саясатын ұстана алмаймыз. Сыртқы қарыздары болмағанмен де, экономикалық реформалар жүргізу саясаты, менің ойымша, онда толықтай жүзеге аспай отыр. Яғни экономиканың трансформациялануы, экономиканың диверсификациялануы оларда да бар. Мемлекеттік қарыздары болмаса да, мемлекеттік бюджеті, ұлттық қорлары төмен. Сондықтан да Үкіметінің біздегі сияқты әлеуметтік бағдарламаларды қолдауға мүмкіндігі жоқ. Өз ресурстарын сақтап қалуы экономикалық тұрғыдан дұрыс емес шығар, бірақ геосаяси, геостратегиялық тұрғыдан оны өздерінше дұрыс деп есептейді. Бірақ қазіргідей жаһандану тұсында бұндай саясаттың дұрыс еместігін біз көріп отырмыз. Ресурстары сатылуы керек, жұмыс жасау керек. Оны жауып тастап, тек қана шектеулі саясатты ұстау экономикалық теория тұрғысынан жөнсіз. Каримов саясатының тағы бір артықшылығы — оларда тіл мәселесі шешілген. Бұның да себебін айтар болсақ, соңғы жиырма жылда өзбек халқы он миллионға артты. Яғни демографиялық фактор көп нәрсеге әсер етеді. Мәселен, біз азбыз, бізде басқа ұлт өкілдері көп. Біз олар сияқты басқа тілдің барлығын ысырып қоя алмаймыз. Міне, сол себептен демографиялық жағдайлары оларға артықшылық беріп отыр.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы, тарихшы: Өзбектерге қалаға көшуге болмайды
— Ресми статистикада Өзбекстан туралы ІШЖӨ, даму қарқыны, әлеуметтік ахуал сияқты деректердің бәрі нақты емес. Посткеңестік мемлекеттер пайда болған кезде экономикалық, саяси бірнеше алтернативтік үлгілер болды. Әр мемлекет «қай жолмен жүреміз, біздің елдерде қандай өзгерістер болады» деп, өзінше форма жасады. Мысалы, Қазақстан Ресей сияқты оңшыл революциялық реформа жасады. Аз уақыттың ішінде әкімшілік реформалар, колхоз, совхоздар, мемлекеттік кәсіпорындар нарықтық жолға түсті. Ал Өзбекстан «Біз ескіден де бас тартпаймыз, тым жаңашылдық та жасамаймыз, Қытай жолымен жүреміз» деді. Ол кезде Қытайдың тез дамып келе жатқан кезеңі еді. Егемендік алған алғашқы уақыттарда біздің ауылдық жерлерде жарық та өшіп қалды. Сонда өзбектер «тыныш, қазақтар реформа жасап жатыр» деп күледі екен. Олар өздерінің ұстанған жолдарын дұрыс деп ұқты. Алайда олай емес еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін реформа жасамау мүмкін емес болатын. Ал біз нарыққа кірдік. Мәселен, оларда ауылдан қалаға көшуге болмайды. Көшуге болады, бірақ тіркеу бар. Тіпті, бір қаладан бір қалаға көшуге болмайды. Ол — әкімшілік жоба. Кәсібіңді дамытайын десең, әкімшілік кедергі. Ал бізде қайда барсаң, сонда бар, қайта керісінше, қолдау бар.
Өзбекстанда паллиативті реформа бар. Бұл жалған реформа дегенге саяды. Мысалы, олар латын әліпбиіне көшті. Бірақ халыққа проблема жасады. Басқа ешқандай мәселені шешкен жоқ. Халық бәрінде де латынша оқи алмайды. Ал енді И.Каримовтың талабы бойынша шағын мақалаларды, олардың басын ғана латынша жазады, қалғанын кирилл әліпбиімен жалғастырады екен. Оларда бәрі жалған, негізінде, бәріне тыйым салады да, іс жүзінде соны істемейді.
PS: Көптеген әлемдік сарапшылар үшін Өзбекстанның қарулы күштері де құпияға толы. Әскер мен офицер саны, әскери жабдықтау, тамақтандыру немесе сол сияқты әскери құрылымының барлығы жасырын. Бұған қарамастан, әлемдік әскери құрылымдарды көзден таса қылмай отыратын халықаралық институттар Өзбекстан әскерін ТМД елдері арасында соғысуға қауқары күшті құрылым деп атайды. Мәселен, Өзбекстан өткен жылдың қыркүйек айында жарияланған «Global Firepower» зерттеу нәтижесі бойынша 54-орынды иемденіп, Орталық Азиядағы әскери күшті держава ретінде бағаланған.
Нұргүл Жамбылқызы
«Қазақстан-Zaman» газеті