Соңғы жарты ғасыр ішінде әлем елдері арасында өлім жазасына кесу мен оны қолдану аясы шектеліп келеді. Қылмыскерге қатысты аса қатал үкім қазір тек Қытай, Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы мен АҚШ секілді бес елде ғана нақты орындалып келе жатыр. Қалған мемлекеттерде заң жүзінде өлім жазасы күшінде болғанымен, ондай үкім іс жүзінде орындалып жатқан жоқ. Мұндай жалпыәлемдік трендтен Қазақстан да шеттеген емес. Дегенмен Бас прокуратура әзірлеп жатқан жаңа Қылмыстық кодекс жобасында өлім жазасын қалдыру қажет пе? Кеше Парламент Мәжілісінде дәл осы мәселе талқыға түсіп, депутаттардан бастап сарапшыларға дейін мәселенің қыр-сырына үңілді, әлемдік тәжірибені тағы бір сүзгіден өткізді.
Қазақстанда өлім жазасының ең соңғы үкімі осыдан дәл он жыл бұрын орындалған екен. 2003 жылдың желтоқсанынан бері елімізде өлім жазасын орындауға мораторий жарияланып, ең қатал үкімнің іс жүзінде орындалуына шектеу қойылған. Ал бұған дейінгі жағдайымыз қалай еді? Мәселен, сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, 1990 жылдан 2003 жылға дейін 536 қазақстандық өлім жазасына кесіліпті. Оның ішінде 1996-1998 жылдары өлімге байланғандар саны жылына жүздің төңірегінде болған. Кейіннен Конституциялық реформа һәм заңнамалық ізгілік шараларының жағдайды біршама түзеткен сыңайы байқалады. Тоқтала кететін жайт, КСРО құрамында тұрғанда Қазақстандағы өлім жазасы 59 қылмысқа қатысты болса, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары олардың саны 50-ге, кейінгі реформалардан соң 18-ге дейін қысқарды. Яғни заңнамада өлім жазасына қатысты арнайы норма болғанымен, он жыл бойы өлім жазасын орындау практикада іске аспады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мұндай жаза түрін қолдануды сатылап шектей отырып, кейіннен мүлдем тыйым салуға дейінгі бағытты да айқындаған болатын. Қазақстанның Құқықтық даму тұжырымдамасында да ондай жоғары жазаны мейлінше тарылту құпталады. Ендеше, былтырдан бері еліміздің Бас прокуратурасы қолға алған Қылмыстық кодекстің жаңа жобасында жазаның осы түріне деген көзқарас қалай қалыптасуы шарт? Түптеп айтқанда, жаңа кодексте өлім жазасын сақтап қалу керек пе? Жиын барысында талқыланған осы мәселеге екіұшты пікірлер айтылған болатын. Тіпті үкіметтік емес, адам құқығын қорғауды мақсат еткен ұйымдар әрнеге сілтеме жасап, жаңа жобада өлім жазасының қолдану аясының кеңею мүмкіндігіне қарсылық танытқан еді. Алайда Бас прокуратура өкілі мәселенің мәнісін ашып айтты. «Қолданыстағы Қылмыстық кодексте 18 қылмыс құрамы үшін өлім жазасы қарастырылған болса, әзірленіп жатқан жобада олардың саны – 16. Жалпы, елімізде өлім жазасын алып тастау мәселесіне келсек, оның құқықтық қана емес, саяси сипаты да бар. Ал ондай саясатты өзгертуге кез келген мемлекеттік органның шамасы жетпейді. Ең бастысы, өлім жазасын алып тастауға ниетіміз болғанымен, ондай шешімді қабылдауға Конституция бабы кедергі болып табылады», – дейді Бас прокуратураның Қылмыстық кодекс жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының сарапшысы Руслан Тоқтағұлов. Оның айтуынша, жаңа жобада өлім жазасы бұрынғыдай адам өлімімен байланысты болып табылатын террористік актілер ұйымдастырған қылмыстар үшін және соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін қарастырылған.
Әлбетте, жаңа Қылмыстық кодекс әзірше тек нобайы ғана сызылған жоба күйінде тұр. Ал ондай жобалардың тіпті Парламентке дейінгі кезең-кезеңдегі талқылаулар барысында мың құбылатыны да белгілі. Дегенмен қылмыстық жауапкершілік ахуалын айқындайтын басты жобадағы нормаларға ертерек араласқанның еш әбестігі болмас. Ал соның ішінде өлім жазасына қатысты дүниелердің парламенттік деңгейде талқылануының өзі жақсы нышанды білдірсе керек-ті. Әмсе «Келісіп пішкен тон келте болмас» дегенді айтқың келеді...
Рақмет МҰҚАШЕВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы:
– Қазақстанда өлім жазасына балама ретінде өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылып келеді. Қазір мұндай жазаға кесілген жүз шақты азамат бар. Дегенмен сондай жазаға кесудің мақсаты мен мәні неде, мінеки, осыны дұрыстап шешетін уақыт жетті. Өмір бойына кесілген азаматтарды бейімдеу, оларға психологиялық тұрғыдан баға беруге мұқият болған аса қажет. Өйткені әлгі үкімге кесілгеннің кейбірі шартты түрде мерзімінен бұрын босауға жататын болса, кейбірінің жазасында шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығы қарастырылмаған. Өйткені өлім жазасы оларды өмір бойғы бас бостандығын алмастыруымен тағайындалып отыр. Бұл – бірнеше дүркін көтерілген, көптеген сарапшылар мен заңгерлер кемсітушілік деп бағалаған норманың бірі. Ендеше, дәл осы норманы қайта қарау, тереңірек сараптау қажет.
Грег КУИИН, Астанадағы Ұлыбритания елшісінің орынбасары:
– Өлім жазасы ешқашанда қылмыстық жаза үшін лайықты деп қаралмауы қажет. Сол үшін жалпыадамзаттық деңгейде оған тыйым керек-ақ. Мұндай үкім адамгершілік қасиетті ада ететіндіктен, оны орындауды ешқашан ақтап алуға келмейді. Сондықтан да Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексінде өлім жазасын кеңейтпей, керісінше кеміткен орынды деп санаймыз. Әрине, Қазақстанда адам құқын қорғау бағытында ілгерілеушілік айтарлықтай. Өлім жазасына мораторий мен оған балама ретінде өмір бойғы бостандықтан айыру жазасы да сол – ілгерілеушілік. Дегенмен бірқатар мәселеде әлі де қолға алынатын дүниелер баршылық. Оның ішінде өмір бойы бостандықтан айырудан бөлек, ондағы ұсталатын адамдардың жағдайына да назар аударған орынды.
Жеміс ТҰРМАҒАМБЕТОВА, «Адам құқы үшін хартия» қорының басшысы:
– Кейбір сарапшылар «Қазақстанда террористік актілер үшін өлім жазасын қалдыру керек» дегенді алға тартады. Менің айтқым келетіні, Ұлыбритания мен Испания секілді лаңкестік актілерден талай жылдар бойы таяқ жеп келген мемлекеттер өрелік танытып, өлім жазасын мүлдем алып тастады. Неге сол елдерге қарап бой түземеске?
Өлім жазасын қолдану қажет пе?
Последние статьи автора